Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 1996 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясына жалға берілген «Байқоңыр» кешенінің жер телімдерін пайдалану тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Махмұтұлы Отаровқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан 1996 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясына жалға берілген «Байқоңыр» кешенінің жер телімдерін пайдалану тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 1216 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
1996 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясына
жалға берілген «Байқоңыр» кешенінің жер телімдерін пайдалану
тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтыру енгізу
туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі 1996 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясына жалға берілген «Байқоңыр» кешенінің жер телімдерін пайдалану тәртібі туралы келісімнің 6-бабына сәйкес (бұдан әрі – Келісім)
Тараптар мемлекеттерінің мүдделерін өзара құрметтеу қағидатын негізге алып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) 2-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Ресей Тарапы жер телімдерінің және су объектілерінің бұзылуы мен ластануына алып келген өз қызметінің зардаптарын жоюды Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның «Байқоңыр» кешені жөніндегі ішкі комиссиясының шешіміне сәйкес мүдделі министрліктердің, ведомстволардың өкілдерінен құрылған арнайы жұмыс комиссиясының ұсынымдарының негізінде қамтамасыз етеді.»;
2) 3-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Ресей Федерациясына жалға алу шартымен берілген жер телімдерінің, нысаналы пайдалануына байланысты емес барлық жағдайларда, жер қатынастарын реттеуді Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігінің келісуімен Қазақстан Республикасының жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органының аумақтық органдары жүзеге асырады.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Байқоңыр» кешені жер телімдерінің (түсетін аймақтарынан басқа) жер кадастры мен мониторингін жүргізуді Байқоңыр қаласы әкімшілігінің жерге орналастыру қызметі жүзеге асырады.
Түсетін аймақтар жер телімдерінің мемлекеттік жер кадастры мен мониторингін жүргізуді Қазақстан Республикасының жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органының мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындары жүзеге асырады.
«Байқоңыр» кешені аумағындағы (түсетін аймақтарынан басқа) қолда бар жер телімдері, оны пайдалану мен бөлу туралы жылдық есеп беруін Байқоңыр қаласы әкімшілігінің жерге орналастыру қызметі жасайды, ал түсетін аймақтар жер телімдерінің есебін Қазақстан Республикасының тиісті жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасында белгіленген үлгі бойыша жасайды. Бұл берілген есептерді «Байқоңыр» кешенінің Үйлестіру кеңесі бекітеді және белгіленген мерзімдерде ұсынады.»;
3) 4-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Ресей Тарапы 5 тәуліктен кем емес мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігіне және тиісті облыс әкімдеріне кезекті ұшыру жүргізу барысында пайдалануға жоспарланған түсетін аймақтар туралы хабарлайды.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Түсетін аймақтардың жерлерінің жай-күйін бағалауды тиісті облыс әкімдері және Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігі құрған арнаулы жұмыс комиссиясы Тараптармен келісілген мерзімде жүзеге асырады. Комиссия құрамына өзара тең құқықтық негізде Тараптардың жерге орналастыру, табиғат қорғау, ауыл шаруашылығы, су ресурстары басқармасы, санитарлық эпидемиологиялық бақылау, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі органдарының өкілдері, «Байқоңыр» кешені аумағында ғарыштық қызметін жүзеге асыратын «Байқоңыр» ғарышайлағы мен Ресей Федерациясы ұйымдарының өкілдері енгізіледі.»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Арнайы жұмыс комиссиясының жұмыс нәтижелері түсетін аймақтарын пайдалануға жауапты ұйымдардың басшылары және тиісті облыстардың әкімдері бекітетін актімен, көрсетілген актінің көшірмелерін кейіннен Қазақстан Республикасының жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға және Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігіне ұсына отырып, ресімделеді.»;
4) 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«5-бап. «Байқоңыр» кешені жер телімдерінің пайдаланылуын және қорғалуын бақылау
1. «Байқоңыр» кешені жер телімдерінің пайдаланылуын және қорғалуын бақылау:
Қазақстан Республикасы жер заңнамасының және халықаралық шарттардың тиісінше орындалуын;
«Байқоңыр» кешені жерлерінің пайдаланылуына сәйкестігін;
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының, өзге заңды және жеке тұлғалардың жерлерді ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. «Байқоңыр» кешені жер телімдерінің пайдаланылуын және қорғалуын мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органы және Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігі өкілетті өкілдерінің, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің қатысуымен оның аумақтық органдары жүзеге асырады және жылына бір рет жүзеге асырылатын жоспарлы тексерулерді өткізу арқылы жүргізіледі.
Жоспарлы тексерулер, орталық уәкілетті органның аумақтық органдары (тексерілуге тиісті жер телімдерінің аумақтық тиесілігі бойынша) жасаған, Қазақстан Республикасының жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органы бекітетін және Ресей Федерациясы Федералдық ғарыш агенттігінің өкілетті өкілдерімен және Байқоңыр қаласының әкімшілігімен келісілген жоспарлардың негізінде жүргізіледі.
3. «Байқоңыр» кешенінің жер телімдерін (түсетін аймақтарынан басқа) барлық жер пайдаланушылардың пайдаланылуына сәйкес болуын бақылауды, Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, «Байқоңыр» кешені жөніндегі халықаралық шарттарға, Байқоңыр қаласының бас жоспарына, сондай-ақ Байқоңыр қаласы әкімшілігінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген Байқоңыр қаласында белгіленген жер телімдерін пайдалану қағидаларына сәйкес, Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігімен келісілген тәртіп пен мерзімде Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігі өкілетті өкілдерінің қатысуымен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің жерге орналастыру қызметі жүзеге асырады.
Түсетін аймақтар жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуын бақылауды Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігі өкілетті өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органының аумақтық органдары жүзеге асырады.
4. Тексеру қорытындылары тексеруге қатысқан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы мемлекеттік органдарының өкілетті өкілдері қол қойған актімен мемлекеттік органдардың санына сәйкес келетін данада ресімделеді.»;
5) 6-баптың үшінші абзацы «келіссөз жүргізу жолымен» деген сөздерден кейін «Тараптар келісімнің орыс тіліндегі мәтінін басшылыққа алып» деген сөздермен толықтырылсын.
2-бап
Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді және Келісімнің ажырамас бөлігі бола отырып, оның қолданылуы тоқтатылған күнге дейін күшінде қалады.
2012 жылғы ___ _____________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін