Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына
өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 1, 4-құжат; № 19, 145-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 21) тармақшамен толықтырылсын:
«21) полиграфологиялық зерттеу – адамның жекелеген физиологиялық реакцияларын (тыныс алу, жүрек соғуы, терінің тітіркенуі және т.б.) арнайы датчиктердің көмегімен тіркеуден тұратын жауап алу рәсімі.»;
2) 6-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық немесе медициналық куәландырудан немесе полиграфологиялық зерттеуден өтпеген;»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшiн міндетті түрде әскери-дәрiгерлiк комиссияларда медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтеді.»;
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
«5-1. Ақпараттың дұрыстығын анықтау жөніндегі арнайы техникалық құралдарда полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті