Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасын мақұлдау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазандағы № 1382 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар Тұжырымдаманы iске асыру жөнінде қажеттi шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 31 қазандағы
№ 1382 қаулысымен
мақұлданған

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту пайымы
Кіріспе

      Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (бұдан әрі – ӘКК) одан әрі дамытудың біртұтас және кешенді тәсілін қалыптастыратын және өңірлерде мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған пайымын, мақсаттары мен негізгі бағыттарын айқындайтын жүйелі құжат болып табылады.

      Тұжырымдама мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін іске асыру және өңірлердің экономикалық өсуіне жәрдемдесу жолымен ӘКК-лерді орнықты дамытудың бірыңғай тәсілін тұжырымдау мақсатында әзірленген.

      Өңірлерді дамытудың пәрменді құралы ретінде ӘКК қызметін жетілдіру қажеттілігі ӘКК одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеу үшін негіз болып табылады.

Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің болуы

      Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы жеке меншік және мемлекеттік секторлардың өзара іс-қимыл жасауының әртүрлі схемалары бар.

      Өңірлердің ішіндегі әлеуметтік кәсіпорын анықтамаларындағы айырмашылықтардан басқа, олардың арасында әлеуметтік кәсіпорын ұғымымен, қолданылуымен, контекстімен және саясатымен байланысты бұдан да маңызды айырмашылықтар бар.

      АҚШ-та "әлеуметтік кәсіпорын" ұғымы пайда табуға байланысты "кәсіпорын" терминіне көбірек тоғыстырылған.

      АҚШ-та коммерциялық кәсіпорындардан бастап әлеуметтік қызметпен қатар пайда табуды үйлестіретін (гибридті ұйымдар) қосарлы мақсаттағы кәсіпорындарға дейінгі ұйымдардың қомақты тобы "әлеуметтік кәсіпорын" санатына жатады.

      Еуропада әлеуметтік кәсіпорын "әлеуметтік экономика" шеңберінде қарастырылады, онда негізгі қозғалтқыш күш қоғам үшін игілік болып табылады.

      АҚШ-та "әлеуметтік экономика" ұғымы қолданылмайды және коммерциялық емес әлеуметтік кәсіпорындардың қызметі көбінесе нарықтық экономика шеңберінде қарастырылады.

      Батыс Еуропада "әлеуметтік кәсіпорын" ұғымын әр ел түрлі дәрежеде қызметтердің өте шектеулі жиынтығымен байланыстырады. Мысалы, Ұлыбритания Үкіметі әлеуметтік кәсіпорынды негізінен әлеуметтік мақсаты бар, осы мақсатқа қол жеткізу үшін көбінесе пайдасын осы бизнеске немесе қоғамдастыққа қайта инвестициялайтын бизнес ретінде айқындайды, бұл оны негізгі мақсаты акционерлер үшін пайданы барынша ұлғайту болып табылатын компаниялардан ерекшелендіреді.

      Бірқатар еуропалық елдердегідей Бельгияда да "әлеуметтік кәсіпорын" терминінің екі анықтамасы бар.

      Бірінші анықтама негізінен коммерциялық қызметті дамытатын қызмет көрсету ұйымдарына жатады.

      Екінші – бастамалары еңбек нарығынан тыс қалған адамдарды еңбек интеграциясына нақты бағытталған кооперативтер мен қауымдастықтарға жатады. Екінші анықтама белгілі әлеуметтік қызметтерге сұраныспен байланысты, ол Еуропада әлеуметтік кәсіпорындардың дамуының негізін салды, осыған байланысты олардың қызметі ең алдымен жұмыс орындарын құрумен байланыстырылады.

      Әлемдік практикада бар ұқсас үлгідегі ұйымдық-құқықтық құрылымдардан Қазақстандағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың нысаны жағынан да, функционалдық сипаттамалары жағынан да едәуір айырмашылықтары бар.

      Әрбір осындай корпорация кооперациялардың күшеюіне ықпал ететін өзіндік өңірлік даму институты болып табылады.

      Тиісінше, ұйымдық-құқықтық нысаны, мақсаттары мен міндеттері бойынша біздің еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың экономикадағы индустриялық-инновациялық өзгерістердің стратегиясын шағын және орта бизнесті дамыту міндеттерімен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын енгізумен біріктіруге мүмкіндік беретін ерекшелігі бар.

Ағымдағы жағдайды талдау

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2013 № 476; 08.08.2013 N 813; 10.12.2018 № 818 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру идеясын алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы" атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен. Осы Жолдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына сәйкес 2007 жылы Қазақстанда жеті ӘКК құрылды.

      "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 наурыздағы № 266 қаулысына сәйкес барлық ӘКК-лердің акцияларының мемлекеттік пакеттері облыстар, Астана және Алматы қалаларының арасында үлестірілді.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты бұл ӘКК-лер қайта ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасында 16 ӘКК құрылды.

     

      Бүгінгі күні ӘКК қызметі кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, өндірістердің жаңаларын құруға және қолданыстағыларын жаңғыртуға, инвестициялар тартуға, үкіметтің бастамаларын іске асыруға бағытталған.

      Сонымен қатар, ӘКК қызметінің жүйелі сипаты жоқ және жалпы олардың қызметінің бірыңғай тәсілі жоқ. ӘКК өңірлерді дамытудың пәрменді инвестициялық институты ретінде әлі де қалыптасу сатысында. ӘКК тиімсіздігі компанияларды ұдайы қайта ұйымдастырумен, акционерлердің ауысуымен, сондай-ақ шешілуі компаниялардың өзіне байланысты себептермен түсіндіріледі.

      ӘКК қызметінде мынадай проблемалар бар:

      1) коммерциялық және коммерциялық емес міндеттердің араласып кетуі, бұл ӘКК алдына басымдық қоюға мүмкіндік бермейді;

      2) даму жоспарларының бекітілмеуі және соның салдарынан инвестицияларды іске асыруда жүйеліліктің болмауы, нақты мамандандырылудың болмауы;

      3) ӘКК-нің көпшілігінің шығынды болуы;

      4) жобалардың оңтайлы емес және ауқымды салалық диапазоны, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) берген әлеуметтік бағдарланған кәсіпорындардың болуы және соның нәтижесінде ӘКК күш-жігерінің "бекер жұмсалуы", салалық білімнің ұлғайтылмауы;

      5) үкіметтің жекелеген бастамаларын (микрокредит беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері және басқа да іс-шаралар бойынша) іске асыруға қатысу, қаржылық шығасылар және тәуекелдердің барабар болмауы;

      6) ӘКК-нің жеткіліксіз капиталдандырылуы (коммуналдық меншіктегі коммерциялық бағдарланған кәсіпорындарды беру; инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз етілген жер учаскелерін әкімдіктердің беру қажеттілігі);

      7) әкімдіктер мен ӘКК-нің, ӘКК мен бизнестің, ӘКК мен қаржылық және қаржылық емес даму институттарының өзара белсенді іс-қимыл жасасуының жеткіліксіздігі, инвестициялық мүмкіндіктерді іздестіруде ӘКК белсенділігінің жеткіліксіз болуы;

      8) корпоративтік басқару деңгейінің төмен болуы;

      9) компанияның нәтижелілігін бағалаудың нақты критерийлерінің және персоналды ынталандырудың тиімді жүйесінің болмауы;

      10) активтерді басқаруда және инвестициялық шешімдер қабылдауда тәжірибенің жеткіліксіздігі және соның салдарынан инвестициялық портфель сапасының төмен болуы.

      Дегенмен, бүгінде ӘКК мүмкіндіктері де бар, олардың іске асырылуы аталған проблемаларды шешуге және өз өңірінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру "локомотиві" атануға мүмкіндік береді.

      ӘКК өз қызметін даму жоспарын іске асыру арқылы жүзеге асырады.

ӘКК миссиясы, пайымы, мақсаттары және міндеттері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2013 № 476; 19.04.2019 № 213 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      ӘКК миссиясы мемлекет пен бизнестің әріптестігі қағидаттарының негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу.

      ӘКК пайымы – активтерді тиімді басқаратын, өңірдің өсу нүктелерінде экономикалық белсенділікті, оның ішінде инвестицияларды тарту арқылы ынталандыратын және бәсекеге қабілетті орнықты өндірістерді қалыптастыратын катализатор ретінде әрекет ететін өңірлік даму институты.

      Мақсаты – бизнес-бастамаларды қолдау және өңірдің өсу нүктелерінде экономикалық белсенділікті ынталандыру.

      Міндеттері:

      1. Өңір экономикасының басым секторларында (өсу нүктелерінде) бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту.

      2. Мемлекеттік активтерді іскерлік айналымға тартуды қамтамасыз ету, проблемалық активтерді сауықтыру және олардың базасында бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту.

      3. Алдыңғы қатарлы өндірістік және басқарушылық технологиялар мен стандарттарды енгізу.

      4. Активтердің құнын ұлғайту.

      5. Жаңадан басталатын бизнесті қолдау инфрақұрылымын (бизнес-инкубаторлар, технопарктер, индустриялық аймақтар) дамыту.

      6. Басым салалардағы кластерлерді дамыту, сондай-ақ өңірлердегі жүйе құрушы және ірі компаниялардың айналасында ШОБ дамыту бойынша серіктестік бағдарламаларды үйлестіру.

      7. Компания қызметінің шеңберінде бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету.

      8. Бизнес-жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік даму институттарымен ынтымақтастықты кеңейту.

      9. Портфельдік компаниялар арасында коммуникацияны және дағды алмасуды дамыту.

      10. Ішкі және сыртқы нарықтарда өнімдерді неғұрлым белсенді ілгерілету үшін өнімдерді брендтеуге жәрдемдесу.

      11. Перспективалы жобаларды іске асыру үшін өңірлерге отандық және шетелдік инвесторларды, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттарында тарту.

      12. Инвесторларға үлескерлік қаржыландыру, активтермен қатысу, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру алу арқылы жобаларды іске асыруда жәрдемдесу.

      13. Акционерлер белгілеген өзге де міндеттер.

Орындау кезеңі мен күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылатын болады:

      1-кезең – 2013 – 2014 жылдар.

      Бірінші кезеңде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына ӘКК қызметіне қатысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады, сондай-ақ корпорациялардың шығынсыз деңгейге шығуы қамтамасыз етіледі.

      2-кезең – 2015 – 2020 жылдар.

      Екінші кезеңде ӘКК алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу бойынша толық ауқымды тиімді жұмыс жүзеге асырылатын болады, бұларды іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

      1) бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру;

      2) өңірлерде жұмыс орындарының санын ұлғайту;

      3) берілген және жаңадан құрылған ұйымдардың өнімділігін 2011 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 2015 жылдың соңына қарай 1,5 есе, 2020 жылға қарай 2 есеге жоғарылату;

      4) ӘКК инвестициялық портфелі көлемінің жыл сайынғы өсімі 2015 жылдан бастап 3-5%-дан кем болмайды;

      5) қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған отандық өнімді сату, кәсіпкерлік субъектілері өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату.

      Сондай-ақ ӘКК берілген компаниялардың нәтижелілігін басқару жүйесін жақсартуды қамтамасыз етеді, олардың қызметінің тиімділігін арттырады, корпоративтік басқарудың озық стандарттарын енгізеді.

      Жарғылық капиталдағы үлесті (акциялар пакеттерін) сату, оның ішінде қор нарығы арқылы сату жолымен кейіннен бәсекелі ортаға беру үшін бәсекеге неғұрлым қабілетті және қаржылық тұрғыдан орнықты компаниялар біртіндеп іріктелетін болады. Бұл шаралар елдің қор нарығын және өңірлердегі инвестициялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді.

2. ӘКК дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
ӘКК қызметінің негізгі қағидаттары

      ӘКК-ні одан әрі дамыту үшін ӘКК қызметінің мынадай негізгі қағидаттарын айқындау қажет:

      1. Жекеменшік сектормен әріптестік

      ӘКК жеке сектор орналаспаған немесе жеткіліксіз орналасқан кеңістікте тиімді жұмыс істеуі және бизнеспен бәсекеге түспей, оның дамуын ынталандыруы және өсуі үшін жағдайлар жасауы тиіс.

      2. Инвестицияларды белсенді басқару

      ӘКК портфельдік инвесторларға қарағанда, бизнесті дамытудың түйінді шешімдеріне бастама жасай отырып, белсенді акционер (қатысушы) рөлін орындауы тиіс.

      3. Шығындарды белсенді басқару

      ӘКК өз функцияларын жүзеге асыру барысында шығындарды барынша азайтуға ұмтылуы тиіс.

      4. Әлеуметтік жауапкершілік

      Әлеуметтік жауапкершілік қағидатын іске асыру мақсатында ӘКК дивидендтік саясат шеңберінде акционерлердің шешімі бойынша таза пайдасының бір бөлігін жергілікті бюджетке береді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2013 № 476 қаулысымен.

      5. Бизнесті дамытуды жәрдемдесуге басқа да қатысушылармен әріптестік

      ӘКК қайталануды болдырмау және күш-жігердің бірігуін қамтамасыз ету үшін қаржы және қаржылық емес даму институттарымен, мемлекет қатысатын компаниялармен, екінші деңгейдегі банктермен белсенді өзара іс-қимыл жасауы тиіс.

      Тәжірибе алмасу, проблемалық мәселелерді шешу және үздік тәжірибемен таныстыру үшін ӘКК дөңгелек үстелдерін жыл сайын өткізу. ӘКК сондай-ақ мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл жасау үшін интернет-ресурстарын белсенді пайдалануы қажет.

ӘКК дамытудың жалпы тәсілдері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2013 № 476 қаулысымен.

      Инвестициялық қызмет

      ӘКК тіршілікке бейім бастамаларды қолдай отырып, өңірде бизнестің іскерлік белсенділігінің катализаторына айналуы тиіс.

      Инвестициялық қызметтің түйінді қағидаты – бизнеспен бәсекеге түспей, жобаларды онымен ынтымақтаса отырып іске асыру.

      Аумақтарды дамыту бағдарламасы ұлттық және халықаралық нарықтарда дұрыс жайғастыру үшін өңірдің бәсекелік артықшылықтарын, өсу нүктелерін айқындайды. ӘКК инвестициялар мен күш-жігерді біріктіре отырып, өсу нүктелерінде бизнестің дамуына түрткі болады.

      ӘКК өңірлердің негізгі мамандануын ескере отырып, ЖАО өңірлік даму карталарын әзірлеуге және инвесторларды тарту үшін перспективалы және бәсекеге қабілетті жобалардың тізбесін қалыптастыруға белсенді қатысады.

      Әрбір ӘКК-нің қызметі тиісті аумақтарды дамыту бағдарламаларында айқындалған экономиканың басым салаларында өз өңірі үшін перспективалы, тіршілікке бейім, бәсекеге қабілетті жобаларды іске асыруға бағытталған.

      Бұл басым салаларда дағдылардың, іскерлік байланыстардың және тәжірибенің шоғырлануына әкеледі, инвестициялық шешімдердің сапасын жақсартады, сондай-ақ өңірдің бәсекеге қабілеттілігіне неғұрлым қуатты әсер етеді.

      ӘКК инвестициялық жобаға бастапқы сатыда (start-up) немесе даму сатыларында кіруі тиіс.

      Инвестициялық жобадан шығу мынадай негізгі критерийлер бойынша жүзеге асырылуға тиіс:

      1) жобалық компаниядағы ӘКК акцияларын/үлесін сатудан алынған табыс ӘКК-нің жобалық компанияға қосқан инвестицияларын және осы инвестициялар бойынша сыйақы ставкасын жабады;

      2) жобалық компания инвестициялық жобаны ӘКК-нің қатысуынсыз іске асыру перспективаларына ие.

      Инвестициялық жобадан шығу ӘКК инвестицияларының құнсыздану тәуекелі туындаған жағдайда да жүзеге асырылуы мүмкін.

      ӘКК өзінің активтегі акциялар пакетін/қатысу үлесін сату шешімін нарықтық бағалау негізінде іске асыруы қажет. ӘКК актив сатып алу кезінде қарсы нарықтық бағалау жүргізуі қажет.

      Жер қойнауын пайдалану жобалары

      Жер қойнауын пайдалану саласында ӘКК жобаларға тек қана жер қойнауын пайдалану құқығымен қатысады. ӘКК-нің үлесі тәуелсіз нарықтық бағалау жүргізілгеннен кейін айқындалуы тиіс.

      ӘКК кең таралған пайдалы қазбалардың кен орындары, техногендік минералдық түзілімдер, жерасты сулары, сондай-ақ "Тау-Кен Самұрық" АҚ үшін қызығушылық тудырмайтын қатты пайдалы қазбалардың кен орындары бойынша пайдалану құқығы беріледі. ӘКК қатысуымен жер қойнауын пайдалану саласындағы жобаларды іске асыру кезінде ӘКК үлесі 49 %-дан аспауы тиіс.

      Корпоративтік басқару

      ӘКК басқарудың тиімді моделін қамтамасыз ету үшін озық әлемдік тәжірибеге сәйкес корпоративтік басқарудың стандарттары енгізілуі, оның ішінде ӘКК басшылары үшін оқыту бағдарламалары ұйымдастырылуы тиіс. ӘКК есептерін, оның ішінде Басқарманың (құпия ақпараттан басқа), Директорлар кеңесінің және ӘКК акционерлерінің шешімдерін жариялау керек, бұл тиімділікті қамтамасыз етуге және компаниялар қызметінің айқындылығын арттыруға ықпал етеді.

      ӘКК-ны олардың құрамына білікті, оның ішінде компания қызметінің бейініне сәйкес келетін, тізбесі біліктілік талаптарында көрсетілуі мүмкін дамушы нарықтардағы ірі компанияларда жұмыс тәжірибесі бар шетелдік қызметкерлерді кіргізу арқылы күшейту қажет.

      Бизнесте жұмыс тәжірибесі бар адамдарды, оның ішінде "Болашақ" бағдарламасының түлектерін тартуға бағдарлана отырып, ӘКК кадрлық саясатын қайта қарау керек.

      Тиімді менеджмент жүйесі енгізіледі, нарықтық жағдайда оның жұмыс істеуімен байланысты барлық тәуекелдерді анықтауға бағытталған ішкі бақылау және мониторинг тетіктері ретке келтіріледі.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың мемлекеттік органдармен
және даму институттарымен өзара іс-қимыл жасау мәселелері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2013 № 476; 10.12.2018 № 818 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 213 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      ЖАО мен ӘКК өзара іс-қимыл жасауы корпоративтік басқару қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      ЖАО ӘКК басқаруды "Акционерлік қоғамдар туралы" және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында және/немесе ӘКК жарғыларында көзделген акционердің өкілеттіктерін іске асыру жолымен ғана жүзеге асырады.

      ЖАО ӘКК-ге мынадай талаптар қояды:

      1) мемлекет мүдделерін сақтау;

      2) ӘКК қызметінің табыстылығына, тиімділігіне, транспаренттігіне және есептілігіне ұмтылу;

      3) өзінің басқаруындағы және меншігіндегі активтердің тиімді басқарылуын қамтамасыз ету;

      4) ӘКК тобында корпоративтік басқарудың үздік тәжірибесін, оның ішінде үлгі құжаттарға сәйкес ішкі саясат пен регламенттерді қабылдау арқылы енгізу;

      5) ӘКК тобында инновациялық процестер мен технологиялардың әзірленуін және енгізілуін ынталандыру;

      6) өңірге инвестициялар тартуға қатысу.

      Кейіннен оңалту (сауықтыру), қайта құрылымдау және олардың негізінде бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді дамыту үшін қызметі коммерциялық бағдарланған сипаттағы барлық мемлекеттік активтер кезең-кезеңімен ЖАО-дан ӘКК-ге берілетін болады.

      Бұл ретте ӘКК-ке сауықтыру және қаржыландыру жоспарлары (бағдарламалары) бар проблемалық активтер ғана берілетін болады.

      Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ЖАО ӘКК-ге инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз етілген жер учаскелерінің берілуін, оның ішінде құрылып жатқан индустриялық аймақтар құратын ӘКК-не басқарудың берілуін қамтамасыз етеді.

      Әлеуметтік жауапкершілік қағидатын іске асыру мақсатында ӘКК дивидендтік саясат шеңберінде акционерлердің шешімі бойынша таза пайдасының бір бөлігін жергілікті бюджетке жібереді. ЖАО акционер ретінде бұл қаражатты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жұмсайды.

      ӘКК өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерге сәйкес жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік жоспарлау, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдармен, индустрия және индустриялық-инновациялық даму, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, денсаулық сақтау, туризм, бәсекелестікті қорғау, жер қойнауын зерделеу және пайдалану саласындағы уәкілетті органдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттілік шеңберінде белсенді және тиімді өзара іс-қимыл жасауға тиіс.

      ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға мынадай:

      1) осы Тұжырымдама бойынша ӘКК міндеттеріне сәйкестігі;

      2) бағдарлама бюджетінің осы бағдарламаны іске асырумен байланысты ӘКК-нің ағымдағы шығыстарын толығымен өтеуі және ең аз пайданы қамтамасыз етуі;

      3) бағдарламаны іске асыру бойынша тәуекелдердің осы бағдарламаға барлық қатысушылар арасында тең бөлінуі;

      4) бағдарламаға ӘКК-нің қатысуы туралы шешімнің корпоративтік басқару стандарттары сақтала отырып қабылдануы шартымен қатыса алады.

      Бұл ретте акционерлердің шешімі бойынша ӘКК шығынға ұшырап отырған қолданыстағы бағдарламалық құжаттардан, оларға тиісті өзгерістер енгізу арқылы шығуы жүзеге асырылады.

      ӘКК жобалары бойынша "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

      ӘКК бизнесті қолдау құралдарын қатар қолдану, сондай-ақ аталған институттардың ресурстарына бизнестің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша даму институттарымен белсенді өзара іс-қимыл жасауы тиіс.

      ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша өңірлік операторлардың рөлін атқара алады және жергілікті деңгейде даму институттарының мүддесін білдіре алады. Бұл тиісті нормативтік құқықтық актілерде және оператордың қызметін көрсету бойынша даму институттары және ӘКК жасасқан шарттарда көзделетін болады. Бұл ретте ӘКК-нің операторлық жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне бюджеттік бағдарламалар шеңберінде ақы төленеді.

Қаржыландыру көздері

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2013 № 476 қаулысымен.

      ӘКК инвестициялық бағдарламаның қаржыландырылуын меншікті қаражат, республикалық және жергілікті бюджет қаражатын қоса алғанда, қолжетімді қорландыру көздерінің барлығын қолдану есебінен қамтамасыз етеді. Бұл ретте корпорацияның дамуына қарай бюджеттік қаржыландыру үлесін азайтуға ұмтылатын болады.

      Корпорациялардың меншікті қаражаты дивидендтік түсімдер, бөлінбеген пайда, компанияның қаржылай/қаржылай емес табысы есебінен қалыптастырылады.

      Әкімдіктер рентабельді емес активтерді беру кезінде осы активтерді сауықтыру жоспарына сәйкес қаржыландыру көзделетін болады. ӘКК-ның қаржылық жағдайын жақсарту кірістерді бөлек есепке алуды жүргізу, сауықтыру жоспарларын әзірлеу, ӘКК жобалардан шығуы бойынша талаптар мен шарттарды айқындау арқылы көзделеді.

      ӘКК серпінді дамушы өңірлік инвестициялық компания ретінде өңірге инвестициялар тарту мақсатында әлеуетті шетелдік инвесторлармен, даму институттарымен және басқа да қаржы ұйымдарымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.

Тиімділікті бағалау

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - 10.12.2018 № 818 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 213 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      ӘКК қызметінің тиімділігін бағалауды ЖАО жүргізген ӘКК даму жоспарларының іске асырылуын мониторингтеу нәтижелері бойынша, сондай-ақ мынадай тиімділік көрсеткіштеріне сәйкес ЖАО жүзеге асырады:

      Коммерциялық қызмет (нысаналы көрсеткіштер)

      1. Негізгі қызметтен түскен таза табыс, оның ішінде бір қызметкердің таза табысы.

      2. ROA – активтердің рентабельділігі.

      3. Инвестициялық портфельдің көлемі.

      4. Инвестициялардың рентабельділігі.

      5. ӘКК-нің бөлген қаражатына жеке инвесторлардың қаражатын тарту арақатынасы.

      6. Қалпына келтірілген (сауықтырылған) кәсіпорындар саны.

      Корпоративтік басқару

      7. Корпоративтік басқару рейтингі.

      ӘКК-нің қызметі компанияның сыртқы тараптармен (есепті көрсеткіштер) өзара іс-қимыл жасау бағыты бойынша да бағалануы тиіс:

      8. Веб-сайтқа кірушілер саны (ақпарат жаңартылуының өзектілігі мен жеделдігін көрсетеді).

      9. Қарауға келіп түскен бизнес-өтінімдер саны (өңір тұрғындарының санымен арақатынасында).

      10. Өңір кәсіпкерлеріне сауалнама жүргізу.

      Жергілікті атқарушы орган ӘКК қызметінің қаржылық нәтижелерінің мониторингі мен сапалы талдауының нақты жүйесін жасауы тиіс. Жергілікті атқарушы орган қызметтің шешуші көрсеткіштері (ҚШК) арқылы жүйелі түрде корпорациялардың қызметіне мониторингті жүзеге асырады және ӘКК-нің тиімділігін арттыру үшін пәрменді жүйелі шараларды ұсынады.

      Корпорациялардың директорлар кеңестері алға қойылған ҚШК-ге қол жеткізу тұрғысынан даму жоспарларының іске асырылуын кезеңдік бағалау арқылы менеджментті бағалауды жүзеге асырады. Корпорацияның менеджментіне сыйақы беру жүйесі корпорация қызметінің нәтижесіне байланыстырылуға тиіс.

      Жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы ӘКК қызметі қорытындыларына дербес жауап береді және корпорация қызметінің қорытындылары бойынша жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі алдында есеп береді.

Тұжырымдаманы іске асыруға ұсынылып отырған нормативтік
құқықтық актілер тізбесі

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - 10.12.2018 № 818 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      Осы Тұжырымдаманы іске асырудың қолда бар құралдары Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы "Акционерлік қоғамдар туралы" және 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" заңдары болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады