"Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 609 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С.Ахметов

Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту туралы

      «Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасы бекітілсін.
      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                             Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2013 жылғы « »   
№ Жарлығымен    
Бекітілген    

Қазақстан Республикасында
мемлекеттік аудитті енгізу
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ Мазмұны

      Кіріспе
      1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу пайымы.
      2. Мемлекеттік аудитті енгізу және мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері.
      3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі.

Кіріспе

      Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді, онда: «Бізге ең озық әлемдік тәжірибе негізінде мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру қажет» деп атап өтілген.
      Қазақстандық қоғамды дамыту және мемлекеттік аппарат алдында туындайтын жаңа форматты міндеттемелер мемлекеттік басқарудың күшті жүйесінің қызмет етуін талап етеді.
      Осы мәселелерді шешуде мемлекеттік қаржылық бақылаудың мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі ретінде рөлі арта түседі. Алайда, елде қолданылып отырған мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары мен қаржылық бұзушылықтарды анықтауға ғана бағытталған және «бір жақты» болып табылады. Бұл ретте осындай институтты енгізу басқарудың қазіргі жүйесіне баға береді және оны бұдан әрі тиімді дамыту бойынша бағыттарын анықтайды.
      Халықаралық практикада мұндай рөлді мемлекеттік аудит атқарады.
      Жалпы мемлекеттік аудит Қазақстан үшін тек қаржы мәселелерін ғана емес, сонымен қатар тәуекелдерді басқару бойынша анықталған кемшіліктер мен ұсыныстар негізінде ықпалды ұсынымдарды ұсынумен бірге, олардың қызметінің барлық бағыттарын қамтитын, аудит объектілері қызметінің тиімділігінің тұтас және тәуелсіз бағасы ретінде көрінеді.
      Осы Тұжырымдама мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін кезең-кезеңімен реформалауды және оның функционалдық бағыттарын бұдан әрі кеңейтумен бірге мемлекеттік аудитті енгізу пайымын және негізгі тәсілдерін анықтайды.

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу пайымы Ағымдағы ахуалды талдау

      Қазақстанда тәуелсіздік алған сәттен бастап бұзушылықтарды анықтауға және ықпал ету шараларын қабылдауға бағытталған, мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі қалыптасты.
      2004 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінде алғаш рет кешенді, тақырыптық және қарсы бақылауды бөлу арқылы қаржылық бақылауды ұйымдастыру негіздері анықталды.
      Сәйкестігіне бақылау және қаржылық есептілігіне бақылаумен бірге, тиімділігін, нәтижелілігін, мақсаттылығы мен негізділігін бақылау жүргізіле бастады.
      Заңнамалық деңгейде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі - Есеп комитеті), мәслихаттардың тексеру комиссияларының, ішкі бақылау бойынша орталық және жергілікті уәкілетті органдардың құзыреттері анықталды.
      Алғаш рет орталық мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдастырушылық және функционалды тәуелсіз, ішкі бақылау қызметтері құрылды.
      2008 жылы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі жетілдірілді, ішкі бақылау бойынша жергілікті уәкілетті органдар таратылды, облыс әкімдіктері, Астана және Алматы қалаларында ішкі бақылау қызметтері құрылды.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінде анықталған Бұзушылықтардың сыныптауышы бекітілді.
      Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жанында сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау саласында құқық қолдану практикасын, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын сақтау мәселелерін қарастыру бойынша үйлестіру кеңестері қызмет атқара бастады.
      Алайда, мемлекеттік қаржылық бақылаудың қазіргі жүйесі бюджет қаржысын тиімсіз пайдалануды және бұзушылықтарды постфактум анықтауға ғана бағытталған, бұл мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру талаптарына сәйкес келмейді.
      Қазіргі кезде мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бір жағынан артық тарамдалған, ал екінші жағынан жеткілікті жұмылдырылмаған жүйесі қалыптасқан.
      Мемлекеттік органдар қызметінің барлық саласын қамтитын, қызметінің тиімділігін тәуелсіз бағалау жоқ болып отыр. Жалпы бұл мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсынымдарды уақытылы және сапалы ұсыну, бұзушылықтарды анықтау және ескерту, қаржыны басқару саласында мемлекеттің бақылау қызметінің жаңа бағыттарын жедел енгізу мүмкіндігінен байқалады.
      Мемлекеттік бақылау қызметінде тұтастылық пен жүйелілік жоқ, нәтижесінде экономикалық жүйенің жеке элементтері бірнеше рет бақылауға алынады, басқалары бақылаудан тыс қалады. Атап айтқанда, көптеген қаржы институттарын, атап айтқанда, акционерлік қоғамдарды, ірі компанияларды және басқаларын бақылау жеткілікті жүзеге асырылмайды. Қаржылық бақылаудың сыртқы органдарының бақылау іс-шараларымен 2011 жылы мемлекеттік бюджеттің 40,7 %-ы, 2012 жылы - 41,4 % қамтылды.
      Қаржылық бақылау органдарының есептерінде бұзушылықтар туралы, бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану туралы ақпаратты ашуға басты назар аударылады, бұзушылықтардың сипаты және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану себептері туралы ақпарат қамтылмаған.
      Мемлекет қаржысы мен активтерін басқару бойынша қызметті тиімді ұйымдастыру және қаржылық тәртіп деңгейін жақсарту белгілері болған жоқ. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің (бұдан әрі - ҚБК) мәліметтері бойынша мемлекеттік бюджет бойынша анықталған бұзушылықтар сомасы 2010 жылы - 230 млрд. теңге, 2011 жылы - 208 млрд. теңге, ал 2012 жылы - 333 млрд. теңгені құрады.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірыңғай әдіснамасының, мемлекеттік қаржылық бақылауды жоспарлаудың болмауы, еңбек және өзге ресурстарды ұтымсыз пайдалану қолданыстағы жүйенің тиімді қызметіне септігін тигізбейді.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара әрекет етуінің қолданыстағы механизмі де тиімсіз болып отыр.
      Сыртқы және ішкі бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктерінің аражігі заң жүзінде ажыратылмаған, бұл берілген органдардың қайталану элементтерінің күшеюіне әкеледі және мемлекеттік қаржылық бақылаудың тұтас жүйесінің тиімділігін азайтады. ҚБК-нің негізгі қызметі Есеп комитеті жұмысының бағыттарын 77 %-ға, тексеру комиссиясының 87,5 %-ға қамтиды.
      Ішкі аудит (бақылау) қызметтерінің күш-әлеуеті жеткілікті түсінілмейді және пайдаланылмайды, ҚБК олардың қызметін үйлестірмейді. Бұдан басқа, ішкі аудит қызметтері барлық мемлекеттік органдарда құрылған жоқ, ал құрылғандары дербес қызмет түрінде, сонымен бірге белгілі құрылымдық бөлімшенің құрамында, ал жекелеген жағдайларда бірыңғай ішкі бақылау және аудит қызметі түрінде өз қызметін атқарады.
      ҚБК жүргізетін барлық бақылау шараларының үштен бір бөлігі құқық қорғау органдарының сұрау салулары мен қаулылары бойынша жүргізілетін тексерулерге келеді. Нәтижесінде бір объекті қаржылық бақылаудың барлық органдарымен тексеруге алынады, ал кейбіреуі - мүлде тексерілмейді.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесіндегі білікті кадрлардың тапшылығы және кадрларды даярлаудың теориялық және практикалық кәсіби дайындығының төмен деңгейі байқалады, бұл қоғамдық сектордың қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарға ауысу кезеңінде күшейе түседі.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау саласында аудиторларды сертификаттау жүйесі жоқ, бұл олардың жұмысының сапасын төмендетеді.
      Жүргізілген бақылау шараларының қаржылық бұзушылықтар мен нәтижелері бойынша бірыңғай ақпараттық база енгізілген жоқ.
      Тәуекелдерді басқару жүйелерінің (бұдан әрі - ТБЖ) қызмет етуі бойынша бірыңғай тәсілдер жоқ.
      Мемлекеттік аудитті толыққанды енгізу мемлекеттік қаражатты бақылауды жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі, сондай-ақ алға қойылған стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің анағұрлым пәрменді құралдарының бірі болып табылуы мүмкін.

Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, іске асыру кезеңі және іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманың мақсаты мемлекеттік қаржылық бақылаудың қолданыстағы жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын және мемлекеттік аудитті енгізудің тұжырымдамалық тәсілдерін анықтау болып табылады.
      Мемлекеттік аудиттің мақсаты экономиканы немесе оның жекелеген салаларын дамытуда мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін бағалау негізінде мемлекет қаржысы мен мемлекет активтерін пайдалану және басқару тиімділігін арттыру үшін ұсынымдарды жетілдіру болып табылады.
      Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың тиімді жүйесі Мемлекет басшысын, Қазақстан Республикасының Парламентін, Үкіметін және қоғамды бөлінген бюджет қаражатының заңдылық, үнемділік және тиімділік қағидаттарына сәйкес пайдаланылатыны және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау қорытындылары туралы объективті және сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуі қажет.
      Аталған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
      1) мемлекеттік аудиттің түрлерін, субъектілері мен объектілерін регламенттейтін заңнамалық база қалыптастыру;
      2) халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің әдіснамалық негіздерін әзірлеу;
      3) мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін мемлекет қаражаты мен активтерін тиімді пайдалануды бақылау құралы ретінде жетілдіру;
      4) олардың өкілеттіктерін анық ажыратуды және тиімді өзара әрекет етуін ескеріп, мемлекеттік аудит органдарының теңгерімді құрылымына қалыптастыру;
      5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметкерлерін халықаралық талаптарға сай даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін құру;
      6) мемлекеттік аудиттің ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін құру;
      7) мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жүйесін енгізу. Іске асыру кезеңі:
      Мемлекеттік аудитті енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
      Бірінші кезең (2013 - 2014 жылдар) - Лим декларациясының басқарушы қағидаттарына және мемлекеттік аудиттің халықаралық стандарттарына сәйкес мемлекеттік аудиттің заңнамалық және әдіснамалық базасын құру.
      Бұл кезеңде:
      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау ұғымын, мемлекеттік аудитті жүзеге асыру қағидаттарын, түрлерін, субъектілерін, объектілерін, функцияларын, тетіктері мен құралдарын анықтай отырып «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң жобасын әзірлеу;
      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілеттіктерін анықтау;
      3) халықаралық стандарттар талаптарын ескере отыра, сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу мен бекіту;
      4) сыртқы аудиторлар үшін біліктілік талаптарын әзірлеу;
      5) ішкі аудит қызметтері (бұдан әрі - ІАҚ) туралы үлгілік ережелер, мемлекеттік аудитті жүргізу бойынша нұсқаулар, қағидалар, ішкі аудиторларға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу;
      6) бірыңғай қағидаттар мен тәсілдер негізінде ТБЖ әзірлеу;
      7) кейіннен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының функцияларын, олардың қызметіне ТБЖ негізінде баса назар аудара және талдамалық құрамдасын күшейте отырып қайта қарау;
      8) мемлекеттік аудит және бақылау органдарының өзара әрекет ету тәртібін регламенттеу;
      9) кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттырудың тиімді жүйесін құру;
      10) мемлекеттік аудитті жүргізген кезде басқару процестерін оңтайландыру үшін Есеп комитетінің мемлекеттік аудиттің бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеуі;
      11) Есеп комитеті тарапынан тексеру комиссияларын әдіснамалық үлестіруді күшейту жоспарланған.
      Екінші кезең (2015 - 2017 жылдар) - мемлекеттік аудит жүйесінің қалыптасуы.
      Бұл кезеңде:
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган (бұдан әрі - Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган) құру;
      2) сыртқы бақылау органдарын сыртқы аудит органдарына қайта құру;
      3) мемлекеттік аудит органдарының бірыңғай ақпараттық жүйесін «электрондық үкімет» жүйесімен және басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен ықпалдастыру;
      4) орталық мемлекеттік органдарда және облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің аппараттарында ІАҚ құру;
      5) мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жүйесін енгізу жоспарлануда.
      2018 жылдан бастап мемлекеттік аудиттің барлық органдары мемлекеттік аудит стандарттарына сәйкес қызмет атқарады. Мемлекеттік аудит мемлекет пен қоғамның толыққанды және ықпалды институтына айналуы қажет.
      Күтілетін нәтижелер:
      Тұжырымдаманы іске асыру:
      1) мемлекеттік аудиттің тұтас жүйесін құруға;
      2) мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерге қол жеткізуде олардың қызметінің тиімділігін арттыруға;
      3) бюджет қаражатын пайдалануда және мемлекеттік мүлікті басқаруда ашықтылықты арттыруға;
      4) қаржылық бұзушылықтардың уақтылы және жедел алдын алуға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен факторларды жоюға;
      5) көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасауға;
      6) Мемлекет басшысына, Қазақстан Республикасы Парламентіне және Үкіметіне, қоғамға шоғырландырылған бюджеттің орындалуын кешенді және объективті бағалауды, мемлекеттік мүліктің және квазимемлекеттік сектор активтерін басқаруды ұсынуға әсер етеді.

Әлемдік тәжірибені шолу

      Көптеген елдерде мемлекеттік басқаруды реформалау мемлекеттік қаржылық бақылауды мемлекеттік аудитке өзгертуге әкеп соқтырды.
      Мемлекеттік аудиттің ең алдымен, мемлекеттік қаржылық бақылаудан өзгешелігі сол, басты назарды қарапайым аудиттен, мемлекеттік қаржы ресурстарын және мемлекеттік мүлікті пайдаланудың тиімділігі аудитінің сәйкестігіне қарай ауыстырады.
      Тиімділік аудитінің бақылаудың жаңа түрі ретінде пайда болуы алғашқы рет ИНТОСАИ Конгресі (қаржылық бақылаудың жоғарғы органдарының халықаралық ұйымы) 1977 жылы қабылдаған «Бақылаудың басқарушы принциптерінің Лима декларациясында» тіркелген.
      ИНТОСАИ аудитінің стандарттарына сәйкес мемлекеттік аудитке «дұрыстылық аудиті», «тиімділік аудиті» деген ұғымдар енеді.
      Дұрыстылық аудиті дәстүрлі қаржы аудитін, сондай-ақ ішкі бақылау жүйелерінің аудитін қамтиды.
      Тиімділік аудиті - материалдық және қаржы ресурстарын пайдалану бойынша көпшілік билігінің қызметін сыртқы, тәуелсіз жария бағалау жүйесі.
      Сыртқы және ішкі аудит пен бақылау құрылымын құқықтық реттеу саласындағы Франция тәжірибесі жақсы мысал болып табылады, бұл ел құрылымы жағынан унитарлы президенттік-парламенттік республика және нормативтік құқығы жағынан ұқсас.
      Францияда сыртқы аудит ерекшелігі 1807 жылы пайда болған, Францияның шоттар сотының шектеусіз бақылау өкілеттіктері болып табылады, оның тәуелсіздігіне ел Конституциясымен кепілдік берілген. Францияның шоттар сотының құрылымы өз бетінше қалыптастырылады, қызметшілерінің саны шектелмеген, оның ұйымдық және қаржылық тәуелсіздігі қамтамасыз етілген.
      Францияның шоттар соты жыл сайын Үкіметтің бюджеттің атқарылу бойынша есебіне қорытынды жасайды, оны сәйкестігіне және тиімділік аудитіне жүргізілген бақылауды ескере отырып, Парламентке ұсынады. Қорытындыны дайындау үшін өңірлік шоттар сотымен және ішкі аудит органдарымен өзара әрекет етеді.
      2011 жылдан бастап шоттардың өңірлік соттарының Францияның шоттар сотымен өзара әрекет ету міндеті заңнамалық түрде регламенттелген. Бас тартқан жағдайда Францияның шоттар соты өз функцияларын Францияның барлық аумағында шектеусіз жүзеге асыруға құқылы.
      Францияның ішкі бақылау (аудит) жүйесі мынаны қамтиды:
      1) қаржы, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер бойынша, күш блогын әкімшілендіру бойынша үш бас инспекция;
      2) Қаржы, экономика және өнеркәсіп министрлігі құрылымында Бюджет департаменті жанындағы аудит жөніндегі Ұлттық миссия (орган);
      3) әрбір министрлікте және агенттікте (бюджет ұйымы) ішкі аудит қызметтері;
      4) МАСИ (Аудит және бақылау бойынша миссия).
      Франция аумағында барлық қаржы қызметтерінің аудитін Қаржы, экономика және өнеркәсіп министрлігі жанындағы қаржы бойынша 1797 жылы құрылған Бас инспекция жүзеге асырады.
      Аудит бойынша Ұлттық миссияның функционалдық бағыттары барлық министрліктердің қаржы аудиті (80 %) және тиімділік аудиті (20 %) болып табылады.
      Ұлттық миссия тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде барлық министрліктер үшін ұлттық аудиттің бірыңғай жоспарын қалыптастыруды, ішкі аудиторлардың аудит бойынша Ұлттық миссия стандарттарына сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады.
      Ішкі аудит қызметінің негізгі міндеті өзі құрылған құрылымның кәсіби қызметінің саласында аудит (бақылау), сәйкестікке негізделген аудит және өз құрылымы ішінде тиімділік аудиті болып табылады.
      Ішкі аудит қызметі барлық мемлекеттік органдарда және министрліктер департаменттерінің ішінде, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарында құрылды.
      Қаржы, экономика және өнеркәсіп министрлігінің аудит және бақылау жөніндегі миссиясы (басқа министрліктерде ұқсас құрылымдар бар) - тұрақты әрекет ететін кеңесші-консультативтік орган. Оның функционалдық бағыттары министрліктің осы министрліктің барлық қызметінің рәсімдері бойынша толық есепті ұсыну қабілеттігін бағалау; тәуекелдерді қалыптастыру және басқару; тәуекелді азайту үшін іс-қимылдар жоспарын жасау; әдіснаманы анықтау және оны департаменттердің орындауын бақылау; құзыреті шегінде департаменттерге нәтижелерді қорыту сәйкестігіне бақылауды жүргізуге тапсырмалар беру.
      Канада
      Канадада халық тарапынан федералдық бюджеттің жұмсалу тиімділігін бақылауды Парламент мүшелері жүзеге асырады.
      Үкімет жыл сайын Қауымдар палатасына (Қаржылық бақылау комитеті) бюджет жобасын және алдыңғы жылғы оның атқарылуы туралы есепті ұсынады.
      Канадада аудит субъектісіне байланысты мемлекеттік аудиттің екі түрі жүзеге асырылады: сыртқы аудит және ішкі аудит.
      Сыртқы аудитті Канаданың Бас аудиторы кеңсесі, алдын ала және ағымдағы аудитті - Қаржы министрлігінің Хатшылығы жүргізеді. Ішкі аудитті әрбір ведомствода Ішкі аудит қызметтері жүргізеді.
      Канада тиімділік аудитінің пионерлерінің бірі болып табылады және әлемде бірінші болып үкіметтің қаржы және экономикалық қызметінің заңдылығын ғана тексеру практикасынан бас тартты. Бас аудитор кеңсесі және канадалық парламенттің төменгі палатасының көпшілік шоттарының комитеті заңнамалық аудиттің институционалдық негізін жасай отырып, үкіметтік бағдарламалардың орындалу тиімділігіне бақылауды жүргізеді және соның нәтижесінде мемлекеттік ресурстардың жұмсалу тиімділігіне бақылауды жүзеге асырады.
      Осы аудит нәтижелері депутаттарға үкіметтің басқару және қаржы қызметінің тиімділік мәселелері бойынша жеке ұстанымдарын қалыптастыруға қажетті эмпирикалық негіздер жасайды.
      Қаржы министрлігінің Хатшылығы үкіметтік бағдарламаларды іске асырған кезде бюджет қаржысының жұмсалуын бақылайды және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізеді. Бағалау шеңберінде ішкі аудит қызметтерінің қызметі бағаланады.
      Канадада аудиттің жағымды жағы мемлекеттік органдар қызметінің және бағдарламалық құжаттардың тиімділігін толықтай бағалауды жүргізу болып табылады.
      Канадада федералдық және провинциялық деңгейлерде әрбір мемлекеттік органда ішкі аудит және бағалау қызметі жұмыс істейді.
      Ішкі аудит қызметінің негізгі міндеті мемлекеттік органды ішкі басқару сапасын бағалаудан (бюджет қаржысын, персоналды, ақпараттық технологияларды және т.б. басқару) және мемлекеттік орган қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдарды өңдеуден құралады.
      Ресей Федерациясы
      Мемлекеттік аудиттің жоғарғы органы - Ресей Федерациясының Есеп палатасы (бұдан әрі - Есеп палатасы) болып табылады.
      Есеп палатасы биліктің атқарушы тармағынан функционалдық, ұйымдастырушылық және қаржылық тәуелсіздікпен қамтамасыз етілген.
      Есеп палатасының негізгі функциялары:
      1) федералдық бюджеттің атқарылуына жедел бақылауды ұйымдастыру және жүргізу;
      2) федералдық бюджеттің, мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар бюджетінің қаражатын мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
      3) Ресей Федерациясының (бұдан әрі - РФ) әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарына жетудің іске асырылу мен нәтижелілігі аудиті;
      4) Есеп палатасы құзыреті шегінде, соның ішінде РФ әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспарлау мақсаттары үшін федералдық және өзге ресурстарды қалыптастыру, басқару және билік ету тәртібінің РФ нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестігі және тиімділігін анықтау;
      5) Федералдық бюджет жобаларын, РФ заңдарын және өзге нормативтік актілерін, халықаралық шарттарын және Ресей федерациясының федералдық бюджет пен қаржы мәселелерін қозғайтын басқа құжаттарын сараптау.
      Есеп палатасы тоқсан сайын белгіленген нысан бойынша РФ Федералдық жиналысына федералдық бюджеттің атқарылу барысы туралы жедел есепті ұсынады.
      Ішкі бақылау мен аудитті РФ субъектілерінің және жергілікті атқарушы органдарының ішкі бақылау/аудит қызметтерін, атқарушы билік органдары жанындағы ішкі аудит/ішкі бақылау бөлімшелерін үйлестіре отырып, орталық деңгейде Қаржы министрлігінің Федералдық қаржы-бюджет қағадалау қызметі жүзеге асырады.
      Ішкі қаржы аудитінің бөлімшелері ішкі стандарттардың және бюджетті жасау және атқару рәсімдерінің, бюджеттік есептілікті жасау және бюджеттік есепті жүргізу рәсімдерінің сақталуын әзірлеу мен бақылауды, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану нәтижелілігін (тиімділігін және үнемділігін) арттыруға бағытталған шараларды даярлауды және ұйымдастыруды жүзеге асырады. Ішкі бақылау қызметтерін үйлестіру мен әдіснамалық қамтамасыз етуді РФ Қаржы министрлігі жүзеге асырады.
      Жергілікті органдар арнайы құрылған бөлімшелер арқылы ішкі аудитті жүргізеді немесе сыртқы аудиторларды тартады.
      Бұл ретте қазіргі кезде РФ-да тек сыртқы аудит стандартталған.
      Әлемдік тәжірибеде қаржылық бақылаудың жоғарғы органының (бұдан әрі - ҚБЖО) мемлекеттік аудиторларының кәсібилігін кепілдікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Осы бағыттағы негізгі тәсіл Түркиядағы сияқты, зейнетақы жасына жеткенге дейін берілген лауазымды атқаруға кепілдігі түрінде ҚБЖО мүшелерін және оның қызметкерлерінің іріктеу рәсімін алып тастау және мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті органмен келісуі жолымен оған РФ-да сияқты ерекше мәртебе беру арқылы тәуелсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
      Әлемдік тәжірибеде мемлекетте ішкі және сыртқы аудиттің түрлі құрауыштары ең жоғары мүмкін дәрежеде: жеке тәуелді емес, бірақ осыған ұқсас (бірыңғай) стандарттар бойынша жұмыс істейтін және қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс деп танылады. Кәсібиліктің жоғары дәрежесін және ішкі аудит қызметі жүргізген тексерудің жоғары сапасын анықтаған жағдайда, ҚБЖО ішкі аудит қызметінің жұмысына сүйене отырып, аудиторлық тексеру көлемін қысқартуы мүмкін.

2. Мемлекеттік аудитті енгізудің және мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

      Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары:
      1) тәуелсіздік - мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде мемлекеттік аудит (бақылау) органдарының тәуелсіздігіне араласуға жол бермеу;
      2) объективтілік - Қазақстан Республикасы заңнамасына, аудит стандарттарына қатаң сәйкес аудитті жүргізу, мемлекеттік аудитті және бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік аудит (бақылау) органдарының қасақана емес және бейтарап тәсілдерін қолдануы;
      3) кәсіби құзыреттілік - мемлекеттік аудит (бақылау) органдары қызметкерлерінің білікті және сапалы аудит пен бақылауды жүргізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін білім мен дағдының жеткілікті көлеміне ие болуы, сондай-ақ тексерілетін ұйым субъектісінің кәсіби борыш және этикалық нормаларды сақтауы;
      4) құпиялылық - мемлекеттік аудит (бақылау) органдарының аудит пен бақылау барысында алатын немесе өздері жасайтын құжаттарды үшінші тұлғаларға беру не онда қамтылған мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органның бірінші басшысының келісімінсіз ауызша жариялау құқығынсыз сақтау жөніндегі міндеттемесі;
      5) дәйектілік - аудит және бақылау нәтижелерін бухгалтерлік, банктік және бақылау объектісінің басқа құжаттарымен растау;
      6) айқындылық - бақылау қорытындыларын баяндау ашықтығы, мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мәслихаттарға, мемлекеттік орган басшыларына, қоғамға есептілігі;
      7) жариялылық - құпиялылық, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияның режимін қамтамасыз етуді есепке ала отырып, мемлекеттік аудит (бақылау) қорытындыларын жариялау;
      8) аудит және бақылау нәтижелерін өзара тану - мемлекеттік аудит және бақылау органдары бекітілген стандарттарды сақтаған кезде бір-бірінің аудит және бақылау қорытындыларын тануы.

Мемлекеттік аудитті енгізудің және қаржылық бақылау жүйесін дамытудың жалпы тәсілдері

      Мемлекеттік аудитті енгізу мемлекеттік қаржылық бақылаудың қолданыстағы жүйесін жоюды емес, оның мемлекеттік аудиттің енгізілетін жүйесіне үйлесімді енуін білдіруі тиіс.
      Аудиттің бақылаудан ерекшелігі оның жазалау емес, ескерту сипатында болуына негізделген.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі бұзушылықтарды анықтауға және ықпал ету шараларын анықтауға бағытталатын болады, ал мемлекеттік аудит аудит объектісі қызметінің тиімділігін жетілдіру мен арттыруға бағытталған басқаруды бағалау ретінде енгізіледі.
      Мемлекеттік аудит қандай да бір сәйкессіздіктерді жай баяндап қана қоймай, мемлекеттік қаржы ресурстарының үлкен пайдамен, тиімділікпен пайдалану, басқару резервтері мен әлеуетін анықтауы тиіс.
      Мемлекеттік аудит сондай-ақ мемлекеттік органдардың және ұйымдардың қаржы ресурстарын басқару жөніндегі қызметінің сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
      Тұтастай алғанда мемлекеттік аудит экономиканың немесе оның жекелеген салаларын, басқару тиімділігін арттыру және мемлекеттік қаржы-қаражат пен активтерді пайдалану үшін ұсынымдарды уақытылы әзірлеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік басқару салаларын дамытуда мемлекеттік органдар және мемлекет квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметін бағалауды болжайтын болады.
      Мемлекеттік аудит саласына мемлекеттік органдар және оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметін функционалды талдау, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді, оларға қол жеткізу жөніндегі бағдарламалық құжаттарды іске асыру тиімділігін бағалау, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау, сондай-ақ кадр, қаржы, табиғи және өзге ресурстарды басқару, басқару процестерін, оның ішінде қазіргі заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оңтайландыру жөнінде қабылданатын шаралар енеді.
      Субъектіге байланысты мемлекеттік аудит (қаржылық бақылау) сыртқы және ішкі аудитке бөлінеді.
      Сыртқы аудиттің негізгі міндеті ел халқының өмір сүру жағдайларының сапасын және ұлттық қауіпсіздігінің серпінді өсімін қамтамасыз ету үшін ұлттық ресурстарды (қаржы, табиғи, өндірістік, еңбек, ақпараттық) тиімді пайдалануды бақылау (бағалау) болып табылады.
      Ішкі аудит миссиясы мемлекеттік органның стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуі, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырудың ішкі үрдістерінің, оның ішінде оларға бекітілген функциялар; көрсетілетін қызметтер сапасын орындау тиімділігін талдау болады.
      Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары сыртқы мемлекеттік аудит субъектілері болып әрекет етеді.
      Есеп комитеті Үкіметтің бюджет қаражатын тиімді пайдалануын бақылау үшін құрал ретінде Президентке және Парламентке Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебіне өз қорытындысын, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік аудит органдары қызметінің нәтижелері туралы есепті ұсынады, осылайша атқарушы биліктің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және мемлекеттік аудит органдарының жұмысын бағалайды. Есеп комитетінің жұмыс әдістеріндегі негізгі орынды стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың орындалмауынан келіп шыққан себеп-салдарлық факторларды зерделеу мен талдау алады.
      Бюджет жобасын алдын ала бағалауды қоспағанда, өңірлердегі тексеру комиссияларының аудиторлық (бақылау) функциялары Есеп комитетінің функцияларына сәйкес келеді.
      Мемлекеттік ішкі аудит (қаржылық бақылау) субъектілері Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі аудит жөніндегі орган (бұдан әрі - Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган) және орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдерінің аппараттарында ішкі аудит қызметтері (бұдан әрі - ІАҚ) болады.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметін бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік органдардың және ішкі аудит қызметтері жұмысының тиімділігін бағалау бойынша объективті және сенімді ақпаратпен қамтамасыз етумен, мемлекеттік органдарға тек ішкі аудит қызметтерінен сапасыз ақпарат алған жағдайларда ғана не Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша шығып тексерулер жүргізумен қорытылады.
      ІАҚ объективті бағалау мен ұсынымдар беру бөлігінде мемлекеттік органның бірінші басшысына бағынатын болуы тиіс; стандарттар мен регламенттерді сақтау бойынша сапалы есептілік ұсыну бөлігінде мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға есеп беретін болуы тиіс.
      Мемлекеттік ішкі аудит бірінші кезекте мемлекеттік органдардың өздерінде шоғырлануы және ІАҚ жүргізілуі, мемлекеттік аудит (қаржылық бақылау) үшін тұрақты сипатта және база болып табылуы тиіс.
      Сырттан мемлекеттік органдарда тексерулерді Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган ІАҚ аудиторлық есебі болмаған немесе бекітілген стандарттарға сәйкес келмеген жағдайларда жүргізуі тиіс.
      Мемлекеттік аудит қаржылық есептілік аудитін, сәйкестік аудитін (қаржылық бақылау) және тиімділік аудитін қамтитын болады.
      Қаржылық есептілік аудиті аудит объектісінің қаржылық есептілігі мен есеп жүйесін зерделеу және талдауды пайымдайды, бұл аудиторға қаржылық есептіліктің заңнама талаптарына және бухгалтерлік стандарттарға сәйкестігі туралы пікірін білдіруге мүмкіндік береді.
      Сәйкестік аудиті (қаржылық бақылау) аудит объектісінің заңнаманы, оның ішінде өзінің қызметін регламенттейтін құқықтық актілерді сақтауын бағалаумен қорытылады.
      Тиімділік аудиті аудит объектісінің қызметін үнемділік, тиімділік және нәтижелілік тұрғысынан зерделеуді және талдауды пайымдайтын болады. Бұл ретте тиімділік аудиті мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігін бағалаудың қолданыстағы жетілдірілген жүйесін қамтитын болады.

Қаржылық есептілік аудиті

      Есеп комитетінің негізгі функциясы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілік аудитін жүргізу болады. Есеп комитеті аудит ауқымында шектелмейді, шоғырландырылған қаржылық есептілік құрамына кіретін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептіліктеріне қатысты қосымша аудиторлық рәсімдер жүргізуге құқылы болады. Бұл ретте Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізген аудиттің нәтижелері ескерілуі тиіс.
      Есеп комитетінің функцияларына Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтерінің Тәуекелдерді басқару жүйелерін үйлестіру және мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін арттыру мен мемлекеттік аудит жүйесінің адами, уақыт және басқа да ресурстарын оңтайлы пайдалану мақсатында аудит жүргізу де кіреді.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізген аудиттің нәтижелері болмаған не аудит Қағидалар мен стандарттарға сәйкес жүргізілмеген жағдайларда мемлекеттік органның қаржылық есептілік аудиті жүргізіледі. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның негізгі функциялары мыналар:
      1) орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қаржылық есептілік аудиті;
      2) ІАҚ аудитінде стандарттардың сақталуын тексеру болады.
      ІАҚ мемлекеттік аудит жүйесінде базалық деңгей болып табыла тұрып, мынадай функцияларды:
      1) ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің аудиті;
      2) мемлекеттік органның және оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың қаржылық есептілік аудитін жүргізуге қатысу;
      3) бірінші басшы және/немесе бас бухгалтер ауысқан кезде орталық мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ұйымдардың (мекемелердің) аудитін жүргізуді жүзеге асыратын болады.

Сәйкестік аудиті (қаржылық бақылау)

      Есеп комитетінің негізгі функциялары мыналар:
      1) Президентке және Парламентке республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкіметтің жылдық есебіне қорытынды ұсына отырып, республикалық бюджеттің аудитін (бақылау) жүргізу;
      2) барлық бағыттар бойынша сәйкестікке бақылау;
      3) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты қалыптастыру және басқару аудиті;
      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану аудиті;
      5) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлау, жүзеге асыру негізділігі, іске асыру ықтималы және тиімділігінің, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген (жұмсалған) Ұлттық қаржы ресурстарының мөлшері мен сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің нарықтық құнының арасындағы айырманы бағалауды қоса алғанда баға белгілеу тәртібінің аудиті;
      6) жүйенің барлық органдарында мемлекеттік бақылау және аудит стандарттарының сақталуын бақылау.
      Сондай-ақ Есеп комитетіне істерді ден қою, бюджетке өтеуге мәжбүрлеу, сондай-ақ сот тәртібінде қарай отырып, әкімшілік іс қозғау шараларын қолдану бойынша өкілеттіктер берілетін болады.
      Бұдан басқа, Есеп комитетінің республикалық бюджеттің жобасын Парламентке енгізгенге дейін шығыстардың негізгі бағыттары бойынша ұсыным сипатында болатын алдын ала бағалау жүргізуі көзделеді.
      Есеп комитеті Президентті, Қазақстан Республикасының Парламентін және жұртшылықты бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу заңдылығы, үнемділігі мен тиімділігі туралы сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс.
      Уәкілетті органға Үкімет резервін пайдалану, жобалардың қымбаттауы бөлігінде мемлекеттік мүлік, мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын, сондай-ақ Үкіметтің жекелеген тапсырмалары бойынша бақылау бекітілген.
      Сондай-ақ, Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган ІАҚ есепті ақпаратының аудитін, ІАҚ аудиті стандарттарының сақталуын, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша тексеруді жүзеге асыратын болады.
      Мемлекеттік органдарда бұзушылықтар анықталған жағдайда Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган ден қою шараларын (әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға сәйкес әкімшілік іс қозғау, бюджетке өтеуге мәжбүрлеу, мемлекеттік сатып алу қорытындыларын жою бойынша талап-арыз жұмыстары, шарттарды жарамсыз деп тану) қолданатын болады.
      Бұл ретте, Тәуекелдерді басқару жүйесі және шектелген бақылау негізіндегі қызметіне екпін бере отырып, уәкілетті орган тарапынан тексерулердің жоспарлы болуына жол бермейді.
      ІАҚ мемлекеттік органда және ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мекемелерде сәйкестік аудитін жүргізетін болады.

Тиімділік аудиті

      Есеп комитетінің негізгі функциялары мыналар:
      1) бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімді пайдалану бөлігінде мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігінің, мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру аудиті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмалары бойынша барлық бағыттар бойынша мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру тиімділігінің аудиті жүргізілуі мүмкін.
      2) ұлттық холдингтер мен компаниялардың, мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекеттің қатысуы бар өзге де заңды тұлғалардың қызметтерінің тиімділігін талдау болуға тиіс.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органға, оның ішінде жүргізілген талдаулардың нәтижелері бойынша мынадай бағыттарда: Қазақстан Республикасы Президентінің және Президенті Әкімшілігінің, Үкіметінің актілері мен тапсырмаларын орындау; бюджет қаражатын басқару; мемлекеттік қызмет көрсету; персоналды басқару; ақпараттық технологияларды қолдану; құқықтық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар қызметтерінің кешенді аудиті бекітілетін болады. Бұдан басқа, ІАҚ қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін болады.
      ІАҚ мемлекеттік органда және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінде олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша тиімділік аудитін жүргізетін болады.
      Бұдан басқа, ІАҚ:
      1) мемлекеттік органда және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінде олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша ішкі басқару сапасы мен тәуекелдерін бағалауды;
      2) бюджет шығыстарымен өзара байланыста мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне жетуді талдауды (тиімділік аудиті);
      3) анықталған кемшіліктерді жою, мемлекеттік орган қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдарды әзірлеуді жүзеге асырады.
      Тиімділік аудиті тікелей объектіде тексерулерді барынша азайтып, тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде талдау қызметін көздеуі қажет.
      Есеп комитеті және Ішкі аудит бойынша уәкілетті орган жүргізетін тиімділік аудитінің нәтижелері мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттары мен қызметін бағалау кезінде пайдаланылатын болады, оны Қазақстан Республикасының Президенті анықтайтын мемлекеттік орган жүргізетін болады.
      Мемлекеттік аудитті әдіснамалық қамтамасыз ету
      Мемлекеттік аудитті жүргізу халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетін стандарттар, қағидалар, рәсімдер, біліктілік талаптары және мемлекеттік аудиттің басқару қағидаттары негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
      Сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізудің ережелері мен стандарттарын әзірлеу мен бекітуді, сондай-ақ тексеру комиссиясының қызметін әдіснамалық үйлестіруді Есеп комитеті жүзеге асыратын болады.
      Өз кезегінде, ішкі мемлекеттік аудитті жүргізу стандарттары мен ережелерін әзірлеу, сондай-ақ ІАҚ қызметін әдіснамалық үйлестіруді Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асыратын болады.
      Жүргізілетін аудит (бақылау) қорытындыларын өзара тану үшін Ішкі аудит бойынша уәкілетті орган әзірлеген ережелер, ішкі аудит (бақылау) бойынша регламенттейтін стандарттар мен ережелерді Есеп комитетімен келіскеннен кейін бекіту ұсынылады.
      Мемлекеттік қаржылық бақылаудың жалпы стандарттарын Қазақстан Республикасы Президентінің, рәсімдік стандарттарды Есеп комитетінің бекітуі ұсынылады.
      Мемлекеттік аудит (қаржылық бақылау) органдарының өзара іс-қимыл жасауы Қаржылық бақылау мен аудит органдарының өзара іс-қимыл жасауы мынадай негізде құрылуы тиіс:
      1) бақылау мен аудит материалдарының бірыңғай базасын құру;
      2) бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерге негізделген ТБЖ құру;
      3) мемлекеттік қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит органдарының тексерулері бойынша құқықтық статистика органдарының ақпараттық жүйесі арқылы хабарлау;
      4) бақылау актілері мен аудиторлық есептерді өзара тану.
      Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарының өзара нақты іс-қимыл жасауы мемлекеттік аудит жүйесінің нәтижелілігін арттыру бойынша ұсыныстарды өңдеу үшін әрбір мемлекеттік басқару органының барлық қызметі мен бағытын, сондай-ақ олар көрсететін мемлекеттік қызметтерге қоғамның қанағаттануы мен сенімі деңгейін бағалауды жүзеге асыруға ауысу үшін тұғырнама құрады.
      Сыртқы және ішкі аудиторлар Қазақстан Республикасының заңнамасы мен аудит стандарттарын бұзған жағдайда олардың жауапкершілігі көзделетін болады.
      Ішкі аудит қызметтері аудит стандарттарын сақтамаған жағдайда, Үкімет уәкілеттік берген орган қайта тексерудің тиісті рәсімдерін жүргізуі мүмкін.
      Бұл ретте, заңнамалық деңгейде Ішкі аудит бойынша уәкілеттік берген орган «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қоспағанда, және бірлескен басқа лауазымды тұлғалардың және мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша бақылау шараларын жүргізуге, мамандар бөлуге тексерулер жүргізуге тыйым салуды енгізуі қажет. Құқық қорғау органдары бюджет және іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес тәуелсіз сарапшылар мен мамандарды тартуы тиіс.
      Кадрлық қамтамасыз ету
      Халықаралық талаптарға сай келетін мемлекеттік аудит және бақылау органдарының қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесі құрылатын болады.
      Мемлекеттік аудит органдарының қызметкерлеріне оларға жүктелген функцияларды іске асыруға талаптар мен жауапкершілік күшейеді, сыртқы аудиторлар үшін басқарудың атқарушы органдарынан және ішкі аудиторлар үшін - басқа мемлекеттік органдар мен құрылымдық бөлімшелерінен тәуелсіздікті білдіретін мәртебе беріледі.
      Бұдан басқа, ІАҚ басшысы лауазымын Әкімшілік реформа жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қорытындысын ескере отырып, «А» басқару корпусына енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
      Келешекте барлық аудиторлар мен тексерушілерді кезең-кезеңімен жеке санатқа шығару мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылатын болады.
      Сондай-ақ, кейінгі растау жүйесімен бірге, мемлекеттік аудиторларды тәуелсіз сертификаттау енгізілетін болады.
      Сертификаттаудың негізгі мақсаты - қолданыстағы мемлекеттік аудиторлардың халықаралық стандарттарға және қазіргі заманның шынайылық талаптарына сәйкестігіне біліктілігін растау болып табылады.
      Сертификаттауды Ұлттық комиссия жұмыстың алқалық қағидатымен жүргізілетін болады (соттарды іріктеуді жүргізудің ұқсастығы бойынша). Қомиссия құрамына Есеп комитетінің, мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның, тексеру комиссияларының және т.б. өкілдері кіретін болады.
      Бұл ретте, ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органның жұмыс істеп тұрған аумақтық бөлімшелерін оңтайландырғаннан кейін ішкі аудит жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілеттік берген органның аумақтық бөлімшелері құрылатын болады.
      Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының құрылымы кейіннен олардың өкілеттіктерін қайта қарау және сыртқы аудит органдарын нығайта отырып сақталатын болады.

Тұжырымдаманы іске асыру құралдары

      Осы Тұжырымдаманың ережелері жаңа заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу арқылы, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жолымен іске асырылатын болады.

3. Тұжырымдаманы солар арқылы іске асыру пайымдалатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру кезеңінде мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы міндеттерге қол жеткізу пайымдалады:
      1) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Кодексі;
      2) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі;
      3) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі);
      4) «Аудиторлық қызмет туралы» 1998 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      5) «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      6) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      7) «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      8) «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      9) «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      10) «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 917 Жарлығы;
      11) «Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығы;
      12) «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы;
      13) Есеп комитетінің нормативтік құқықтық актілері.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады