Астана қаласында ЭКСПО - 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін және Алматы қаласында 28-ші қысқы Дүниежүзілік универсиада - 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 1299 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 910 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 29.12.2016 № 910 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Астана қаласында ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін және Алматы қаласында 28-ші қысқы Дүниежүзілік универсиада – 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2013 жылғы 3 желтоқсандағы
№ 1299 қаулысымен   
бекітілген        

Астана қаласында ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған
көрмесін және Алматы қаласында 28-ші қысқы Дүниежүзілік
универсиада – 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде
қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі
ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық комиссия туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Астана қаласына ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін және Алматы қаласында 28-ші қысқы Дүниежүзілік универсиада – 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Комиссияның негізгі міндеті Астана қаласында ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін және Алматы қаласында 28-ші қысқы Дүниежүзілік универсиада – 2017-ні (бұдан әрі – ЭКСПО – 2017 және универсиада – 2017) дайындау және өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның функциялары мен құқықтары

      4. Комиссия негізгі міндетті іске асыру мақсатында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) ЭКСПО – 2017-ні және универсиада – 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың ұсыныстарын, сондай-ақ іс-шаралар жоспарларының жобаларын қарайды және олар бойынша шешімдер әзірлейді;
      2) ЭКСПО – 2017-ні және универсиада – 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсыныстарды әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің және 28-ші қысқы Дүниежүзілік универсиада – 2017-ні дайындау және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің қарауына енгізеді;
      3) ЭКСПО – 2017-ні және универсиада – 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлейді және оларды мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға енгізеді.
      5. Комиссия өз құзыреті шегінде:
      1) белгіленген тәртіппен орталық мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдар мен өзге ұйымдардан қажетті ақпарат, құжаттар мен материалдар сұратуға және алуға;
      2) Комиссияның отырыстарына Комиссия мүшелері болып табылмайтын мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың лауазымды адамдарын шақыруға, сондай-ақ тыңдауға;
      3) Комиссия жанынан жұмыс топтарын (жедел штабтарды) құруға;
      4) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссияны төраға басқарады, ол Комиссияның қызметіне басшылық жасайды және оның отырыстарына төрағалық етеді.
      Төраға болмаған уақытта немесе оның тапсырмасы бойынша оның функцияларын орынбасарларының бірі атқарады.
      7. Комиссияның отырыстары қажеттілікке қарай, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі және егер, оған Комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелері отырыстарға алмасу құқығынсыз қатысады. Бұл ретте Комиссия отырыстарына шақырылған адамдар қатыса алады.
      8. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Комиссияның жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      9. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      10. Комиссия отырысының күн тәртібі Комиссия төрағасының тапсырмаларын және/немесе мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, қалыптастырылады.
      11. Комиссия отырысын өткізу уақытын белгіленген тәртіппен төраға айқындайды.
      12. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен жүргізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда ол жазбаша түрде баяндалуға және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      13. Дауыс беру парақтарымен қоса комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      14. Комиссия отырыстары хаттамаларының іске асырылуын бақылауды жұмыс органы жүзеге асырады.

4. Комиссия қызметін тоқтату

      15. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес тоқтатады.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2013 жылғы 3 желтоқсандағы
№ 1299 қаулысына    
қосымша         

Астана қаласында ЭКСПО — 2017 халықаралық мамандандырылған
көрмесін және Алматы қаласында 28-ші қысқы Дүниежүзілік
универсиада — 2017-ні дайындау және өткізу кезеңінде
қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі
ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық комиссияның
құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға
      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, хатшы
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары (келісім бойынша)
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары
      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі
      Астана қаласы әкімінің орынбасары
      Алматы қаласы әкімінің орынбасары
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы
      «Астана ЭКСПО — 2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының төрағасы (келісім бойынша)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады