"Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы № 596 қаулысы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі
жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы

      Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар оны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы « »
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі
жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы

      Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі үндеуінде айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050: стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 396 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес әзірленді.
      Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін жаңғыртудың қажеттілігі мынадан:
      1) ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюынан және зейнетақы төлеу көздерін одан әрі әртараптандыру қажеттілігінен;
      2) ұзақ мерзімді демографиялық трендтерден және экономикалық дамудың циклдылығынан;
      3) зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында бөлуді одан әрі оңтайландыру қажеттілігінен туындап отыр.
      Тұжырымдама мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру саясатының 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтарын, сондай-ақ оны іске асыру тетіктерін айқындайды және Қазақстан Республикасындағы зейнетақы өзгерістерін іске асыру тәжірибесі мен зейнетақы жүйесін дамытудың әлемдік үрдістерін бағалауға негізделеді.

1. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Тұжырымдаманы әзірлеудің мақсаты зейнеткерлік жасында лайықты өмір сүру деңгейін қалыптастыру үшін зейнетақы төлемдерінің барабарлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған шараларды әзірлеу болып табылады.
      Тұжырымдаманың міндеттері:
      1) зейнетақы жүйесіне қатысушылардың алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына кепілдік беретін зейнетақы жүйесінің қаржылық орнықтылығын, ашықтығын қамтамасыз ету;
      2) халықты міндетті, сол сияқты ерікті құрамдас бөліктерден тұратын зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту;
      3) зейнеткерлік жасындағы (мемлекеттік, жекеше, кәсіптік, ынтымақты және жинақтаушы) табыс көздерін әртараптандыру;
      4) зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
      5) зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың ашықтығын арттыру болып табылады.
      Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін мынадай негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетін болады:
      1) базалық деңгейде зейнеткерлер арасындағы кедейлікті төмендету және азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыру мақсатында мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау тетігі жетілдіріледі;
      2) міндетті деңгейде жинақтаушы құрамдауыш сақталатын болады және жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5 % жарналары есебінен қалыптастырылатын шартты-жинақтаушы қосымша құрамдауыш енгізіледі;
      3) қызметкерлердің және/немесе жұмыс берушілердің ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын ерікті – үшінші деңгей сақталып, одан әрі дамытылатын болады.

2. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесінің ағымдағы
ахуалын талдау, даму үрдістері, пайымы және оны жаңғырту
қажеттілігі

1. Ағымдағы ахуалды талдау

      1998 жылы басталған Қазақстанның зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалаудың нәтижесінде:
      1) зейнетақы жүйесін реттеудің заңнамалық базасы қалыптастырылды;
      2) базалық, міндетті (ынтымақты және жинақтаушы) және ерікті деңгейлерде зейнетақымен қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі құрылды және жұмыс істеп келеді;
      3) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік енгізілді;
      4) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің институционалдық базасын дамыту және тиімділігін арттыру мақсатында 2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ) құрылды. 2014 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары бойынша 9,6 млн. жеке зейнетақы шоттарында 3,9 трлн. теңге зейнетақы активтері шоғырландырылған;
      5) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың кәсіптік схемасы қалыптастырылды;
      6) зейнетақы бағдарламасын қаржыландыру тұрақты ұлғайтылуда және зейнетақы төлемдерінің мөлшері арттырылуда. 1998 – 2013 жылдар аралығында осы мақсаттарға жұмсалған шығыстар 10,6 есе, базалық зейнетақы төлемін ескергенде орташа зейнетақы мөлшері 11,8 есе ұлғайды (3 964 теңгеден 46 661 теңгеге дейін).
      Осылайша, жоғарыда көрсетілген іс-шаралар кешенін іске асыру кірісті зейнетақы төлемдерімен алмастырудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін коэффициентін қамтамасыз етуге жағдай жасайды, ол 2014 жылғы 1 қаңтарға жалпы экономика бойынша орташа айлық жалақының 44,6 %-ын құрады.
      Оң даму үрдістеріне қарамастан, зейнетақы жүйесінің қолданыстағы параметрлері сақталса, алмастыру коэффициенті төмендейді деп күтіледі, ол:
      1) бейресми еңбек қатынастарының және халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесінің (ЖЗЖ) көрсетілетін қызметтерімен қамтылуын тарылтатын экономикадағы көлеңкелі сектордың орын алуына;
      2) қызметкерлердің жекелеген, әсіресе ауыл шаруашылығы секторында өзін-өзі жұмыспен қамтыған санаттарының еңбекақысы деңгейінің төмендігіне;
      3) зейнетақы активтерінің есебінен инвестицияларды тиімді жүзеге асыру үшін отандық қор нарығы өтімділігінің жеткіліксіздігіне;
      4) соңғы 20 жылда жалақының нақты өсу қарқыны мен еңбек өнімділігінің өсу қарқынының арасындағы айырмаға;
      5) инфляцияның салыстырмалы жоғары деңгейінің сақталуына байланысты.

2. Әлемдік тәжірибеге шолу

      Соңғы жылдары әлемдік қоғамдастықтың бірқатар елдерінде жүзеге асырылып жатқан зейнетақы жүйелерін реформалау әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық пен халықтың жаһандық қартаю процесінің жылдамдауынан туындап отыр.
      ЭЫДҰ елдерінің көпшілігінде жүргізіліп жатқан зейнетақы реформалары мыналарды:
      1) ең төменгі кепілдіктерді қамтамасыз ете отырып, таратушы және жинақтаушы схемаларын үйлестіретін көп деңгейлі зейнетақы жүйелерін енгізуді/сақтауды;
      2) еңбек қатынастарын заңдастыруға және көлеңкелі жұмыспен қамтуды қысқартуға бағытталған зейнетақы бағдарламаларын қаржыландыруды сақтандыру тетіктерін күшейтуді;
      3) зейнеткерлік жасты 65-67 жасқа дейін көтеруді зейнетақы бағдарламаларын қаржыландыру ауыртпалығын азайту, және еңбекте белсенді болу мерзімін ұзарту әрі халықтың қартаюы жағдайында еңбек ресурстарының санын тұрақтандыру мақсатында зейнетке мерзімінен бұрын шығу шарттарын қатаңдатуды;
      4) зейнетақы мөлшерінің еңбек еткен бүкіл өмірінің бойына зейнетақы резервтерін қалыптастыруға қатысуға тәуелділігін күшейтуді (Италия, Швеция, Польша, Ресей Федерациясы);
      5) зейнетақы қорларының қаржылық қызметін бақылауды және қадағалауды күшейтуді (мысалы, Германияда қаржы тәуекелдерін тәуелсіз қадағалауды және басқаруды күшейту туралы заң қабылданды. Норвегияда жекеменшік зейнетақы қорларының қаржы қабілетін айқындау жүйесі қатаңдатылды) көздейді.
      Таратушы және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
      Ағымдағы қаржыландыруға негізделген таратушы зейнетақы жүйесінің артықшылығы зейнетақы мөлшерінің қаржы нарықтары жұмыс істеуінің және зейнетақы қорлары қызметінің нәтижелеріне тәуелсіздігіне келіп саяды. Мұндай тәсілмен қаржыландырылатын зейнетақы жалақысы жоғары емес адамдар үшін анағұрлым сенімді қорғауды және алмастырудың анағұрлым жоғары мөлшерлемесін қамтамасыз етеді.
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрғындарды алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің енгізілген жарналарға және оларды инвестициялық басқару нәтижесіне тәуелділігін белгілей отырып, жеке жинақтарын жинақтауға және өз қарттығын дербес қамтамасыз етуге ынталандырады.
      Тұтастай алғанда, әлемдік тәжірибені талдау жұмыс істеудің таратушы, сол сияқты жинақтаушы қағидаттарын үйлестіретін көп деңгейлі модельдер зейнетақымен қамсыздандырудың анағұрлым тиімді әрі қаржылық орнықты жүйелері болып табылатынын көрсетеді.
      Аралас жүйелер оларды әртараптандыру, сондай-ақ олардың кемшіліктерін нивелирлеу және артықшылықтарын пайдалану есебінен жүйелердің әрқайсысына тән қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді.

3. Іске асыру кезеңдері

      Тұжырымдама ұзақ мерзімді перспективаға арналған.
      Бірінші кезеңде (2016 – 2020 жылдар) құқықтық негіздерді әзірлеу және зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бірінші кезектегі шараларын іске асыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.
      Бұл кезеңде мынадай негізгі бағыттар іске асырылатын болады:
      1) зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін жетілдіру;
      2) зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу;
      3) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің параметрлерін, оның ішінде зейнетақы төлемдерінің тәртібін және мемлекеттік кепілдіктер институтын жетілдіру;
      4) ерекше еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерін жетілдіру;
      5) әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды қайта ұйымдастыру;
      6) халықтың зейнетақы жүйесінің көрсетілетін қызметтерімен қамтылуын кеңейту.
      Екінші кезеңде (2020 – 2030 жылдар) жаңғыртылған зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және салымшылар мен зейнетақы төлемдерін алушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру шаралары қабылданатын болады.
      Аталған кезең:
      1) зейнетақының аударылатын жарнамен, қатысу кезеңімен және зейнетақыға шығу жасымен байланысын күшейту есебінен зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырумен;
      2) базалық зейнетақы төлемінен мемлекеттік кепілдік беру тетігін оңтайландыруға мүмкіндік беретін ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыға өтуді қоса алғанда, зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін одан әрі жетілдірумен;
      3) ЖЗЖ қатысушыларына ғана өмір бойғы зейнетақы төлемдерін (зейнетақы аннуитеті) көздейтін шарт жасасудың міндеттілігін енгізумен сипатталатын болады.

4. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы іске асыру:
      1) зейнетақы төлемдерінің барабарлығын және зейнетақымен қамсыздандырудың теңгерімді қаржылық-орнықты жүйесін құруды;
      2) 2030 жылға дейін халықаралық стандарттар деңгейінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі кемінде 35 жыл және жылына аудару жүйелілігі 12 рет болса, жоғалтқан жалақысының кемінде 40 %-ы деңгейінде жиынтықты зейнетақы төлемдерін алмастыру коэффициентін;
      3) 2030 жылға қарай зейнетақы жүйесінің қызметтерімен жұмыспен қамтылған халықтың 80 %-ын қамтуды;
      4) зейнетақы жинақтарының сақталуын;
      5) зейнетақы жинақтарының сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік институтын оңтайландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Жаңғыртылған зейнетақы жүйесі көп деңгейлі болып табылады.
      Бірінші деңгей мемлекеттік бюджет қаражаты (ынтымақты және базалық зейнетақы төлемдері/ең төменгі кепілдік зейнетақы берілген) есебінен берілетін төлемдерді қамтиды.
      Екінші деңгей:
      1) қызметкердің өзі жүзеге асыратын міндетті зейнетақы жарналары;
      2) зиянды (ерекше зиянды) өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына жұмыс беруші аударатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары;
      3) жұмыс берушінің есебінен шартты-жинақтаушы құрамдауышқа міндетті зейнетақы жарналары есебінен берілетін төлемдерді қамтиды.
      Үшінші деңгей ерікті құрамдауыштан тұратын барлық төлемдерді қамтиды.

3. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың
негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

1. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі
қағидаттары

      Алға қойылған міндеттерді тиімді шешу үшін зейнетақы жүйесін жаңғыртудың негізгі қағидаттары:
      1) өзгерістердің дәйектілігі және кезеңділігі;
      2) зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында бөлудің теңгерімділігі;
      3) азаматтардың зейнетақы құқықтарын қорғау;
      4) зейнетақы активтерін басқару процесінің ашықтығы;
      5) зейнетақы жүйесіндегі өзгерістердің жүйелілігі және оларды макроэкономикалық дамуға қарай және онымен өзара байланыста жүзеге асыру болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі бағыттары

Зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін жетілдіру

      Әлеуметтік жаңғырту идеологиясына сәйкес халықаралық стандарттарда көзделген зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін іске асыру үшін базалық деңгейде зейнетақымен қамсыздандыруды ұйымдастыруға өзгерістер енгізу ұсынылады.
      Қазіргі кезде зейнеткерлік жасқа жеткен:
      1) ынтымақты жүйенің қатысушысы болып табылатын және/немесе жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын аударатын адамдарға базалық зейнетақы олардың еңбек өтіліне және жалақысына қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалады;
      2) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған адамдарға жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ын құрайды.
      Базалық зейнетақы берудің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, зейнеткерлер арасында кедейліктің алдын алу және еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың экономикалық белсенділігін оңталандыру мақсатында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап:
      1) базалық зейнетақыны азаматтар зейнеткерлік жасына жеткен кезде ғана, сондай-ақ зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындауға көшуді жүзеге асыру;
      2) зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс шамасының 50 %-ы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу;
      3) базалық зейнетақының мөлшерін 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға 2 %-ға ұлғайту және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгілеу ұсынылады.
      Ұсынылып отырған өзгерістер тек зейнеткерлер арасында кедейлікті төмендетуге ғана емес, сонымен қатар азаматтардың еңбек уәждемесін күшейтуге және еңбек қатынастарын заңдастыруға бағытталған.
      Олар қазіргі зейнеткерлердің де, сол сияқты болашақ зейнеткерлердің де мүдделеріне сай келеді.
      Қазіргі зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақты, сол сияқты жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілін ескере отырып, базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады. Бұл еңбек өтілі көп болса да, зейнетке шыққан кезде табыстары туралы мәліметтердің, сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан белгіленген шектеулердің болмауына байланысты төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.
      Ынтымақты жүйеден жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен кезеңде (2030 жылға дейін) зейнетке шығатын азаматтар үшін базалық зейнетақы:
      1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілін;
      2) 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын төлеу кезеңінде тағайындалады.
      Тек жинақтаушы зейнетақы және шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қатысушылар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (2030 жылдан бастап) олардың зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері зейнетақының ең төменгі әлеуметтік қолайлы деңгейінен төмен болған жағдайда, олар үшін базалық зейнетақыдан ең төменгі кепілдік берілген зейнетақы тағайындауға өту жүзеге асырылатын болады.
      Бұдан басқа, қазіргі зейнеткерлер үшін де, сол сияқты 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар үшін де ынтымақты зейнетақы төлемдері сақталады. Ынтымақты зейнетақыны тағайындау және төлеу базалық, шартты-жинақтаушы және жинақтаушы зейнетақымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Сонымен бірге, ынтымақты зейнетақы мөлшерін қолданыстағы зейнетақы заңнамасының шарттарында тиімді деңгейде ұстау үшін олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстелетін болады.

Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы
құрамдауышын енгізу

      Зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу ұсынылады.
      Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауыш зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтау, сол сияқты тарату қағидаттарын да қолдайды.
      Өздерінің пайдасына жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5 % міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қатысушылар болып табылады.
      Шартты міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі.
      Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды.
      Жарналар капиталдандырылады және қаржы құралдарына инвестицияланады, бұл ретте табыстылық инвестициялық қызметтің нәтижелеріне, сондай-ақ қаржы нарықтарының жай-күйіне байланысты қалыптасатын болады.
      Зейнетақы төлемдеріне құқық басталатын ең төменгі өтіл 5 жылды құрайды. Төлемдер тек белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана жүзеге асырылады.
      Зейнетақы төлемдері өмір бойы жүзеге асырылады. Зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшері демографиялық құрамдас бөлікке және жүйенің қаржылық көрсеткіштеріне тәуелді болады.
      Инфляция деңгейін ескере отырып, жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктер шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қолданылмайды.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің параметрлерін жетілдіру

      Қызметкерлердің өздерінің 10 %-дық аударымдарының есебінен қалыптасатын қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі зейнетақы төлемдері сақталады. Бұл ретте алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшері азаматтардың жүйеге жарналардың тұрақты түрде аударуына, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының табыстылық деңгейіне байланысты болады.
      Бұдан басқа, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін мынадай бірқатар өзгерістер қаралады.
      БЖЗҚ-дан төлемдер тетігін жетілдіру және аннуитетті сақтандыруды дамыту мақсатында:
      1) зейнетақы жинақтарын алып қоюдың паушальды (біржолғы) қағидатын жою;
      2) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін кесте бойынша ғана (ай сайын) не зейнетақы аннуитетін иеленеу арқылы жүзеге асыру;
      3) зейнетақы аннуитетінің құнын есептеу үшін базалық негізді қайта қарау;
      4) ЖЗЖ қатысушылары үшін ғана өмір бойы төленетін зейнетақы төлемдерін (зейнетақы аннуитеті) көздейтін шарттардың міндетті жасалуын белгілеу;
      5) әйелдер зейнетақысының неғұрлым төмен болуының гендерлік проблемасын ішінара шешуге мүмкіндік беретін бірлескен аннуитеттер тетігін енгізу;
      6) міндетті зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктерді төлеу тәртібін азаматтардың зейнеткерлік жасқа жету шартымен ғана оны алу құқығын иелену жолымен оңтайландыру ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік кепілдіктер бойынша айырманы төлеу сомалары жеке зейнетақы шоттарына есептелуге тиіс.
      БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау БЖЗҚ-ның Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мақұлдайтын инвестициялық стратегия шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайларында жұмыс істейтін
адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың міндетті кәсіптік
схемасын жетілдіру

      Зейнетақы жүйесінің осы сегментіндегі өзгерістердің қажеттілігі қолданыстағы жүйенің ауыр және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге байланысты қатерлерді өтемеуіне байланысты.
      Сондықтан, 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы төлеу қорының 5 % -ы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) енгізілді. Бұл ретте, жұмыс берушілер өндірістің тек зиянды түрлері бойынша және сонда жұмыс істейтін адамдарға ғана МКЗЖ аударуға тиіс.
      Зиянды өндіріс түрлерінің тізбесін және онда жұмыс істейтін қызметкерлер кәсіптерінің тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітті және еңбек жағдайларының өзгеруіне қарай кезең-кезеңімен қайта қаралатын болады.
      Еңбек жағдайлары ерекше жұмыс орындары бар жұмыс берушілерді ынталандыру үшін еңбек жағдайларын жақсартқан және осындай жұмыс орындарын оңтайландырған жағдайда, жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша МКЗЖ жүзеге асырылмайды деп заңнамалық тұрғыдан бекітілген.
      Мұның өзі жүйеге үздіксіз (кемінде 30 жыл) қатысқан және жүйелі (жылына 12 рет) аударымдар жасаған кезде зейнетке мерзімінен бұрын шығу үшін қаражаттың жеткілікті болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру
жүйесін қайта ұйымдастыру

      Әлемдік тәжірибеде әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, негізінен ынтымақты негізде жүзеге асырылады.
      Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылдан бастап жойылған адамдардың (бұдан әрі – әлуетті құрылымдардың қызметкерлері) зейнетақы жүйесін ұйымдастыруда жаңа шешімдер мен тәсілдердің қажеттілігі оларды зейнетақымен қамсыздандыруға жұмсалатын шығындардың бүгінгі таңдағы зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне сәйкес келмеуінен және перспективада болжамды барабар болмауынан туындап отыр.
      Әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін барабар зейнетақымен қамсыздандыру үшін 2016 жылдан бастап мынадай шараларды жүзеге асыру ұсынылады:
      1) біріншіден, жалпы еңбек өтілі 25 және одан көп жылды құрайтын, оның ішінде кемінде 12,5 жылды үздіксіз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет құрайтын барлық әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін мемлекеттің зейнетақымен толық қамсыздандыруына ауыстыру;
      2) екіншіден, еңбек сіңірген жылдары үшін:
      құқық қорғау органдарының қатардағы және кіші басшы құрамдағы қызметкерлеріне;
      еңбек сіңірген жылдары кемінде 20 жылдан асатын ТМД елдерінен келген зейнеткерлерге бар өтіліне пропорционалды түрде;
      қызметке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін алғаш рет түскен және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқықпен, бірақ бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығынсыз жұмыстан босатылған азаматтарға мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру құқығын беру, мұның өзі әлуетті құрылымдардың барлық қызметкерлеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселесінде бірыңғай тәсіл қамтамасыз етіледі;
      3) үшіншіден, бюджет қаражаты есебінен әлуетті құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай қамтамасыз етудің 20 %-ы мөлшерінде МЗЖ төлеу туралы норманы жою;
      4) төртіншіден, әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз етуге ауыстыру шартымен қызметкерлердің БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының жартысын сақтай отырып, олардың бюджет қаражаты есебінен аударылған зейнетақы жинақтарының екінші жартысын бюджеттің кірісіне бір уақытта қайтаруды жүзеге асыру;
      5) бесіншіден, қазіргі зейнеткерлер үшін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшеріндегі теңгерімсіздікті болдырмау мақсатында бұрын толық емес көлемде тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін еңбек сіңірген жылдарына және зейнетақы ісіндегі қызметтен босатылған күніндегі еңбек өтіліне қарай, олардың толық мөлшерге жеткізілуін ескере отырып, біржолғы қайта есептеуді (бюджетке қайтарылатын 50 % зейнетақы жинақтарының есебінен) жүзеге асыру ұсынылады.
      Ұсынылып отырған шараларды іске асыру әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге әкеледі.

Халықтың зейнетақы жүйесімен қамтылуын кеңейту және
көрсетілетін зейнетақы қызметтерінің сапасын арттыру

      Еңбек нарығындағы келеңсіз үрдістерді еңсеруге, еңбек қатынастарын заңдастыруға және экономиканың көлеңкелі секторын қысқартуға, сондай-ақ азаматтардың табыс алуға және оларды көбейтуге жеке мүдделілігі мен жауапкершілігін күшейтуге, өнімді жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған халықты жұмыспен қамту туралы жаңа заң жобасы әзірленеді.
      Бұл мақсаттарда:
      1) жаңа жұмыс орындарын құру және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тұрғысынан Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының, басқа да мемлекеттік және салалық бағдарламалардың индикаторлары өзара байланыстырылатын болады;
      2) Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың, оның ішінде еңбек қатынастары мен табыстарды заңдастыруға бағытталған 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылады;
      3) әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара іс-қимылын күшейтуді, зейнетақы жарналарының толық, жүйелі және уақтылы аударылуын келісу мәселелерін қоса алғанда, жұмыс өкілеттігін кеңейтуді көздейтін кәсіптік одақтар туралы заң қабылданады;
      4) өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық пен жұмыссыздарды қамтуды кеңейтуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыратын Жұмыспен қамту 2020 жол картасының тетіктерін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады;
      5) арнаулы салық режимінің (ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің) қолданыстағы тәртібін реформалау арқылы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру көзделеді;
      6) мемлекеттік сектор қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу деңгейі арттырылады, өмір сүрудің ең төменгі жаңа стандарттарына өтуді жүзеге асыру ұсынылады;
      7) еңбек етуге қабілетті азаматтардың, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуы шартымен оларға атаулы әлеуметтік көмек беруді көздейтін әлеуметтік қолдауды жетілдіру бойынша шаралар қабылданады.
      Бұдан басқа, халықтың хабардар болуын арттыруға ықпал ететін түрлі коммуникациялар арналарын (интернет-ресурстар, электрондық үкімет, байланыс орталықтары, БЖЗҚ-ның тарамдалған филиалдар желісі) пайдалана отырып, жүргізіліп жатқан зейнетақы жүйесін жаңғыртудың негізгі ережелерін түсіндіруді жандандыру шаралары қабылданатын болады.
      Халыққа қызмет көрсету орталықтары, электрондық үкімет порталы, «Қазпочта» АҚ бөлімшелер арқылы қызмет көрсету жолымен инвестициялық табысты есепке ала отырып, БЖЗҚ-ның салымшыларды (алушыларды) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабардар ету және консультация беру бойынша көрсететілетін қызметтерін енгізу салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсетудің қолжетімділік деңгейін және сапасын артыруға мүмкіндік береді.
      Зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін «бір терезе» қағидаты бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға байланысты әкімшілік рәсімдерді оңайлату ұсынылады.

4. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық
актілердің тізбесі

      Тұжырымдаманы іске асыру үшін мынадай нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу талап етіледі:
      1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі;
      2) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      3) «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады