Баспасөз хабарламасы
«Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы № 596 қаулысы (бұдан әрі - қаулы) қабылданды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы қаулысы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі үндеуінде айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан - 2050: стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 396 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес әзірленді.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) зейнеткерлік жасында лайықты өмір сүру үшін зейнетақы төлемдерінің барабар мөлшерін қамтамасыз етуге бағытталды.
Тұжырымдама зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту жөнінде мынадай кешенді шараларды көздейді:
қолданыстағы жинақтаушы жүйені жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5 % жарналары есебінен қалыптастырылатын шартты-жинақтаушы қосымша құрамдауышпен толықтыру;
базалық зейнетақыны тағайындау тәртібін өзгерту, ол азаматтар жалпыға ортақ белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана, сондай-ақ зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты төленетін болады;
әлуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін қайта құру жөніндегі кешенді шаралар;
жинақтаушы зейнетақы жүйесінің схемасын жетілдіру.
Тұжырымдаманы іске асыру жоғалтқан жалақысының кемінде 40%-ы деңгейінде жиынтықты зейнетақы төлемдерін алмастыру коэффициентін 2030 жылға дейін сақтауға мүмкіндік береді.
Қаулыны қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды.
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі