"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 493 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 6, 8-құжат; 2011 ж., № 21, 171-құжат; 2012 ж., № 5, 35-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; 2014 ж., № 3, 21-құжат):
      1) тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар және сыйлықақылар туралы»;
      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
      «Осы Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, үкіметтік емес ұйымдарға гранттар мен сыйлықақылар беру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.»;
      3) 1-бапта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс - бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілген, мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдарға беретін әлеуметтік саладағы міндеттерді шешуге бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыру нысаны;»;
      3-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-2) үкіметтік емес ұйымдар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) — мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, сыйлықақыларды беру, гранттарды бөлу, олардың іске асырылуы мен мониторингі саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;»;
      5-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5-1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, гранттардың іске асырылу мониторингі — мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, гранттардың іске асырылуы туралы ақпаратты жинау, өңдеу және талдау;»;
      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «6-1) уәкілетті орган жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) - мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша жұмысты үйлестіру үшін уәкілетті орган құратын консультациялық-кеңесші орган;»;
      мынадай мазмұндағы 8-1), 8-2), 8-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      «8-1) үкіметтік емес ұйымдар үшін грант (бұдан әрі - грант) — азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражат;
      8-2) үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйлықақы (бұдан әрі - сыйлықақы) - республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдарға берілетін бюджет қаражаты;
      8-3) үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор (бұдан әрі - оператор) - үкіметтік емес ұйымдарға гранттарды беру және олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым;»;
      4) 2-бапта:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.»;
      5) 3-бапта:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар және сыйлықақылар беру процесін құқықтық реттеу қағидаттары»;
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар және сыйлықақылар беру процесін құқықтық реттеу:»;
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар және сыйлықақылар беру процесінің жариялылығы мен ашықтығы қағидаттарына негізделеді.»;
      6) 4-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын;
      7) 4-1-бап:
      мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      «2-1) үкіметтік емес ұйымдарға гранттар беру және олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
      2-2) үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйлықақылар тағайындауды жүзеге асырады және оларды тағайындау тәртібін бекітеді;
      2-3) Үйлестіру кеңесін құрады, оның ережесін және құрамын бекітеді;»;
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингін жүзеге асырады және оны жүргізу тәртібін бекітеді;»;
      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «7-1) оператордың өз қызметінің нәтижелері туралы есептерін қарайды және оның нысанын бекітеді;»;
      8) 5-бапта:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттар беру және сыйлықақылар тағайындау салалары»;
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттар беру және сыйлықақылар тағайындау мынадай бағыттар:»;
      13-3) және 14) тармақшалар алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:
      «2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қатыгездікпен қараудың салдарынан әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасыға) көмек көрсету мақсатында және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жүзеге асырылады.»;
      9) мынадай мазмұндағы 6-1, 6-2 және 6-3-баптармен толықтырылсын:
      «6-1-бап. Гранттар
      1. Гранттар бюджет қаражаты есебінен берілетін мемлекеттік гранттарға және ерікті негізде бюджеттен тыс көздерден, оның ішінде халықаралық, шетелдік ұйымдар беретін мемлекеттік емес гранттарға бөлінеді.
      2. Гранттар конкурстық іріктеу негізінде тарату процесін, дәрменсіз (банкрот) деп танылған, мүлкіне тыйым салынған және (немесе) экономикалық қызметі тоқтатыла тұрған үкіметтік емес ұйымдарды қоспағанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізіліміне енгізілген Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарына беріледі.
      3. Қазақстан Республикасы аумағында үкіметтік емес ұйымдар әзірлеген әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыруға гранттарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен үкіметтік емес ұйымдарға оператор береді.
      4. Мемлекеттік грантты алған үкіметтік емес ұйымдар алынған қаражаттың он пайыздан аспайтын бөлігін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге пайдалана алады.
      5. Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттелетін мемлекеттік емес заңды, жеке тұлғалар, сондай-ақ шетелдік және халықаралық ұйымдар белгілі мақсаттарға (міндеттерге) қол жеткізу үшін мүлкін өтеусіз негізде Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарына беру процесінде туындайтын қатынастарға осы бап қолданылмайды.
      6-2-бап. Оператор
      1. Оператор мынадай функцияларды:
      1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсатында мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарды беруді;
      2) Үкіметтік емес ұйымдарға гранттар беру және гранттардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес гранттардың іске асырылу мониторингін жүзеге асыруды және уәкілетті органға гранттарды беру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсынымдарды енгізуді;
      3) гранттардың іске асырылуы туралы ақпаратты оператордың ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) өз қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді және оны уәкілетті органға ұсынуды жүзеге асырады.
      2. Оператор қоғамдық бақылауды дамыту мақсатында гранттардың іске асырылу мониторингі үшін сарапшыларды тартуға құқылы.
      6-3-бап. Сыйлықақылар
      1. Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарына сыйлықақыларды Үйлестіру кеңесінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайды. Үкіметтік емес ұйымдарды сыйлықақы алуға ұсыну туралы өтінімдерді үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдар жыл сайын 1 қыркүйекке дейін уәкілетті органға береді.
      Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйлықақылар тағайындау қағидаларын уәкілетті орган белгілейді.
      2. Сыйлықақыны алу үшін Қазақстан Республикасы аумағында тіркелген үкіметтік емес ұйымдар ұсынылады.
      Сыйлықақыны алуға сол бір ғана үкіметтік емес ұйымдарды қатарынан үш жыл ішінде қайта ұсынуға жол берілмейді. Сол бір ғана үкіметтік емес ұйым сыйлықақыны алуға бір номинациядан артық номинация бойынша ұсыныла алмайды.
      3. Сыйлықақының ең төменгі мөлшері Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңында тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2000 еселенген мөлшерін құрайды.
      4. Сыйлықақылар бір немесе бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін, мұндай жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді.».
      2. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 1, 8-құжат; № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; № 10, 56-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; № 17, 136-құжат; № 23, 179-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 64-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 11, 63, 67-құжаттар; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат):
      12-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Қор жыл сайын республикалық ресми мерзімді баспасөз басылымдарында өз мүлкін пайдалануы туралы есепті жариялауға міндетті.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады