"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 шілдедегі № 590 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, № 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; 2015 жылғы 21 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 10 маусымда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      145-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) монументалдық өнердің жаңа құрылыс жайларын орнату қағидаларын бұзушылықтар;».
      2. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 15, 363-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 17, 139-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат):
      1) 3-бап мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «5-1) монументалдық өнердің жаңа құрылыс жайлары – ұлы тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументалдық өнер туындылары (ескерткіштер, стеллалар, мүсіндер, мемориалдық тақталар);»;
      2) 18-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «10-1) монументалдық өнердің жаңа құрылыс жайларын орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;»;
      3) 19-бапта:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) халықаралық және республикалық маңызы бар, мемлекеттік меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруді келіседі;»;
      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «12) монументалдық өнердің жаңа құрылыс жайларының орнатылуын бақылауды жүзеге асырады;»;
      14-6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «14-6) тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру қағидаларын бекітеді;»;
      мынадай мазмұндағы 14-9) 14-10) және 14-11) тармақшалармен толықтырылсын:
      «14-9) тарих және мәдениет ескерткіштерін ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      14-10) монументалдық өнердің жаңа құрылыс жайларын орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
      14-11) монументалдық өнердің жаңа құрылыс жайларын орнату жөнінде мемлекеттік комиссия құрады және ол туралы ережені бекітеді;»;
      4) 20-1-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) монументалдық өнердің жаңа құрылыс жайларының орнатылуын;»;
      5) 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «30-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға берудің тәртібі мен шарттары
      1. Жеке және заңды тұлғаларға тарих және мәдениет ескерткіштерін беру ғылыми, мәдени-ағарту, туристік мақсаттар үшін жүзеге асырылады.
      2. Жергілікті маңызы бар, коммуналдық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштері облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша пайдалануға беріледі.
      Халықаралық және республикалық маңызы бар, коммуналдық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органның келісімімен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша пайдалануға беріледі.
      Халықаралық және республикалық маңызы бар, республикалық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органның келісімімен мемлекеттік меншікті басқаратын уәкілетті органның шешімі бойынша пайдалануға беріледі.»;
      6) 40-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңды және жеке тұлғалары алған барлық материалдар мен табылған заттар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріледі. Оларды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкетуге тыйым салынады.»;
      7) 41-бап алып тасталсын.
      3. «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» 1998 жылғы
22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 24, 435-құжат; 2001 ж., № 21-22, 286-құжат; 2003 ж., № 10, 53-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 8, 55-құжат; 2009 ж., № 11-12, 53-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 48-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат):
      1) 5-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаттарының, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасы мемлекеттік мұрағаттарының, облыстар, қалалар, аудандар мемлекеттік мұрағаттарының және олардың филиалдарының, арнаулы мемлекеттік мұрағаттардың, кітапханалардың, музейлердің құжаттары Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру негізі болып табылады.»;
      2) 7-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаттарында, Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында және олардың филиалдарында сақтаулы тұрған, оның ішінде 1917 жылға дейін жасалған, арнаулы мемлекеттік мұрағаттардағы, мемлекеттік кітапханалардағы және музейлердегі республикалық меншіктегі құжаттар, Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қоры, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің, орталық атқарушы органдарының, Жоғарғы Сотының, Бас прокуратурасының, Ұлттық Банкінің және басқа республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметі нәтижесінде жасалған және жасалып жатқан құжаттар;»;
      3) 11-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Ұлттық мұрағат қорының жеке меншіктегі құжаттарын сақтау және пайдалану жөніндегі міндеттемелер олардың меншік иелері уәкілетті органмен және (немесе) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарымен жасасқан шарттарда көрсетіледі.»;
      4) 15-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттар мен олардың филиалдарында сақталатын, Ұлттық мұрағат қорының пайдалану үшін ашық құжаттарын тегін пайдалануға құқығы бар. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген санаттарына құжаттарды пайдалануды шектеу осы Заңның 16-бабында белгіленеді.»;
      5) 18-баптың 2-тармағында:
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «10) Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың сұраныстары мен қажеттіктерін қанағаттандыру үшін басып шығаруды және пайдалануды ұйымдастыру;»;
      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «17) Ұлттық мұрағат қоры құрамына жатқызылған және жеке мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттік бақылау;».
      4. «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., № 24, 147-құжат; 2008 ж., № 23, 124-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 49-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 2, 13-құжат; № 3, 25-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-ІІ, 96-құжат; 2015 жылғы 21 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) 1-бапта:
      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «6-1) қоғамдық маңызы бар әдебиет – қоғамның рухани-білім және зияткерлік-мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған өзекті шығармалар;»;
      мынадай мазмұндағы 12-1), 12-2), 12-3) және 12-4) тармақшалармен толықтырылсын:
      «12-1) Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасы – ұрпақтан ұрпаққа берілетін және мәдени құндылықтардың материалдық емес бөлігі болып табылатын әдет-ғұрыптар, түсiнiктер мен пайымдардың нысандары, бiлiм мен дағдылар, сондай-ақ олармен байланысты құралдар, заттар, артефактiлер;
      12-2) материалдық емес мәдени мұраны қорғау – материалдық емес мәдени мұраның идентификациялануын, құжаттандырылуын, зерттелуін, сақталуын, қорғалуын, кең таралуын, рөлiнің артуын, сондай-ақ оның жаңғыртылуын қоса алғанда, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету мақсатында шара қолдану;
      12-3) Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесі – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасының мәдени құндылықтарының тізбесі;
      12-4) музей қоры – мемлекеттік музейлер, қорық-музейлер және басқа мемлекеттік ұйымдар қорындағы және Қазақстан Республикасына тиесілі мәдени құндылықтардың жиынтығы;»;
      13) және 14) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «13) мәдени қызмет субъектілері – мәдениет саласындағы қызметке қатысушы мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, жеке және заңды тұлғалар;
      14) ұлттық мәдени игілік – Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген, ел тарихы мен мәдениеті үшін айрықша мәні бар материалдық мәдени құндылықтар;»;
      2) 7-бапта:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) Қазақстан Республикасының аумағында мәдени құндылықтарды қорғау, консервациялау, реставрациялау және пайдалану жөніндегі, сондай-ақ елдің көрнекі мәдениет қайраткерлерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;»;
      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «6-1) Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін және Материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізбесін жүргізеді;»;
      9-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «9-1) қоғамдық маңызы бар әдебиетті республикалық деңгейде басып шығаруды, сондай-ақ ұлттық фильмдер жасауды қалыптастырады, орналастырады және бақылайды;»;
      мынадай мазмұндағы 9-2) тармақшамен толықтырылсын:
      «9-2) қоғамдық-маңызды әдебиетті басып шығару қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
      15-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «15-1) мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік музейлер мен
музей-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді)
өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
      мынадай мазмұндағы 18-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «18-1) мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ұсынысы бойынша Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтiк тiзiмiне және ЮНЕСКО-ның шұғыл қорғауын қажет ететiн материалдық емес мәдени мұра тiзiмiне Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұра элементтерін енгізу туралы өтінімдер жібереді;»;
      21) және 21-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «21) салалық көркемдік кеңестер құрады және олар туралы ережелерді бекітеді;
      21-1) Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін және Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
      35-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «35-1) тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауарлардың шығарылған жерлерінiң атауларын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның сұрау салуына сәйкес Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетiнiң игiлiгi болып табылатын белгiленімдерді тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі тауарлардың шығарылған жерлерінiң атаулары ретінде пайдалану үшін келiседi не келiсуден бас тартады;»;
      мынадай мазмұндағы 35-2), 35-3), 35-4), 35-5), 35-6), 35-7) және 35-8) тармақшалармен толықтырылсын:
      «35-2) мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      35-3) мемлекеттік театрлар мен концерттік ойын-сауық ұйымдарының сахналық қойылым құралдарын есепке алу, тапсыру және есептен шығару нұсқаулығын әзірлейді және бекітеді;
      35-4) Қазақстан Республикасы музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығын әзірлейді және бекітеді;
      35-5) мемлекеттік кітапханалардың кітапхана қорын есепке алу және есептен шығару жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді;
      35-6) мемлекеттік кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру, сақтау және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      35-7) мемлекеттік театрларға, концерттік ұйымдарға, мәдени-демалыс ұйымдарына, музейлерге және цирктерге субсидиялар төлеу қағидаларын әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша бекітеді.»;
      3) 8-бапта:
      «3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың театр, цирк, музыка және кино өнерін, мәдени-демалыс қызметін және халық шығармашылығын, кітапхана және музей ісін дамыту жөніндегі мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін қолдайды және үйлестіреді, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәдениет саласындағы мекемелерінің қызметін қамтамасыз етеді;»;
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәдени құндылықтарын есепке алу, қорғау, консервациялау, реставрациялау, сондай-ақ пайдалану, елдің көрнекті мәдениет қайраткерлерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;»;
      4) 9-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) мәдени құндылықтарды есепке алу, қорғау және пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;»;
      5) 11-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) мәдени құндылықтардың сақталуына қамқорлық жасауға;»;
      6) мынадай мазмұндағы 19-1 және 19-2-баптармен толықтырылсын:
      «19-1-бап. Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес
      Мәдени қоғамдастықты тарту және мәдениет саласындағы басқарушылық мәселелерді үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативтік-кеңесші орган – мәдени саясатты іске асыру мәселелері бойынша Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес құрылады.
      Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, көрнекі шығармашыл тұлғалар, шығармашылық одақтар мен мәдениет ұйымдарының басшылары, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері енеді.
      Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңестің құрамы және ол туралы ереже Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.
      Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңестің жұмыс органы уәкілетті орган болып табылады.
      19-2-бап. Салалық көркемдік кеңестер
      1. Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мақсатында уәкілетті орган театр, музыка және концерттік қызмет, цирк өнері, киноиндустрия, музей ісі және археология, бейнелеу өнері, архитектура және дизайн, әдебиет және кітап басып шығару жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар – салалық көркемдік кеңестерді құрады.
      Салалық көркемдік кеңестер құрамына мәдениет саласындағы белгілі қайраткерлер, ғалымдар, мамандар, шығармашылық бірлестіктердің өкілдері енеді.
      2. Көркемдік кеңестердің негізгі функциялары мәдениет пен өнердің жоғары көркем туындысын – бәсекеге қабілетті отандық өнім жасау мақсатында мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.»;
      7) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
      «22-1-бап. Цирктер
      1. Цирктер – эстрадалық цирк жанрындағы туындылардың сахналық көрсетілімдерін жүзеге асыратын театр-ойын-сауық ұйымдары.
      2. Цирктер меншік нысанына қарамастан көркемдік бағыттарды, репертуарды, сахналық туындыларды жасау және кең таратудың эстрада-цирк жанры туындыларын көпшілік алдында орындау туралы шешімдерді қабылдауды таңдауда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін тиімді шығармашылық және өндірістік даму үшін қажетті өзге де қызметті жүзеге асыруда ерікті.
      3. Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту мақсатында халық үшін цирк іс-шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсетуге байланысты шығындарды жабуға мемлекеттік цирктерге бюджет қаражатынан бюджеттік субсидиялар бөлінеді.»;
      8) 24-баптың 2-1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «2-1. Кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру сатып алу, кітап алмасу, сыйға тарту және мемлекеттік тапсырыс бойынша басып шығарылған кітаптарды қайтарымсыз беру арқылы жүзеге асырылады.»;
      9) 25-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «25-бап. Музейлер
      1. Музейлер - музей заттары мен музей коллекцияларын сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету үшін құрылған, мәдени, білім беру, ғылыми-зерттеу функцияларын жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын көпшілікке танытуды қамтамасыз етуге арналған мәдениет ұйымдары.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында әртүрлі бейіндегі музейлер, оның ішінде қорық-музейлер мен жеке коллекциялар музейлері құрылуы мүмкін.
      3. Музей заттары мен музей коллекциялары музей қорының құрамына кіреді және Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.
      Музей қорларын жинақтау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік музейлерде құрылатын қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиялары шешімдерінің негізінде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік музейлерден музей заттарын және музей коллекцияларын жеке меншікке беруге тыйым салынады.
      4. Мемлекеттік музейлер мен қорық-музейлер өздерінің негізгі қызметіне жатпайтын, ақы төлеу міндетті сипатта болмайтын және жеке және заңды тұлғалармен келісім бойынша айқындалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуге құқылы.
      Мұндай тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақша Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады.
      5. Мемлекеттік музейлер мен қорық-музейлердің:
      1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындауға және оларды өңдеуге;
      2) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсынуға;
      3) фото- және бейне түсірілімдер жасауға;
      4) кәдесый және полиграфиялық өнімдерді өткізуге;
      5) музейлер мен музей-қорықтар басып шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізуге құқығы бар.
      6. Музейдің сақтау қоймасындағы музей заттары мен музей коллекцияларына қол жеткізу тәртібі мен шарттары және музей ісі саласындағы басқа да қатынастар уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттеледі.»;
      10) 28-2-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Фильмге прокаттау куәлігін беру уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жүзеге асырылады.»;
      11) 32-бапта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Мәдени құндылықтарға материалдық және материалдық емес құндылықтар жатады.»;
      мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      «2. Материалдық мәдени құндылықтар:»;
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) археологиялық олжалар;»;
      16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «16) бөлшектенген тарих және мәдениет ескерткіштерінің құрамдас бөліктері.»;
      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      «3. Материалдық емес мәдени құндылықтар:
      1) материалдық емес мәдени мұраның жеткізгіші ретінде тілді қоса алғанда, пайымның ауызша салт-дәстүрлері мен нысандары;
      2) орындаушылық өнерлер;
      3) әдет-ғұрыптар;
      4) салт-дәстүрлер;
      5) мейрамдар;
      6) табиғат пен әлемге жататын білімдер және әдет-ғұрыптар;
      7) дәстүрлі кәсіптермен байланысты білімдер және дағдылар.»;
      12) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «33-бап. Ұлттық мәдени игілік объектілерін есепке алу және жүйелеу
      1. Мәдени мұраны сақтау мақсатында:
      1) осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген және елдің тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар объектілер Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізіледі;
      2) осы Заңның 32-бабының 3-тармағында көрсетілген және елдің тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар объектілер Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесіне енгізіледі.
      2. Мәдени құндылықтарды зерделеумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне және Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесіне енгізілуге жататын объектілер туралы мәліметтерді уәкілетті органға беруге міндетті. Жаңа объектілер мен заттардың анықталуына қарай қажетті мәліметтері бар ақпарат ұсынылады.»;
      13) 35-бапта:
      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Уақытша экспозиция, гастрольдік қызмет, реставрациялау жұмыстары және ғылыми зерттеулер, таныстырылымдар, көрмелер және халықаралық мәдени іс-шаралар өткізу жағдайларын, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген мәдени құндылықтарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкетуге тыйым салынады.
      2. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге заңсыз әкетілген және (немесе) оның аумағына заңсыз әкетілген мәдени құндылықтар міндетті түрде қайтарылуға жатады. Заңсыз әкетілген және Қазақстанға қайтарылған, сондай-ақ соттың шешімі бойынша тәркіленген мәдени құндылықтар тиісті бейіндегі республикалық маңызы бар мемлекеттік музейлерге тапсырылуға жатады.»;
      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      «6. Мәдени ынтымақтастық мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген және шет мемлекеттердің, шетелдік заңды және жеке тұлғалардың меншігі болып табылатын мәдени құндылықтар Қазақстан Республикасының қорғауында болады. Оларға Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы заңнамасының күші қолданылады.»;
      14) 36-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген мәдени құндылықтарды заттардың меншік иесі не меншік иесі оған уәкілеттік берген тұлға облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік негізінде уақытша әкетуді жүзеге асыруы мүмкін.
      Мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлікті беруден бас тартуға:
      1) мәдени құндылықтарды реставрациялау мақсатында уақытша әкету жағдайларын қоспағанда, олардың қанағаттанарлықсыз физикалық жай-күйі;
      2) мәдени құндылықтардың халықаралық және (немесе) мемлекеттік іздестіруде болуы;
      3) мәдени құндылықтардың осы Заңның 35-бабының 1-тармағында көрсетілген уақытша әкету мақсаттарына сәйкес келмеуі негіз болып табылады.».
      5. «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 17, 135-құжат; 2008 ж., № 13-14, 58-құжат; № 20, 87-құжат; № 21, 97-құжат; № 24, 128-құжат; 2009 ж., № 2-3, 21-құжат; № 9-10, 47, 49-құжаттар; № 15-16, 74-құжат; № 17, 78, 82-құжаттар; № 24, 129, 133-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28, 29-құжаттар; № 15, 71-құжат; № 17-18, 108-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 2, 26-құжат; № 4, 37-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 20, 151-құжат; № 21, 161, 171-құжаттар; 2012 ж., № 2, 11-құжат; № 3, 22-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 83-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92, 94-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 1, 2-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 4, 6, 9-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 84,  86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-ІІ, 96-құжат; № 23; 138, 143-құжаттар):
      4-баптың 64) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «64) театрдың, театр-ойын-сауық ұйымдарының, филармонияның, музейдің және мәдени-демалыс ұйымының сахналық көрсетілімдерді жүзеге асыру және көпшілік алдында өнер туындыларын орындау үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;».
      6. «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 16-құжаттар; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 41-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 15, 82-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 10, 12-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 12, 82-құжат; № 19-ІІ, 94, 96-құжаттар; № 22; 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; 2015 жылғы 17 маусымда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу және субсидиялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) 36-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Қазақстан Республикасының аумағындағы және жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.»;
      2) 74-баптың 10-тармағында:
      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Республикалық және халықаралық маңызы бар, республикалық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады.»;
      мынадай мазмұндағы бөліктермен толықтырылсын:
      «Республикалық және халықаралық маңызы бар, коммуналдық меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады.
      Жергілікті маңызы бар және коммуналдық меншік болып табылатын тарих ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады.
      Егер тарих және мәдениет ескерткіштеріне жойылу немесе бүліну қаупі төнсе, пайдалануында тарих және мәдениет ескерткіштері бар тұлғаны сот шешімі бойынша оларды пайдалану құқығынан айырған жағдайда шарт бұзылған болып есептеледі.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады