Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы келісімге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 қыркүйектегі № 767 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 541 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.08.2018 № 541 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 767 қаулысымен
мақұлданған

      Жоба

Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Түркия Республикасының үкіметтері

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында қол қойылған Түркі Академиясын құру туралы келісімнің (бұдан әрі "2012 жылғы Келісім" деп аталатын) 8-бабының ережелерін іске асыруға ұмтыла отырып,

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясының арасындағы Түркі Академиясын Қазақстан Республикасында орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы Қабылдаушы елдің келісіміне тиісті түрде құрмет көрсете отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Анықтамалар

      Осы Келісімде:

      1) "Академия" Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясында халықаралық ұйым нысанында құрылған Түркі Академиясын білдіреді;

      2) "Түркі кеңесі" Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін білдіреді;

      3) "Бюджет" Түркі Академиясының міндеттері мен функцияларын іске асыруға арналған қаражаттың қалыптасуы мен жұмсалуын білдіреді;

      4) "Қаржы жылы" 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсан аралығындағы уақыт аралығын білдіреді;

      5) "Жарналар" ағымдағы қаржы жылында Түркі Академиясының қызметіне байланысты шығыстарды жабу мақсатында Тараптар үшін белгіленген сомаларды білдіреді;

      6) "СІМК" Түркі кеңесі Сыртқы істер министрлерінің кеңесін білдіреді;

      7) "АЛТК" Түркі кеңесінің Аға лауазымды тұлғалар комитетін білдіреді;

      8) "Хатшылық" Түркі кеңесінің Хатшылығын білдіреді;

      9) "Қабылдаушы ел" аумағында Академия орналасқан Түркі Академиясына мүше мемлекетті білдіреді;

      10) "Сыртқы аудит" СІМК тағайындаған тәуелсіз аудитор/аудиторлар жүзеге асыратын Академияның қаржылық және экономикалық қызметін тексеруді білдіреді;

      11) "Кірістер" бюджетке белгіленген жарналар түрінде Академия алған қаражатты білдіреді;

      12) "Президенттер, вице-президенттер" – 2012 жылғы Келісімнің 4-бабына сәйкес тағайындалатын Академияның президенті және вице-президенттері;

      13) "Ғылыми штат" ғылыми жобалардың талаптарына сәйкес келісімшарт негізінде тартылатын ғалымдар мен сарапшылардан тұрады;

      14) "Әкімшілік штат" келісімшарт негізінде тартылатын әкімшілік персоналдан тұрады;

      15) "Жалпы қызмет көрсету штаты" келісімшарт негізінде жалданатын техникалық персоналдан тұрады;

      16) "Персонал" Академияның Президентінен, вице-президенттерінен, ғылыми, әкімшілік және жалпы қызмет көрсету штаттарынан тұрады;

      17) "Өзге де кірістер" белгіленген жарналарды, ақшалай нысандағы қайырымдылықтарды, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылында шығыстарды тікелей өтеу нәтижесінде алынған сомаларды қоспағанда, барлық түсімдерді білдіреді;

      18) "Шығыстар" Академияның міндеттері мен функцияларын қаржыландыру үшін оның бюджет қаражатына иелік етуді білдіреді;

      19) "Айналым қаражатының резерві" міндетті жарналар толық төленгенше Академияның шығыстары үшін пайдаланылатын бюджеттің бір бөлігі болып табылады.

2-бап Жалпы ережелер

      Академияның қаржылық қағидалары туралы келісім Академияның бюджеті бойынша қаржыландыру көздерін, оны қалыптастыру, атқару тәртібін және есептілігін айқындайды.

3-бап Бюджет

      1. Академия бюджеті қаржы жылындағы ақшалай және/немесе өзге де нысандардағы барлық кірістер мен шығыстарды қамтиды, сондай-ақ Академияның ұзақ мерзімді жобаларын жүзеге асыруға көзделген шығыстарға арналған жылдық жарналарды (бөліктерді) жабады.

      2. Академия бюджетін АЛТК мақұлдағаннан кейін СІМК бекітеді.

      3. Академия бюджеті екі бөліктен: кірістерден және шығыстардан (жылдық шығыстардан және бірнеше қаржы жылына есептелген нақты жобаларға арналған шығыстардан) тұрады.

      Кірістер

      4. Кірістер мыналардан тұрады:

      1) Тараптардың төлем қабілеттілігін, Біріккен Ұлттар Ұйымына төлейтін жарналарының басым шәкілін және олардың ұқсас өңірлік ұйымдарға төлейтін қазіргі жарналарын ескере отырып, СІМК белгілейтін міндетті жарналары, алайда Қабылдаушы елдің үлесі басқа тараптардың үлестерінен кем болмауға тиіс. Міндетті жарналар шәкілі СІМК қол қойған жеке хаттамада көрсетіледі;

      2) гранттар;

      3) Академия бюджетіне Тараптардың ерікті жарналарынан түсетін, мөлшері шектелмейтін төлемдер;

      4) Академияны бақылаушы мемлекеттерден, басқа мемлекеттерден, Академияның бақылаушы ұйымдарынан, басқа халықаралық ұйымдар мен форумдардан, заңды және жеке тұлғалардан қабылдануы мүмкін, Тараптардың мақұлдауына жататын ақшалай және/немесе басқа да нысандағы ерікті жарналар;

      5) Академияның мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмейтін жағдайда, пайыздардан түсетін кірістер мен басқа да кірістерді қоса алғанда, әртүрлі кірістер.

      Шығыстар

      5. Шығыстар мыналардан тұрады:

      Ғылыми шығыстар:

      1) зерттеу шығыстары;

      2) жобалық шығыстар;

      3) симпозиумдар, ғылыми конференциялар және отырыстар;

      4) типографиялық шығыстар;

      5) аутсорсинг – Академияның бейінді емес көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      6) консалтинг – Академияның бейінді емес консультацияларды сатып алуы;

      Персоналға арналған шығыстар:

      1) президенттің сыйақысы, оның ішінде:

      ерікті медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; білім беру гранты; басқа қаладан келген қазақстандық және шетелдік азаматтар үшін тұрғын үй жалдау жәрдемақысы; ротация жәрдемақысы; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет); өкілдік шығыстар; әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері;

      2) вице-президенттердің сыйақысы, оның ішінде:

      ерікті медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; білім беру гранты; ротация жәрдемақысы; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет); өкілдік шығыстар; әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері;

      3) ғылыми штат сыйақысы, оның ішінде:

      ерікті медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; білім беру гранты; ротация жәрдемақысы; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет); әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері;

      4) әкімшілік штат сыйақысы, оның ішінде:

      ерікті медициналық сақтандыру; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет); әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері;

      5) жалпы қызмет көрсету штатының сыйақысы, оның ішінде:

      ерікті медициналық сақтандыру; әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері;

      6) персоналдың қызметі аяқталған кезде төленетін өтемақы;

      7) персоналдың келісімшарты тоқтатылған жағдайда жұмыстан босатылу жәрдемақысы;

      8) тәуліктік, көліктік шығыстарды және қонақ үйде тұруды қоса алғанда, штат қызметкерлерінің іссапарларына арналған шығыстар;

      9) штат тренингі;

      10) кандидат шығыстары.

      Асырауындағы адамдарға жәрдемақы және білім беру гранттары қабылдаушы елдің азаматтарына қолданылмайды.

      Әкімшілік шығыстар:

      1) қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан сақтандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша төлемдер;

      2) Академия үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      3) кеңсе жиһазы мен жабдықтарды, автомобильдерді және Академияның жұмыс істеуі үшін қажетті өзге де құралдарды сатып алу;

      4) жылжымайтын мүлік, кеңсе жиһазы, жабдықтар, автомобильдер мен басқа да құралдар бойынша қызмет көрсету және оларды жөндеу;

      5) протоколдық шығыстар;

      6) көліктік шығыстарды, қонақ үйде тұруды және тәуліктік шығыстарды қоса алғанда, Ғылыми кеңес мүшелерінің іссапар шығыстары.

      Мұражай және кітапхана шығыстары:

      1) мұражай және кітапхана үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      2) кеңсе жиһазы мен жабдықтарды және көрсетілетін мұражай мен кітапхананың жұмыс істеуі үшін қажетті өзге де құралдарды сатып алу;

      3) жылжымайтын мүлік, кеңсе жиһазы, жабдықтар мен басқа да құралдар бойынша қызмет көрсету және оларды жөндеу;

      4) кітапхана үшін әдебиеттерді сатып алу.

      6. Персоналдың дәрежесі мен жалақысына сәйкес қаржы жылына арналған шығыстарды көрсете отырып, Академияның штаттық кестесін Академия әзірлейді және АЛТК мақұлдағаннан кейін СІМК бекітеді.

4-бап Бюджеттің атқарылуы

      1. Бюджетті президент басқарады.

      2. Әрбір Тарап үшін міндетті жарналардың нақты сомасы бюджетте көрсетілуге тиіс.

      3. Бюджетке жыл сайынғы жарналар АҚШ долларымен есептеледі және төленеді.

      4. Академия СІМК-ге Хатшылық арқылы бағаланған жарналардың бюджетке толық көлемде аударылғаны туралы хабарлайды.

      5. Тиісті жарналар мүмкіндігінше қаржы жылының алғашқы үш айы ішінде төленеді. Алайда, бұл ұлттық заңнамаға байланысты мүмкін болмаған жағдайда, төлемдер төрт кезең аралығында жасалып, әр үш айдың басында жүзеге асырылуы мүмкін.

5-бап Шығыстар сметасы

      1. Академияның бюджеті қаржы жылына арналған шығыстарды қамтитын құжат – шығыстар сметасына сәйкес атқарылады.

      2. Академия смета жобасын түсіндірме жазбамен бірге қалыптастырады және әр бап бойынша есептеулермен және негіздемелермен бiрге жаңа қаржы жылының алдындағы жылдың бірінші жартысында СІМК-нің бекітуі үшін Хатшылық арқылы АЛТК-ға қарастыруға жібереді.

      3. СІМК келесі қаржы жылына арналған бюджетті ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін қарастырады және бекітеді. Алайда, егер бюджет жаңа қаржы жылының алдындағы жылы бекітілмесе, тиісті бюджет қажетті өзгерістерімен бекітілген болып есептеледі.

      4. Қолма-қол ақша қозғалысы үшін операциялар Қабылдаушы елдің ұлттық валютасымен және қажет болған жағдайда, басқа елдердің валютасымен жүзеге асырылуы мүмкін.

      5. Жергілікті валютадағы шығыстарға қатысты бюджетті бағалау үшін валюта бағамдары Қабылдаушы елдің орталық банкінің алдыңғы жылғы орташа валюта бағамдарына негізделеді.

      6. Жалақы бойынша баптарды қоспағанда, бекітілген бюджет шегінде бір баптан екіншісіне кез келген қайта бөлуді Академия баптарда көзделген жалпы соманың он пайызы шегінде Тараптарды алдын ала хабардар етіп және түсіндіре отырып жасауы мүмкін. Егер хабарлама күнінен бастап 30 күн ішінде Тараптардың ешқайсысы қарсылық білдірмесе, қаражатты қайта бөлу туралы ұсыныс бекітілген болып есептеледі.

      7. Академияның қаржы жылының соңына дейін мақсаты бойынша пайдаланылмаған бюджет қаражатының қалдықтары келесі қаржы жылы бюджетінің кіріс бөлігіне енгізілуге тиіс. Әрбір қатысушы мемлекеттің түзілген қалдықты ескере отырып барабар есептеуге тиіс және таза жарналардың мөлшері Тараптардың назарына жеткізілуге тиіс.

      8. Жабдықтарды және ұзақ мерзімді пайдалануға арналған заттарды сатып алуға алдыңғы жылы толық пайдаланылмауына байланысты 1 қаңтардағы жағдай бойынша түзілген бюджет қаражатының қалдықтары кейінге қалдырылған тапсырыстарды төлеу үшін (алынған міндеттерді толық орындау үшін) пайдаланылуға тиіс.

6-бап Қаражатты сақтау

      1. Президент Академияның қаражаты сақталатын банк шотын/шоттарын айқындайды.

      2. Академия шоттары АҚШ долларымен және Қабылдаушы елдің ұлттық валютасымен жүргізіледі. Алдыңғы кезеңдегі шығыстарға арналған валюта бағамдарының бухгалтерлік есебі Қабылдаушы елдің орталық банкінің үш орташа айлық валюта бағамдарына негізделеді.

7-бап Есептілік

      1. Президент Академияның қаржы қаражатын бақылауды жүзеге асырады және оны жұмсау бойынша АЛТК арқылы СІМК-нiң алдында есеп береді.

      2. Президент АЛТК арқылы СІМК-ге әр қаржы жылы үшін жылдық есепті/баяндаманы алдыңғы қаржы жылынан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.

      3. Әрбір қаржы жылының қорытындысы бойынша қаражаттың профициті не тапшылығы кірістердің шығыстардан асып түсуін не шығыстардың кірістерден асып түсуін есептеу арқылы айқындалады. Академия бюджетінде қолма-қол қаражат тапшылығы болған жағдайда, президент бұл туралы АЛТК арқылы СІМК-ні хабардар етеді және қажетті қаржылық шараларды қабылдау үшiн ұсыныстар енгізеді.

8-бап Аудит

      1. Академияның қаржылық қызметінің сыртқы аудиті әрбір бюджет кезеңінің соңында жүргізіледі. Аудитті АЛТК-ның мақұлдауы бойынша СІМК уәкілеттік берген халықаралық деңгейде мойындалған тәуелсіз аудиторлық ұйым (компания) жүргізеді. Академия президенті уәкілетті органға сыртқы аудитті жүргізуге қажетті барлық құжаттарды ұсынады.

      2. Тәуелсіз аудит нәтижелері бойынша жасалған аудиторлық есепті Академия президенті барлық Тараптарға жібереді.

9-бап Айналым қаражатының резерві

      1. Айналым қаражатының резерві бюджеттің бір бөлігі болып табылады және жыл сайынғы міндетті жарналар алынғанға дейін бюджеттің ағымдағы шығыстарын қаржыландыру үшін ғана пайдаланылады.

      2. Айналым қаражаты резервінің сомасы жылдық бюджеттің 3/12 бөлігінен төмен болмайтын мөлшерде белгіленуге тиіс. Күтілетін жыл сайынғы міндетті жарналар алынғаннан кейін аванстық сома айналым қаражатының резервіне қайтарылады.

10-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      Осы Келісім жаңа тараптар үшін депозитарий ратификациялау құжатын алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Қазақстан Республикасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады. Депозитарий Тараптарды осы Келісімнің күшіне енген күні, сондай-ақ тиісті Тараптардан ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты алғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етеді.

      3. Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

      4. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалар нысанындағы өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

      5. Тараптардың кез келгені депозитарийге дипломатиялық арналар арқылы өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдау арқылы осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткен соң бұл Тарап үшін осы Келісім өз қолданысын тоқтатады.

      201 _ жылғы "___" __________ __________ қаласында әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды. Барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Келіспеушілік болған жағдайда ағылшын тіліндегі нұсқасының басым күші бар.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін


Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін


Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін


Түркия Республикасының Үкіметі үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады