Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы, Доминикан Республикасындағы, Ямакайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Константин Васильевич Жигалов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.12.2015 № 1002 қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 7 қазандағы
№ 816 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі
өзара сыйластық қағидатына кепілдік беруді және азаматтардың өзара сапарларын оңайлатуды қалай отырып;
Тараптар арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту және тығыз байланыстарды нығайту мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жарамды паспорттарының иелері болып табылатын бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына бірінші келген күнінен бастап бір жыл ішінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын кезең ішінде туристік немесе іскерлік сапар мақсатында екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда бола алады.
2-бап
1. Осы Келісімнің мақсаты үшін жарамды паспорт мыналарды білдіреді:
1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
2) Куба Республикасы азаматының жалпыазаматтық паспорты.
2. Туризм екінші Тарап мемлекетінің аумағында жергілікті табыс көздерінің қаржылық міндеттемелеріне әкелуі мүмкін кіріс әкелетін қызметпен айналысуды көздемейтін ойын-сауық, танымдық, мәдени және басқа да мақсаттардағы саяхатты білдіреді.
3. Транзит өз мемлекетінің немесе үшінші мемлекеттің аумағындағы түпкілікті межелі орынға жету мақсатында Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары үшін екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу мүмкіндігін білдіреді.
4. Іскерлік сапар бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағында коммерциялық мүмкіндіктерді зерттеуге бағытталған ақылы қызмет атқармайтын сапарларын білдіреді.
5. Жоғарыда көрсетілген ережелерге сәйкес саяхаттап жүрген бір Тарап мемлекетінің азаматтары баратын Тарап мемлекетінің аумағында жұмыс орындарын иеленбейді немесе ақы төленетін қызметті орындамайды.
3-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында қалуды, ақылы қызметті жүзеге асыруды, жұмысқа орналасуды, зерттеулермен, тағылымдамадан өтумен, оқумен және әлеуметтік жұмыстармен айналысуды, сондай-ақ техникалық көмек, миссионерлік, діни, көркемөнер қызметін орындауды немесе осы Келісімнің 2-бабында аталғандардан басқа қызметтің кез келген өзге де түрлерін жүзеге асыруды қалаған жағдайда, екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті виза ресімдеу үшін жүгінуге тиіс.
4-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген азаматтар халықаралық қатынастар үшін ашық шекараны кесіп өтудің барлық пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, транзитпен өте алады және одан кете алады.
5-бап
Осы Келісім бір Тарап мемлекетінің азаматтарын екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде ұлттық заңнаманы сақтау міндетінен босатпайды.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған бір Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын өзінде сақтайды.
7-бап
Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешім екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы кідіріссіз жолданады.
8-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңінде жарамды паспорттарын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайларда, аумақтан шығу мақсатында болу мемлекетінің аумағында өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген тиісті жол жүру құжатын алуға тиіс.
9-бап
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы өздерінің тиісті паспорттарының үлгілерімен алмасады.
2. Жарамды паспорттар өзгерген немесе жаңа паспорттар енгізілген жағдайларда, мүдделі Тарап жаңа үлгілерді олар қолданысқа енгізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей оларды қолдану туралы ақпаратпен бірге дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жолдайды.
10-бап
1. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулар немесе келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
11-бап
1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Осы Келісім аталған хабарлама алынған күннен кейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады.
2015 жылғы _________________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Куба Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін