Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.08.2019 № 585 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Инвесторлар үшін "бір терезе" қызметін ұйымдастыру туралы қағидалар бекітілсін.
2. "Инвесторлар үшін "бір терезе" қызметін ұйымдастыру туралы қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 18 ақпандағы № 70 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 7, 38-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1133 қаулысымен бекітілген |
Инвесторлар үшін "бір терезе" қызметін ұйымдастыру туралы қағидалар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Инвесторлар үшін "бір терезе" қызметін ұйымдастыру туралы қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 282-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді берушілер арқылы инвесторлар үшін "бір терезе" қызметінің тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын инвестициялық келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
2) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;
3) инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторларды қолдау (бұдан әрі – инвесторды қолдау) – уәкілетті органның инвесторға ақпараттық, консультациялық, ұйымдастырушылық жәрдемдесуі жөніндегі іс-шаралар кешені;
4) көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері;
5) инвестордың өтініші – уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген, инвестор уәкілетті органға беретін өтініш нысаны;
6) өтінім – инвестордың өтінішіне қоса берілетін, мемлекеттік қызмет көрсету стандартында белгіленген өтініш нысаны.
2. Инвесторларды қабылдау және оларға консультация беруді жүзеге асыру
3. Уәкілетті орган мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдауға және олардың нәтижелерін инвесторларға беруге арналған арнайы белгіленген орынды (бұдан әрі – арнайы белгіленген орын) ұйымдастырады, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – АҮМК) өкілдігі құрылғанға дейін Халыққа қызмет көрсету орталығының (бұдан әрі – ХҚКО) өкілдігін арнайы белгіленген орында орналастырады.
4. Инвесторлар қабылдау және консультация алу үшін уәкілетті органға жүгінеді.
5. Уәкілетті орган мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша инвесторларға консультация беруді жүзеге асырады.
6. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде және өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының мамандарын, жеке және заңды тұлғалардың қатарынан консультанттар мен сарапшыларды тартуға құқылы.
7. Көрсетілетін қызметті берушілер инвесторлардың мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға өтінімін дайындау және ресімдеу үшін қажетті материалдарды, құжаттарды және өзге де ақпаратты уәкілетті органға ұсынуды қамтамасыз етеді.
8. Көрсетілетін қызметті беруші уәкілетті органның өтініші бойынша мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы электронды немесе жазбаша нысанда дереу түсіндірме беруді қамтамасыз етеді.
9. Мәселе күрделі және оны қосымша пысықтау қажет болған жағдайда, көрсетілетін қызметті берушілер бір күн мерзімде осы Қағидалардың 20-тармағына сәйкес бірлескен бұйрықта көрсетілген электрондық мекенжайлар бойынша қағаз және (немесе) электронды нысанда жауап береді.
10. Уәкілетті органның сұрау салуы (жазбаша немесе электронды нысанда) бойынша көрсетілетін қызметті берушілер бір күн мерзімде уәкілетті орган айқындаған арнайы белгіленген орында мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу мәселелері бойынша инвесторға консультация беру үшін маманның қатысуын қамтамасыз етеді.
11. Көрсетілетін қызметті берушілер уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті органның қызметкерлері үшін мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша оқыту және (немесе) семинарлар ұйымдастырады және өткізеді.
3. Мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін инвесторларға беру
12. Уәкілетті органға жүгінген инвесторлар мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген тізбе бойынша құжаттарды қоса бере отырып, мемлекеттік қызмет көрсетуге инвестордың өтінішін, өтінімдерін (бұдан әрі – инвесторлардың құжаттары) ұсынады.
13. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің әр түрі бойынша өтінімге қоса берілетін құжаттар тізбесі мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген.
14. Уәкілетті орган тиісті түрде толтырылған және уәкілетті органға ұсынылған инвесторлардың құжаттарын мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну үшін көрсетілетін қызметті берушіге жібереді.
15. Уәкілетті орган мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген мерзімде инвесторларға мемлекеттік көрсетілген қызметтердің нәтижесін береді.
16. Көрсетілетін қызметті берушілердің инвестордың құжаттарын алған уақыты мен уәкілетті органның инвестордың қаралған құжаттарының нәтижелерін алған уақыты мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
17. Көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызмет көрсету бөлігінде заңнамадағы өзгерістер туралы уәкілетті органға үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.
18. Уәкілетті органға келіп түскен ақпарат құпия болып табылады.
19. Өтініштерді қабылдау және құжаттарды беру өтініш берушінің қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша уәкілетті орган мен мемлекеттік органдардың арасындағы өзара іс-қимыл
20. Уәкілетті орган мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрықпен мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде өзара іс-қимыл жасау және уәкілетті органның мемлекеттік органдарда инвесторды қолдауы үшін жауапты адамдарды айқындайды.
21. Көрсетілетін қызметті берушілер уәкілетті органға мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті материалдарды, құжаттарды және өзге де ақпаратты беруді, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру арқылы беруді қамтамасыз етеді.
22. Көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарында белгіленген мерзімде уәкілетті органға мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижелерін жібереді.
23. Уәкілетті орган көрсетілетін қызметті берушілерге инвестициялық жобаны іске асыратын инвесторлардың құжаттарын қарау туралы өтінішхат беруге және инвесторлардың құжаттарын көрсетілетін қызметті берушілерге енгізуге құқылы.
24. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері интернет-ресурста кестеге сәйкес өтінімнің қаралу сатыларының ақпаратын көрсетеді.
Р/с № | Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі | Бірінші хабарлама (мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру мерзіміне дейін) | Екінші хабарлама (мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру мерзіміне дейін) | Үшінші хабарлама (мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру мерзіміне дейін) |
1. | 10 күнге дейін | 5 күн ішінде | ---- | ---- |
2. | 20 күнге дейін | 10 күн ішінде | 5 күн ішінде | ---- |
3. | 30 күнге дейін | 15 күн ішінде | 10 күн ішінде | 5 күн ішінде |
4. | 30 күннен артық | 20 күн ішінде | 15 күн ішінде | 5 күн ішінде |
25. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері белгіленген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.
26. Көрсетілетін қызметті берушінің жауапты адамымен және (немесе) қызметкерімен еңбек қатынастары тоқтатылған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші бір күн мерзімде көрсетілетін қызметті берушінің жауапты адамын және (немесе) қызметкерін белгілейді және бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.
5. Уәкілетті органның мемлекеттік органдарда инвесторды қолдауы және инвесторлар үшін мемлекеттік қызмет көрсету процесінің мониторингі
27. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға инвесторлар құжаттарын тапсырған кезден бастап және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер деректері берілгенге дейін уәкілетті орган мемлекеттік қызметтердің инвесторларға уақтылы және толық көрсетілуі мәселелері бойынша инвесторларды қолдауды жүзеге асырады.
28. Уәкілетті орган инвестордың құжаттарын арнайы белгіленген орында қабылдайды.
29. Уәкілетті орган инвесторлардың мемлекеттік қызметті алуға арналған құжаттарын ХҚКО-ға немесе АҮМК, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушіге жібереді.
30. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 24-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші берген ақпаратты талдауды жүзеге асырады.
31. Көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзған жағдайда, уәкілетті орган дереу қағаз және (немесе) электронды нысанда көрсетілетін қызметті берушіге осы бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.
32. Мемлекеттік қызметтер мониторингінің ақпараты инвестициялық жобаны іске асыратын инвестор үшін уәкілетті органның интернет-ресурсында қолжетімді болады.
33. Инвесторлардың өтінімдері уәкілетті органның интернет-ресурсында тіркеледі.