Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 қазандағы № 640 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы Абаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 31 қазандағы
№ 640 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы
бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекеттің және оның халықтарының арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамытуға ұмтылысын басшылыққа ала отырып,
      екі мемлекет арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән бере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар, осы Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің шарттарын, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттері қабылдайтын заңдарды, қағидаларды және ұлттық саясатты қабылдай отырып, тең құқықтық және өзара түсіністік негізінде бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруға және таратуға тартылған бұқаралық ақпарат құралдары институттары мен өзге ұйымдардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдеседі.

2-бап

      Тараптар мемлекеттерінің қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарын, баспа және аудиовизуалды материалдарды алмасу мақсатында қазіргі заманғы қол жетімді құралдарды пайдаланады, сондай-ақ ақпарат агенттіктері, ұйымдар, кітапшығарушы және полиграфиялық саладағы, бұқаралық ақпарат құралдарын таратуды жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

3-бап

      Тараптардың әрқайсысы бір Тарап мемлекетінің бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының екінші Тарап мемлекетінің аумағында кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін ақпарат агенттіктері жіберген журналистерге, фотографтарға, телевизиялық және баспа топтарына, сондай-ақ басқа мамандарға, олар қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңдарын сақтаған жағдайда, қажетті көмек көрсететін болады.

4-бап

      Осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық пен көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген бюджет қаражатының шегінде жүзеге асырылады.

5-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі Тараптардың барлық қызметі өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

7-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім үш жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың бірде біреуі осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы басқа Тарапқа белгіленген мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, оның қолданысы келесі үшжылдық кезеңге ұзартылатын болады.
      Осыны куәландыру үшін өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      _______ жылғы «___» __________ ______________________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде алшақтықтар туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының     Беларусь Республикасының
           Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады