"Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларды беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі № 266 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 753 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 қазандағы № 854 қаулысымен


      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.10.2023 № 854 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларды беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі № 266 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 11, 122-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларды беру ережесінде:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын беру қағидалары";

      1, 2, 3, 5 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын беру қағидалары "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 сәуірдегі № 369 Жарлығына сәйкес әзірленді және мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларды беру тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасының құрметті атақтары мен мемлекеттік наградаларына ие болған шығармашыл қызметкерлерді және мәдениет қызметкерлерін, сондай-ақ аса дарынды жас шығармашыл қызметкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы (бұдан әрі - мемлекеттік стипендия) беріледі.

      3. Мемлекеттік стипендия алуға:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары, халық жазушысы, халық әртісі, халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атақтары бар немесе әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары болып табылатын;

      2) Қазақстан мәдениетін дамыту үшін шығармашылық әлеуеті бар Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер болады.";

      "5. Мемлекеттік стипендияны алуға ұсынылатын құжаттарды қабылдау туралы хабарландыру құжаттарды қабылдау мерзімі басталардан бұрын екі айдан кешіктірмей уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.";

      "7. Комиссияның мемлекеттік стипендияны беруге кандидатураны бекіту туралы шешімі Комиссия отырысында қарапайым көпшілік дауыспен ашық дауыс берумен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Егер Комиссия мүшелерінің үштен екісінен астамы қатысса, отырыс заңды деп есептеледі.

      Комиссия шешімі хаттамамен (бұдан әрі - хаттама) ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.

      Уәкілетті орган тиісті жылға мемлекеттік стипендияны беру туралы Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасын хаттама көшірмесімен қоса, Қазақстан Республикасының Үкіметіне ағымдағы жылғы бірінші қазаннан кешіктірмей енгізеді.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті жылға мемлекеттік стипендияны беру туралы Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасын қарап, ағымдағы жылғы бірінші қарашадан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады