Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Тәуекелдерді басқару" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 596 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Тәуекелдерді басқару" жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Мұратұлы Сүлейменовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Тәуекелдерді басқару" жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3.рОсы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2017 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 596 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Тәуекелдерді басқару" жобасын іске асыру туралы келісім

      Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" немесе бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Келісім нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) "Тәуекелдерді басқару" жобасын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.

      3. Жобаның ұзақтығы – осы Келісім күшіне енген күннен бастап 12 ай.

2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ға жобаны іске асыруға байланысты шығыстарды жабуға 100000 (бір жүз мың) евро беруге міндеттенеді.

      2. Жарна екі кезеңмен төленеді. 50000 (елу мың) евро мөлшеріндегі бірінші жарна осы Келісімге қол қойылғаннан және ЭЫДҰ-дан тиісті шот-фактура алынғаннан кейін толық көлемде төленеді және 50000 (елу мың) евро мөлшеріндегі екінші жарна ЭЫДҰ-дан тиісті шот-фактураны алған кезде 2018 жылғы маусымға дейін төленеді.

      3. ЭЫДҰ бұл жарнаны қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасынан 6,3 % әкімшілік шығындардың өтемін төлеуді көздейтін ЭЫДҰ-ның қаржылық ережелеріне және басқада тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіреді. Жалпыға ортақ қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес шығыс ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап. Жұмыстар мен есептіліктің сипаттамасы

      1. ЭЫДҰ осы Келісімге қосымшада сипатталғандай, оның ажырамас бөлігі болып табылатын жобаны жүзеге асыруға жауапты болады

      2. Жобаға қол қойылған соң үш айдан кейін ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне жобаның іске асырулы барысы туралы аралық есепті береді.

      3. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне қорытынды есеп береді.

      4. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар бойынша түпкілікті қаржылық есепті береді.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек пен ақпаратты ұсынады

      Тараптар арасындағы кез келген ақпарат алмасу мына мекенжайға жіберіледі:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі: Тимур Қуандықов, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы – 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, № 8 үй, тел.: + 7 (7172) 74-35-83, e-mail: t.kuandykov@economy.gov.kz;

      Мемлекеттік басқару директораты, 75775, Франция, Париж Cedex 16, 2, rue Andre-Pascal, e-mail: stephane.jacobzone@oecd.org.

5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері ЭЫДҰ-ның айрықша меншігі болып қалады.

      Құжаттардың жіктелуіне және жіктемеден алып тасталуына қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталған кезде, егер қолдануға болса, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне (і) коммерциялық емес мақсаттарда құжаттарды пайдалану, көшірмесін жасау және тарату құқығын, осы жарналармен қаржыландырылатын іс-шаралар шеңберінде дайындалған қорытынды есептің қағаз көшірмесін және (іі) өзінің веб-сайтында есептің оқуға ғана арналған қолжетімді нұсқасын орналастыру және тарату құқығын береді.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі орынды болған кезде ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын үнемі тиісті түрде мойындайды және ЭЫДҰ жарияланым тілі мен нысанына қарамастан қорытынды есепті бірінші жариялау құқығын сақтап қалады.

      3. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жобаға қосқан үлесін мойындауды қамтитын болады.

      4. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ жобаны жүзеге асыру үшін өз есебін дайындау мақсатында көрсетілген деректер мен ақпаратты пайдалануға және/немесе қосып алуға құқылы.

6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімнің болуын, жарамдылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, оны түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан немесе осыларға қатысты туындайтын, келіссөздер жолымен шешу мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық халықаралық ұйымдар мен аралық соттың тұрақты палатасының мемлекеттері үшін осы Келісімді жасасу күніне қолданыстағы төрелік соттың факультативтік қағидаларына сәйкес міндетті күші бар соңғы төрелік талқылаумен шешіледі. Судьялар саны – біреу. Судья Тараптар арасындағы уағдаластық арқылы таңдалады. Егер төрелік талап етілгеннен кейін үш айдың ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, судья Тараптардың бірінің талабы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Франция, өтеді және барлық іс жүргізу мен берілетін түсініктемелер ағылшын тілінде болуы тиіс.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ешнәрсе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

8-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап. Күшіне ену

      Осы Келісім оған екі Тарап та қол қойған күннен бастап кейін күшіне енеді, екі Тарап та одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін қолданыста болады.

      Әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып табылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан
Тимур Сүлейменов
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Қолы:______________________
Күні:_______________________

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы тарапынан
Рольф Альтер
Мемлекеттік басқару және аумақтық даму директоры
Қолы:_____________________
Күні:______________________
Омар Бэйг
Атқарушы директор
Қолы:_____________________
Күні: _____________________

  Келісімге қосымша

Техникалық тапсырма

Қазақстанда тәуекелдерді басқару

      Осы ұсыныс-жоба ЭЫДҰ Кеңесінің күрделі тәуекелдерді басқару жөніндегі ұсынымдарын орындау процесінде Қазақстанды қолдауға бағытталған. Ол 2017 – 2018 жылдарға арналған "Тәуекелдерді басқаруды зерделеу" жөніндегі 4 дәйекті модульді қамтиды. Тақырыптық қатысу және саясатты іске асыруға жәрдемдесу екінші кезеңде көзделуі мүмкін.

      Мәнмәтін

      ЭЫДҰ орталық билік органдарына тәуекелдерді басқару процесінің барлық кезеңдерінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге: тәуекелдерді сәйкестендіру мен бағалауды, тәуекелдердің алдын алуды және салдарын жеңілдетуді, даярлық пен ден қоюды, қалпына келтіру мен реконструкциялауды қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді басқару жөніндегі ұлттық стратегияны әзірлеуді және енгізуді ұсынады. Стратегия алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттық деңгейдегі мақсаттарды, міндеттер мен басымдықтарды белгілеуі және қоғамның оларды жүзеге асыруға өз үлесін қосатынын нақты көрсетуі тиіс. Ұлттық стратегияның негізгі қадамдары ұлттық тәуекелдерді анықтау мен бағалауды, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі қажетті негізгі мүмкіндіктерді белгілеуді білдіреді. Ұлттық стратегия тәуекелдерді басқару жөніндегі барлығын қамтитын әрі тиімді тәсілді қолдауда әртүрлі ұйымдар мен мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіретін орынды тетікті білдіреді, ол мониторингті қалыптастыру, жүргізу және тәуекелдерді басқару саясатын бағалау және саясат пен бағдарламалар әзірлемесін тиісті мақсаттарға қол жеткізуге бағыттау үшін негіз болады, ол мақсаттарды қалыптастырады, бүкіл ел үшін тәуекелдерді басқару процесінің басым бағыттарын айқындайды және осы басымдықтардың саясатқа және министрліктер мен ведомстволардың бағдарламаларына интеграциялануын қамтамасыз етеді.

      Мақсаты

      Тәуекелдерді басқаруды зерделеу мақсаты – су тасқынына ерекше назар аудара отырып, Қазақстанның ұлттық стратегиясын нығайту бойынша ортақ баға және ұсынымдар беру. Осылайша Қазақстанның тәуекелдерді басқаруы су тасқыны тәуекелдерін басқаруға шоғырландырылатын болады және осы байқау арқылы менеджмент тәуекелдері саясатын және осы саладағы саясатты іске асыру жолдарын әзірлеуге жауапты болатын тиісті министрліктерді, департаменттер мен ведомстволарды тартады, бұл тәуекелдерді анықтауға, бағалауға, тәуекелдерді болдырмауға және олардың салдарын жеңілдетуге, даярлық пен ден қоюды, қалпына келтіру мен реконструкциялауды қамтамасыз етуге байланысты саясаттар мен практикалар туралы ақпарат ұсына алатын, азаматтарды қорғаумен, мемлекеттік инвестициялармен, алдын ала ескертумен, жер пайдалануды жоспарлаумен айналысатын мүдделі тараптардың қалың тобының қатысуына ықпал ететін болады.

      Іс-шаралар мен нәтижелер

      Су тасқыны тәуекелдерін басқаруды зерделеу есебі

      ЭЫДҰ су тасқыны тәуекелдерін басқару Қазақстанның су тасқыны тәуекелдерін басқару саласындағы ұлттық стратегиясын кеңейту жөніндегі түйінді параметрлері бар ұсынымдарды жалпы бағалау есебін ұсынады.

      Қазақстанда тәуекелдерді басқаруды зерттеу:

      Баяндама ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы тәуекелдерді басқаруды зерттеу және экономикалық шығындар мен шығыстардың тиісті шолуларын таратуға негізделетін болады. Бұл Қазақстанның ЭЫДҰ-ның тәуекелдерді басқару жөніндегі кеңесінің ұсынымдарына қосылу процесін жеңілдету үшін негіз болады. ЭЫДҰ Хатшылығы тәуекелдерді басқару, тәуекелдерді бағалау стратегиясы, тәуекелдерді болдырмау, төтенше жағдайларға дайын болуға ден қою және қалпына келтіру, тәуекелдерді қаржыландыру және ашықтық пен есептілік сияқты салалардағы шешуші саясаттарды қоса алғанда, Қазақстанның тәуекелдерді басқару жөніндегі ұлттық стратегиясының қалай құрылымдалғаны туралы ақпарат алу үшін саяси және ақпараттық сауалнама әзірлейтін болады.

      Миссиялар мен семинарлар

      Тәуекелдерді басқаруды зерттеу 2017 жылы бойы ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл жасауды, мынадай іс-шараларды қамтиды:

      - мүдделі тараптармен кездесуге, ұсынылатын қызмет бағыттарын айқындауға және ЭЫДҰ-ның күрделі тәуекелдерді басқару жөніндегі ұсынымдарының шешуші аспектілерін, сондай-ақ жұмыстың кеңейтілген талдамалық шолуын ұсынуға арналған екі күндік семинар.

      - ЭЫДҰ сарапшыларының Қазақстанда күрделі тәуекелдерді басқару мен дағдарысқа қарсы басқару жөніндегі ұлттық стратегияның қазіргі жағдайына тең қол жеткізуді сүйемелдейтін ақпараттар жинау жөніндегі миссиясы. Бұл миссия дағдарысқа қарсы басқару циклінің барлық кезеңдерінде ұлттық стратегияның негізгі кезеңдеріне қатысты жағдайға қол жеткізу үшін мүдделі тараптар мен дағдарысқа қарсы басқаруға жауапты мемлекеттік қызметшілерді өзіне тартады. Бұл миссияның деректер мен ақпараттар жинау бойынша нәтижелері есепке кіреді.

      - Жобаны іске қосуға арналған іс-шара жобаның Қазақстандағы нәтижелерін жария етуге көмектеседі.

      Мерзімдері, орындау дәйектілігі және ресурстар

      ЭЫДҰ жобасын іске асырудың нақты кезеңдері келесі беттегі кестеде берілген. Дайындық жұмысы бастапқы байланыстар мен ЭЫДҰ Хатшылығындағы әріптестермен жұмыс жасау үшін тиісті министрлікте анықтамалық тұлға тағайындауды талап етеді.

      Содан кейін сауалнаманың негізінде Қазақстанда су тасқыны тәуекелдерін басқарудың негізгі саясаттары мен практикаларын және олардың қоғамның қауіпсіздігі, қорғау және тұрақты даму жөніндегі басты ұлттық мақсаттарына ықпал ететінін түсіну үшін үкіметте, жеке секторда, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық қоғамда су тасқыны тәуекелдерін басқаратын негізгі мүдделі тараптарды айқындау үшін қажетті ақпарат жинақталатын болады.

      Бастапқы семинар жобаны Қазақстанда енгізуге, сондай-ақ сауалнама ұсынуға көмектесуі мүмкін. Содан кейін бұл процесс сауалнамаға жауаптар алу мен ақпараттар жинау миссиясын ұйымдастыруға алып келеді. Есепті дайындауға қосымша ретінде нәтижелерін Қазақстанның ұлттық органдары қорытындысында Қазақстанда бастапқы іс-шара ұйымдастырылғанға дейін деректік қателіктердің бар-жоғы тұрғысынан тексеріп, қорытынды есеп ұсынатын болады.

ҚАЗАҚСТАНДА ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАСҚАРУДЫҢ ЗЕРДЕЛЕНУІН ОРЫНДАУ МЕРЗІМДЕРІ МЕН ДӘЙЕКТІЛІГІ

КЕЗЕҢ

НӘТИЖЕЛЕРІ

МЕРЗІМІ

Дайындық жұмысы

Дайындық жұмысы: бастапқы байланыстар және тиісті Министрлікте және соған ұқсас ЭЫДҰ Хатшылығында уәкілетті тұлғаны айқындау (1-фаза ішінде).

2017 жылғы 2-тоқсан

Сауалнама жүргізу

ЭЫДҰ Хатшылығы тәуекелдерді басқару, тәуекелдерді бағалау стратегиясы, тәуекелдерді болдырмау, төтенше жағдайларға ден қою және қалпына келтіру, тәуекелдерді қаржыландыру, ашықтық пен есептілік сияқты салалардағы негізгі саясаттарды қоса алғанда, Қазақстанның тәуекелдерді басқару жөніндегі ұлттық стратегиясының қалай құрылымдалғаны туралы ақпарат жинау үшін саяси және ақпараттық сауалнама әзірлейтін болады.

2017 жылғы 2-тоқсан

Бастапқы семинар

Мүдделі тараптардың кездесулеріне, ұсынылатын жұмыс бағыттарын айқындауға және ЭЫДҰ-ның тәуекелдерді басқару жөніндегі ұсынымдарының бес қағидатын ұсынуға арналған екі күндік семинар Қазақстандағы басшылық ететін органдармен келісу бойынша жоспарланатын болады. Бұл елдегі үкіметтік құрылымдардың, академиялық сарапшылардың өкілдерін, салалық министрліктер мен жауапты органдарды қоса алғанда, барлық тиісті құрылымдарды қамтиды.

2017 жылғы 3-тоқсан

Сауалнаманы толтыру

Осы сауалнама келесі екі күндік семинарды жариялау үшін тиісті келісілген мемлекеттік органның толтыруы үшін жауапты тұлғаға/ларға жіберілетін болады. ЭЫДҰ Хатшылығымен осыған қатысты тиісті министрліктермен консультациялар өткізіліп, оларға ұсынымдар беріледі және осы министрліктермен келісе отырып оны толтыратын күндер белгіленеді. Толтырылған сауалнаманы ЭЫДҰ-дегі тағайындалған анықтама беретін тұлға міндеттемелердің орындалу күніне қарай қайтаратын болады.

2017 жылғы 3-тоқсан

Ақпарат жинау жөніндегі миссия

ЭЫДҰ сарапшыларының Қазақстанда тәуекелдерді басқару мен дағдарысқа қарсы басқару жөніндегі ұлттық стратегияның қазіргі ахуалына қол жеткізу үшін ақпарат жинау жөніндегі миссия.

2017 жылғы 3-тоқсан

Жобалық есеп

Жобалық есеп уәкілетті органдар Қазақстанда тәуекелдерді басқару жөніндегі толық шолу бойынша жинаған ақпараты негізінде дайындалатын болады.

2017 жылғы 4-тоқсан

Есепті түзету/аяқтау және жариялау

Түзетулер және жариялау: жобалық есепті деректік қателердің бар-жоғы тұрғысынан тексеру және түсіндіру үшін мүмкіндік беретін мемлекеттік органдар ұсынатын болады; бұдан әрі ЭЫДҰ оны Қазақстанның мемлекеттік органдарынан консультация алғаннан кейін түзетеді, келіседі және жариялайды (егер келісілген болса).

2017 жылғы 4-5-тоқсандар

Таныстыру
іс-шарасы

ЭЫДҰ және Қазақстандағы мемлекеттік органдар Қазақстанда жобаны іске қосу іс-шарасын ұйымдастырады және түпкілікті есепті таныстырады.

2018 жылғы1-тоқсан

      Бюджет

      Төменде көрсетілген бюджет 100 000 евро болып бағаланады. Бұл сомаға қорытынды жарияланымды ағылшын тілінен орыс тіліне аудару шығыстары, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның Қазақстанға сапарлары кезінде орыс тілінен ағылшын тіліне ауызша аудару шығыстары қосылмайды. Тамақтану және жергілікті іс-шараларға арналған іс-шараларды да Қазақстанның мемлекеттік органдары жеке ұсынатын болады.

Болжамды шығыстар

Евро

Персоналға арналған шығыстар

42 909

Қызметкерлерге арналған үстеме шығыстар

11 011

Сарапшыларға ақы төлеу

5 000

Іссапарлар (ЭЫДҰ қызметкерлері)

29 070

Іссапарлар (сарапшылар)

4 710

Басқа да шығындар (мысалы, есептерді, құжаттарды дайындау және басып шығару)

1 000

ЭЫДҰ әкімшілік шығыстары

6 300

Жиыны

100 000

      Ескертпе: бір бюджеттік жолдағы кез келген артық шығыс жалпы бюджеттің шегінен шықпай, басқа бюджеттік желідегі шығыстарды азайту арқылы өтелуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады