Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін, Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестені, Есірткі, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі, галогендер және (немесе) гидроксильді топтар атомдарын алмастырғыштар тізімін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 маусымдағы № 366 қаулысы.

      "Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы" 1998 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 1-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін, Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестені, Есірткі, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі, галогендер және (немесе) гидроксильді топтар атомдарын алмастырғыштар тізімін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2019 жылғы 5 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 5 маусымдағы
№ 366 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін, Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестені, Есірткі, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі, галогендер және (немесе) гидроксильді топтар атомдарын алмастырғыштар тізімін қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін (бұдан әрі – Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі), Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестені (бұдан әрі – Жиынтық кесте), Есірткі, психотроптық заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі, галогендер және (немесе) гидроксильді топтар атомдарын алмастырғыштар тізімін (бұдан әрі – Сутегі атомдарын алмастырғыштар тізімі) қалыптастыру қағидалары "Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы" 1998 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 1-1-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін, Жиынтық кестені, Сутегі атомдарын алмастырғыштар тізімін қалыптастыру тәртібін айқындайды.

2-тарау. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімін, Жиынтық кестені, Сутегі атомдарын алмастырғыштар тізімін қалыптастыру тәртібі

      3. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі Қазақстан Республикасы 1998 жылы қосылған 1961 жылғы Есiрткi заттар туралы бiрыңғай конвенцияның, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның және 1988 жылғы Есiрткi, психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенцияның тізімдері негізінде жасалды.

      4. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімі төрт кестеден және Қазақстан Республикасында бақылауға жататын және ветеринарияда қолдануға рұқсат етілген, құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттар тiзiмінен тұрады.

      5. I, II және III кестелердегi заттардың атаулары Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған халықаралық тiркелмеген атауларға, 1961 жылғы Есiрткi заттар туралы бiрыңғай конвенцияда, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияда көрсетiлген атаулар мен сипаттамаларға, сондай-ақ басқа да тiркелмеген атауларға сәйкес баяндалады.

      6. І кестеге медициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған есiрткi және психотроптық заттар (1961 жылғы Конвенцияның IV тiзiмi мен I тiзiмiнiң бөлiгi және 1971 жылғы Конвенцияның I тiзiмi) енгізілген.

      7. II кестеге медициналық мақсатта пайдаланылатын және қатаң бақылаудағы есiрткi және психотроптық заттар (1961 жылғы Конвенцияның I тiзiмнiң бөлiгi, II тiзiмi және 1971 жылғы Конвенцияның II тiзiмi) енгiзілген.

      8. III кестеге медициналық мақсатта пайдаланылатын және бақылаудағы есiрткi және психотроптық заттар енгізілген (1961 жылғы Конвенцияның III тiзiмi және 1971 жылы Конвенцияның III және IV тiзiмдерi).

      9. IV кестеге бақылаудағы прекурсорлар (есiрткi және психотроптық заттарды заңсыз дайындау кезiнде жиi пайдаланылатын химиялық заттар мен өсiмдiктер) енгізілген (1988 жылғы Конвенцияның I және II кестелерi).

      10. Қазақстан Республикасында бақылауға жататын және ветеринарияда қолдануға рұқсат етілген, құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттар тізіміне тиісті лицензия болған кезде диагностикалық, емдік және профилактикалық заттар ретінде пайдаланылуы мүмкін дәрілік препараттар енгізіледі.

      11. Есiрткi немесе психотроптық заттарға атаулары (синонимдерi) Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгiзiлмеген олардың препараттары да жатады.

      12. Жиынтық кесте есірткінің мөлшерін айқындайтын – I кестеден, психотроптық заттардың мөлшерін айқындайтын – II кестеден, прекурсорлардың мөлшерін айқындайтын – III кестеден және есірткіге жатқызылған өсімдіктерді өсіру мөлшерін айқындайтын – IV кестеден тұрады.

      13. Сутегі атомдарын алмастырғыштар тізімі сутегі атомдарының бір валентті және екі валентті алмастырғыштарынан тұрады.

      14. Затты Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне, Жиынтық кестеге, Сутегі атомдарын алмастырғыштар тізіміне қосу мынадай негіздердің бірі бойынша:

      БҰҰ-ның Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитетінің ұсынымдары келіп түскен кезде;

      Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімдерінде, тізбелерінде, кестелерінде заттар бар болған жағдайда жүзеге асырылады.

      15. Айналымда БҰҰ-ның Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитетінің және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бақылауында жоқ психикалық белсенді затты тапқан жағдайда оны есірткіге, психотроптық заттарға және прекурсорларға жатқызу осы Қағидалардың 15-20-тармақтарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      16. Уәкілетті органдар, сот сараптамасы органдарын қоса алғанда, сот сараптамасы қорытындысын алған (берген) күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде психикалық белсенді затты бақылауға қосу туралы ұсынысты есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер және прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға (бұдан әрі – уәкілетті мемлекеттік орган) енгізеді.

      17. Уәкілетті мемлекеттік орган психикалық белсенді затты бақылауға қосу туралы уәкілетті органның ұсынысын алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде материалдарды оның мөлшерін айқындау үшін сот сараптамасы органдарына жолдайды.

      18. Сот сараптамасы органдары сұрау салуды алған күннен бастап он жұмыс күнінен асырмай уәкілетті мемлекеттік органға заттың мөлшері туралы қорытындыны (шағын, ірі, өте ірі) ұсынады.

      19. Сот сараптамасы органының заттың мөлшері туралы сот сараптамасы органының қорытындысын алғаннан кейін уәкілетті мемлекеттік орган бір айлық мерзімде уәкілетті органның келісімі бойынша Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізіміне және Жиынтық кестеге немесе Сутегі атомдарын алмастырғыштар тізіміне толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне енгізеді.

      20. 1961 жылғы Есiрткi құралдары туралы бiрыңғай конвенцияның, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның, 1988 жылғы Есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенцияның талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган психикалық белсенді затты Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізіміне және Жиынтық кестеге қосу туралы хабарламаны БҰҰ-ның Есiрткiнi бақылау жөнiндегi халықаралық комитетiне жолдайды.

      21. Затты Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімінен және Жиынтық кестеден алып тастауды белгіленген тәртіппен БҰҰ-ның Есiрткiнi бақылау жөнiндегi халықаралық комитетiнің ұсынымы келіп түскен кезде уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

      Осы мақсаттарда уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті бір айлық мерзімде органдардың келісімі бойынша Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізіміне және Жиынтық кестеге толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады