Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оңтүстік Африка Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 қарашадағы № 1272 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оңтүстік Африка Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.".
2. Жоғарыда көрсетілген қаулымен мақұлданған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оңтүстік Африка Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімнің жобасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 қарашадағы № 845 қаулысына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы "29" қарашадағы № 1272 қаулысымен мақұлданған |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оңтүстік Африка Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісім Кіріспе
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оңтүстік Африка Республикасының Үкіметі (бұдан әрі бірлесіп "Тараптар", ал жеке алғанда "Тарап" деп аталады) екі ел арасындағы қалыптасқан достық байланыстарды нығайтуға ұмтыла отырып,
Тараптар мемлекеттерінің азаматтары – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттар иелерінің келуін жеңілдетуге ынта білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Визалардан босату
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, онда уақытша бола алады және одан кете алады.
2. Бір Тарап мемлекетінің аумағында болуға ниет білдірген екінші Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттардың иелері келген күнінен бастап 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде бола алады.
Құзыретті органдар
Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдары:
а) Қазақстан Республикасының тарапынан – Сыртқы істер министрлігі;
б) Оңтүстік Африка Республикасының тарапынан – Ішкі істер департаменті болып табылады.
Аккредиттелген дипломатиялық және консулдық штат
1. Бір Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге өзінің дипломатиялық немесе консулдық міндеттерін орындау үшін тағайындалған екінші Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттардың иелері бастапқы кіру үшін болу елінің визасын алуы қажет, содан кейін екінші Тарап мемлекетінен виза ресімдеу талабынсыз кете алады және оған қайта кіре алады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережесі осы баптың 1-тармағында аталған азаматтардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттары бар қызмет көрсетуші персоналға қолданылады.
Визаны шектеу
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына осы мемлекеттің қолданыстағы ішкі заңнамасына сәйкес халықаралық қатынастар үшін ашық ресми өткізу пункттері арқылы келуге және одан кетуге тиіс.
Құқықтық қолдану
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің азаматтарын – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттардың иелерін болу мемлекетінің аумағында қолданыстағы ішкі заңнаманы сақтаудан босатпайды.
Паспорттардың үлгілері
1. Тараптар мыналарды:
а) қазіргі уақытта пайдаланылатын паспорттардың толық сипаттамасы; және
б) тиісті паспорттарды пайдалану қағидаттарына қатысты ақпаратты қоса алғанда, осы Келісім күшіне енгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттардың үлгілерімен алмасады.
2. Тараптар жаңа немесе өзгертілген дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттардың үлгілерімен олар қолданысқа енгізілген күнге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей, осы құжаттардың толық сипаттамасын қоса бере отырып, дипломатиялық арналар арқылы алмасатын болады.
Кіруден және жаңа паспорт беруден бас тарту
1. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп есептелген екінші Тарап мемлекеті азаматтарының – жарамды дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорттар иелерінің келуіне рұқсат етуден бас тарту немесе олардың болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.
2. Егер бір Тараптың азаматы екінші Тарап мемлекетінің аумағында өзінің дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспортын жоғалтқан жағдайда:
а) иесі болу мемлекетінің құзыретті органдарына хабарлауы және тиісті шаралар қолдану туралы өтінішпен жүгінуі тиіс; сондай-ақ,
б) дипломатиялық өкілдік немесе консулдық өзінің азаматтарына жаңа дипломатиялық немесе қызметтік/ресми паспорт не жол жүру құжатын береді және бұл туралы болу елінің құзыретті органдарына хабарлайды.
Тоқтата тұру
1. Тараптар құқықтық тәртіпті, мүдделерді, денсаулық пен қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұра алады.
2. Осы Келісімнің тоқтатыла тұру себептерін көрсете отырып, оның тоқтатыла тұрғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы Тараптарға хабарлануы тиіс, тоқтата тұру екінші Тараптың жазбаша растауын алғаннан кейін дереу күшіне енеді.
3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа дереу жазбаша хабардар етуі тиіс.
Өзгерістер
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасында ноталар алмасу арқылы өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде Тараптар арасында туындаған кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылуы
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 3 (үш) ай өткенге дейін күшінде қалады.
Тиісті үкіметтер тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қазақ және ағылшын тілдерінде екі данада қол қойды, барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің мәтіндері арасындағы алшақтық болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
201_ жылғы "___" ________ ___________ қаласында жасалды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Оңтүстік Африка РеспубликасыныңҮкіметі үшін |