"Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 919 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң кейіннен сатып алу құқығымен жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдардың, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жарғылық қызметін орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарды реттейді.

      2. Осы Заң мынадай:

      1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша не кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтелетін қызметтер көрсету шарттары бойынша көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде жекеше нотариустар мен жекеше адвокаттар көрсететін қызметтерді сатып алу;

      2) мүшелік жарналар (салымдар), оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу;

      3) заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алу;

      4) басқару органы мен бақылау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу;

      5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялар негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асыратын банк операцияларын жүргізуге байланысты қаржылық көрсетілетін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік көрсетілетін қызметтерді, кастодиандық қызмет көрсетуді және өзге қатысушыларды сатып алу, "ФАСТИ", "S.W.І.F.T" көлік (телекоммуникация) жүйелерін қосу, оларға қызмет көрсету және пайдалану жөніндегі, оның ішінде көрсететін банктік үзінді көшірмелерді алумен байланысты қызметтерді және "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамы көрсететін ақпараттық қызметтерді, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің және (немесе) халықаралық (шетелдік) банктердің, заң консультанттарының, қаржы консультанттарының, қолайлы хаттарды шығару жөніндегі сыртқы аудиторлық және (немесе) бағалау компанияларының, сенімгерлік басқарушы инвестордың, төлем трансфер-агенттерінің, тіркеушілердің көрсетілетін қызметін, процестік және төрелік және тапсырыс берушінің қарыз алуды, оның ішінде бағалы қағаздарды шығаруды және оларды ақысын төлеп сатып алуды ұйымдастыруы, борышты және Refinitiv және (немесе) Bloomberg L.P. инвестициялық (қазынашылық) портфелін басқару үшін, сондай-ақ "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оригинатор және (немесе) кредитор ретінде секьюритилендіру мәмілелерін жүзеге асыру кезінде жоғарыда көрсетілген көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      7) теңіз портында алынатын алымдар мен төлемдерді төлеу;

      8) өкілдік шығыстар, іссапар шығыстары және іссапар шығыстарына байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      9) ұлттық басқарушы холдингтің экспорттық кредиттерді сақтандыруға маманданған халықаралық сақтандыру компаниясының көрсетілетін қызметтерін сатып алуы;

      10) бағалы қағаздарды бірыңғай тіркеуші көрсететін қызметтерді және бағалы қағаздармен операциялар бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      11) уақытша бос ақшаны орналастырумен байланысты қазынашылық операцияларды жүзеге асыру кезінде қаржы құралдарын, оның ішінде бағалы қағаздарды сатып алу;

      12) мемлекеттік кепілдік беру, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда оқшауландырылған республикалық бюджет қаражатын қайтару жөніндегі құқықтық қатынастар шеңберінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) көрсетілетін қызметтерін сатып алу жағдайларына;

      13) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген өзге де жағдайларға қолданылмайды.


2-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының жекелеген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасында көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің тендер, бір көзден және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдері сатып алуға қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің ұсынылған өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындыққа сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;

      2) әлеуетті өнім беруші – сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      3) біртекті тауарлардың түрлері – бірін-бірі алмастырмайтын біртекті тауарлар;

      4) біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бірдей болмаса да, ұқсас сипаттамалары бар және дәл сол функцияларды орындауға мүмкіндік беретін ұқсас құрауыштардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

      5) жұмыстар – заттық нәтижесі бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;

      6) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәтижесі жоқ қызмет;

      7) сатып алу – тапсырыс берушілердің осы Заңда, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ақылы негізде сатып алуы;

      8) қор – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы;

      9) холдинг – қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Қорға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғалардың жиынтығы (жанама тиесілілік – өзге заңды тұлғаның меншік немесе сенімгерлік басқару құқығындағы дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы әрбір келесі заңды тұлғаға тиесілілігі);

      10) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет – акционері ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны қоспағанда, ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания құратын, осы Заңда айқындалған тәртіппен ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдарда осы Заң нормаларының және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуына ішкі бақылауды жүзеге асыратын қызмет;

      11) сатып алуды жүзеге асыру қағидалары – реттелетін қатынастар саласына қарай:

      квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті орган бекітетін квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібі;

      қор және холдингке кіретін ұйымдар үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша қордың директорлар кеңесінің шешімімен бекітілетін қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде қор иеленетін ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуын жүзеге асыру тәртібі (бұдан әрі – қордың сатып алуды жүзеге асыру тәртібі);

      12) алдын ала біліктілік іріктеу – әлеуетті жеткізушілерді сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген біліктілік өлшемшарттарының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағалау процесі;

      13) сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып, сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші құратын алқалы орган;

      14) сатып алу жөніндегі сарапшы – сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін тартатын, өткізілетін сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнайы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі және біліктілігі бар жеке тұлға;

      15) сатып алу саласындағы уәкілетті орган – ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      16) сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – осы Заңда және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында сатып алудың веб-порталы арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт;

      17) сатып алуға қатысушы – тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, әлеуетті өнім беруші, өнім беруші және электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы;

      18) сатып алу веб-порталы – қарым-қатынас саласына байланысты:

      квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, осы Заңға және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алудың электрондық форматта жүргізілуін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      қор мен холдингке кіретін ұйымдар үшін – қор айқындаған, осы Заңға және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алудың электрондық форматта жүргізілуін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      19) тапсырыс берушілер – кейіннен сатып алу құқығымен жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар;

      20) тауарлар – заттар (нәрселер), оның ішінде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәріздес күйдегі шикізат, электр және жылу энергиясы, зияткерлік меншік құқығы объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу-сату мәмілелерін жасауға болатын заттық құқықтар;

      21) тендерлік комиссия (аукциондық комиссия) – тендер (аукцион) тәсілімен сатып алуды өткізу рәсімін орындау үшін сатып алуды ұйымдастырушы құратын алқалы орган ("Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық кеңестердің мүшелері тендерлік комиссияның (аукциондық комиссия) жұмысына қатысуға құқығы бар);

      22) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы – қарым-қатынас саласына байланысты:

      квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған талаптар мен өлшемшарттарға сәйкес сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға (тұлғалар) (квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының өкілеттіктері сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады);

      қор мен холдингке кіретін ұйымдар үшін – қор айқындаған заңды тұлға (қор мен холдингке кіретін ұйымдардың электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының өкілеттіктері сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады).

4-бап. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары

      Тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы:

      1) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;

      2) сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;

      3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

      4) сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;

      5) сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу;

      6) отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің отандық өнім берушілеріне Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;

      7) инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаттарына негізделеді.

5-бап. Сатып алу процесі

      1. Сатып алу процесі өзіне:

      1) сатып алуды жоспарлауды;

      2) өнім берушіні таңдауды;

      3) шарттар мен жеткізілімдерді басқаруды қамтиды.

      2. Сатып алу процесі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алу санаттарын, өнім берушілерді және қорларды басқару рәсімдерін де қамтуы мүмкін.

      3. Сатып алу сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңда көзделген сатып алу веб-порталын қолдана отырып жүзеге асырылады.

6-бап. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлау

      1 Сатып алуды жоспарлау тиісті бизнес-жоспарлар және (немесе) бюджеттер, және (немесе) даму жоспарлары, және (немесе) жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлары, және (немесе) өндірістік бағдарламалар, және (немесе) инвестициялық бағдарламалар, және (немесе) мемлекеттік тапсырманы орындау шарттары негізінде жүзеге асырылады.

      2. Сатып алу жоспары (жоспарлары) (алдын ала, жылдық, ұзақ мерзімді) сатып алу веб-порталында жарияланады.

      3. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды біртектес түрлері мен жеткізу (орындау, ұсыну) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.

      4. Сатып алу жоспарын (жоспарларын) әзірлеу және бекіту, оған өзгерістер енгізу тәртібі мен мерзімі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

7-бап. Сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер

      1. Әлеуетті өнім беруші, егер:

      1) әлеуетті өнім беруші не оның қосалқы мердігері (бірлесіп орындаушысы) не консорциумға кіретін заңды тұлғасы Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесінде және (немесе) оларға қатысты соттың банкрот деп тану туралы шешімі күшіне енген Борышкерлер тізімінде тұрса;

      2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) ол тартып отырған қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) және (немесе) олардың басшысы және (немесе) құрылтайшылары (акционерлері) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген болса;

      3) әлеуетті өнім беруші тіркелген жері салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер (офшорлық аймақтар) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлға болып табылса, өткізілетін сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген әлеуетті өнім берушілермен сатып алу туралы шарт жасасуға жол берілмейді.

      3. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында сатып алуға қатысуға байланысты өзге де шектеулер көзделуі мүмкін.

8-бап. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары

      1. Әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      2. Әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшін сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсынады.

      3. Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім беруші сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденттері ұсынатын нақ сондай құжаттарды не Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынады.

      4. Осы бапта, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген өзге біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

9-бап. Әлеуетті өнім берушінің анық емес ақпарат беруінің салдары

      1. Тендерге қатысуға өтінім құрамында немесе баға ұсынысында анық емес ақпарат және (немесе) жалған мәліметтер берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміне және қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілері (өнім берушілер) тізбесіне енгізіледі.

      2. Әлеуетті өнім беруші ұсынған ақпараттың анықтығын тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет, уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында белгілей алады.

      3. Әлеуетті өнім берушінің тендерге қатысуға өтінім құрамында немесе баға ұсынысында анық емес ақпарат беру фактісін белгілеген сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет, уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт белгіленген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл туралы:

      1) егер мұндай факт сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін белгіленсе, тапсырыс берушіні;

      2) егер мұндай факт сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін белгіленсе, сатып алуды ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

      Бұл ретте жазбаша хабарламаға осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.

10-бап. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері

      1. Сатып алу:

      1) тендер;

      2) аукцион;

      3) баға ұсыныстарын сұрату;

      4) бір көзден;

      5) тауар биржасы;

      6) электрондық дүкен тәсілдерімен;

      7) холдингішілік кооперация шеңберінде жүзеге асырылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәсілдермен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген тәсілдермен сатып алу сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда бағаны төмендету сауда-саттығын қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін.

      4. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген тәсілдермен сатып алу сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес алдын ала біліктілік іріктеуін қолдана отырып жүргізілуі мүмкін.

      5. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген тәсілмен сатып алу қордың және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алуын жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.

      6. Осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген сатып алу тәсілі қордың және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алуына ғана қолданылады.

      7. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілін тапсырыс беруші осы Заңға, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес айқындайды.

      8. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде:

      1) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) не баға ұсынысын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларын көрсетуге;

      2) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға;

      3) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген негіздер бойынша әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларды) біліктілік талаптарына және (немесе) тендерлік құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сай емес деп тануға;

      4) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрі және оларды жеткізу (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге;

      5) сатып алу бойынша сараптамалық комиссияның не сатып алу жөніндегі сарапшының тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешім қабылдануына негіз болатын көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауына;

      6) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда бір көзден тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға жол берілмейді.

11-бап. Сатып алу туралы шартты жасасу және орындау


      1. Сатып алу туралы шартты жасасу және орындау осы Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Сатып алу туралы шарттарда шарт тараптарына қатысты сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалуы үшін паритетті жауапкершілік көзделуге тиіс.

      3. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда тараптардың өзара келісімі бойынша шарт жобасына немесе жасалған шартқа өзгеріс енгізуге жол беріледі.

      4. Сатып алу туралы шарт жобасына немесе жасалған шартқа өткізілетін (өткізілген) сатып алу шарттарының мазмұнын өзгертуі мүмкін өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

      5. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген өзге де негіздер бойынша жобаға не сатып алу туралы жасалған шартқа өзгерістер енгізуге жол берілмейді.


2-тарау. САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ РЕТТЕУ

12-бап. Сатып алу саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      1. Сатып алу саласындағы уәкілетті орган басшылықты, сондай-ақ қор және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алуларын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.

      2. Сатып алу саласындағы уәкілетті орган мына функцияларды жүзеге асырады:

      1) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      2) қордың сатып алуды жүзеге асыру тәртібі және оған өзгерістер енгізуді келіседі;

      3) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу
веб-порталын айқындайды;

      4) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу
веб-порталының, оның ішінде веб-портал жұмысының техникалық ақаулары пайда болған жағдайда, жұмыс қағидаларын бекітеді;

      5) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алуға қатысушылардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады;

      6) сараптамалар жүргізу және консультациялар беру үшін мемлекеттік органдармен өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;

      7) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін сатып алу мәселелері бойынша, оның ішінде тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісім бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлейді және бекітеді;

      8) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы саласында тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;

      9) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүзеге асыратын бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10) Осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

13-бап. Сатып алу саласындағы квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің құзыреті

      1. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің құрамына кірмейтін ұлттық компаниялар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің жұмыс тәртібін айқындайды.

      2. Қор қордың және холдингке кіретін ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу мәселелері бойынша бақылау, әдістемелік жетекшілік, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.

      3. Қор холдингке кіретін ұйымдарға қатысты мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) қордың және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алу веб-порталын айқындайды;

      2) қордың және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алу веб-порталының, оның ішінде веб-портал жұмысының техникалық ақаулары туындаған жағдайда, жұмыс қағидаларын бекітеді;

      3) қордың және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алу саласындағы тізілімдер мен тізбелерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;

      4) қордың және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің функциясын жүзеге асыратын қордың құрылымдық бөлімшесін айқындайды;

      5) қордың сатып алуды жүзеге асыру тәртібінде айқындалған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4. Қордың Директорлар кеңесі:

      1) қордың сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бекітеді;

      2) қордың сатып алуды жүзеге асыруын бақылау қағидаларын бекітеді.

3-тарау. САТЫП АЛУДЫ ӨТКІЗУДІ БАҚЫЛАУ

14-бап. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнаманың сақталуын бақылау

      1. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің осы Заңды және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын сақтауын бақылауды сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүзеге асырады.

      2. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін, жұмыс тәртібін, оның басшысын тағайындауды және оның өкілеттігін тоқтатуды, оның қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындайтын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің директорлар кеңесіне тікелей бағынады және оған өзінің жұмысы туралы есеп береді.

      Қордың және холдингке кіретін ұйымдардың сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет тікелей қор басқармасына бағынады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібі қордың Директорлар кеңесі бекіткен қордың сатып алуын жүзеге асыруды бақылау қағидаларында айқындалады.

      3. Мыналар:

      1) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, тендерлік комиссия (аукциондық комиссия), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы, сатып алу жөніндегі сарапшы;

      2) өткізілетін сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушылар ретінде тартатын тұлғалар;

      3) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы бақылау объектілері болып табылады.

      4. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуына бақылау жүргізу үшін:

      1) тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының не тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі
сараптама комиссиясының, сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне),
шешімдеріне қатысты шағымы бар әлеуетті өнім берушінің немесе тендерге не аукционға қатысатын (қатысқан) өнім берушінің не оның уәкілетті өкілінің жазбаша өтініші не жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін өтініші (мұндай шағымды қарау осы Заңның 15-бабында көзделген талаптар сақталған кезде жүзеге асырылады);

      2) құқық қорғау органдарының келіп түскен қаулылары;

      3) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің тексеру жүргізу жоспары негіз болып табылады.

      5. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет бақылау нәтижелері бойынша сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзушылықтар анықталған кезде бақылау объектісіне:

      1) бұзушылықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті хабарлама;

      2) анықталған бұзушылықтарды және олардың туындау себептерін жою туралы ұсынымдарды қамтитын, орындалуы міндетті жоспарлы тексеру актісін жібереді.

      6. Бақылау нәтижелері бойынша бақылау объектісінің қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бар әрекетті (әрекетсіздікті) жасау фактісі анықталған кезде сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.

      7. Бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар бақылау объектісіне бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде дербес жойылған жағдайда, лауазымды адам әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

      8. Бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімде орындалмаған жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет материалдарды сатып алу саласындағы уәкілетті органға береді.

4-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ

15-бап. Тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау

      1. Әлеуетті өнім беруші осы бапта көрсетілген ерекшеліктерді ескере отырып, тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, егер олардың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, шағым жасауға құқылы.

      2. Әлеуетті өнім беруші өтінімдерді, баға ұсыныстарын ашу күніне дейін тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, егер олардың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, шағым жасауға құқылы.

      3. Сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім беруші тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне қорытындылар хаттамасы жарияланған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, егер олардың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, шағым жасауға құқылы.

      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда сатып алу туралы шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      5. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдер өткен соң тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Әлеуетті өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес сатып алу веб-порталы арқылы берілуі мүмкін.

      7. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет сатып алу қорытындыларының күшін жою және (немесе) оларды қайта қарау не күшін жоюдан және (немесе) оларды қайта қараудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      8. Осы баптың 7-тармағына сәйкес қабылданған сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешімімен келіспеген жағдайда, әлеуетті өнім беруші оған сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.

5-тарау. АРНАЙЫ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР


16-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

17-бап. Сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі

      1. Ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу осы Заңға және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қорғаныс тапсырысын құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда ерекше тәртіп қолданыла отырып жүзеге асырылады.

      3. Ерекше тәртіпті қолдана отырып сатып алуды жүзеге асыру тәртібі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      4. Ерекше тәртіпті қолдана отырып сатып алу сатып алу веб-порталында орналастырылмай жүзеге асырылады.


18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады