Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2021 жылға кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 23 ақпандағы № 86 қаулысы.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына, "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2020 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына және "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 840 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2021 жылға кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тиісті мәслихаттар 2021 жылға арналған облыстық бюджеттерде, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiнде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдер қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде мәслихаттардың көрсетілген шешімдерін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне ұсынсын.

      3. Қазақстан Республикасының Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;

      2) бюджеттік кредиттердің нысаналы пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсін.

      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне кредиттердің игерілуі туралы ақпарат ұсынсын.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2021 жылға кредит беруге бөлінген бюджеттік кредиттердің игерілуін мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 23 ақпандағы
№ 86 қаулысымен
бекітілген

Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2021 жылға кредит берудің негізгі шарттары

      Ескерту. Негізгі шарттарға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 06.08.2021 № 537 қаулысымен.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредиттер беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалаларда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 2021 жылға кредит беру үшін "2021 - 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 840 қаулысында көзделген 10061124000 (он миллиард алпыс бір миллион бір жүз жиырма төрт мың) теңге сомасындағы кредиттер қарыз алушыларға 7 (жеті) жыл мерзімге 0,01 % сыйақы мөлшерлемесімен беріледі;

      2) бюджеттік кредитті игеру кезеңі 6 айды құрайды және бюджеттік кредитті жергілікті атқарушы органға аударған кезден бастап есептеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады