Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 09.08.2023 № 657 қаулысымен.
Тиімді макроэкономикалық саясат жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы макроэкономикалық саясаттың 2021 – 2023 жылдарға арналған шараларын үйлестіру туралы келісім;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы макроэкономикалық саясаттың 2021 – 2023 жылдарға арналған шараларын үйлестіру туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасы (бұдан әрі – Жол картасы) мақұлдансын.
2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар (келісу бойынша) Жол картасында көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 23 ақпандағы № 90 қаулысымен мақұлданған |
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім
Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының басымдығы болып қала береді. Адамдардың әл-ауқатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін арттыруға алып келетін экономиканың сапалы әрі тұрақты өрлеуіне қол жеткізу Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында басты мақсат ретінде айқындалған. Бұл тұрақты экономикалық өсу, жұмыспен қамту және баға тұрақтылығы мақсаттарына қол жеткізу үшін ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясатты, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын үйлестіруді қажет етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет), Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) ықпал етудің барлық салаларындағы өз іс-қимылдарын үйлестіре отырып, бар күш-жігерін экономикалық өсуді қалпына келтіруге, экономиканың ауқымды, терең трансформациясын жүзеге асыруға және тиімді макроэкономикалық саясат жүргізуге салады.
COVID-19 коронавирус пандемиясының салдарынан әлемдік экономиканың одан әрі даму перспективаларына байланысты белгісіздік күрт өсті. Өндірістің ағымдағы және перспективалық көрсеткіштерінің нашарлауы қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуіне алып келді. Жағдай мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуімен де күрделене түсуде.
Бұл жағдайларда Үкімет, Ұлттық Банк пен Агенттік макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, тәуекелдерді шектеуге, экономиканы қолдауға және оны сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларына бейімдеуге бағытталған бірлескен шаралар қабылданады.
Экономиканың орнықты және теңгерімді өсуін қалпына келтіру үшін Үкімет мынадай қағидаттарды басшылыққа алатын болады:
төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету арқылы контрциклдық макроэкономикалық саясатты іске асыру;
экономиканың сапалы және тұрақты дамуы үшін жағдай жасайтын, жаңа экономикалық болмыс жағдайларында халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының артуымен қатар жүретін мүлдем жаңа институционалдық негіз қалыптастыру;
бәсекеге қабілетті шикізаттан тыс секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды, қосылған құнның өңірлік тізбектеріне енгізуді ынталандыру;
стратегиялық инвестициялық келісімдер жасасу үшін қосылған құн тізбегінің әрбір кезеңінде капитал ұстаушылармен тікелей жұмысты жүзеге асыру арқылы таргеттелген инвестицияларды тартуға баса назар аудара отырып, жаңа инвестициялық цикл қалыптастыру;
нарықтық процестерге араласпай, тиімді кәсіпорындардың дамуын ынталандыру үшін бизнесті қолдаудың жанама құралдарына көшуді ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін ашу, индустрияландыру арқылы, сондай-ақ сапалы цифрландыруды жүргізу арқылы экономиканы әртараптандыру;
төлем теңгерімінің теңгерімділігін қолдауға бағытталған белсенді сыртқы сауда саясатын жүргізу;
адами капиталды дамытуға, сондай-ақ құрылымдық жұмыссыздық, білікті кадрлардың тапшылығы және бәсекеге қабілеттіліктің төмен болу проблемаларын реттеуге бағытталған әлеуметтік саясатты іске асыру;
экономикалық нарықтық қатынастарға әкімшілік интервенцияларды шектеу;
бюджеттің шикізат цикліне тәуелділігін төмендету мақсатында фискалдық саясаттың контрциклдылығын арттыру, сондай-ақ экономиканың одан әрі өсуін қолдау үшін мемлекеттік қаражаттың салық түсімдерінің орнықтылығын нығайту.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алатын болады:
инфляцияның деңгейін біртіндеп төмендету, оны инфляциялық таргеттеу және теңгенің құбылмалы айырбас бағамы режимі кезінде орнықты экономикалық өсуге ықпал ететін төмен деңгейде сақтау;
баға тұрақтылығын және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге бағытталған икемді пайыздық саясатты жүргізу;
ырықтандырылған валюта заңнамасын одан әрі сақтау;
құбылмалы айырбас бағамы режимі шеңберінде валюта саясатының ашықтығын арттыру және коммуникацияларды жақсарту;
жүйелі қаржылық дағдарыстың туындауын болдырмау және оның салдарын барынша азайту мақсатында қаржылық тұрақтылық үшін тәуекел факторларын бірлесіп бағалау, келісілген шешімдер кешенін әзірлеу, қабылдау және іске асыру жолымен қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
тиімді ақша айналысын қамтамасыз ету және төлем жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қолдау.
Ұлттық Банк өз қызметінде Үкіметтің ағымдағы экономикалық саясатын ескереді және егер бұл оның негізгі функцияларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмесе, оның тиімді іске асырылуына жәрдемдеседі. Ұлттық Банктің экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын қаржыландыруға қатысуы Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын жүргізу жөніндегі функцияны тиімді іске асыруын ескере отырып жүзеге асырылады және 2023 жылдан бастап қаржы жүйесі мен экономиканың жұмыс істеуінің нарықтық қағидаттарын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан кезең-кезеңімен шығуды көздейді.
Агенттік қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу және қаржы жүйесіне деген сенімді қолдау шеңберінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алатын болады:
қаржы нарығын, қаржы институттары мен құралдарын тиісінше дамыту жөнінде шаралар қабылдау;
банк және сақтандыру секторларында, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында қаржы институттары қабылдаған тәуекелдер дәрежесін және барабар реттеушілік әсерді бағалауға негізделген тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде қадағалау;
қаржы нарығында адал бәсекелестікті қолдауға бағытталған қаржы ұйымдарының қызметі үшін тең құқықты жағдайлар жасау;
реттеудің ресурстары мен құралдарын тиімді пайдалану;
қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін, қаржылық ұйымдардың қызметі және олар көрсететін қаржылық қызметтер туралы тұтынушылар үшін ақпараттың толықтығы мен қолжетімділігін, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығы мен қаржылық қолжетімділігі деңгейін арттыруды қамтамасыз ету.
Үкімет өзінің алдына ұзақ мерзімді экономикалық өсу қарқынын арттыру (potential output) және тиісті құрылымдық реформаларды жүргізу міндетін қояды.
Ұлттық Банк инфляция бойынша нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі негізгі мақсатқа қайшы келмейтін шамада аталған міндетті орындау үшін Үкіметке жәрдем көрсетеді. Инфляцияның төмен көрсеткіштеріне қол жеткізу өз кезегінде экономикадағы белгісіздікті төмендетеді және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді жинақтардың тартымдылығын қамтамасыз ете отырып және бизнеске ұзақ мерзімді инвестицияларды жоспарлауға мүмкіндік бере отырып, оның тұрақты өсуіне ықпал етеді.
Ұлттық Банк инфляция деңгейін төмендету және 2023 жылдан бастап 4 – 5 % деңгейінде нысаналы бағдарға қол жеткізу міндетін қойып отыр.
Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік осы Келісіммен қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен жалпы экономикалық даму арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге ықпал ететін мынадай міндеттерді айқындайды.
I. МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ОРНЫҚТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ
1. Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру
1. Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты инфляцияны белгіленген нысаналы бағдарлар деңгейінде төмендету мен ұстап тұрудан көрінетін баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
2020 жылдың қорытындысы бойынша COVID-19 вирусының таралуына және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты сыртқы күтілмеген өзгерістердің орын алуы салдарынан инфляция 2021 жылы төмендей отырып, белгіленген дәлізден жоғары қалыптасты. Кейінгі жылдары инфляцияның қалыптасуы нысаналы бағдарлар шеңберінде болады. Теңгерімді экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін келесі жылдары Ұлттық Банк инфляцияны жол берілетін инфляцияның құбылмалылығын көрсететін 3 – 4 %-дық орта мерзімді мақсат деңгейіне дейін кезең-кезеңімен төмендетуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты 2021 – 2022 жылдарға арналған нысаналы бағдар 4 – 6 % деңгейінде сақталады. 2023 жылдан бастап инфляцияның неғұрлым бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 4 – 5 %-дық аралық бағдар белгіленеді.
Инфляциялық таргеттеу режиміндегі ақша-кредит саясаты құралдарының жүйесі теңгенің құбылмалы айырбас бағамы режимі кезінде пайыздық саясатқа баса назар аудара отырып қолданылады.
Пайыздық саясат жиынтық сұранысты ынталандыруға бағытталған іс-қимылдар мен баға тұрақтылығын қолдау қажеттігі арасындағы теңгерімге қол жеткізуді ескере отырып, сыртқы және ішкі нарықтағы жағдайдың өзгеруіне жауап ретінде базалық мөлшерлемені реттеуге бағытталады.
Қаржы нарығын реттеу мандатын 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа тәуелсіз органға беруге, сондай-ақ Мемлекет басшысының жүргізіліп отырған саясатқа деген сенімді арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға байланысты Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру шараларын күшейтеді. Ақша-кредит саясатын іске асыру кезінде жүргізіліп отырған саясаттың транспаренттілігін арттыруға аса назар аударылады. Осы міндеттің шеңберінде Ұлттық Банкте Ақша-кредит саясаты комитеті құрылды. Жетекші орталық банктердің үлгісі бойынша оның басты міндеті ақша-кредит саясаты саласында стратегиялық шешімдер қабылдау – базалық мөлшерлеме мен оның дәлізін белгілеу болады.
Жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына және валюталық саясатқа деген сенімді жақсарту мақсатында Ұлттық Банк ауқымды коммуникация жүйесін құруды жалғастырады. Барлық қолжетімді ақпараттық кеңістікті пайдалана отырып, ақпараттық және талдамалық материалдардың ағымдағы тізімі кеңейтіледі. Жарияланатын ақпаратты кеңейтумен қоса Ұлттық Банк оның сапалық сипаттамаларын жақсарту мәселелерін қарастырады.
2. Салық-бюджет саясатының контрциклдығын арттыру
Салық-бюджет саясатының негізгі мақсаты Ұлттық қордың қаражатын пайдалануды қысқарту, мұнайға жатпайтын сектор кірісінің өсуін ынталандыру және бюджет шығысының тиімділігін арттыру есебінен мұнайға жатпайтын тапшылықты 2023 жылы ІЖӨ-нің 6,4 %-ына дейін төмендету болып қалады. Жалпы алғанда, орта мерзімді перспективада бюджет тапшылығы Үкіметтің ішкі және сыртқы міндеттемелері бойынша қалыпты борыштық жүктемені және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ІЖӨ-ге қатысты кемінде 3 % деңгейінде қолдау табатын болады.
Үкімет мұнайға қатысты емес экономиканың өсуін қамтамасыз ететін макроэкономикалық жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған орнықты және болжамды фискалдық саясатты жүргізеді. Бұл үшін Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесе отырып контрциклдық бюджет қағидасын әзірлейді.
Жаңа контрциклдық бюджет қағидасының тұжырымдамалық негіздері Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілген. Бюджет қағидасының басты мақсаты алып тасталатын баға кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін болжамды түсімдерден аспайтын мөлшерде Ұлттық қордан кепілді трансфертті жоспарлау арқылы мемлекеттік шығысты тұрақтандыру және инфляцияның нысаналы деңгейіне түзетілген нақты ІЖӨ-нің нысаналы ұзақ мерзімді өсу деңгейінде олардың өсу қарқынын шектеу, сондай-ақ бюджеттің мұнай бағасының күрт өзгеруіне бейімділігін арттыру болып табылады, бұл бюджет тапшылығы пен мемлекеттік борыштың өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Үкімет 2021 жылы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің нормаларын Тұжырымдамамен үйлестіру мәселелерін қоса алғанда, 2030 жылға дейінгі жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасының жобасын әзірлеу кезінде бюджет ережесін толыққанды енгізу мәселелерін пысықтайды. Контрциклдық бюджет ережесінің тетігі 2023 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде 2022 жылы қолданылады.
Бұдан басқа, Үкіметтің бюджет есебінен қаржыландырылатын дағдарысқа қарсы шараларын ескере отырып, дағдарыс аяқталғаннан кейін және экономикалық өсу қарқыны дағдарысқа дейінгі деңгейлерге дейін қалыпқа келтірілгеннен кейін салық түсімдерінің құрылымы мен жиналуы ықтимал өзгеретінін ескере отырып, бюджет қағидасына валидация жүргізу қажет.
Кейіннен, икемділік пен жеткілікті бейімділікті сақтау үшін бюджет қағидасы бес жылда кемінде бір рет қайта қаралуы тиіс.
Үкімет бюджеттік жоспарлаудың сапасын және мемлекеттік шығыстың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізеді. Ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз ету үшін Үкімет Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға ықпал ететін деңгейде шығыстарды тұрақтандыруға бағытталған саясатты жүргізеді. Үкімет тиімсіз қолдау шараларынан бас тартады, ал босаған ресурстарды қолдаудың тиімді шараларын және инфрақұрылымды дамытуға жұмсалатын күрделі шығыстарды арттыруға жұмсайды.
Бюджет кірісі саласындағы саясат салық салынатын базаны кеңейту, салықтық әкімшілендірудің және мұнайға жатпайтын салықтарды жинаудың тиімділігін арттыру негізінде шоғырландырылған салық түсімдерінің өсуін ынталандыруға, "көлеңкелі" экономиканы қысқарту және есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз нысандарын қолдану саласын кеңейту арқылы есепке алу жүйесін автоматтандыруға бағытталады. Салықтық және кедендік басқаруды жақсарту және цифрландыру бойынша шаралар қабылданады.
3. Валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету
Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу режиміне және теңгенің құбылмалы айырбас бағамына сәйкес бағам қалыптастыру процесіне араласпайды, бұл ретте іргелі негізі жоқ айырбас бағамының тұрақсыздандыратын қысқа мерзімді ауытқуын болдырмау үшін, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін интервенция жүргізу құқығын өзіне қалдырады. Ұлттық Банк валюталық саясатты жүргізу кезінде ашықтықты арттырады және коммуникациялық арнаны жақсартуды жалғастырады.
Үкімет, Агенттік және Ұлттық Банк өзара іс-қимыл форматын кеңейтеді, оның шеңберінде сыртқы сектор операцияларының мониторингін жақсарту, валюталық, салықтық және кедендік бақылаулардың тиімділігін арттыру және капиталды елден заңсыз әкетуге қарсы іс-қимыл жасау үшін қажетті ақпарат алмасу ұйымдастырылады.
Ұлттық қордан бюджетке кепілді трансферттерді қамтамасыз ету үшін ішкі валюта нарығында Ұлттық қордың қажетті валюталық активтерінің жоспарлы конвертациясы жүргізіледі. Транспаренттілікті арттыру шеңберінде Ұлттық қор қаражатын конвертациялау көлемі ай сайынғы негізде Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында жарияланатын болады.
Үкімет валюта нарығында квазимемлекеттік сектор компанияларының әрекетін үйлестіру мен келісуді, Ұлттық Банкке тұрақты негізде тиісті ақпарат ұсынуды жалғастырады.
Ішкі валюта нарығында теңгерімділікті арттыру үшін Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, 2021 жылдың соңына дейін экспорттаушылардың валютаны конвертациялауын ынталандыру және оның талаптарын айқындау жөніндегі тетіктерді, сондай-ақ валюталық тәуекелдерді хеджирлеу нарығын дамыту жөніндегі шараларды пысықтайды.
4. Өтімділікті және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын реттеу
Борыштық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы қарыз алуды (егеменді және мемлекеттік кепілдіктермен) банктік өтімділікті тарту арқылы ұзақ мерзімді теңгелік қаржыландыруға ауыстыру қажет. Үкімет өтеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі бағалы қағаздар нарығына қатысушылар үшін қолайлы кірістілік және мерзімдер шарттарында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын шығаруды қамтамасыз етеді. Осы бағыт шеңберінде нарыққа қатысушылардың мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі – МБҚ) орналастырудағы үлесін арттыру көзделетін болады.
Үкімет пен Ұлттық Банк ұлттық валютадағы борыштық капитал құнының индикаторын – нарықтың күтуін білдіретін және инвестициялық қызметті жоспарлауға мүмкіндік беретін кірістілік қисығын қалыптастыру үшін МБҚ нарығын одан әрі дамыту арқылы ақша-кредит және фискалдық саясатты үйлестіруді арттырудың маңыздылығын сезінеді.
Шоғырландырылған бюджеттік индикаторларға (борыш, тапшылық) негізделген борышты белсенді басқару саясатын әзірлеу бюджеттік қағида мен теңгерімді бюджет саясатын енгізумен қатар бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіруді арттырудың маңызды аспектісі болып табылады. Мемлекеттік қарызды басқару саясаты – бұл тек бюджет тапшылығын қаржыландыру ғана емес. Ол макроэкономикалық тұрақтандыруға бағытталуы және МБҚ нарығының дамуына ықпал етуі, тапшылықты қаржыландыру көздерінің оңтайлы құрылымын айқындауы тиіс.
МБҚ нарығының өтімділігін арттыру және кірістіліктің барабар тәуекелсіз қисығы ақша-кредит саясатының пайыздық арнасының тиімділігін арттырады, Ұлттық Банктің пайыздық мөлшерлемелерінің инвестициялық-тұтынушылық белсенділік пен инфляциялық процестерге әсер ету тиімділігін қамтамасыз ете отырып, капиталдың ұзақ мерзімді қарыз алу құнының бағдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дамыған МБҚ нарығы Ұлттық Банк құралдарынан экономиканың қажеттіліктеріне артық өтімділіктің қайта әкелінуіне ықпал ететін болады. Ұлттық Банк кірістілік қисығының қысқа мерзімді сегментін, Үкіметтің атынан Қаржы министрлігі – орта мерзімді және ұзақ мерзімді сегментін қалыптастыруды жалғастырады.
Үкімет кірістілік қисығының негізгі учаскелеріндегі эталондық шығарылымдарда ішкі мемлекеттік борыштың шоғырлануын жоспарлы түрде арттырады. МБҚ нарығының өтімділігін қамтамасыз ету, бәсекелестік сұранысты ынталандыру және оның болжамдылығын арттыру үшін Үкімет Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру кестесін тұрақты жариялауды және оны қатаң сақтауды, шығарылымдарды ірілендіруді және олардың жалпы санын қысқартуды қамтамасыз етеді.
Үкімет пен Ұлттық Банк инвесторлар шеңберін кеңейту, шетелдік капиталды тарту, кірістілікті төмендету және нарық инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу жөніндегі жұмысты жалғастырады. Үкімет Ұлттық Банкпен және Агенттікпен бірлесіп, Қазақстанның МБҚ-ны халықаралық индекстерге енгізу бойынша 2020 – 2022 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі.
5. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету
Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Агенттік пандемия кезеңінде теріс салдарларды азайту үшін енгізіліп, көрсетілген қолдау шараларын есепке алмағанда, реттеу талаптарына қайтару мүмкіндігіне бағалау жүргізеді.
Қаржы министрлігі Әділет министрлігімен және Агенттікпен бірлесіп, қаржы институттарының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аудиторлық және бағалау қызметіне, аудиторлар мен бағалаушылардың біліктілік деңгейі мен кәсіби стандарттарына қойылатын талаптарды арттыру мәселесін қарайды.
Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік республикалық бюджет пен Ұлттық Банктің қаражатын пайдаланбастан нарықтық жағдайларда банк секторын қолдау шаралары бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Қаржылық технологияларды және цифрландыруды дамыту шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банк өзара тиімді талаптарда Ұлттық төлем жүйесін, төлем нарығындағы цифрлық технологияларды дамыту, банктік емес ұйымдардың сервистерін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді, бұл төлем қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
II. ҚАРЖЫ СЕКТОРЫН ЖӘНЕ ОНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ
6. Қаржы секторын дамыту
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың қаржы секторын дамытудағы ұзақ мерзімді басымдықтарды айқындау жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдайды.
Банк секторының қаржылық тұрақтылығы тәуекелге бағдарланған қадағалау, SREP (Supervisory review and evaluation process) әдіснамасы шеңберінде банктерді қадағалап бағалау, уәжді пайымдау тетіктерінің көмегімен қамтамасыз етіледі.
Жалпы жүйе деңгейінде де, жекелеген қаржы институттары деңгейінде де қаржы секторының орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында тәуекелге бағдарланған қадағалаудың халықаралық стандарттарына көшуді жалғастыру қажет. Атап айтқанда, Агенттік үздік халықаралық практикаларды ескере отырып, қолданыстағы қадағалау процесін оған қашықтықтан AQR (Asset Quality Review) және қадағалап стресс-тестілеу әдіснамасын ықпалдастыру арқылы жетілдіреді.
Агенттік осы мақсаттар үшін Агенттіктің реттеуші актілеріне өзгерістер енгізуді көздейтін қадағалау процесін үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келтіруге бағытталған Жол картасын әзірледі.
Атап айтқанда, Агенттік Big Data элементтерін пайдалана отырып, қадағалау процесі мен реттеушілік есептілікті автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізеді, стресс-тестілеудің модельдері мен әдістерін әзірлейді, сондай-ақ Агенттіктің және екінші деңгейдегі банктердің кәсіби құзыреттерін күшейту жөніндегі іс-шаралар іске асырылады. Бұл қадағалау процесіне AQR-дің барлық негізгі элементтерін біріктіруге, олардың қолданылуын барлық банктерге өрістетуге, активтердің құрылымы мен сапасының ашықтығын арттыруға, жұмыс істемейтін қарыздарды уақтылы тануға, сондай-ақ банктерде тәуекелдерді басқару тәжірибелерін бағалаудың превентивтілігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Өткен дағдарыстар нәтижесінде екінші деңгейдегі банктердің, олардың стресс активтерімен жұмыс жүргізу жөніндегі еншілес компанияларының және Проблемалық кредиттер қорының теңгерімінде жұмыс істемейтін активтердің біршама көлемі жинақталған, оларды экономикалық айналымға тарту қажет. Бұл жағдайларда қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етудің және оны халықаралық стандарттар мен үздік практикаларға сәйкес одан әрі дамытудың негізгі міндеттерінің бірі стресті активтер нарығын дамыту болып табылады.
Екінші деңгейдегі банктердің стресті активтерін экономикалық айналымға тартуды жеделдету қажет. Бұл үшін Агенттік пен Үкімет заңнамалық өзгерістерді талап ететін құқықтық және нормативтік кедергілерді анықтай отырып, проблемалық кредиттермен жұмыс істеу және оларды сату жөніндегі қолданыстағы құқықтық базаны бағалауды жүргізеді.
Стресті активтерді экономикалық айналымға тарту мақсатында Агенттік және Үкімет сатушылар мен сатып алушылардың кең ауқымы, оның ішінде басқарушы компаниялар арқылы кедергісіз қол жеткізе алатын, өтімді нарықты, жұмыс істемейтін активтерді құру бойынша үйлестірілген шараларды қабылдап, жұмысты жалғастырады.
Қаржы жүйесінің тұрақтылығын және экономиканың өсуін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, нарықтық тетіктер негізінде экономиканы банктік кредиттеуді едәуір кеңейту жөнінде шаралар қабылданады. Кредиттік тарихты қалыптастыру жүйесінің тиімділігін арттыру және кредиттік бюролар нарығын дамыту үшін Агенттік пен Ұлттық Банк кредиттік тарихты қалыптастыру жүйесінің екі деңгейлі моделін енгізеді.
7. Бағалы қағаздар нарығын дамыту
Банктік кредиттеуді ұлғайтумен қатар қаржы секторының тиімділігін арттыру қор нарығының құралдарын қоса алғанда, қаржыландырудың тиімді баламалы көздерін дамытуды және институционалдық және бөлшек инвесторлардың қаражатын жұмылдыруды талап етеді. Халықты қор нарығына белсенді тарту қор нарығын одан әрі дамытудың түйінді факторы болып табылады.
Ұлттық компаниялардың ІРО-сын жүргізуді қамтамасыз ету үшін Үкімет Ұлттық банкпен және Агенттікпен бірлесіп, "Халықтық ІРО" форматына сәйкес қор нарығы арқылы ұлттық компанияларды жекешелендіруді жүргізу форматына өзгерістер енгізу жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
Ұлттық компаниялардың ІРО өткізудің жаңа форматы жергілікті қор нарығында жергілікті институционалдық және бөлшек инвесторлардың берген өтінімдерін толық қанағаттандыруға, өтінімдерді жинауға және ел ішінде өтінімдер кітабын қалыптастыруға жеткілікті уақыт беруге, сондай-ақ бөлшек және институционалдық инвесторлар арасында қалалар мен өңірлерде кең ауқымды роуд-шоу өткізуге бағытталған міндетті шарттарды көздеуі тиіс.
Ірі және орташа капиталдандырылған ұлттық компаниялардың IPO-сын жүргізу кезінде орналастыру параметрлері FTSE және MSCI халықаралық қор индекстеріне "Emerging Markets" санатына қосу үшін талаптарға сәйкес келуі тиіс. Бұл қазақстандық қор нарығының позицияларын ауқымды капитал нарықтарында ілгерілетуге ықпал ететін болады.
Орташа және шағын капиталдандырудың жеке қазақстандық эмитенттерінің санын ұлғайту үшін Үкімет пен агенттік IPO-ны дайындау мен өткізуге арналған шығыстарын ішінара өтеу мақсатында IPO-ға шыққан осындай компаниялар үшін салықтық ынталандырулар жасау жөнінде шаралар қабылдайды.
Сонымен бірге қор нарығына эмитенттерді тартудың басқа тетіктері пысықталады, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын нақты сектор компанияларынан қор нарығы арқылы қаражаттың бір бөлігін тартуды талап ету мүмкіндігі қаралады.
Агенттік, Ұлттық Банк және Үкімет бөлшек инвесторлардың қор нарығына қол жеткізуін жеңілдету және олар үшін жекелеген талаптарды (меншікті капиталдың мөлшерін, жасалатын мәмілелер көлеміне лимитті және т.б.) көздей отырып, бөлшек инвесторларға қызмет көрсетуге бағытталған бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының – екінші санаттағы брокерлердің жаңа сыныбын (номиналды ұстаушы ретінде шоттарды жүргізу құқығынсыз) құру жөнінде жұмыс жүргізеді.
Бұл бөлшек инвесторларды тарту, нарықтағы бәсекелестікті күшейту және халықтың қаржылық сауаттылығын жоғарлату есебінен қор нарығының өтімділігін арттыруға ықпал етеді.
8. Сақтандыру нарығын дамыту
Үкімет Ұлттық банкпен және Агенттікпен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектілері мүдделерінің теңгерімін және олар жүзеге асыратын қызметке тән тәуекелдерді қамтамасыз етуді ескере отырып, кәсіпкерлік субъектілерінің үшінші тұлғалар алдындағы кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды енгізу мәселелерін пысықтауы қажет. Бұл бастама Халықты кәсіби қателіктерден, кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын сапасыз қызметтерден қорғауға бағытталған. Кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіби қызмет көрсетуі кезінде азаматтарға келтірілген мүліктік залалды және зиянды сақтандыру ұйымы өтейтін болады.
Бұдан бөлек, "жалпы сақтандыру" саласындағы сақтандыру секторында кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне және ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарына сәйкес келтіру үшін Үкімет Ұлттық банкпен және Агенттікпен бірлесіп, "жалпы сақтандыру" саласындағы мәмілелер мен операцияларды қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың қолданыстағы ұлттық режимінен ішінара шығаруды пысықтайды. Бұл жұмыс КЖ/ТҚ тәуекелдерін өзара бағалаудың екінші раундының нәтижелерін ескере отырып жүргізілетін болады.
Үкімет өмірді жинақтаушы сақтандыруды Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесіне мемлекеттік субсидиялауды енгізу мүмкіндігін қарастырады. Жинақтарға сыйлықақы түрінде мемлекеттік қолдау және өмірді сақтандыру компаниялары ұсынатын күтпеген оқиғалардан сақтандыру арқылы қорғау азаматтар үшін жинақтаушы білім беру бағдарламасының сенімділігі мен тартымдылығын арттырады.
9. Халық пен бизнестің қаржылық сауаттылығын арттыру
Халықтың экономикалық белсенді тобын инвестициялық қызметке тарту мақсатында Агенттік оқытудың түрлі бағдарламалары мен құралдарын пайдалана отырып, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізеді.
Қарыз алушы – заңды тұлғалардың инвестициялық тартымдылығы мен төлем қабілеттілігі деңгейінің төмендігін, оның ішінде операциялық тиімділігінің жеткіліксіздігін және тәуекел-менеджментінің жетілмегендігін ескере отырып, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсарту, бизнес-процестерді оңтайландыру, тиісінше ұсынылатын есептіліктің сапасын жақсарту, оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында оқытудың түрлі бағдарламалары мен құралдарын пайдалана отырып, бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізетін болады.
III. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУДІҢ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ
10. Экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсудің жаңа көздерін іздестіру
Қазақстан экономикасының сыртқы күтілмеген өзгерістерге осалдығын төмендету және оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын арттыру үшін Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік күш-жігерін өнімділіктің өсуімен және өндіріс сапасымен қамтамасыз етілетін сапалы экономикалық өсу моделіне көшуге шоғырландырады.
Экономикаға экономиканың шикізат секторларымен байланысты емес жаңа өсу нүктелері қажет. Оның басымдықтары экспортты және импортты алмастыруды әртараптандыру есебінен мұнайға жатпайтын сауда теңгерімінің тапшылығын төмендету болады, бұл экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкімет пен Ұлттық Банк мұнайға жатпайтын сауда теңгерімінің тапшылығын төмендету мақсатында сыртқы күтілмеген өзгерістердің Қазақстан экономикасына теріс әсерін барынша азайтуға шаралар кешенін қабылдау үшін сыртқы тауар айналымының, сауда талаптарының, инвестициялар мен төлем теңгерімі тәуекелдерінің мониторингін жалғастырады.
Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен міндеттері:
азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін 2023 жылдың соңына қарай 12,5 %-ға дейін төмендету жолымен, оның ішінде жаңа құс фабрикалары мен ет комбинаттарын, балық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды пайдалануға беру, қант, сүт зауыттарын жаңғырту/салу, алма бақтарын отырғызу есебінен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
экспортты әртараптандыру және импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру. Күтілетін нәтиже экономикалық белсенділіктің өсуі және таза экспорт көлемінің ұлғаюы болып табылады.
Үкіметтің басым міндеттері:
экспортты шикізат тауарларынан дайын өңделген тауарлар жағына қарай әртараптандыру. Қойылған міндет толық іске асырылған кезде 2023 жылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шикізаттық емес экспортының күтілетін мәні 35 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл қазақстандық өнімдердің Қытайдың, Ресейдің, Еуропа мен Азияның стратегиялық нарықтарына қатысуын күшейтуге әкелуі тиіс. Дайын өңделген тауарлардың экспортын өткізу нарықтарын кеңейту қолда бар тауашаларды сақтаумен, оның ішінде бұдан бұрын жоғалтып алған позицияларды қалпына келтірумен қатар жүргізілуге тиіс;
қосылған құны жоғары, бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің және шекара маңындағы: Қытай, Үндістан, Түркия, Еуропалық Одақ елдері және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің өндірістік тізбектерінде талап етілетін тауарлар өндірісін ынталандыру үшін экспортты мемлекеттік қолдау шараларын күшейту;
Мемлекет басшысының тапсырмасына және дағдарыстық жағдайлар кезеңіне арналған арнайы (оңайлатылған) тәртіпке сәйкес отандық тауар өндірушілерді ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету және квазимемлекеттік сектордың сатып алуының ашық тетігі арқылы жергілікті қамтуды ұлғайту;
off-take келісімшарттарын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыру тетіктерін кеңейту;
Қазақстан өнімдерін өндірушілердің баға бойынша бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, оның ішінде ЕАЭО-дан тыс елдерден шикізат пен аралық материал (шикі құрақ қант, пестицидтер мен гербицидтер, кокос және пальма майлары, беттік белсенді заттар) импортына салынатын кедендік баждарды алып тастау жөніндегі шараларды қабылдау есебінен шикізат пен аралық материал импортын арзандату;
ЕАЭО елдеріне қатысты белгілі бір азық-түлік тауарларының импортына бақылау бағаларының ең төменгі деңгейін (ББЕД) енгізу. ББЕД тетігін қант, ет, сүт, май, тыңайтқыштар, алкоголь өнімдері, темекі және т. б. сияқты тауарларға қолдануға болады;
отандық өндірушілердің өнімдерін әртүрлі жарнамалық кеңістіктерде жеңілдік берілген талаптармен ілгерілету арқылы оларды қолдау;
ірі ұйымдасқан шаруашылықтар үлесін едәуір ұлғайту, өсімдік шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту және ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды нарық айналымына енгізу арқылы ауыл шаруашылығының бизнес моделін қайта қарау;
ЕАЭО елдерінен әкелінетін дайын тамақ өнімдерінің ЕАЭО техникалық регламенттеріне және санитариялық нормаларға сәйкестігі тұрғысынан санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының оларға қатысты бақылауды күшейтуі.
Жаңартылған сауда-өнеркәсіп саясатын қалыптастыру шеңберінде Үкімет оларды шоғырландыру, тиімді технологиялар мен өндірістерді пайдаланатын, тауар өнімдерін кеңейтуге және әртараптандыруға мүдделі сенімді компанияларға шоғырландыру арқылы жекелеген мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарайды.
Сауда-өнеркәсіп саясатының мақсаттарына қол жеткізу шетелдік инвестициялардың әкелінуі, экспорттық түсімнің өсуі және тауарлар импортының қысқаруы есебінен сауда теңгерімін және төлем теңгерімінің ағымдағы шотының жақсаруын қамтамасыз етуге тиіс, олардың көлемі импорттық жабдықты сатып алу үшін капиталдың әкетілуін және сыртқы қарыздарды қайтаруды нивелирлеуге мүмкіндік береді.
Экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсудің жаңа көздерін іздеу бойынша жүргізіліп отырған саясатты тиімді мониторингтеу мақсатында Үкімет пен Ұлттық Банк тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының жай-күйі туралы жүйелі түрде өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
Үкімет пен Ұлттық Банк өзара ақпарат алмасу форматын кеңейтеді, оның шеңберінде Ұлттық Банк экономиканың мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторларының іске асырылған, іске асырылып жатқан және іске асырылуы жоспарланып отырған инвестициялық бағдарламалары мен жобалары бойынша ақпаратқа, сондай-ақ мемлекеттік шығыстар мен квазимемлекеттік сектордың шығыстары бойынша ақпаратқа қол жеткізе алады.
11. Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру
Үкімет заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, инвестициялар туралы келісімдер жасасу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жөніндегі шараларды жетілдіру арқылы сапалы инвестициялар тартудың жаңа инвестициялық циклын қалыптастыру бойынша проактивті шаралар қабылдайды. Экономиканың әлеуеті барынша көп және шетелдік инвестициялар үшін тартымды басым секторларының тізімі қайта қаралып, назар елдік дамудан өңірлік дамуға аударылады.
Үкімет пен Ұлттық Банк экономиканың шикізатқа жатпайтын секторларына тікелей шетелдік инвестициялар әкелуді ынталандыру үшін жағдай жасай береді.
ЭЫДҰ стандарттарына жақындасақ, инвестициялық заңнаманың тұрақтылығы және өзгермеуі инвестициялар ағымын жандандыруға әсер етеді.
Үкімет базалық экономикалық және құқықтық жағдайларды жақсарту жұмысын жүргізеді және ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес елде бизнес жүргізуді жеңілдету мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі реформаларды іске асыруды жалғастырады. Корпоративтік басқарудың ұлттық кодексі әзірленіп, қабылданатын болады.
Үкімет экономиканы мемлекеттік қолдау тәсілдері мен шараларын жетілдіреді. Орнықты және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды, сондай-ақ қызметін экономиканың басым салаларында жүзеге асыратын кәсіпорындарды қолдау пайдасына баса назар аударылады. Сонымен қатар бір уақытта тікелей қаржыландырудан кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттік тәуекелдеріне кепілдік беруге (хеджирлеуге) өту жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау банк секторы арқылы ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктердің микрокредиттері, сондай-ақ қор нарығының құралдары сияқты балама арналар арқылы да жүзеге асырылады.
Ұлттық Банк елдің сыртқы экономикалық орнықтылығын тиімді мониторингтеу және капитал ағынын игеруді болжау үшін инвестициялық бағдарламалар мен жобалар жөніндегі ақпаратты пайдаланады.
Үкімет екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банк ноталарының орнына еркін өтімділікті инвестициялауы үшін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ мен Ұлттық басқарушы холдингтің өтеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі облигацияларды шығару мүмкіндігін қарайды. Бұл ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды кредиттеу үшін теңгемен қорландыру базасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Ұлттық басқарушы холдингтің жұмысы енжар қаржы агенттігінен белсенді даму институтына көшуге қайта бағдарланатын болады, бұл тиімділіктің негізгі көрсеткіші ретінде қаражатты игерудің орнына жоғары экономикалық қайтарымы бар жаңа жобаларды белсене іздеу мен іске асыруды қосуды білдіреді.
Банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуін ынталандыру мақсатында синдикатталған кредит шарты бойынша бірнеше кредит беруші банктердің синдикатталған қарыз шеңберінде бизнес субъектілерін қаржыландыруы жөнінде шаралар қабылданады, сол арқылы кредиттік тәуекелдерді азайтып, кредит беру, оның ішінде ірі жобаларды кредиттеу мүмкіндігіне ие болады.
Кәсіпкерлік субъектілері үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру нарығын дамыту үшін Үкімет пен Агенттіктің күш-жігері корпоративтік облигациялар нарығын дамытуға жұмсалады. Ол үшін Үкімет Агенттікпен бірлесіп, шығарылған корпоративтік облигациялар бойынша купондық сыйақының толық немесе ішінара сомасын және (немесе) номиналды құнын төлеуге кепілдіктер беру арқылы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлейді.
12. Жеке кәсіпкерлікті дамыту
Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік жеке кәсіпкерлікті қалыптастыру мен оның дамуын ынталандыру үшін мемлекеттің бәсекелестік саясатын сапалы жүргізудің, нарықтық экономика заңдарын ұстанудың және нарықтың барлық қатысушылары үшін қолайлы бизнес-орта мен тең жағдайлар жасаудың бірінші кезекте тұратынын мойындайды.
Үкімет бизнесті жүргізу мен дамытудың мүлдем жаңа жағдайларын жасауға бағытталған кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын әзірлейді.
Дәрменсіз және тиімсіз компанияларға қатысты нарықтық тәртіптің болуы қалыпты бизнес-ортаның негізгі факторларының бірі болып табылады. Дәрменсіз компанияларды нарықтан уақтылы және белгілі бір ретпен шығару және олардың активтерін неғұрлым тиімді кәсіпкерлерге барынша аз шығындармен беру экономиканың өнімділігі мен рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Үкімет, Агенттік және Ұлттық Банк банкроттық жөніндегі заңнаманы одан әрі жақсарту жұмысын жалғастырады, банкроттық рәсімдерді созатын және кредиторлардың қарыздар бойынша шығындарды қысқарту, дәрменсіз қарыз алушылардың активтерін неғұрлым өнімді инвесторларға беру үшін борышты реттеу жөніндегі өз құқықтарын іске асыруына кедергі келтіретін тосқауылдар жойылады.
Үкімет квазимемлекеттік сектормен және жүйе құраушы ірі компаниялармен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жеке сектормен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырады, оның құралдарының бірі – елде off-take келісімшарттарын қолдану.
Үкімет табиғи монополияларды реттеу, табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық және инвестициялық тиімділігін арттыру жөніндегі тәсілдерді жетілдіруді жалғастырады, бұл ұзақ мерзімді болашақта олардың бағаларға қысым жасамай, орнықты дамуына мүмкіндік береді.
13. Шұғыл шаралар топтамасы
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін Үкімет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған шұғыл шаралар топтамасын қабылдайды.
Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру үшін Үкімет бизнес субъектілеріне әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған реттеу саясатын заңнамалық деңгейде түбегейлі оңайлату және жеке кәсіпкерлерді тегін мобильді қосымша арқылы жеңілдетілген тіркеу мүмкіндігін қарайды.
Үкімет микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу мүмкіндігін қарайтын болады.
Жаңа компаниялар үшін құрылған сәттен бастап 2 жыл ішінде қосылған құн салығын азайту мүмкіндігі қаралады.
Инвестицияларды одан әрі ынталандыру үшін пайда қайта инвестицияланған жағдайда табыс салығынан босату, сондай-ақ инвестициялық келісімдер жасасу үшін қызметтің басым түрлерінің тізбесін бекіту мәселесі қаралады.
Үкімет қаржыландырудың триггерлері мен көлемін айқындай отырып, кредит қаражатының нақты құнын бұрмалайтын мемлекеттік қолдаудың нарықтық емес құралдарынан біртіндеп алшақтау жөнінде 5 жылдық жол картасын әзірлейді.
Бұл ретте жеке секторды одан әрі дамыту, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік бастамаларды іске асыруда, оның ішінде МЖӘ жобаларында жеке инвестицияларды кеңейту бойынша шаралар қабылданады.
14. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және көлеңкелі экономикамен күрес
Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік көлеңкелі секторды төмендету жөніндегі шаралардың экономиканың дамуына, халықтың тұрмыс сапасын, іскерлік белсенділікті арттыруға, салық түсімдерінің өсуіне оң әсерін сезінуде.
Үкімет цифрлық технологияларды белсенді енгізу жолымен кедендік-салықтық әкімшілендіруді, техникалық реттеуді, экспорттық және мемлекеттік бақылаудың өзге де түрлерін жетілдіру арқылы көлеңкелі экономиканы 2025 жылға қарай 15 %-ға дейін төмендету жөніндегі шаралар кешенін әзірлейді.
Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, азаматтардың әлеуметтік төлемдер алу тетігін жеңілдетуге, әлеуметтік төлемдерді пайдалану мониторингін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды қамтамасыз етуге және тиісті тауар номенклатурасын қалыптастыру арқылы өнімді өндірушіден/импорттаушыдан түпкілікті сатып алушыға дейін ұлттық тауар өткізу жүйесімен интеграциялауға мүмкіндік беретін азаматтың цифрлық "әлеуметтік әмиянын" енгізу бойынша жұмыс жүргізеді.
Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, Қаржы министрлігі атынан QR-кодтың ұлттық стандартын әзірлейтін болады, оны енгізу ашықтықты арттыруға, сауда айналымдарының фискализациясын қамтамасыз етуге және көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқартуға, сондай-ақ нарыққа қатысушылардың қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауды ұйымдастыру бойынша жиынтық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық Банк қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігін арттыру және нарыққа қатысушылардың шығасыларын барынша азайту мақсатында қолма-қол ақшасыз төлемдердің инфрақұрылымын жетілдіру және инновациялық және бәсекелес ортаны дамыту үшін қажетті, оның ішінде құқықтық жағдайлар жасайды.
Үкімет Агенттікпен және Ұлттық Банкпен бірлесіп, шекті және күдікті операциялардың тізбесін оңтайландыруды жүргізеді, КЖ/ТҚҚ саласында тәуекелге бағдарланған қадағалауды жүйелі деңгейде енгізеді.
Қабылданып жатқан шаралар кешені инновациялар үшін жағдай жасауға және төлем нарығында бәсекелестікті күшейтуге, халық пен бизнес субъектілері үшін шығасыларды азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың төмендеуіне алып келеді.
Қорытынды ережелер
Келісімді іске асыру шеңберінде мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарлануда.
Индикатор | 2019 жыл | 2020 жыл | 2021 жыл | 2022 жыл | 2023 жыл |
факт | жоспар | ||||
ІЖӨ өсімі, % | 4,5 | -2,6 | 3,0 дейін | 3,7 | 4,6 |
бюджеттің мұнайдан тыс тапшылығы, ІЖӨ-ден % | 8,5 | 10,5 | 6,6-9,1 | 6,5 | 6,4 |
инфляция, % | 5,4 | 7,5 | 4-6 | 4-5 | |
банктердің несие портфелінің жалпы көлеміндегі NPL үлесі, % | 8,1 | 6,8 | 6-7 | 5-6 | |
тауарлар мен қызметтердің шикізаттан тыс экспортының көлемі, млрд АҚШ доллары | 22,8 | - | 29,2 | 31,8 | 34,6 |
азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт, ІЖӨ-ден % | 18,4 | 16,8 | 16 | 15 | 12,5 |
негізгі капиталға инвестициялар, | 16,8 | - | 21,6 | 24,3 | 26,2 |
шағын және орта бизнес, ІЖӨ-ден % | 28,2 | - | 30 | 31,3 | 32,5 |
көлеңкелі экономика, ІЖӨ-ден % | 23,62 | - | 23 | 21,95 | 21,3 |
Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік осы Келісімде көрсетілген өзара іс-қимыл бағыттарымен шектелмейді. Іс-қимылдарды үйлестіру тұрақты мониторинг және қабылданған және қабылдау болжанатын шараларды талқылау арқылы жүзеге асырылады.
Келісімді іске асыру мониторингінің нәтижелері негізінде ол жыл сайын жаңартылып, жылжымалы негізде бекітілетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі |
Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 23 ақпандағы № 90 қаулысымен мақұлданған |
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасы
Р/с № | Іс-шараның атауы | Жауапты орындаушылар | Аяқталу нысаны | Орындалу мерзімі |
---|
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі
Қаржымині – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі
ИИДМ – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
СИМ – Қазақстан Республикасының Сауда жəне интеграция министрлігі
ЦДИАӨМ – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Еңбекмині – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
ДСМ – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрілі
АШМ – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі
ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі
Әділетмині – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
БҒМ – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
СІМ – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі
МО – мемлекеттік органдар
ҰБ – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
ҚНРДА – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
ҚМА – Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі
ҰҚ – Ұлттық қор
АХҚО – "Астана" халықаралық қаржы орталығы
ӘлМСҚ – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры
МӘСҚ – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры
ЖАО – жергілікті атқарушы органдар
КМС – квазимемлекеттік сектор
ҚҚҚ – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы
МБҚ – мемлекеттік бағалы қағаздар
ІЖӨ – жалпы ішкі өнім
ЕАЭО – Еуразиялық экономикалық одақ
КЖ/ТҚҚ – кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру
ҚҚС – қосылған құн салығы