Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 512 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулыға 2-қосымша осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
көрсетілген қаулымен бекітілген "Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы қамқоршылық кеңес туралы ереже осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 маусымдағы № 362 қаулысына 1-қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 512 қаулысына 2-қосымша |
"Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы қамқоршылық кеңестің құрамы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі
"Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының директоры (келісу бойынша)
Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы | - | Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісу бойынша) |
Құлыбаев Тимур Асқарұлы | - | "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы (келісу бойынша) |
Сатқалиев Алмасадам Майданұлы | - | "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша) |
Машкевич Александр Антонович | - | ERG Sarl менеджерлер кеңесінің төрағасы (келісу бойынша) |
Шодиев Патох Каюмович | - | ERG Sarl менеджерлер кеңесінің мүшесі (келісу бойынша) |
Рақышев Кеңес Хамитұлы | - | "Fincraft Resources" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы (келісу бойынша) |
Смағұлов Нұрлан Еркебұланұлы | - | "Astana Group" холдингінің президенті (келісу бойынша) |
Васкес Лучано | - | ENI S.p.A. Орталық Азия филиалының басшысы (келісу бойынша) |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 маусымдағы № 362 қаулысына |
|
2-қосымша | |
Қазақстан Республикасы | |
Yкіметінің | |
2013 жылғы 22 мамырдағы | |
№ 512 қаулысына | |
бекітілген |
"Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы қамқоршылық кеңес туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы қамқоршылық кеңес (бұдан әрі – кеңес) консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заң актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.
2-тарау. Кеңестің міндеттері мен функциялары
4. "Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – театр) қалыптасуына және дамуына қолдау көрсету кеңестің міндеті болып табылады.
5. Кеңестің функциялары:
1) жарғылық мақсаттарды іске асыру үшін бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту;
2) театрға шығармашылық жоспарларын іске асыруға жәрдемдесу;
3) кәсіби шеберлікті жетілдіруге және әртістік мектепті қалыптастыруға жағдай жасау;
4) халықаралық жобаларды ұйымдастыруға және іске асыруға жәрдемдесу;
5) театрдың шығармашыл қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету;
6) басқару, қаржы және шаруашылық қызмет жүйелерін жетілдіруге жәрдемдесу мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
3-тарау. Кеңестің құқықтары
6. Кеңес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде:
1) театр қызметі мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тартуға;
2) Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша кеңес мүшелерін, театр басшылығын отырыстарда тыңдауға;
3) Кеңес театрдың дамуына бағыттаған бюджеттен тыс қаражаттың пайдаланылуы және кеңес шешімдерінің орындалуы туралы театр басшылығынан есеп сұратуға;
4) Кеңеске жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
4-тарау. Кеңестің қызметін ұйымдастыру
7. Кеңес отырысында ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланған (қайта сайланған) кеңес төрағасы оның жетекшісі болып табылады.
8. Кеңестің төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын кеңес шешімі бойынша кеңес мүшелерінің бірі жүзеге асырады.
9. Төраға кеңес атынан әрекет етеді және осы Ережеге сәйкес оның қызметін қамтамасыз етеді.
10. Кеңестің хатшысы театр жұмыскерлері қатарынан тағайындалады және кеңес мүшесі болып табылмайды.
Кеңестің хатшысы кеңес отырысына дайындықты, оның өткізілуін, материалдары мен хаттамаларын ресімдеуді қамтамасыз етеді.
11. Кеңестің төрағасы:
1) Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) Кеңес отырыстарының өткізілу орны мен уақытын белгілейді;
3) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;
4) Кеңес мүшелерінің орындауы үшін міндетті нұсқаулар береді.
12. Кеңес мүшелері:
1) Кеңестің жұмыс жоспары, оның отырыстарының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
2) Кеңес отырыстарының материалдары мен оның шешімі жобаларын дайындауға қатысуға;
3) Кеңес отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.
13. Кеңес отырыстары кеңес төрағасы белгілейтін мерзімдерде қажетіне қарай жылына екі реттен сиретпей өткізіледі және хаттамамен рәсімделеді. Кеңестің барлық мүшелері кеңес отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабардар болса және мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, кеңес отырыстары заңды деп есептеледі. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттігін өзге лауазымды тұлғаларға беруіне жол берілмейді.
14. Кеңес шешімдері кеңес отырысына қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен немесе кеңес мүшелеріне сауалнама жүргізу арқылы қабылданады. Кеңестің әрбір мүшесі дауыс беру кезінде даусын табыстау құқығынсыз бір дауысқа ие.
Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның даусы шешуші болып табылады.
15. Кеңестің шешімі отырысқа қатысып отырған кеңестің барлық мүшелері қол қоюға тиіс хаттамамен ресімделеді.