Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 13 қаңтардағы № 6 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында:
"III. Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу" деген бөлімде:
"Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу жөніндегі жаңа тетіктерді іске асыру" деген кіші бөлімде:
3-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3-1) "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы арқылы құрылысты аяқтауды қаржыландыру. "Global building contract" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Алматы қаласындағы "Сайран" мегаауданының, "Үш төбе" тұрғын үй кешенінің және Астана қаласындағы "Гранд Алатау" тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауы "Стресті активтер коры" акционерлік қоғамының 20 млрд теңге сомасындағы мерзімді банктік салымын "Казкоммерцбанк" акционерлік қоғамында орналастыру арқылы оған мынадай шарттарда кредит беру жолымен жүзеге асырылатын болады:
1) орналастыру - біржолғы, бір траншпен;
2) салым мерзімі - 20 (жиырма) жыл;
3) салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 1 % (бір пайыз);
4) негізгі борыш бойынша жеңілдікті кезең - 10 жыл; негізгі борышты төлеу - жеңілдікті кезең өткеннен кейін бірдей жылдық төлемдермен;
5) сыйақы бойынша жеңілдікті кезең - құрылыс кезеңіне; сыйақы төлеу - жеңілдікті кезең өткеннен кейін бірдей жартыжылдық төлемдермен.
Алматы қаласында "Тау Самал" тұрғын үй кешені бірінші кезегінің құрылысын қаржыландыру "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы арқылы былайша жүзеге асырылатын болады: "БТА Банкі" акционерлік қоғамының Алматы қаласындағы "Тау Самал" тұрғын үй кешенінің бірінші кезегі түріндегі кепіл мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіріп алынады және Алматы қаласындағы "Тау Самал" тұрғын үй кешені бірінші кезегінің құрылысын 7 млрд теңге сомасына аяқтауды қамтамасыз ететін "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамына беріледі.
Алматы қаласындағы "Солнечный квартал" және "Шаңырақ" тұрғын үй кешендерінің құрылысын қаржыландыру "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы арқылы 3 млрд теңге сомасына жүзеге асырылады, оның ішінде "Солнечный квартал" тұрғын үй кешенін қаржыландыруға - 2 млрд теңге, "Шаңырақ" тұрғын үй кешеніне - 1 млрд теңге.
2021 жылдан бастап "Қазақстан Халык Жинақ Банкі" акционерлік қоғамындағы банктік салымнан қайтарылған "Қазақстан Тұрғын үй компаниясы" акционерлік қоғамының қаражаты "CG Land" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мынадай шарттарда кредит беру жолымен Алматы облысындағы "G4 City" қала құрылысының инвестициялық жобасын қаржыландыруға бағытталады:
1) кредит сомасы - 13,2 млрд теңге;
2) қаражат беру - біржолғы, бір траншпен;
3) кредит мерзімі - 2029 жылды қоса алғанға дейін;
4) кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі - барлық шығыстарды, салықтарды және міндетті төлемдерді қоса алғанда, жылдық 1 % (бір пайыз);
5) негізгі борыш бойынша жеңілдікті кезең - 36 ай, негізгі борышты төлеу - жеңілдікті кезең өткеннен кейін бірдей жартыжылдық төлемдермен;
6) сыйақы бойынша жеңілдікті кезең -капиталдандыру есебінен 36 ай, сыйақы төлеу - капиталдандырылған сыйақыны ескере отырып, жеңілдікті кезең өткеннен кейін бірдей жартыжылдық төлемдермен;
7) нысаналы мақсаты - "G4 City" қала құрылысының инвестициялық жобасын дамыту, оның ішінде "G4 City" жобасының жер учаскелерін дамыту;
8) кепілмен қамтамасыз ету - "G4 City" жобасы бойынша жалпы ауданы 199 га жер учаскелері.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |