Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жекешелендірудің 2021 − 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған:
1) Жекешелендірудің 2021 ‒ 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі ‒ Кешенді жоспар);
2) жекешелендірілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізіміне енгізудің түйінді өлшемшарттары (қағидаттары) бекітілсін.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Кешенді жоспардың орындалуына жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган (келісу бойынша), квазимемлекеттік сектор субъектілері (келісу бойынша), сондай-ақ мүдделі ұйымдар (келісу бойынша):
1) Кешенді жоспарды іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) жыл сайын, жартыжылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша (10 шілдеге және 10 қаңтарға қарай) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне Кешенді жоспардың іске асырылу барысы туралы ақпарат және құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындарды, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді, акционерлік қоғамдарды, сондай-ақ еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғаларды бәсекелес ортаға беру жөнінде ұсыныстар беріп тұрсын;
3) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған жол карталарына сәйкес объектілердің уақтылы өткізілмегені үшін мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарларынан, ұйымдар басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымды адамдардың жауапкершілігі туралы мәселені қарасын;
4) тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 шілдедегі № 810 және 2008 жылғы 30 маусымдағы № 651 қаулысымен бекітілген экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілерінің және ұлттық холдингтердің және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың аффилиирленген тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына берілген және (немесе) олардың меншігінде тұрған стратегиялық объектілердің және мемлекетпен аффилиирленбеген заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке тұлғалардың меншігінде тұрған стратегиялық объектілердің тізбелеріне енгізілген ұйымдар акцияларының (қатысу үлестерінің) бақылау пакетін сақтауды қамтамасыз етсін;
5) сатып алу-сату шарты жасалғанға дейін Кешенді жоспарға енгізілген ұйымдар жұмыскерлерінің санын немесе штатын қысқартпасын.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекешелендірудің 2021 − 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында:
"Ақпараттық қамтамасыз ету" деген 5-бөлім мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
"
4. |
Осы Кешенді жоспардың 1-бөлімінің 1-тармағында және 3-бөлімінің | шешімдерді мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің веб-порталдарында жариялау |
Қаржымині, ҰЭМ, ҚҚЖБ, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор субъектілері | үнемі | талап етілмейді |
";
осы қаулыға қосымшаға сәйкес жекешелендірілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізіміне енгізудің түйінді өлшемшарттарымен (қағидаттарымен) толықтырылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 44 қаулысына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы |
|
№ 908 қаулысымен бекітілген |
Жекешелендірілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізіміне енгізудің түйінді өлшемшарттары (қағидаттары)
Мынадай өлшемшарттардың біріне сәйкес келу квазимемлекеттік сектор субъектісін жекешелендірілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізіміне енгізуге бастама жасау үшін негіз болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 192-бабының 1-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келмейтін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
2) квазимемлекеттік сектор субъектісінің Кодекстің 24-бабының 3-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келуі (шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері);
3) монополияға қарсы органның мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды бәсекелес ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы;
4) заңды тұлға қызметінің маңызды аспектілері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау құқығын бермейтін бақыланбайтын акциялар пакетін (қатысу үлестерін) иелену.
Бұл өлшемшарт қызметі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етумен, стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар объектілерді пайдаланумен және ұстаумен байланысты заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды;
5) үш және одан көп жыл бойы квазимемлекеттік сектор субъектісінің шығындылығы және (немесе) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 91-бабында көзделген тәртіппен оның әрекет етпейді деп танылуы;
6) соңғы үш жыл ішінде квазимемлекеттік сектор субъектісі қызметінің түйінді көрсеткіштері бойынша даму жоспарын, іс-шаралар жоспарын іске асырмау (0 %-дан 39 %-ға дейін) не тиімсіз іске асыру (40 %-дан 54 %-ға дейін).