Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 954 қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.11.2023 № 978 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Майданұлы Сәтқалиевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.11.2023 № 978 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 26 қарашадағы
№ 954 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісім

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.11.2023 № 978 қаулысымен.
      Ескерту. Келісім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 238 қаулысымен.

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      Қазақстан Республикасының біртұтас энергетикалық жүйесінің (бұдан әрі – Қазақстан БЭЖ-і) және Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйесінің (бұдан әрі – Ресейдің БЭЖ-і) қатарлас жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өте отырып,

      электр энергетикасы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген мүдделігін негізге ала отырып,

      1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ынтымақтастық және отын-энергетика кешендерін дамыту туралы келісімді, 2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергиясы мен қуатынының транзиті туралы келісімді ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар Қазақстан БЭЖ-і мен Ресей БЭЖ-інің қатарлас жұмыс істеуі қамтамасыз етілетін, мыналар:

      1) Қазақстан БЭЖ-і арқылы Ресей Федерациясынан беруге жоспарланатын электр энергиясының көлемдерін Тараптар мемлекеттерінің тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органдарының жыл сайын келісуі;

      2) "Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) "KEGOC" акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) (бұдан әрі – KEGOC) мен "Интер РАО ЕЭС" жария акционерлік қоғамы (Ресей Федерациясы) (бұдан әрі – Интер РАО) арасында жасалған шарттар (келісімшарттар) бойынша электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының сағаттық көлемдерін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алу және сату көзделетін қажетті шараларды қабылдайды. Бұл ретте KEGOC пен Интер РАО арасында жасалған шарттар (келісімшарттар) бойынша электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының сағаттық көлемдерін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алу және сату құнында:

      а) электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының диспетчерлік графикте берілгеннен жол берілетін ауытқуының орташа сағаттық шамасы шегінде:

      бір тәулік бұрын баға өтінімдерін бәсекелестік іріктеу қорытындылары бойынша айқындалған бағалар негізінде Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығында қалыптасқан электр энергиясының бағасына сәйкес келетін электр энергиясын сатып алу және сату бағасының теңдігі қамтамасыз етілетіні;

      Қазақстан Республикасының ұлттық электр желісінің және Ресей Федерациясының біртұтас ұлттық (бүкілресейлік) электр желісінің электр желілері бойынша электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шаруашылық жүргізуші субъектілері жүзеге асырмайтыны, көрсетілетін қызметтердің тиісті көлемі міндеттемелер көлемін айқындау кезінде ескерілмейтіні;

      Интер РАО рентабельділік нормасының мөлшері 0,5 пайызды құрайтыны;

      б) электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының диспетчерлік графикте берілгеннен жол берілетін ауытқуының орташа сағаттық шамасынан жоғары:

      электр энергиясын сатып алу және сату бағалары Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығында жасалған және жүйені теңгерімдеу үшін өтінімдерді бәсекелестік іріктеу қорытындылары бойынша электр энергиясы саудасын қамтамасыз ететін шарттар бойынша электр энергиясын сатып алу (сату) құнын негізге ала отырып айқындалатыны;

      Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына берілген электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының сағаттық көлемдерін өтеу мақсатында Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығында жасалған шарттар бойынша қуатты сатып алу құнын, Ресей Федерациясының бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығы субъектілері үшін белгілеген бағалар (тарифтер) бойынша "Россети – Федералдық желілік компаниясы" жария акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Россети) электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерінің құнын және "Біртұтас энергетикалық жүйенің жүйелік операторы" акционерлік қоғамының (Ресей Федерациясы) (бұдан әрі – БЭЖ ЖО) электр энергетикасындағы жедел-диспетчерлік басқару жөніндегі көрсетілетін қызметтерінің құнын негізге ала отырып айқындалатын бағалар бойынша қуатқа ақы төлеу жүзеге асырылатыны;

      KEGOC-тың электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне және оның жүйелік оператор ретіндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу жүзеге асырылмайтыны;

      Интер РАО рентабельділік нормасының мөлшері 2,5 пайызды құрайтыны көзделеді;

      3) Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылатын "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Интер РАО (немесе Интер РАО тұлғалар тобына кіретін, Интер РАО өкілеттік берген ұйым, осы Келісімге қол қойылған кезден бастап (уәкілетті ұйымның атауын жазу қажет) арасында жасалған шарт (келісімшарт) бойынша электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдары жаппайтын электр энергиясын тұтынудың жоспарлы көлемін жабу үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына берілетін электр энергиясын коммерциялық негізде (уәкілетті ұйымның бағасы бойынша) сатып алу;

      4) Қазақстан Республикасының электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге Қазақстан Республикасының тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген, Қазақстан Республикасының өз тұтынушылары үшін электр энергиясын беруге арналған тарифтен аспайтын және электр энергиясын беру жүзеге асырылатын электр беру желілерінің тиісінше техникалық жай-күйін және пайдаланылуын қамтамасыз ететін тариф бойынша ақы төлеу;

      5) цифрлық майнерлердің қажеттіліктері үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына коммерциялық жеткізілімдерді жүзеге асыру бойынша, оның ішінде Қазақстан БЭЖ жүйелік операторы Қазақстан БЭЖ-індегі және (немесе) оның бөліктеріндегі электр энергиясының болжамды тапшылығын жиынтығында бір ай бұрын анықтау мәселесі бойынша консультацияны жалғастыру көзделетін қажетті шараларды қабылдайды.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 06.11.2023 № 978 қаулысымен.

      2. Электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының сағаттық көлемдерін өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алуға және сатуға арналған шарттар бойынша электр энергиясының құнын есептеуде пайдаланылатын электр энергиясы мен қуатының сандық және бағалау параметрлері Ресей Федерациясының коммерциялық инфрақұрылым ұйымдарының есептік құжаттарымен расталады. Бұл ретте электр энергиясының құнында Ресей Федерациясының бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген тариф және "Нарық кеңесі КеӘ" қауымдастығы байқаушы кеңесінің шешімімен Ресей Федерациясының электр энергиясы мен қуатының көтерме нарығы субъектілері үшін белгіленген баға бойынша Ресей Федерациясының коммерциялық инфрақұрылым ұйымдарының көрсетілетін қызметтерінің құны ескеріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.11.2023 № 978 қаулысымен.

      3. Тараптар электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан жол берілетін орташа сағаттық ауытқуының шамасынан асатын ауытқуларды энергия жүйелерінің қалыпты жұмыс режимінен ауытқу ретінде қарайды және осындай ауытқуларды барынша азайтуға бағытталған шараларды қабылдайды. Электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының сағаттық көлемдерін сатып алу мен сатудың қаржылық нәтижесі Ресей БЭЖ-інің көрсетілген ауытқуларды физикалық тұрғыдан реттегені үшін әділ төлем болып табылады.

      4. Тараптардың уәкілетті органдары мемлекетаралық қималардағы қуат ағындары сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының технологиялық негізделген орташа сағаттық шамаларын айқындау әдістемесін келіскенге және бекіткенге дейін электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының жол берілетін орташа сағаттық шамасы 150 МВт-қа (оның ішінде Батыс Қазақстан – Ресей қимасында 30 МВт-қа) тең болып белгіленеді.

      5. KEGOC алдындағы міндеттемелерді орындау мақсатында біртұтас ұлттық (бүкілресейлік) электр желісін басқару жөніндегі ұйымның электр энергиясын беру бойынша Интер РАО-ға көрсеткен қызметтерінің көлемі Интер РАО алдындағы KEGOC міндеттемелерін қалыптастыру үшін осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көзделген қағидалар бойынша айқындалады.

2-бап

      1. Тараптар:

      KEGOC пен Россети, БЭЖ ЖО арасындағы қатарлас жұмыс істеу туралы;

      KEGOC пен Россети арасындағы Қазақстан Республикасының электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөнінде қызметтер көрсету туралы;

      KEGOC пен Интер РАО арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасы арқылы электр энергиясын беру кезінде туындайтын электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының сағаттық көлемдерін өтеу үшін электр энергиясын сатып алу және сату туралы;

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасы арқылы берілетін электр энергиясының мөлшерін сағаттық есептеу және KEGOC пен Россети арасындағы электр энергиясын есепке алудың сағаттық деректерін күн сайын алмасу мен келісуді ұйымдастыру тәртібі туралы шарттарды (келісімшарттарды) бір мезгілде жасасуға Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне жәрдемдеседі.

      2. Тараптар консультациялар өткізеді, олардың барысында кейіннен Солтүстік Қазақстан – Ресей және Батыс Қазақстан – Ресей қималарында электр энергиясының нақты ағындарының ауытқуларын бірыңғай қимада есепке алудың орындылығы не орынсыздығы мәселесі бойынша шешім қабылдау үшін техникалық-экономикалық негіздемені де келіседі.

3-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі қызметті үйлестіруді және оның орындалуын бақылауды Тараптардың мынадай құзыретті органдары жүзеге асырады:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;

      Ресей тарапынан – Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі.

      Көрсетілген құзыретті органдар ауыстырылған жағдайда Тараптар бұл туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

4-бап

      Осы Келісімде көзделген өз міндеттемелерін Тараптардың бірінің орындауына кедергілер тудыратын мән-жайлар не осы Келісімнің ережелерін қолдануға және (немесе) түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары көрсетілген мән-жайларды не келіспеушіліктерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету бойынша өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында консультациялар мен келіссөздер жүргізеді.

      Тараптардың құзыретті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілмеуі мүмкін келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

5-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді.

6-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді және 2022 жылғы 1 қарашадан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны оның қолданылуы тоқтатылатын болжамды күнге дейін кемінде 6 ай бұрын, бірақ осы Келісім күшіне енген күннен бастап кемінде 3 жыл өткен соң жіберу арқылы оның қолданылуын тоқтата алады.

      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылуы кезеңінде осы Келісім шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде оған қол қойылған күннен бастап 15 күн өткен соң уақытша қолданылады. Осы Келісімді уақытша қолдану басталған күннен бастап 2009 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы  келісімді (бұдан әрі – 2009 жылғы 20 қарашадағы келісім) уақытша қолдану тоқтатылады.

      2009 жылғы 20 қарашадағы келісімді уақытша қолдануды тоқтату 2009 жылғы 20 қарашадағы келісім шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      20__ жылғы "_" _______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады