Жекелеген көмір түрлерінің экспортына айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 қарашадағы № 1011 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 2 және 4-тармақтарына, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) экспортына айрықша құқық берілген жекелеген көмір түрлерінің тізбесі;

      2) айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі;

      3) Жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензия беруді жүзеге асыру жөніндегі лицензиар болып айқындалсын.

      3. Жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның қолданылу мерзімі оның қолданылуы басталған күнінен бастап бір жылды құрайды және сыртқы сауда шартының (келісімшартының) қолданылу мерзімімен немесе айрықша лицензия беру үшін негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.

      4. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 17 қарашадағы
№ 1011 қаулысымен
  бекітілген

Экспортына айрықша құқық берілген жекелеген көмір түрлерінің тізбесі

Р/с

Экспортына айрықша құқық берілген көмір түрлері

ЕАЭО СЭҚ ТН коды

1

Тас көмір; брикеттер, шекемтас және тас көмірден алынған қатты отынның ұқсас түрлері

2701

2

Лигнит немесе агломерленген немесе агломерленбеген қоңыр көмiр, гагаттан басқа

2702

      Ескертпе: аббревиатураның толық жазылуы:

      ЕАЭО СЭҚ ТН – Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 17 қарашадағы
№ 1011 қаулысымен
бекітілген

Айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі

      Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 18.10.2024 № 861 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. "SatKomir" тау-кен компаниясы" (СатКомир) акционерлік қоғамы.

      2. "Qarmet" акционерлік қоғамы.

      3. "Евроазиалық энергетикалық корпорация" акционерлік қоғамының филиалы – "Восточный" кеніші".

      4. "Қаражыра" акционерлік қоғамы.

      5. "Майкубен-Вест" акционерлік қоғамы.

      6. "Шұбаркөл көмір" акционерлік қоғамы.

      7. "Шұбаркөл Премиум" акционерлік қоғамы.

      8. "Asia FerroAlloys" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      9. "Exim Artis" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      10. "Kazakhmys Coal" (Казахмыс Коал) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      11. "Sherubai Komir" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      12. "Акжарык Комир" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      13. "Ангренсор Энерго" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      14. "БАС" сауда-өнеркәсіп компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      15. "Богатырь Көмір" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      16. "Бүркіт" отын-энергетикалық компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      17. "ВостокУгольПром" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      18. "Гамма Сарыколь" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      19. "Сарыарқа Көмір" тау-кен байыту компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      20. "Директ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      21. "Құлан-Көмір" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      22. "Кузнецкий" разрезі" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      23. "Рапид" фирмасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      24. "Сарыарқа-ENERGY" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      25. "Сарыозен комир" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      26. "Соқыр Көмір" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      27. "СП "КИЯКТЫ КОМИР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      28. "СТС-1" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      29. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 18.10.2024 № 861 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. "Торговый дом "Майкубен Комир" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      31. "Угольный ресурс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      32. "Эдельвейс+" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      33. "Фирма "Мадина" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      34. "Kazakh Coal Trading" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      35. "MCI Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      36. "Горнопромышленное предприятие Куу-Чек" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      37. "ҚазКөмір Компани" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      38. "Кайнама Комир" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 17 қарашадағы
№ 1011 қаулысымен
бекітілген

Жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабы 7-тармағының төртінші бөлігіне және 45-бабына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларының 19 және 20-тармақтарына сәйкес әзірленді және осы қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті берген жекелеген көмір түрлерін экспорттауға арналған айрықша лицензияның (бұдан әрі – айрықша лицензия) қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.10.2024 № 861 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) лицензиар – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті;

      2) лицензиат – осы қаулыға сәйкес жекелеген көмір түрлерінің экспортына айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушы.

2-тарау. Жекелеген көмір түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібі

      3. Лицензиар мынадай:

      1) лицензиат ерікті өтініш жасаған;

      2) айрықша лицензия беруге негіз болған бір немесе бірнеше құжаттың қолданысы тоқтатыла тұрған;

      3) лицензиаттар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың он бесінші күніне дейін, лицензиарға айрықша лицензияның орындалу барысы туралы есеп ұсынбаған;

      4) лицензиаттар айрықша лицензияның орындалу барысы туралы тоқсан сайынғы есептерде анық емес мәліметтерді көрсеткен;

      5) сот актісі болған жағдайларда айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде лицензиат тиісті өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын өтініште көрсетілген мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.

      5. Айрықша лицензияның қолданысы осы Қағидалардың 3-тармағының 2) – 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған кезде лицензиар мұндай жағдайлар басталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде лицензиатқа айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру негіздерін көрсетіп, оны тоқтата тұру туралы алдын ала шешімді және тыңдау өткізілетін уақыт пен орын (тәсіл) туралы хабарламаны жібереді.

      Осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде айрықша лицензияның қолданысы айрықша лицензияны беруге негіз болған құжаттардың қолданысы қайта басталғанға дейінгі мерзімге, осы Қағидалардың 3-тармағының 3) – 5) тармақшаларда көрсетілген жағдайлар басталған кезде – бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.

      6. Хабарлама айрықша лицензияны беруге арналған өтініште көрсетілген лицензиаттың заңды мекенжайына тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе электрондық мекенжай бойынша не хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

      Лицензиаттың өкілі хабарламаны қабылдаудан бас тартқан кезде оны жеткізетін немесе тапсыратын адам хабарламаға тиісті белгі қояды, ол лицензиарға қайтарылады. Бұл ретте хабарламаны қабылдаудан мұндай бас тарту айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға немесе тоқтатуға негіз болып табылмайды.

      7. Тыңдау хабарланған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдаудың нәтижелері бойынша лицензиар бір жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.

      Айрықша лицензияның қолданысы лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатыла тұрады.

      Айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру оны ұзартуға негіз болып табылмайды.

      8. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатыла тұрған айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау лицензиаттың өтініші бойынша жүзеге асырылады.

      Берілген өтініш негізінде лицензиар үш жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдайды.

      9. Айрықша лицензияның қолданысы осы Қағидалардың 3-тармағының 2) – 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған кезде лицензиат осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін лицензиарға растаушы құжаттардың көшірмелерімен қоса айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғаны туралы өтініш беруге құқылы.

      Лицензиат өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғанын тексереді және мұндай себептердің жойылу фактісі расталған жағдайда айрықша лицензияның қолданысы қайта басталатын күнін көрсете отырып, оны қайта бастау туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 3-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша айрықша лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған кезде айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған сот актісінің күшін жоюды көздейтін сот актісінің негізінде қабылданады.

      Бұл ретте айрықша лицензияның қолданысы лицензиар айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдаған кезден бастап қайта басталады.

      10. Лицензиат айрықша лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған мерзім өткенге дейін айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтініш бермеген жағдайда лицензиар тоқтата тұру мерзімі өткен кезден бастап он жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтату рәсіміне бастама жасайды.

      11. Лицензиар мынадай:

      1) лицензиат айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы ерікті өтініш жасаған;

      2) ол берілген мерзім өткен;

      3) ол жүзеге асыруға берілген іс-қимыл (операциялар) толық көлемде жасалған;

      4) лицензиат осы қаулыға сәйкес айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесінен алып тасталған;

      5) тауар осы қаулыға сәйкес экспортына айрықша құқық берілген жекелеген тауар түрлерінің тізбесінен алып тасталған;

      6) лицензиат таратылған немесе оның құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілген (ұйымдық-құқықтық нысанын, атауын не орналасқан жерін өзгерту);

      7) айрықша лицензияны алу мақсатында өтініш беруші ұсынған құжаттарда анық емес мәліметтер анықталған;

      8) айрықша лицензияны беруге негіз болған бір немесе бірнеше құжаттың қолданысы тоқтатылған;

      9) лицензияны беруге негіз болған шартты (келісімшартты) орындау кезінде мүше мемлекеттің халықаралық міндеттемелері бұзылған;

      10) егер мұндай қызмет түрі өзіне қатысты лицензиялау енгізілген тауардың айналымына байланысты болса, лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыруға арналған лицензия кері қайтарып алынған;

      11) белгіленген тәртіп сақталса, айрықша лицензияны беру мүмкін болмайтын, оны берген кезде жол берілген бұзушылықтарды анықтау;

      12) сот актісі болған;

      13) осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға әкеп соққан себептер жойылмаған жағдайларда айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      12. Осы Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде лицензиат айрықша лицензияның түпнұсқасымен қоса тиісті өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      13. Осы Қағидалардың 11-тармағының 2) – 13) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешімді осындай жағдайлар басталған күні, ал мұндай күнді белгілеу мүмкін болмаған кезде – олар анықталған күннен бастап қабылдайды және лицензиатқа осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген тәртіппен айрықша лицензияның қолданысын тоқтату және лицензиарға айрықша лицензияны қайтару қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      14. Айрықша лицензияның түпнұсқасы қағаз жеткізгіште берілген болса, оны лицензиат айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиарға қайтарады.

      15. Лицензиардың айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешімімен келіспеген жағдайда лицензиаттың Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес лицензиардың мұндай шешіміне шағымдануға құқығы бар.

      16. Лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау немесе тоқтату туралы шешім қабылданған күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және лицензиатқа тиісті хабарлама жібереді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.10.2024 № 861 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады