"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 72-бабының 8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 23 қазандағы № 874 қаулысымен бекітілген |
Негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу қағидаларын бекіту туралы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу қағидалары "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасының Кодексі 72-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу қағидаларын айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) авторлық анықтама – есептің негізгі мазмұны бойынша қысқаша мәліметтер, оны есептердің авторлары дайындайды;
2) қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия – жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның жанынан құрылатын және көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыратын алқалы орган;
3) жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия (кіші комиссия) – жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның жанынан құрылатын және жерасты сулары бойынша жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыратын алқалы орган;
4) құзыретті тұлға – Қазақстандық геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы жария есептілік кодексінде (KAZRC кодексі) (бұдан әрі – KAZRC кодексі) көзделген кәсіптік ұйымға оның қағидаларына сәйкес мүше болып табылатын жеке тұлға (KAZRC кодексінің мақсаттары үшін қазақстандық кәсіптік ұйым осындай деп таныған шетелдік кәсіптік ұйымның мүшесі болып табылатын жеке тұлға да құзыретті тұлға деп танылады);
5) пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және қорларын бағалау туралы есеп – KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған есеп;
6) геологиялық қорларды есептеу (жедел есептеу) жөніндегі есеп – жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес жасалған есеп;
7) пайдалы қатты қазбалар қорларын есептеу жөніндегі есеп – жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін, пайдалы қазбалар қорларын есептеу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жасалған есеп;
8) ридер – KAZRC кодексінде көзделген, есептің KAZRC кодексінің талаптарына сәйкестігін тексеру үшін тартылған, танылған кәсіптік ұйымның мүшесі.
3. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың кен орындары, негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы, олардың құрамындағы құрауыштар, өнеркәсіптік маңызы бар кен орнының тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да сипаттамалары, олардың орналасуы, зерттелу дәрежесі, өнеркәсіптік игерілу дәрежесі, өндіру, шығындар және өнеркәсіптің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру немесе олардың ресурстарын және (немесе) қорларын қайта бағалау нәтижесінде есепті жылы пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалаудағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтиды.
4. Негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу:
пайдалы қатты қазбаларды өндіруге 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған келісімшарттар не берілген лицензиялар бойынша – пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия, қорлар жөніндегі өңіраралық комиссия (кең таралған пайдалы қазбалар бөлігінде) геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізетін жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының нәтижелері немесе KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есептің негізінде;
қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 2023 жылғы 31 желтоқсаннан кейін берілген лицензиялар, сондай-ақ қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиялар немесе келісімшарттар бойынша – KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есептің негізінде;
көмірсутектерді барлауға және өндіруге келісімшарттар бойынша – 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізетін жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының нәтижелері бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының көмірсутек қорлары жөніндегі орталық комиссиясының сараптама нәтижелері бойынша;
тәулігіне бір мың текше метрден астам пайдалану қоры бар жерасты суларына, сондай-ақ пайдалану қорларының көлеміне қарамастан, минералды, өнеркәсіптік, жылу энергетикалық суларына іздестіру-бағалау жұмыстары бойынша – жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізетін жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының нәтижелері бойынша;
пайдалану қоры тәулігіне мың текше метрге дейінгі жерасты суларына арналған іздестіру-бағалау жұмыстары бойынша – жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның кіші комиссиялары геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүргізетін жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
5. Есепті қарау қорытындылары бойынша негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді енгізу Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары мен ресурстарын мемлекеттік есепке алу мақсатында жүзеге асырылады.
2-тарау. Қатты пайдалы қазбаларды KAZRC стандарттары бойынша пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу тәртібі
6. KAZRC кодексінің стандарттары бойынша пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың өтініші бойынша жүзеге асырылады, ол жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға қағаз және (немесе) электрондық түрде еркін нысанда беріледі.
7. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі: KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған және растаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есеп, KAZRC кодексінде көрсетілген кәсіптік ұйымның мүшелігін растайтын құжаттың көшірмесі, ридердің есепке берген оң қорытындысы, ресурстар және (немесе) қорлар контурларының координаттары, мемлекеттік есепте тұрған, ұсынылған ресурстардың және (немесе) қорлардың деректері салыстырып тексерілген кесте (ресурстар және (немесе) қорлар мемлекеттік есепте бар болса).
8. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган оларды қайта ұсыну үшін өтініш берушіге қайтарады, бұл туралы өтініш беруші өтініш келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
9. Құжаттар толық ұсынылған кезде KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған ресурстар және (немесе) қорлар жөніндегі есепті жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде қарайды.
Егер KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған және растаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепте ресурстардың шамасы жүргізілген өндіру мен ысырапты ескергенде бұған дейін бекітілген өнеркәсіптік санаттар қорларына қатысты жиырма бес пайыздан астам азайған болса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыны, пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті дайындаған және тексерген құзыретті тұлғаларды осындай өзгерістердің негізділігі тұрғысынан тыңдайды.
10. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мерзім ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті қабылдау және пайдалы қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын мемлекеттік есепке алуға енгізу туралы немесе пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті оған дәлелді қарсылықпен қайтару туралы шешім қабылдауға тиіс.
11. KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті қайтару туралы шешім KAZRC кодексінің талаптарына сәйкес болмаған жағдайда жүзеге асырылады.
12. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мерзім ішінде KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті қайтарған жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіні қайтару негіздерін көрсете отырып хабардар етеді.
13. Өтініштің алынған ескертулер мен ұсынымдарды ескере отырып пысықталуы шартымен өтініш беруші оны лицензияның не келісімшарттың қолданылу кезеңінде қайта қарауға ұсына алады не жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қарсылығына Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-тармағына сәйкес шағым жасай алады.
14. KAZRC кодексіне сәйкес құзыретті тұлға дайындаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепті қабылдау туралы шешім негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді мемлекеттік есепке алуға немесе өзгерістер енгізуге және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының қорытындылары бойынша бұрын енгізілген мәліметтерді есептен шығаруға негіз болып табылады, бұл туралы өтініш беруші хабардар етіледі.
3-тарау. Қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутектерді жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы бойынша пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу тәртібі
15. Қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутектерді пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізуге берген өтініші бойынша жүзеге асырылады, ол жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға қағаз және (немесе) электрондық түрде еркін нысанда ұсынылады.
16. Өтінішке пайдалы қазбаның түріне байланысты геологиялық қорларды есептеу (жедел есептеу) жөніндегі есеп немесе қатты пайдалы қазбалардың қорларын есептеу жөніндегі есеп, сондай-ақ есепке авторлық анықтама бір данада қоса беріледі.
17. Есеп пайдалы қазбаның түріне байланысты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 2 ақпандағы № 71 бұйрығымен бекітілген Қатты пайдалы қазбалар қорларын есептеу жөніндегі нұсқаулыққа немесе пайдалы қазбалардың қорларын, оның ішінде дәстүрлі емес көмірсутектерге қатыстыларын есептеу жөніндегі нұсқаулыққа (нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31839 болып тіркелген) (бұдан әрі – 2023 жылғы 2 ақпандағы № 71 бұйрық) сәйкес әзірленеді.
18. Осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган оларды өтініш берушіге қайтарады, бұл туралы өтініш беруші өтініш келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
19. Құжаттар толық ұсынылған кезде есеп жер қойнауының мемлекеттік сараптамасына қабылданған болып есептеледі және қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына жіберіледі, ол туралы өтініш беруші өтініш келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
20. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган Кодекстің 277-бабының 6-тармағына, сондай-ақ Кодекстің 277-бабы 14-тармағының жиырма төртінші абзацына сәйкес қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын ұйымдастырады және көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган Кодекстің 141-бабының 5-тармағына сәйкес қорлар жөніндегі орталық комиссия жүргізетін жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын Кодекстің 141-бабының 6-тармағының негізінде үш айдан аспайтын мерзімге ұлғайту мүмкіндігімен үш ай ішінде ұйымдастырады.
21. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген мерзім ішінде есепті қарайды және оң немесе теріс қорытынды қабылдайды.
22. Жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы хаттамамен ресімделеді және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізуіне негіз болып табылады, бұл туралы өтініш беруші қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия сараптама бойынша шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде хабардар етіледі.
23. Жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия сараптама бойынша шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде оны шығару негіздемесімен және есепті пысықтау жөніндегі ұсынымдармен бірге жібереді.
Өтініштің алынған ескертулер мен ұсынымдарды ескере отырып пысықталуы шартымен өтініш беруші оны лицензияның не келісімшарттың қолданылу кезеңінде қайта қарауға ұсына алады.
4-тарау. Жерасты суларын жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы бойынша пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу тәртібі
24. Жерасты суларын жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы бойынша пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың өтініші бойынша және елді мекендерді шаруашылық-ауызсумен жабдықтау үшін жерасты суларына арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады, ол жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға қағаз және (немесе) электрондық түрде еркін нысанда ұсынылады.
25. Өтінішке геологиялық зерттеу нәтижелері туралы есеп және есепке авторлық анықтама бір данада қоса беріледі.
26. Есеп 2023 жылғы 2 ақпандағы № 71 бұйрықпен бекітілген жерасты суларының пайдалану қорларын есептеу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес әзірленеді.
27. Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган оларды қайта ұсыну үшін өтініш берушіге қайтарады, бұл туралы өтініш беруші өтініш келіп түскен күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
28. Құжаттар толық ұсынылған кезде есеп жер қойнауының мемлекеттік сараптамасына қабылданған болып есептеледі және жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына жіберіледі, ол туралы өтініш беруші өтініш келіп түскен күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
29. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сараптаманы Кодекстің 89-бабының 5-тармағына сәйкес мерзімді ұлғайту мүмкіндігімен күнтізбелік 60 (алпыс) күнге дейін жүргізуді ұйымдастырады, күрделілігі жоғары не көлемі үлкен материалдар қаралатын болса, жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасының шешімі бойынша сараптама жүргізу мерзімі ұлғаяды, бірақ күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайды.
30. Жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген мерзім ішінде есепті қарайды және оң немесе теріс қорытынды қабылдайды.
31. Жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның оң қорытындысы хаттама түрінде ресімделеді және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның жерасты суларының саны мен сапасы туралы мәліметтерді мемлекеттік есепке алуға енгізуіне негіз болып табылады, ол туралы өтініш беруші жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия сараптама бойынша шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 18 (он сегіз) күн ішінде хабардар етіледі.
32. Жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның теріс қорытындысын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия сараптама бойынша шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 18 (он сегіз) күн ішінде оны шығару негіздемесімен және есепті пысықтау жөніндегі ұсынымдармен бірге жібереді.
Есеп материалдарының алынған ескертулер мен ұсынымдарды ескере отырып пысықталуы шартымен өтініш беруші оларды лицензияның, арнайы су пайдалануға арналған рұқсаттың қолданылу кезеңінде қайта сараптамаға ұсына алады.