Деректерді басқару жөніндегі талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы № 925 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 43-2-бабының 2-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған деректерді басқару жөніндегі талаптар бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 7 қарашадағы
№ 925 қаулысымен
бекітілген

Деректерді басқару жөніндегі талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Деректерді басқару жөніндегі талаптар (бұдан әрі – талаптар) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 43-2-бабының 2-1-тармағына сәйкес әзірленді және деректерді басқару жөніндегі талаптарды айқындайды.

      2. Талаптардың ережелері:

      құқық қорғау органдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның құрылымына кіретін ұйымдардың, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қолжетімділігі шектеулі мәліметтерді қамтитын ақпараттандыру объектілерін қоспағанда, мемлекеттік органдарға, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне олар жинайтын және өңдейтін бардық деректерге қатысты;

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен уәкілеттік берілген заңды тұлғаларға (бұдан әрі – ұйымдар) қолданылады.

      3. Осы талаптар мыналарды:

      мемлекеттік функцияларды жүзеге асырған және олардан туындайтын қызметтерді көрсеткен кезде деректерді бір мәрте ұсыну және бірнеше мәрте пайдалану мүмкіндігін;

      деректерді басқару қызметін жүзеге асырғанда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым мен ұйымдардың өзара іс-қимыл жасау тәсілдерінің тұтастығын;

      ұсынылған деректердің сапасына дербес жауапкершілікті;

      жеке және заңды тұлғалардың жалпыға қолжетімді ақпаратқа жататын деректерге кемсітушіліксіз қол жеткізуін;

      деректерді оларға тән сипаттамаларының ұқсастығы мен айырмашылығы бойынша ретке келтіруді, деректердің құрылымдық элементтері мен оларды ұсыну форматтарының біріздендірілуін;

      деректер сипатты мен олардың арасындағы байланыстарды жүйелеуді;

      ақпараттандыру объектілерін интеграциялау процесінде деректерді алу (ұсыну) құқықтарын есепке алуды;

      деректерді үндестіру арқылы осындай түрдегі деректерге сәйкес келтіруді;

      негізінен деректерді басқарудың электрондық тәсілдерін пайдалануды;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген иеленушілердің құқықтарын, құпия ақпаратқа жатқызылған деректерге және заңмен қорғалатын өзге де деректерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі құпияға қол жеткізуге шектеулердің сақталуын;

      деректерді пайдалану тәртібінің этикалық нормаларға сәйкестігін;

      деректер сапасын бақылауды;

      "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілеріндегі деректердің онтологиялық бірлігін;

      деректерді өңдеудің цифрлық технологияларын уақтылы ендіру мен жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қолсұғылмаушылық құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді;

      шешім қабылдаудың алқалы болуын және деректерді басқару жөніндегі іс-қимылдың келісілуін ескере отырып, деректерді басқаруды орталықтандыруды;

      деректердің өмірлік циклін басқару тәсілдерінің икемділігін;

      деректерді пайдаланушыға бағдарлануды;

      әкімшілік деректердің сапасын айқындауды қамтамасыз етуге бағытталған.

      4. Осы талаптарды қолдану мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:

      1) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      2) аналитикалық дашборд – "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесінің құралдары оның бірыңғай деректер қоймасы негізінде қалыптастыратын деректерді талдау нәтижелерін визуалдандырудың ақпараттық тақтасы;

      3) атрибут – болмыстың оны сәйкестендіруге, сипаттауға немесе өлшеуге мүмкіндік беретін сипаттамасы (физикалық деңгейде болмыстың атрибутына кестедегі, ұсынымдағы, құжаттағы, бағандағы немесе файлдағы бағанша, жол, тег немесе түйін (қиылысқан тұс) сәйкес келуі мүмкін;

      4) әкімшілік деректер – бастапқы статистикалық және балама деректерді қоспағанда, әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын жеке немесе заңды тұлға жөніндегі жеке-дара сандық (сандар көмегімен өлшенетін) және (немесе) сапалық (белгілі бір қағидат және (немесе) белгі бойынша құрылған) деректер және шаруашылық бойынша есепке алу деректері;

      5) деректер – өңдеуге жарамды, ресімделген түрдегі ақпарат;

      6) деректер қоры (бұдан әрі – ДҚ) – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы өңдеуге жарамды, жүйеленген деректер жиынтығы;

      7) деректер сапасының өлшемшарттары – деректер сапасының жалпы қабылданған, деректер сапасының дәлдік, толықтық, өзара байланыстылық, салыстырмалылық, өзектілік, бірегейлік, дәйектілік, уақтылылық, айқындылық, қолжетімділік сияқты аса маңызды өлшемшарттарын бағалау және бақылау үшін пайдаланылатын өлшемшарттары;

      8) деректер түрі – деректер жиынтығы құрылымының бір немесе бірнеше сипаттау объектілерінің сипаттамаларын көрсететін сипаты;

      9) деректерді иесіздендіру – жасалу нәтижесінде сипаттау объектісін сәйкестендіру мүмкін болмайтын іс-қимылдар;

      10) деректерді басқару – деректерді айқындауға, жасауға, жинауға, жинақтауға, сақтауға, таратуға, жоюға, қолдауға, сондай-ақ олардың аналитикасын, сапасын, қолжетімділігін, қорғалуын қамтамасыз етуге байланысты процесс;

      11) деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – деректерді басқару жөніндегі басшылықты және салааралық үндестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      12) деректерді өңдеу – деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесіздендіруге, бұғаттауға, архивтеуге және жоюға бағытталған іс-қимыл;

      13) деректерді пайдаланушы – деректерді сұрататын және (немесе) пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;

      14) деректерді сақтау – деректердің тұтастығын, құпиялылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл;

      15) деректер аналитикасы – шешім қабылдау үшін ақпарат пен тұжырым алу мақсатында деректерді өңдеу процесі;

      16) деректер сапасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес деректердің пайдалануға жарамдылық дәрежесін көрсететін сипаттама;

      17) деректер сапасын бағалау – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес деректердің пайдалануға жарамдылық дәрежесін айқындау процесі;

      18) домен деректерінің тұжырымдамалық моделі – түйінді атрибуттарымен және олардың арасындағы байланыстарымен доменнің негізгі болмысы түрінде ұсынылған домен деректерінің моделі;

      19) лог – қосымшалардан, ақпараттандыру объектісі өнімділігінен немесе пайдаланушылар әрекеттерінен алынған оқиғалардың хронологиялық ретпен егжей-тегжейлі тізімі бар файл;

      20) эталондық деректер – шешім қабылдау үшін негіз болатын пәндік сала объектілерін бастапқы есепке алудың құрылымдалған деректері;

      21) деректер аналитикасына тапсырыс беруші – мемлекеттік органдар мен ұйымдар;

      22) цифрланбаған деректер – ақпараттандыру объектілерінде қамтылмаған қағаз түріндегі деректер;

      23) цифрлық бейін – сипаттау объектісі туралы ұйымдардың әртүрлі эталондық ДҚ-да көрсетілетін деректер жиынтығы;

      24) цифрлық трансформация – цифрлық технологияларды ендіруді, реинжинирингті және деректерді пайдалануды қамтитын іс-шаралар кешені;

      25) "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – өзіне бекітіп берілген "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;

      26) "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы (бұдан әрі – сервистік интегратор) – "электрондық үкімет" архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ Ақпараттандыру туралы заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;

      27) "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесі (бұдан әрі – SDU) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі бойынша аналитикалық ақпарат беру мақсаттары үшін мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің құрылымдалмаған және құрылымдалған деректерінің бірыңғай қоймасын қалыптастыруға арналған ақпараттандыру объектісі;

      28) Change Data Capture (бұдан әрі – CDC) – ДҚ-ға енгізілген өзгерістерді сәйкестендіруге, тіркеуге және жеткізуге негізделген деректерді интеграциялау тәсілі;

      29) Extract, Transform, Load (бұдан әрі – ETL) – деректерді дереккөзден деректер қоймасына шығару, түрлендіру және жүктеу процесі.

      5. Бюджет қаражаты есебінен жасалатын, жинақталатын және сатып алынатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдермен алынған деректердің меншік иесі мемлекет болып табылады.

      6. Мемлекеттік құпияларға, қызметтік немесе құпия ақпаратқа жатқызылған деректерді басқару осы талаптарға сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      7. Деректерді басқарудың мемлекеттік саясатына басшылық жасауды және оны іске асыруды қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      8. Деректер электрондық және қағаз тасымалдағышта тіркеледі. Ұйымдар деректерді басқару шеңберінде мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті деректерді және олардың аналитикаларын электрондық нысанға аударуды қамтамасыз етеді.

      9. Деректерді басқару келесі түрлерге бөлінеді:

      мазмұны бойынша:

      1) метадеректер – деректердің құрылымы мен сипаттамаларын сипаттайтын деректер.

      Метадеректер мынадай түрлерге бөлінеді:

      функционалдық метадеректер: деректер сапасын қамтамасыз ету кезінде пайдаланылатын мәліметтерді қоса алғанда, ұйым қызметінің ерекшелігіне тікелей қатысы бар деректердің мазмұны мен жай-күйін сипаттайды;

      техникалық метадеректер: деректер мен оларды сақтау жүйелерінің техникалық сипаттамаларын сипаттайды;

      операциялық метадеректер: деректерді өңдеу мен оларға қол жеткізуді басқару процестерін сипаттайды (деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде пайдаланылатын мәліметтер);

      2) анықтамалық деректер – анықтамалықтардан, халықаралық, ұлттық және ведомстволық жіктеуіштерден алынған позициялар;

      3) транзакциялық деректер – уақыттың белгілі бір сәтіне қатысты деректердің өзгеру нәтижесін көрсететін, болашақта өзгермейтін мәліметтер;

      деректердің ұйымдастырылу сипаты бойынша:

      1) құрылымданбаған деректер – формаға келтірілмеген түрдегі, күрделі немесе өңдеуге жарамсыз деректер;

      2) құрылымдалған деректер – өңдеуге жарамды реттелген деректер.

      10. Деректердің өмірлік циклі келесі кезеңдерден тұрады:

      деректерді жасау (жинау);

      деректерді сақтау және оларды жүргізу;

      деректерді пайдалану;

      деректер сапасын басқару;

      деректерді архивтеу (немесе оларды жою).

      11. Деректерді басқару мақсатында ұйымдар мыналарды айқындауды қамтамасыз етеді:

      1) жетекшілік ететін саладағы деректерді, стратегиялық бағыттарды басқаруға және деректерді басқару саясатын айқындауға жауапты тұлғаларды;

      2) функцияларына мыналар кіретін деректерді басқаруға жауапты тұлғаларды (деректер менеджері):

      осы талаптардың сақталуын және ұйымның деректерді басқару саясатын мониторингтеу;

      тиісті жауапты тұлғалардың ДҚ-ның өзекті, толық және теңтүпнұсқалық мәліметтермен уақтылы толықтыруын үйлестіру;

      "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінде орналастырылған осындай деректермен SDU деректерінің дәлме-дәлдігі тұрғысынан ішкі бақылауды жүргізу;

      интеграция арқылы көрсеткіштер (салалық деректер) бойынша мәліметтердің SDU-ға уақтылы енгізілуін мониторингтеу және көрсеткіштерге верификация жүргізу;

      интеграциялық сервистерді сервистер тізілімінде орналастыруды қамтамасыз ету;

      ақпараттандыру объектілерінің деректер паспорттарын (бұдан әрі – деректер паспорты) толтыру, деректер түрлерін, олардың деректерін сипаттау жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      деректерді басқару жөніндегі ішкі актілерді әзірлеу және келісу;

      ақпараттандыру объектілерін жасауға және дамытуға арналған жобалық және техникалық құжаттаманың осы талаптарға сәйкестігін тексеру;

      деректерді басқару бөлігінде қызметкерлерді оқыту және олардың біліктілік деңгейін жоғарылату жөнінде іс-шаралар өткізу;

      ұйымға тиесілі ДҚ-ның іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      деректерді басқару технологияларын ендіруді қамтамасыз ету;

      деректердің бүкіл өмірлік циклі шеңберінде деректерді қорғау талаптарының сақталуын ұйымдастыру;

      ұйым деректерінің сапасын қамтамасыз ету.

      12. Әкімшілік деректердің сапасын айқындауды мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Әкімшілік деректердің сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының 2024 жылғы 19 наурыздағы № 2 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34168 болып тіркелген) Әкімшілік деректердің сапасын бағалау қағидаларына сәйкес деректерді бақылаушы жүзеге асырады.

2-тарау. Деректерді айқындауға, жасауға, жинауға және жинақтауға қойылатын талаптар

1-параграф. Деректерді айқындауға қойылатын талаптар

      13. Ұйымдардың ДҚ-да қамтылған деректерді айқындау мақсатында деректер түрлері, олардың арасындағы байланыстар туралы мәліметтердің жүйеленген тізбесі болып табылатын деректер каталогы (бұдан әрі – каталог) қалыптастырылады және жүргізіледі.

      14. Каталогты қалыптастыру және жүргізу мақсаттары:

      ұйым деректерінің құрамы мен құрылымы туралы бірыңғай ақпарат көзін

      қалыптастыру;

      мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау шеңберінде ұйымдардың деректерді бірлесіп пайдалануы үшін жағдайлар жасау;

      деректерді құрылымдау;

      деректер сапасын қамтамасыз ету;

      ұйым деректеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін құқықтық жағдай жасау;

      деректер аналитикасын жүргізу;

      ақпараттандыру объектілерін интеграциялау жолымен эталондық деректер туралы мәліметтерді қоса алғанда, каталогта ескерілген деректер туралы мәліметтерді іздеу және тексеру;

      ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын мемлекеттік органдардың ашық деректер тізбесін қалыптастыру;

      сипаттау объектілері бойынша цифрлық бейіндер қалыптастыру;

      үндестіру жолымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес деректерді осындай түрдегі деректерге сәйкес келтіру.

      15. Каталогты "электрондық үкімет" архитектуралық порталында сервистік интегратор мен ұйымдар:

      осы талаптарға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпараттандыру объектілері деректерінің паспорттарын жасау және цифрланбаған деректерді сипаттау, оларға мәліметтерді енгізу, сондай-ақ мәліметтерге өзгерістер енгізу;

      деректер паспортын және цифрланбаған деректердің сипаттамасын толтыруды қамтамасыз ету;

      деректер паспортының нысанын толтыруды және цифрланбаған деректердің сипатын келісу арқылы қалыптастырады.

      Деректер паспортының толтырылған нысандары мен цифрланбаған деректердің сипаттамаларын деректер менеджері мен қызмет интеграторы келіседі.

      Құрылатын және (немесе) дамытылатын ақпараттандыру объектілері бойынша деректер паспортының нысанын толтыруды, цифрланбаған деректердің сипаттауды және оларды келісуді ұйымдар ақпараттандыру объектісі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілгенге дейін жүзеге асырады.

      16. Каталогты "электрондық үкімет" архитектуралық порталында сервистік интегратор жүргізеді.

      Каталогты жүргізу деп оны жүргізу үшін ұйымдастырушылық және техникалық жағдайларды қамтамасыз ету түсініледі.

      17. "Электрондық үкімет" архитектурасын қалыптастыру шеңберінде сервистік интегратор мыналарды:

      "электрондық үкімет" архитектуралық порталында деректер паспорттарын қалыптастыру мен жүргізудің және цифрланбаған деректерді сипаттаудың техникалық мүмкіндігін;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға (бұдан әрі – БТ) сәйкес каталогта қамтылған мәліметтерді қорғауды;

      "электрондық үкімет" архитектуралық порталында деректер паспорттарын қалыптастыру және цифрланбаған деректерді сипаттау мәселелері бойынша техникалық, әдіснамалық және ақпараттық қолдауды;

      сипаттама объектілері бойынша цифрлық бейіндерді қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      Сервистік интегратор операторға каталогты оқуға қол жеткізу мүмкіндігімен цифрланбаған деректердің қалыптасқан деректер паспорттары мен сипаты туралы хабарлайды.

      18. Ұйымдар (салалық сарапшылар) сервистік интегратормен бірлесіп деректерді ақпараттандыру объектілеріне, ДҚ-ға егжей-тегжейлі беруді сипаттай отырып, бизнес-процестерге талдау жүргізе отырып, эталондық деректер көздерін қалыптастырады.

      19. Ақпараттандыру объектілерінде басқа ақпараттандыру объектісінде көзделген эталондық деректерді айқындауға рұқсат берілмейді.

      20. Ұлттық тіркелім – "электрондық үкімет" архитектурасы шеңберінде айқындалатын салалар (аялар) бойынша деректердің эталондық көздері.

      Ұлттық тіркелімдердің тізбесін мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық тіркелімдерде қамтылған деректердің тиісті сапасын қамтамасыз етеді.

      21. Эталондық деректер ақпараттандыру объектілеріндегі деректер мен эталондық деректер арасындағы қайшылықтардың бар-жоғын айқындау және белгілеу және кейіннен қайшылықтарды жою мақсатында деректердің осындай түрін олармен салыстыру үшін пайдаланылады.

      22. Каталогтағы мәліметтерді ұйымдар өтеусіз негізде ала алады.

      Ашық деректер нысанында орналастырылатын жалпыға қолжетімді ақпарат болып табылатын мәліметтер негізінде каталогта қалыптастырылған деректер түрлері туралы мәліметтерді жеке және заңды тұлғалар өтеусіз негізде ала алады.

      Каталогтағы қолжетімділік шектеулі деректер болып табылатын мәліметтер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген осындай мәліметтерге қол жеткізу құқықтарына сәйкес ұсынылады.

      23. Цифрланбаған деректерді сипаттау осы талаптарға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүзеге асырылады.

      Ұйымдардың деректері қағаз түрінде, электрондық кестелерде, тізілімдерде цифрланбаған деректер сипатына енгізіледі және толтырылады.

      Цифрланбаған деректерді сипаттау үш кезең бойынша жүзеге асырылады:

      1) ұйымдардың қазіргі деректерін талдау және Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жүргізу негізінде цифрланбаған деректерді қалыптастыру;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын талдаудан алынған деректер субъектілері мен объектілері бойынша эталондық деректерді қалыптастыру, болмысын айқындау, әрбір болмыс үшін атрибуттардың бірегей жиынын айқындау;

      3) түйінді атрибуттары бар доменнің негізгі болмысы және олардың арасындағы байланыс түрінде ұсынылған домен деректерінің тұжырымдамалық моделін құру үшін болмыстар арасындағы өзара байланысты қалыптастыру.

2-параграф. Деректерді жасауға, жинауға және жинақтауға қойылатын талаптар

      24. Ұйымдардың деректерді жасауы, жинауы және жинақтауы оларға жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау үшін қажетті әрі жеткілікті көлемде жүзеге асырылады.

      25. Деректерді басқару кезінде ұйымдар деректерді пайдалану мен қайта пайдалануды (қажетті өзгерістерді ескеріп), деректер аналитикасы негізінде түпкілікті тұтынушылардың мұқтажына байланысты деректерді жасау мен пайдаланудың жаңа тәсілдерін қамтамасыз етеді, бұл ретте деректер "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінде бар болса, оларды қайта жинауға жол берілмейді.

      Жеке және заңды тұлғалардан жиналатын немесе талап етілетін деректер "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінде болмаса, мұндай жинау және талап ету автоматтандыру арқылы жүзеге асырылады.

      26. Деректерді жасау, жинау және жинақтау "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектісінің, олардағы деректердің, интеграцияның, деректерді басқару тәсілдері мен құралдарының сипаты ретіндегі "электрондық үкімет" архитектурасының қабаты болып табылатын деректер архитектурасына сәйкес жүзеге асырылады.

      27. Жеке және заңды тұлғалардан деректер жинаған кезде ұйымдар ақпарат беретін тұлғалар тобын сәйкестендіруді және ұлттық анықтамалық ақпарат элементтерін қолдануды қамтамасыз етеді.

      28. Деректер архитектурасын сервистік интегратор деректер паспорттары мен цифрланбаған деректердің сипатын қоса алғанда, каталог негізінде қалыптастырады.

      29. Домен деректерінің тұжырымдамалық моделін осы жобалау домендердің архитектурасын деректердің паспорттары негізінде сервистік интегратор ұйымдармен бірге қалыптастырған кезде жүзеге асырылады.

      Ұйымдар ай сайын, есепті айдан кейінгі әр айдың 5-і күні домен деректерінің тұжырымдамалық моделіндегі мәліметтердің өзектілігін тексеруді жүзеге асырады және каталогқа тиісті өзгерістер енгізеді.

      Каталогқа өзгерістер енгізуді деректер менеджері және сервистік интегратор келіседі.

      Деректер архитектурасына өзгерістер енгізуді сервистік интегратор Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 12 тамыздағы № 193/НҚ бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19249 болып тіркелген) "Электрондық үкіметтің" архитектурасын қалыптастыру және іске асырылуын мониторингілеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      30. "Электрондық үкімет" архитектурасына сәйкес ұйымдар деректерді "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық платформасына береді (көшіреді).

3-тарау. Деректердің сапасы мен оларды қолдауға қойылатын талаптар

1-параграф. Деректер сапасын басқаруды ұйымдастыру

      31. Деректер сапасын басқару деректер сапасының мынадай өлшемшарттарын бақылау бойынша келісілген қызметті ұйымдастыруды көздейді:

      дәлдік, деректерді нақтылаудың қажетті деңгейін айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      толықтық, деректер жиынтығы мен олардың атрибуттарын толтырудың жеткіліктілігін айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      өзара байланыстылық, байланысты әртүрлі деректер жиынтығындағы деректердің қаншалықты қайшылықсыз екенін айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      салыстырмалылылық, түрлі көздерден немесе түрлі уақыт кезеңінде алынған деректерді қаншалықты салыстыруға және пайдалануға болатынын айқындайтын деректердің, сапа өлшемшарты;

      өзектілік, белгілі бір уақытта модельденетін сала деректерінің сәйкестік дәрежесін айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      бірегейлік, деректердің қайталанбауын айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      дұрыстық, деректердің модельденетін саланы қаншалықты дұрыс сипаттайтынын айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      уақтылылық, қажетті уақытта пайдаланушыға деректердің қолжетімділігін айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      айқындық, пайдаланушының түсінуі мен пайдалануының жеңілдігін айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты;

      қолжетімділік, деректерге еркін қолжетімділіктің бар-жоғын айқындайтын деректердің сапа өлшемшарты.

      Айқындық және қолжетімділік өлшемшарттары бойынша деректер сапасын айқындау тек мемлекеттік статистика органдарына қатысты жүзеге асырылады.

      Деректердің сапа өлшемшарттарының біріне деректердің сәйкес келмеуі оларды дұрыс емес деп айқындауға негіз болып табылады.

      32. Деректер сапасын қамтамасыз ету және арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу үш кезеңде жүзеге асырылады:

      1) деректер сапасын қамтамасыз ету және арттыру жөніндегі іс- жоспарлау;

      2) деректер сапасын қамтамасыз ету және арттыру жөніндегі іс-шаралар өткізу;

      3) деректер сапасын қамтамасыз ету және арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу тиімділігін бағалау.

      33. "Дәлдік" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым "Дәлдік" өлшемшартына қатысты деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе әсерін азайту) шараларын ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      бірыңғай әдістер мен құралдарды пайдалануды қоса алғанда, деректерді жинау, енгізу және өңдеу үшін стандарттық операциялық рәсімдерді әзірлеуге және ендіруге;

      деректердің өмірлік циклінің барлық кезеңдеріндегі деректерді тексеру және валидациялау рәсімдерін ендіруге;

      әдеттен тыс мәндерді айқындау үшін деректерді тексеруді жүзеге асыруға бағытталған.

      34. "Толықтық" көрсеткіші бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету және арттыру мақсатында ұйым "Толықтық" көрсеткішіне жататын деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе олардың әсерін қысқарту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      толтырылуы міндетті деректердің атрибуттарын нақтылауға және деректердің сапасын бақылаудың тиісті тәртібін нақтылауға;

      деректердің толтырылмаған атрибуттарын мезгіл-мезгіл тексеруге және айқындауға, "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінде айқындалған қателер мен деректердің сәйкессіздіктерін жоюға;

      "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінде деректерді өңдеу кезінде деректер атрибуттарының толықтығын бақылау бөлігінде форматты-логикалық бақылауды жетілдіруге (күшейтуге), деректерді жинау мен өңдеуді жүзеге асыратын "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектісінің деректерін енгізу нысандарын дамытуға (пысықтауға);

      деректерді толықтыруға (молықтыруға) және деректерді белгіленген деректер көздерімен үндестіруді (молықтыруды) жүргізуге мүмкіндік беретін деректер көздерін белгілеуге;

      деректерді өңдеу процестерін оңтайландыруға (деректерді қолмен енгізуді қысқартуға) бағытталған.

      35. "Өзара байланыстылық" көрсеткіші бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету және арттыру мақсатында ұйым "Өзара байланыстылық" өлшемшартына жататын деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе олардың әсерін азайту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      деректердің өзара қайшылықсыздығына;

      эталондық деректер көздерін белгілеуге;

      деректерді белгіленген деректер көздерімен үндестіруге бағытталған.

      36. "Салыстырмалылық" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым "Салыстырмалылық" өлшемшартына қатысты деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе әсерін азайту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      эталондық деректерді пайдалануға;

      уақыт бөлінісінде, өңірлік және салалық бөліністерде деректерді салыстыруға;

      ақпараттандыру объектілерін интеграциялауға;

      ұлттық анықтамалық ақпараттың өзекті элементтерін пайдалануға бағытталған.

      37. "Өзектілік" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым "Өзектілік" көрсеткішіне жататын деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе олардың әсерін қысқарту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      өзектілендіруді талап ететін деректерді анықтау тәртібін белгілеуге (мысалы, деректердің ескіру мерзімін айқындауға) және деректерді өзектілендірудің тәртібі мен кезеңін айқындауға;

      деректердің ресми статистикалық ақпарат өндірісінде пайдаланудың қазіргі және ықтимал қажеттігіне сәйкестік дәрежесін айқындауға;

      ұдайы негізде ақпараттандыру объектілерінен өзекті деректерді алуға бағытталған.

      Ақпараттандыру объектілерінде деректерді толтыруға жауапты ұйымдар мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету үшін пайдаланылатын деректердің өзектілігін үнемі қамтамасыз етеді.

      38. "Бірегейлік" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым "Бірегейлік" өлшемшартына жататын деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе олардың әсерін қысқарту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      мәндерінің қайталануына жол берілмейтін (бірегейлік) деректер атрибуттарын (атрибуттар тобын) нақтылауға және қайталанатын жазбаларды анықтауға (жазбаларды салыстыруға), қайталанатын жазбаларды анықтаудың және оларды жоюдың (деректерді біріктіру немесе жою) кезеңдерін нақтылауға;

      қайталанатын жазбаларды (дубльдерді) анықтау тәртібін ендіру бөлігінде деректерді өңдеу кезіндегі форматты-логикалық бақылауды жетілдіруге (күшейтуге) бағытталған.

      39. "Дұрыстық" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым "Дәйектілік" өлшемшартына жататын деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе олардың әсерін қысқарту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      деректер атрибуттарының мәндерін бақылау тәртібін нақтылауға (мысалы, әдеттен тыс мәндерді анықтау, интервалдық мәндерді бақылау, ендіру бүркемелеріне сәйкестік, қайшылықтарды анықтау) және "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінде деректерді өңдеу кезіндегі форматты-логикалық бақылауды жетілдіруге (күшейтуге);

      деректерді салыстырып тексеруге, эталондық деректер көздерін айқындауға мүмкіндік беретін деректер көздерін белгілеуге;

      деректерді эталондық деректер көздерімен, ұлттық анықтамалық ақпаратпен үндестірудің тәртібі мен кезеңін қалыптастыруға;

      деректердегі сәйкессіздіктерді анықтауға және анықталған сәйкессіздіктерді жою мақсатында деректерді белгіленген деректер көздерімен салыстыру тәртібі мен кезеңін қалыптастыруға бағытталған.

      40. "Уақтылылық" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым "Уақтылылық" өлшемшартына жататын деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе олардың әсерін азайту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, олар:

      деректердің өзара қайшылықсыздығына;

      эталондық деректер көздерін белгілеуге;

      деректерді белгіленген деректер көздерімен үндестіруге;

      әкімшілік деректерді белгіленген мақсаттарға сәйкес мерзімдерде алуға;

      деректердің пайдаланушыға қажетті уақытта қолжетімді болуына;

      мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізу үшін әкімшілік деректерді ұсынуға бағытталған.

      41. "Айқындылық" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректердің сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым себептерді жою (немесе әсерін азайту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және жүзеге асырады, "Айқындылық" өлшемшартына жататын деректер сапасының индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер етеді, олар:

      деректерді оқуға ыңғайлы және құрылымдалған нысанда ұсынуға (кестелер, графиктер, диаграммалар);

      деректердің мағыналарын және оларды пайдалану мәнмәтінін түсіндіретін аннотациялар мен метадеректерді қосуға;

      деректерді визуализациялау әдістерін қолдануға (диаграммалар, интерактивті және ақпараттық тақталары);

      деректердің нысаналы аудитория үшін қолжетімділігі мен түсініктілігі тұрғысынан тестілеуді жүргізуге (фокус-топтар, сауалнамалар) бағытталған.

      42. "Қолжетімділік" сапа өлшемшарты бойынша деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар:

      Деректердің дұрыстығына қойылатын талаптардың орындалуы бөлігінде деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру мақсатында ұйым "Қолжетімділік" өлшемшартына жататын деректер сапасы индикаторларының талаптарға сәйкес келмейтін мәндеріне әсер ететін себептерді жою (немесе олардың әсерін қысқарту) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді, олар:

      деректерді алудың қарапайымдылығына және берудің жеңілдігіне;

      деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етуге;

      деректерді жүйелі түрде жаңартуға және архивтеуге бағытталған.

      43. Деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізуді жоспарлау деректер сапасын бағалау нәтижелерін мониторингтеу және талдау негізінде жүзеге асырылады.

      44. Деректер сапасын қамтамасыз ету мен арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу деректер сапасы индикаторларының мәндерінің төмендеуіне әсер ететін себептерді жою немесе қысқарту мақсатында үнемі жүзеге асырылады.

      45. Деректер сапасын басқару шеңберінде ұйымдар CDC арқылы эталондық ДҚ-лардағы деректердің өзгеруін қадағалап тұру бөлігінде ДҚ логтарын қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      46. Деректер сапасын арттыру мақсатында сервистік интегратор ұйымдар қалыптастыратын деректерге талдау жүргізеді және деректер сапасын арттыру бойынша ұйымдардың орындауы үшін міндетті ұсынымдар береді.

      47. Деректер сапасының мониторингіне ұйым қабылдаған тексеру және деректер сапасын қамтамасыз ету тәртібіне сәйкес ұйымның деректерді өңдеуге қатысатын барлық персоналы жұмылдырылады.

      48. Деректер сапасын бағалау объектісі ақпараттандыру объектісінде қамтылған және каталогқа енгізілген деректер тізбесіне сәйкес келетін деректер болып табылады.

      49. Ұйымдағы деректер сапасын ішкі бағалауды ұйым қабылдаған, мыналарды:

      1) деректер сапасы индикаторларының ағымдағы мәндерін айқындауды;

      2) деректер сапасы индикаторларының алынған мәндерін бағалауды;

      3) деректер сапасын ішкі бағалау нәтижелерін тіркеуді;

      4) айқындалған деректер сапасының өлшемшарттарына сәйкессіздіктерді жоюды көздейтін деректерді тексеру және олардың сапасын қамтамасыз ету тәртібіне сәйкес деректер сапасы жөніндегі менеджер жүзеге асырады.

      50. Деректер сапасын бағалауды деректерді пайдаланушылар бастамашылық тәртіппен жүзеге асырады.

      51. Деректер сапасын бағалау ұйымда жүргізіледі, тексерудің белгіленген тәртібі ескеріліп және тұрақты бағалау жүргізу жиілігі (кезеңділігі) мен тәсіліне қойылатын осы талаптардың сапасы қамтамасыз етіліп, деректердің әрбір түріне қатысты ұдайы жүзеге асырылады.

      52. Деректер сапасын бағалау нәтижелерін сервистік интегратор талдайды және деректер сапасын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін бастапқы деректер болып табылады.

2-параграф. Деректерді қолдауға қойылатын талаптар

      53. Деректер сапасын қолдау мақсатында ұйым мынадай іс-шараларды регламенттейді, ұйымдастырады және өткізеді:

      1) мыналарға:

      деректер сапсы инциденттерін өңдеуге;

      деректер қателері мен сәйкессіздіктерін айқындауға;

      деректерді өңдеу кезіндегі форматты-логикалық бақылауды жетілдіруге (күшейтуге);

      деректерді өңдеу процестерін оңтайландыруға;

      деректерді жүйелеуге және үндестіруге бағытталған деректер сапасының тұрақты мониторингі;

      2) деректерді өңдеуге қатысатын персоналды оқыту (біліктілігін арттыру);

      3) деректер сапасын бағалауды ұйымдастыру.

      54. Деректердегі қателер деп мыналар түсініледі:

      техникалық қате – жаңылыс, грамматикалық немесе арифметикалық қате не деректерді жинау мен өңдеу кезінде жіберілген және ақпараттандыру объектісіндегі мәліметтердің ақпараттандыру объектісіне мәліметтер енгізуге негіз болған құжаттардағы мәліметтерге сәйкес келмеуіне әкеп соққан қате;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және деректерді жинау мен өңдеу процестерін регламенттейтін талаптарға жататын деректердің сәйкес келмеуі.

      55. Техникалық қатені ұйым және (немесе) пайдаланушылар мемлекеттік функцияларды орындау мен мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде деректерді жинау және өңдеу процесінде анықтайды.

      56. Техникалық қателерді жою кез келген мүдделі тұлғаның (бұдан әрі – өтініш беруші) техникалық қатені түзету туралы өтініші негізінде және деректердегі техникалық қатені түзету туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.

      57. Белгілі бір немесе айқындалатын тұлғаға, оның мүлкіне немесе құқықтарына қатысты деректерде техникалық қателер, қайшылықтар анықталған немесе деректер толық болмаған кезде мұндай тұлға ұйымға деректердегі қателерді түзету немесе ұйымдар басқаратын деректерді толықтыру туралы қағаз немесе электрондық нысанда өтініш жібереді.

      Деректерді жинау мен өңдеуді қамтамасыз ету кезінде ұйым деректердің қателері мен толық болмауын өз бетінше түзетеді.

      Өтініш берушінің заңды мүддесіне зиян келтірілген немесе ол бұзылған болса, қатені түзету тиісті уәкілетті органдарға өтініш бойынша жүргізіледі.

      Техникалық қателерді түзетуге байланысты туындайтын даулар сот тәртібімен қаралады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде анықталған деректерді түзету "электрондық үкімет" порталы, eGovMobile мобильді қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтарының интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жіберілген өтініш негізінде жүзеге асырылады.

      Ұйым техникалық қатені түзеткен сәттен бастап өтініш берушіге және деректерді пайдаланушы – қатынастарға тиісті қатысушыларға деректердегі техникалық қатенің түзетілгені туралы хабарлайды.

      58. Деректердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты деректердегі қателер түрлерге бөлінеді және анықталған қателіктердің тиісті түрі бойынша инциденттерде тіркеледі:

      жабу (қамту) бойынша – деректерде талап етілетін (сұратылатын) сипаттау объектісі немесе сипаттау объектілерінің тобы туралы жазбалардың болмауына байланысты қателерді тіркейтін инцидент түрі;

      толықтық бойынша – міндетті санатқа жататын атрибуттардың деректер түрінің жазбаларында толтырылмауына немесе толық толтырылмауына байланысты қателерді тіркейтін инцидент түрі;

      дәлдік пен қайшылық бойынша – берілген деректердің пайдалану мақсаттарына немесе эталондық көзден алынған деректерге және өлшеу нәтижесінде алынған деректерге сәйкес келмеуіне байланысты қателерді тіркейтін инцидент түрі (инцидент түрлі ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтерде қайшылықтар (сәйкессіздіктер) анықталған кезде қалыптасады);

      уақтылылық бойынша – ұсынылған деректердің белгіленген немесе ерікті уақыт сәттеріне қатысты өзекті күйге сәйкес келмеуіне байланысты қателерді тіркейтін инцидент түрі;

      бірегейлік бойынша – ұсынылған бірегей деректерде жазбалардың дубльдерінің болуына байланысты қателерді тіркейтін инцидент түрі;

      келісімділік бойынша – ұсынылған деректердің белгіленген ұсыну және белгілеу тәртібімен толық немесе ішінара сәйкес келмеуіне, тиісті талаптардан немесе стандарттардан ауытқуына байланысты қателерді тіркейтін инцидент түрі;

      тұтастық бойынша – ұсынылған деректерде деректер (жазбалар және деректер агрегаттары) арасындағы дұрыс емес байланыстардың болуына байланысты қателерді тіркейтін инцидент түрі;

      басқалары – осы талаптарда сәйкестендірілмеген қателерді тіркейтін инцидент түрі.

      59. Деректердегі қателерді айқындау шеңберінде автоматтандырылған форматты-логикалық бақылау жүзеге асырылады, ол мыналарды тексеруді көздейді:

      деректердің деректер паспортында берілген сипаттау объектісін сипаттайтын деректер атрибуттарының мәндеріне қойылатын қосымша талаптарға және деректер атрибуттарының базалық қасиеттеріне сәйкестігі:

      берілген деректер құрамының сұрау салуға сәйкестігі;

      толтырылмаған міндетті атрибуттардың болмауы – міндетті санатқа жататын деректер түрінің барлық атрибуттары деректермен толтырылуға тиіс;

      сәйкестендіргіш ретінде айқындалған атрибуттарда дубльдердің болмауы – деректер массивінде сәйкестендіргіштердің дубльдерін, яғни деректер түрінің бірдей сәйкестендіргіштерін қамтитын екі немесе одан көп жазбаларды жою қажет;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, жазылу және деректер бойынша сұрау салу бойынша деректерді уақтылы ұсыну.

      60. Ұйым деректердегі қателік фактісін растаған кезде деректер түріне жататын деректерге қол жеткізу құқығы бар пайдаланушыларға тиісті инцидент туралы хабарлама жіберіледі.

      Деректер түрінде қателік белгіленсе және эталондық деректер бар болса, хабарламада деректердегі қателік жойылғанға дейін осындай деректермен (мәндер бөлігінде) үндестіруді тоқтата тұру туралы талап белгіленеді.

      61. Ұйым қателіктің пайда болу себебін айқындайды және оны жою үшін дереу шаралар қабылдайды.

      Деректердегі қателіктерді жоюға байланысты жазбаларға түзету енгізу нәтижелері бойынша деректер беруші ұйым деректерге қол жеткізу құқығы бар пайдаланушыларға хабарлама, деректердегі қателіктердің жойылғаны және деректерге енгізілген түзетулер туралы хабарлама, деректерді үндестіру жөніндегі шектеудің алып тасталғалы туралы хабарлама жібереді.

      Деректерді пайдаланушы (өтініш беруші) деректердің қателігі туралы инцидентке бастама жасаған кезде инцидентті шешу нәтижесі деректерді пайдаланушыға (өтініш берушіге) жіберіледі.

      Инцидентті пысықтау нәтижесіне қанағаттанатын болса, кезде деректерді пайдаланушы инцидентті жабады, бұл туралы инциденттер журналында белгі қояды.

      Деректерді пайдаланушы (өтініш беруші) және деректерді деректер беруші ұйым келісімге келмеген болса, деректерде анықталған қателікке байланысты инцидент деректерді пайдаланушы, деректер беруші ұйым, сервистік интегратор, уәкілетті орган өкілдерінің қатысуымен келісу кеңесінде талқыланады.

      Келісу кеңесін өткізу нәтижелері бойынша инцидентті жою жөніндегі шешімдердің тізбесі бар хаттама жасалады.

4-тарау. Деректердің қолжетімділігі мен таратылуына қойылатын талаптар

      62. Ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдар ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган бекіткен "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес ақпараттандыру объектілерін интеграциялауды жүргізеді.

      63. Мемлекеттік функцияларды жүзеге асырған және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кезде мемлекеттік органдардың "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілеріндегі деректерге қол жеткізуге келісімі талап етілмейді.

      64. Ұйымдар мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтерді өтеусіз негізде көрсету мақсаттарында деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      Құпия ақпаратқа жатқызылған деректерге қол жеткізу және оларды тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген осындай деректерге қол жеткізу құқықтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Пайдаланушылардың деректерді пайдалануына белгіленген заңды мақсаттар шеңберінде ғана жол беріледі.

5-тарау. Деректерді аналитикасына қойылатын талаптар

      65. Деректер аналитикасын ұйымдар өз бетінше және (немесе) жеткізушілерді тарту жолымен жүзеге асырады.

      Құпия ақпаратқа жатқызылған деректер аналитикасы ұйымдардың оларды иесіздендіру шартымен жүзеге асырылады.

      Деректер аналитикасына оны жүргізу жөніндегі есеп-қисаптардың бекітілген әдіснамасы болған кезде ғана рұқсат етіледі.

      66. Аналитикалық дашборд құрылған және ендірілген жағдайларда ұйым:

      1) аналитикалық дашбордты құру мен ендірудің орындылығын айқындайтын уәкілетті органның келісімі бойынша осы талаптарға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кейс паспортын қалыптастырады және бекітеді;

      2) аналитикалық дашбордтарды құру және ендіру үшін қажетті ақпараттық жүйелер арасындағы өзара іс-қимыл регламентін қалыптастырады және қол қояды (қажет болған жағдайда).

      67. Ұйым аналитикалық дашбордтарды құру, ендіру және сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес, оның ішінде оператордан жүзеге асырады.

      68. Ұйым операторға бекітілген кейс паспортын, аналитикалық дашбордтарды құру, ендіру және сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсету шартын, аналитикалық дашбордтарды құру және ендіру үшін қажетті ақпараттық жүйелер арасындағы өзара іс-қимыл регламентін (бар болса) жібереді.

      69. Оператор осы талаптардың 68-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін деректер алдын ала өңделмей, сондай-ақ тазартылмай, бастапқы кодта түсетін және сақталатын қойма болып табылатын деректердің нөлдік витриналарын қалыптастырады және сынайды, деректер инженерлері үшін техникалық тапсырма әзірлейді.

      70. Оператор қажетті деректер көздерін қосуды деректердің көздері мен витриналарын жаңартудың кезеңділігін белгілей отырып жүзеге асырады.

      71. Қажет болған жағдайда оператор аналитикалық дашбордтарды құру, ендіру және сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді көрсету шарты бойынша орындаушыларға SDU құралдарына қолжетімділік ұсынады.

      72. SDU құралдарына қолжетімділік алғаннан кейін орындаушы аналитикалық дашбордтарды құру, ендіру және сүйемелдеу жөнінде қызметтер көрсету шарты бойынша нөлдік емес деңгейдегі деректер витриналарын қалыптастыруды жүзеге асырады және аналитикалық дашбордты қалыптастырады.

      73. Аналитикалық дашборд құрылғаннан және ендірілгеннен кейін ұйым оны одан әрі сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

      74. Деректер аналитикасын жүзеге асыру үшін деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, беруді жүзеге асыру мақсатында ұйымдар операторды тартады.

      Деректерді иесіздендіруді ұйым өз бетінше жүзеге асыра алмаған кезде оператор жүргізеді.

      Оператор айқындаған ұйымдармен SDU-дың ұйымның ақпараттандыру объектісімен өзара іс-қимылының регламенті жасалады.

      Оператор 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұйымнан ақпараттық жүйе туралы жалпы мәліметтерді жинау үшін кестелердің, ДҚ жолдарының сипатын сұратады.

      SDU-дың ұйымның ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимылы туралы регламентті оператор 5 (бес) жұмыс күні ішінде әзірлейді, келіседі, бекітеді және ұйымға жібереді.

      Ұйым өзара іс-қимыл регламентін 5 (бес) жұмыс күні ішінде келіседі және бекітеді.

      "Электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық платформасында деректер болса, ұйыммен өзара іс-қимыл регламентін жасалау талап етілмейді.

      Деректерді келісу, иесіздендіру және беру мынадай жағдайларда жүргізіледі:

      1) оператор ұйыммен бірге иесіздендірілетін деректердің тізбесін айқындайды және келіседі;

      2) оператор ұйымға ДҚ типтері бойынша кері қалпына келтіру мүмкіндігінсіз біржақты шифрлау үшін әзірленген алгоритмдер (іс-қимыл дәйектілігі) мен иесіздендіру жөніндегі нұсқаулықты береді;

      3) ұйым деректерді иесіздендіруді жүргізеді және оператормен келісілген құрылым бойынша деректерді операторға береді;

      4) деректерді иесіздендіруді жүргізбейтін ұйымдар үшін оператор ETL арқылы иесіздендіру рәсімін баптайды, бұл ретте SDU-да тек иесіздендірілген деректер сақталады;

      5) оператор деректердің дұрыстығын, деректерді иесіздендірудің дұрыстығын тексереді және оларды SDU-ға жүктейді.

      Ұйымдар деректерді операторға береді. Одан әрі оператор, ETL арқылы олардың сапасын жақсарту мақсатында деректердегі қателер мен сәйкессіздіктерді айқындау және жою, форматтар мен кодтауды қосу, түрлендіру жұмыстарын жүргізеді.

      Оператор ұйымдармен бірге өз деректерін іздеу және одан әрі басқару үшін метадеректердің орталықтандырылған қоймасы болып табылатын оператордың деректер каталогында ұйымдардың ДҚ-дан алынған деректер құрылымы реплиякациясының мынадай техникалық шешімі мен тәсілдерін енгізеді:

      деректерді сақтау жүйесі деңгейінде блоктық репликация;

      ДҚ басқару жүйелері деңгейіндегі физикалық репликация;

      ДҚ басқару жүйелері деңгейіндегі логикалық репликация.

      ДҚ-дан деректерді жүктеп салу үшін ұйымдар өзара іс-қимыл регламентіне сәйкес желілік қолжетімділікті баптауды жүзеге асырады.

      Ұйым белгілі бір деректерді оқу үшін ДҚ-да пайдаланушының (оператордың белгілі бір тұлғасына тіркемей SDU үшін) есептік жазбасын жасайды, SDU серверлері үшін серверде белгілі бір порттар арқылы қолжетімділік ашады.

      Деректер аналитикасына тапсырыс беруші уәкілетті органға жіберген деректер бойынша сұрау салуға сәйкес оператор әртүрлі ДҚ-дан алынған және өзара біріктірілген деректерді ұсыну мерзімдері мен көлемін уәкілетті органмен келіседі.

      Оператор 30 (отыз) жұмыс күні ішінде деректер аналитикасына тапсырыс беруші уәкілетті органға кейіннен аналитика үшін деректер бойынша сұрау салуға сәйкес жіберген әртүрлі ДҚ-дан алынған және бір-бірімен біріктірілген деректерді ұсынады.

      Жиналған деректер (егжей-тегжейлі деректер, өңделген деректер, аналитикалық шешімдердің нәтижелері) SDU-да сақталады және жаңартылады. Деректерді жаңартуды оператор өзара іс-қимыл регламентіне сәйкес автоматты режимде жүзеге асырады.

      Жаңартылған деректердің кесіндісін айқындау белгісін ұйым ұсынады.

      Деректерді жаңартудың жиілігін жоғарылатуға қажеттілік туындаған кезде оператор CDC арқылы регламенттік жаңартуды баптайды. Өз кезегінде ұйым CDC жұмыс істеуі үшін қажетті техникалық жұмыстарды жүргізуі қажет.

      Оператор деректер аналитикасына тапсырыс берушіге сұратылған деректердің сәйкестігін тексеру үшін дайындалып, өңделген деректерге қолжетімділік ұсынады.

      Деректер аналитикасына тапсырыс беруші 5 (бес) жұмыс күні ішінде операторға тексеру нәтижелері туралы ақпарат береді. Нәтижелер теріс болған, қажетті деректер болмаған және (немесе) жеткіліксіз болған кезде оператор деректерді қайта өңдеуді жүзеге асырады.

      Сұратылған деректердің сәйкесті тексеру нәтижесінің оң болуы деректер аналитикасын жүргізуге ықпал етеді, оны деректер аналитикасына тапсырыс беруші өзі және (немесе) жеткізушіні тарту арқылы өз қаржы қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      SDU-да иесіздендірілген түрде сақталатын аналитиканың нәтижелерін оператор мүдделі ұйымдарға уәкілетті органмен келісу бойынша иесіздендірілген түрде өтеулі негізде береді.

6-тарау. Деректерді қорғауға қойылатын талаптар

      75. Деректерді қорғау мақсатында ұйымдар:

      ақпараттандыру объектілерінің жіктеуішіне сәйкес олардың ауқымына, тұтастығына және сыни сипатына сәйкес тағайындалатын деректер класына байланысты деректерді қорғау қажеттігінің дәрежесін айқындауды;

      ұйымдағы ақпараттық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы деректерді жинауды және талдауды;

      деректердің тарап кетуі (жария етілуі), бұрмалануы, жойылуы (жоғалуы) мүмкін болса, тәуекелдерді бағалауды және тәуекелдерді өңдеу жөніндегі шараларды жоспарлауды;

      тиісті бақылау тетіктерін іске асыру мен ендіруді, рөлдер мен жауапкершілікті бөлуді, қызметкерлерді оқытуды, қорғау іс-шараларын жүзеге асыру бойынша жедел жұмысты;

      бақылау тетіктерінің жұмыс істеу мониторингін, олардың тиімділігін бағалауды және түзету мақсатында тиісті ықпал етуді;

      БТ-ның және осы талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      76. Мемлекеттік деректердің резервтік көшірмесін дайындауды қамтамасыз ету ұйымдар үшін міндетті болып табылады.

      Мемлекеттік деректерді қамтитын резервтік көшірмені дайындау мен сақтау тәсілі келесі резервтік көшірме жасалғанға дейін деректердің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік деректерді резервтік көшірудің кезеңділігін "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектісіне арналған техникалық құжаттамамен белгіленеді.

      77. Иесіздендірілген деректер сәйкестендірілетін сипаттау объектісі туралы ақпарат ретінде қаралады және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктерге сәйкес қорғалады.

      Сәйкестендірілетін сипаттау объектісін белгілеу мақсатында деректерді өңдеген кезде қолжетімді болатын тәсілдер (осы сипаттау объектісіне қатысты жазбаларды алу), оларға қатысты сипаттау объектісін тікелей немесе жанама сәйкестендіру мақсатында үшінші тұлғалардың пайдалану ықтималдығы бар технологиялар ескеріледі.

      78. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жауапкершілік пен функциялардың аражігін ажырату мақсатында ұйымда құрылымдық бөлімшелерден оқшауланған құрылымдық бөлімше болып табылатын ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесі құрылады және (немесе) БТ-да және Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етілгенде жауапты тұлғасы айқындалады.

      79. Ұйымдардың деректерді бір тұлғадан екінші тұлғаға беру функциясын жүзеге асыратын провайдерлер арқылы деректерді беруі осы провайдерлердің осы тарауда белгіленген талаптарға сай болуы қамтамасыз етілгенде жүзеге асырылады.

7-тарау. Деректерді сақтауға және жоюға қойылатын талаптар

      80. Деректерді сақтауды жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында және тараптардың келісімінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік деректердің жоғалуына, түрлендірілуіне және сақталуының қамтамасыз етілмеуіне жауапты болады.

      81. Деректерді одан әрі пайдалану қажеттігінің жоқ екені туралы шешімді ұйым "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектісі интеграцияланған "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінің меншік иелерін және (немесе) иелерін, "электрондық үкімет" сервистік интеграторын деректерді пайдалануды тоқтатудың тәртібі мен мерзімдері туралы хабардар ете отырып қабылдайды.

      82. Деректерді одан әрі пайдалану қажеттігінің болмауы каталогтағы мәліметтерді өзгертуге әкеп соғады.

      83. Пайдаланылуы тоқтатылған деректер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес архивке беріледі.

      84. Деректерді сақтау мерзімі оларды жинау және өңдеу мақсатына қол жеткізілген күні айқындалады.

      85. Сақтау мерзімі өткеннен кейін деректер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жойылады.

  Деректерді басқару
жөніндегі талаптарға
1-қосымша
  Нысан

Ақпараттандыру объектілері деректерінің паспорты

      1. Жалпы бөлім

      1) ұйымның атауы:

      ұйымның толық атауы көрсетіледі;

      мысалы: "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі" мемлекеттік мекемесі;

      2) деректерді жинау мен өңдеуді жүзеге асыратын ақпараттандыру объектісінің атауы:

      деректерді жинау мен өңдеуді жүзеге асыратын ақпараттандыру объектісінің толық атауы көрсетіледі (тиісті нормативтік құқықтық актілерде (бұдан әрі – НҚА) бекітілгендей, бар болса);

      мысалы: жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімі;

      3) деректерді ведомствоаралық пайдалану деңгейі:

      мынадай ықтимал баламалардың бірін таңдау арқылы деректерді ведомствоаралық пайдалану деңгейі көрсетіледі: республикалық; жергілікті; ведомствоаралық деңгейдегі деректер пайдаланылмайды;

      4) жүргізу тәсілі:

      жүргізудің мынадай тәсілдерінің бірі көрсетіледі: қағаз түрінде (электрондық түрге ауыстырылмаған деректер үшін көрсетіледі); электрондық түрде (электрондық түрде ұсынылған деректер үшін көрсетіледі); аралас (ішінара электрондық түрге ауыстырылған деректер үшін көрсетіледі);

      5) деректер нысаны:

      мынадай деректер нысандарының біреуі немесе бірнешеуі көрсетіледі: бастапқы деректер; біріктірілген деректер;

      6) деректердің қолжетімділігі:

      деректердің қолжетімділік деңгейі көрсетіледі: шектеулі қолжетімділік (дербес деректер, коммерциялық құпия, қызметтік құпия және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын деректер болған кезде көрсетіледі); шектеусіз қолжетімділік (ашық деректер үшін көрсетіледі) (деректердің жекелеген бөліктеріне қол жеткізу деңгейі әртүрлі болса, бұл жолда жоғарыда аталған екі нұсқа да егжей-тегжейлі мәліметтермен қойылады);

      7) НҚА-ға сәйкес деректерді пайдаланушылар:

      егер пайдаланушылар шеңбері интеграция алған НҚА-да айқындалса, НҚА-ға сәйкес деректерді пайдаланушылар атауларының толық тізбесі көрсетіледі;

      8) НҚА-ға сәйкес дереккөз:

      НҚА-ға сәйкес ақпараттандыру объектісінің толық тізбесі көрсетіледі.

      НҚА болмаған жағдайда "НҚА-да айқындалмаған" деп көрсетіледі.

      9) нақты дереккөзі:

      ақпараттандыру объектісінің нақты тізбесі көрсетіледі.

      Егер нақты дереккөздердің құрамы НҚА-ға сәйкес дереккөздердің құрамымен сәйкес келсе, "Нақты көздердің тізбесі көзделген НҚА-мен сәйкес келеді" деп көрсетіледі.

      10) сипаттау объектісі:

      сипаттау объектілері көрсетіледі, оларға: жеке тұлғалар; заңды тұлғалар; қолма-қол ақша мен құжаттандырылған бағалы қағаздарды, қолма-қол емес ақшалай қаражатты, құжатсыздандырылған бағалы қағаздарды, мүліктік құқықтарды қоса алғанда, мүлік; жұмыстар мен көрсетілген қызметтер нәтижелері; зияткерлік қызметтің қорғалатын нәтижелері және оларға теңестірілген дараландыру құралдары (зияткерлік меншік); материалдық емес игіліктер жатады;

      11) жаңарту кезеңділігі:

      деректерді жаңарту кезеңділігінің мынадай нұсқаларының бірі көрсетіледі: жаңарту кезеңділігі белгіленбеген; қажетіне қарай жаңарту; деректердің түсуіне қарай жаңарту; үздіксіз жаңарту (деректер легі); жаңарту кезеңділігі НҚА-да белгілеген (НҚА атауы мен жаңарту кезеңділігін көрсету);

      12) жаңарту графигі:

      деректерді жаңарту ерекшеліктеріне байланысты көрсетіледі: соңғы жаңартылған сәттен бастап межелі уақыт аралығы; жоспарлы күнтізбелік күндердің тізбесі; жаңарту графигін регламенттейтін НҚА деректемелері (деректерді жаңарту графигі болмаса, "Анықталмаған" деп көрсетіледі);

      13) жаңарту тәртібі:

      деректерді жаңарту тәртібі және оның ерекшеліктері көрсетіледі (мысалы, НҚА-ға қол қою/келісу қажеттігі) (егер тәртіп НҚА-да белгіленсе, онда мұндай НҚА-ның атауы көрсетіледі);

      14) НҚА тізбесі, деректерді жинау мен өңдеуді жүзеге асыратын ақпараттандыру объектісін құру:

      деректерді жинау мен өңдеуді регламенттейтін НҚА тізбесі (ережелер, ақпараттық өзара іс-қимыл регламенттері көрсетіледі, егер деректер қағаз түрінде жүргізілсе, бөлім толтырылмайды);

      15) деректерді жинау мен өңдеуді регламенттейтін НҚА тізбесі:

      ұйымның есепке алу объектісін немесе деректерді жүргізу функциялары бар НҚА тізбесі көрсетіледі;

      16) деректерді енгізу мен тұтынуды, деректерге қол жеткізуді шектеу мен бөлуді оның аражігін ажыратуды регламенттейтін НҚА тізбесі:

      деректердің жұмыс істеу, оларды енгізу немесе беру қағидаларын, деректерге қол жеткізу және осы деректерді пайдалану қағидаларын, деректерге қол жеткізуді саралау қағидаларын айқындайтын НҚА тізбесі көрсетіледі;

      17) деректер класы;

      18) жасалған күні – деректер паспорты жасалған күн.

      2. Деректердің өмірлік циклінің сипаты:

      1) есепке алу объектісі туралы мәліметтер жасау:

      есепке алу объектісі туралы деректерді бастапқы қалыптастыру тәртібі көрсетіледі. Бұл ретте: деректер бастапқы болып табылатыны/табылмайтыны немесе бекітілмеген көздерден ұсынылатын деректер негізінде қалыптастырылатыны/қалыптастырылмайтыны көрсетіледі. Егер есепке алу объектісі туралы жазба қалыптастырған кезде әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер пайдаланылса, онда оларды тиісті НҚА көрсете отырып тізбелеу қажет;

      2) есепке алу объектісі туралы мәліметтерді пайдалану:

      есепке алу объектісі туралы деректерді пайдалану тәртібі туралы мәліметтер көрсетіледі, есепке алу объектісі туралы деректер (барлығы немесе олардың бір бөлігі) бастапқы көз болып табыла ма; деректерді берудің қолданыстағы тетіктері (мысалы, деректерді файлдық беру; деректерді интеграциялық сервис арқылы беру); есепке алу объектісі туралы деректерді бизнес өкілдері пайдалана ма (деректерді кім және не үшін пайдаланатынын сипаттай отырып); деректердің қолжетімділік деңгейі (деректерді пайдалануға құқықтық шектеулер бар ма);

      3) есепке алу объектісін өзгерту, есепке алу объектісі туралы мәліметтерді жою – есепке алу объектісі деректерінің өмірлік циклін табу кезеңінің көрсеткіші немесе сипаты:

      деректерді жасау (жинау);

      деректерді сақтау және оларды жүргізу;

      деректерді пайдалану;

      деректерді басқару;

      деректерді архивтеу (немесе оларды жою).

      3. Деректер құрылымының сипаты

      id – кестеде деректер атрибутының реттік нөмірі көрсетіледі,

      information_system_name – ақпараттандыру объектісінің атауы көрсетіледі, мысалы: "Мобильді үкімет" ақпараттық жүйесі,

      bd_name – жүйедегі ДБ жүйелік атауы көрсетіледі. Мысалы: PostgreSQL,

      schema_name – деректер қорында схеманың атауы көрсетіледі, мысалы, bi_public,

      table_name – деректер құрылымы сипатталып, кестенің атауы көрсетіледі, мысалы, access_log, users, patients,

      table_description – кестенің сипаты көрсетіледі, мысалы, "тіркеу кезінде нөмірді иленуін растау туралы ақпаратты (SMS арқылы) қамтиды" немесе "eGov Mobile орнатылған мобильді құрылғы туралы ақпарат",

      table_type – кестенің типі көрсетіледі, мысалы, негізгі кесте немесе анықтамалық кесте,

      column_id – кестедегі бағанның/тік бағанның реттік нөмірі көрсетіледі.

      column_name – бағанның/тік бағанның атауы көрсетіледі, мысалы, remote_address,

      column_type – жолдың/бағанның/тік бағанның типі көрсетіледі, мысалы, int8 немесе varchar (255),

      column_description – жолдың/бағанның/тік бағанның сипаты көрсетіледі, мысалы, тұрғылықты мекенжайы, жасалған күні, өзгертілген күні.

      reference_tbl_clmn – басқа кестеге референстік сілтеме немесе кестемен байланыс көрсетіледі, мысалы, bi_public.etl_file_control.id,

      flk – кілт түрі көрсетіледі, мысалы, нөлге тең емес, стандартты мән – nextval немесе нөлге тең емес, таңбалардың максималды ұзындығы – 255,

      clmn_key_type – кілт типі көрсетіледі, мысалы, бастапқы кілт немесе сыртқы кілт,

      teg – деректер қоры кестесіндегі әрбір кілтке семантикалық тег сөздігі көрсетіледі.


  Деректерді басқару
жөніндегі талаптарға
2-қосымша
  Нысан

Цифрланбаған деректердің сипаттамасы

      1. Деректер объектісінің түрі (мысалы: субъект, объект, құжат).

      2. Деректер субъектісі немесе объектісі болмысының атаулары (мысалы: жолаушы, тасымалдаушы, пациент, дәрігер, зейнеткер, ғимарат, жер учаскесі, көлік құралы).

      3. Деректер объектісінің сипаты (деректерді жинау мен өңдеуді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің атауын көрсету).

      4. Атрибут атауы (мысалы: тегі, аты, туған күні, құжат нөмірі, көлік нөмірі).

      5. Ұлттық анықтамалық ақпарат (егер деректер объектілер мен субъектілер, болмыстар, атрибуттар бойынша анықтамалықтардан болса).

  Деректерді басқару
жөніндегі талаптарға
3-қосымша
  Нысан

Кейс паспорты

      1. Ұйым:

      2. Кейс атауы:

      3. Мақсат қойылуы:

      4. Сипаты:

      5. Дашборд қандай сұрақтарға жауап беруге тиіс:

      6. Көрсеткіштер (бөліністі, қалыптастыру әдістемелерін/формулаларын, дереккөзін ескере отырып):

      6.1. Көрсеткіштің сипаты:

Р/с

Көрсеткіш

Бөлінісі

Дереккөз

Жаңарту кезеңділігі






      6.2. Көрсеткішті есептеу әдістемесі:

      7. Қажетті аналитиканың сипаты: (сипаттамалық талдау, "егер-не" талдау, болжамды талдау):

      8. Дашбордтың KPI-ы (бақылауды қажет ететін негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI):

      9. Нәтижені көрсету үшін жоспарланған графиктер (келісілген мокап):

      10. Кейсті іске асыру кезінде келісілген болжамдар:

      11. Тараптардың келісуі:

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады