Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп министрлiгiнiң Кен-металлургия кешенi жөнiндегi департаментi (басқармасы) туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 20 тамыз 1993 ж. N 716. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005.11.23. N 1156 қаулысымен

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Кен-металлургия кешенiн мемлекеттiк реттеудi жетiлдiру туралы" 1993 жылғы 23 маусымдағы N 1287  Жарлығының 2-тармағын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп министрлiгiнiң Кен-металлургия кешенi жөнiндегi Департаментi (басқармасы) (бұдан былай - Департамент) туралы осыған қосылған Ереже бекiтiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп министрлiгi орталық аппараты қызметкерлерi саны 25 адамға және қызметтiк автомобильдерiнiң лимитi жаңадан құрылған Департаментке арналып бiр данаға арттырылсын. Департамент аппаратын ұстау шығындарын қаржыландыру мемлекеттiк басқару органдарын ұстауға арналып республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен жүзеге асырылсын. 
      Қазақстан Республикасы министрлiктерi мен ведомстволарының басшылары, жетекшi қызметкерлерi және мамандары үшiн көзделген еңбекақы жағдайы департаменттiң қызметкерлерiне таратылсын.<*> 
       Ескерту. 2-шi тармақтың екiншi абзацы жаңа редакцияда - 
ҚРМК-нiң 1995.07.11. N 948 қаулысымен
      3. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi бiр ай мерзiмде Департаменттiң құрылымы мен штат кестесiн әзiрлеп, бекiтсiн. 
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Алматы қаласының әкiмi Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп министрлiгi Департаментiнiң аппаратын орналастыру үшiн қызметтiк үй-жай бөлу туралы мәселенi шешетiн болсын. 
      5. Қазақстан Республикасының Байланыс министрлiгi, республикалық "Қазконтракт" контракт корпорациясы 1993 жылы Департаментке телефон және телекс байланысы арналарын, ұйымдық техника, бiр жеңiл автомобиль және өтiнiмге сәйкес басқа да қажеттi жабдықтар мен материалдар бөлсiн. 
      6. Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары, облыс және Алматы қаласының әкiмдерi Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп министрлiгiнiң Кен-металлургия жөнiндегi Департаментiнiң жұмысына жәрдемдесiп отыратын болсын. 
 

         Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi 
                                         Қазақстан Республикасы 
                                        Министрлер Кабинетiнiң 
                                        1993 жылғы 20 тамыздағы 
                                            N 716 қаулысымен 
                                             Бекiтiлген 
 

                Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп министрлiгiнiң 
              Кен-металлургия кешенi жөнiндегi Департаментi 
                    (басқармасы) туралы Ереже 
 

        1. Кен-металлургия кешенi жөнiндегi Департамент (басқарма) Қазақстан Республикасының кен-металлургия кешенiнiң шикiзат базасын дамыту саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзетiн, Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi құрамындағы орталық атқарушы өкiмет органы болып табылады. 
      2. Департамент өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заң актiлерiн, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiн, сондай-ақ ведомстволық нормативтi актiлердi және осы Ереженi басшылыққа алады. 
      3. Департаменттiң негiзгi мiндеттерi: 
      республиканың мұқтаждары үшiн металл және одан жасалған өнiмдер жөнiндегi қажеттiлiкке талдау жасау және оларды өндiру деңгейiн белгiлеу; 
      мемлекет мұқтажына тапсырыс берудi қалыптастыру үшiн бастапқы деректердi дайындау және кен-металлургия кешенiнiң инфрақұрылымын әлеуметтiк-экономикалық дамыту жоспарларын әзiрлеу; 
      республиканың мұқтажын ескере отырып, кешеннiң объектiлерiнiң стратегиялық дамуының айқындамасын және оларды орналастыру схемасын дайындау; 
      кешеннiң ақпараттық және статистикалық-талдау деректерiнiң банкiсiн жасау және оны қамтамасыз ету; 
      тиiмдi мемлекеттiк саясатқа жағдай жасау және оны жүргiзу, кенiштi игеру мен кен өндiру, байыту және металлургияның жаңа технологиялары жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды жүзеге асыру; 
      өнiмдi аттестациялау мен стандарттаудың нормативтi құжаттамасын әзiрлеу; 
      кешендi дамытудың мақсатты басым бағдарламаларын әзiрлеп, жүзеге асыру, шағын, орташа және бiрлескен кәсiпорындар негiзiнде жоғары экономикалық әлеует жасау; 
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрлесiп құрылыс салу және пайдалану үшiн пайдалы қазба кен орындарын белгiленген тәртiппен шет ел фирмаларына беру туралы контракттарды дайындау; 
      кешеннiң объектiлерiн салу үшiн конкурстық құжаттарды дайындау және шетелдiк кредиттердiң қажеттiлiгiн негiздеу; 
      Айналадағы ортаны қорғау және Халықтың денсаулығын қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу мен жүзеге асыруға қатысу; 
      Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгiн, Министрлер Кабинетi және басқа мемлекеттiк басқару органдарын кен-металлургия кешенiндегi iстiң жайы туралы ұсыныстық сипаттағы қысқаша және орташа мерзiмдiк болжам жайындағы ақпаратпен қамтамасыз ету. 
      4. Департамент өзiне жүктелген функциялық мiндеттерге сәйкес: 
      Қазақстанда өндiрiлетiн металдар балансының статистикалық есебiн, әлемдегi металл балансының индикативтi есебiн жүргiзедi, баланс өзгерiсiне, нарықтың конъюктурасына болжамдық бағамдау жасап бередi; 
      аймақтық мүдделердi және тұтас алғанда халық шаруашылығының экономикасын ескере отырып кен-металлургия кешенiнiң дамуына талдау, болжамдау жасайды және баға бередi; 
      мемлекет мұқтажы үшiн өнiм берiп тұру көлемiн қалыптастыруға қатысады; 
      кен-металлургия кешенiнiң инфрақұрылымын әлеуметтiк-экономикалық дамыту жоспарын келiсiп алады; 
      республикада iздестiру және геологиялық барлау жұмыстарын өрiстету жөнiнде Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгiне ұсыныстар әзiрлейдi; 
      Қазақстанның кен-металлургия кешенiнiң өндiрiс технологиясы мен жасақтануы; шығарылатын өнiмнiң техникалық деңгейi; техника қауiпсiздiгi, айналадағы ортаны қорғау және экология; еңбекке ақы төлеу, әлеуметтiк-экономикалық кепiлдiктер және т. б. жөнiндегi әлемдiк деңгеймен салыстырғандағы жайына талдау жасайды; 
      кешендi дамытудың, шағын, орташа және бiрлескен кәсiпорындар есебiнен жоғары экономикалық әлеует жасаудың мақсатты басым бағдарламаларын әзiрлеп, жүзеге асырады; 
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрлесiп құрылыс салу және пайдалану үшiн пайдалы қазба кен орындарын белгiленген тәртiппен шет ел фирмаларына беру туралы контракттарды дайындайды; 
      кешеннiң объектiлерiн салу үшiн конкурстық құжаттарды дайындайды және шетелдiк кредиттердiң қажеттiлiгiн негiздейдi; 
      Республиканың Экономика министрлiгiмен бiрлесiп, инвестиция-кредит саясатын қалыптастырады және өнеркәсiп кешендерiн дамыту бағдарламасын қаржыландыруда оны жүзеге асырады. 
      5. Департаменттiң құқығы: 
      Департаменттiң шешiмдерi және алға қойылған мiндеттердi орындауға бағытталған нұсқаулары, меншiк нысандарына қарамастан, кен-металлургия кешенiнiң барлық кәсiпорындарына мiндеттi болып табылады. 
      6. Департаменттi лауазымы жөнiнен Өнеркәсiп министрiнiң орынбасары болып табылатын Бас директор басқарады. Бас директордың орынбасары - Бас директордың ұсынуы бойынша Өнеркәсiп министрi тағайындайтын Атқарушы директор. 
      7. Бас директор Департаментке жүктелген мiндеттердiң орындалуына дербес жауап бередi, жұмысын ұйымдастырады және оған бекiтiлген ұйымдардың қызметiне басшылық жасайды, мемлекеттiк органдарда, ұйымдар мен кәсiпорындарда Департаменттiң мүддесiн бiлдiредi, банктерде есеп айырысу және басқа шоттар ашады, шарттар жасасады. Департаменттiң қызметiне қатысты нормативтi актiлердi қабылдайды, қолданылып жүрген заңдардың негiзiнде және оларды орындау үшiн бұйрықтар шығарады. 
      Департаменттiң құрылымына, қызметкерлер санына және еңбекке ақы төлеу қорына сәйкес лауазымдық нұсқауларды, штат кестесiн бекiтедi. 
      8. Атқарушы директор Департаменттiң барлық бөлiмдерiнiң алдында тұрған мiндеттер мен тапсырмаларды орындауға бағытталған жұмысын қамтамасыз етедi. 
      Бөлiмдердiң құрамын қалыптастырады, Бас директорға бөлiм бастықтары қызметiне кандидатураларды ұсынады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады