1. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Қазақстан Республикасының ТМД елдерiмен шекарасында кедендiк бақылау ұйымдастыру жөнiндегi шаралары туралы" (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 43, 519-бап) 1993 жылғы 10 қарашадағы N 1109 P931109_ қаулысының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң республиканың негiзгi көлiк магистральдарында және мемлекеттiк шекарада 227 штаттық құраммен өсiмдiк карантинi жөнiндегi 54 шекара бекеттерiн құру туралы ұсынысы қабылдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi 1994 жылға арналған бюджеттi анықтау барысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi бойынша операциялық шығындардың құрамына аталған бекеттер мен олардың штаттық құрамын ұстауға бюджеттiк қаржы көздейтiн болсын.
3. Аумақтарында өсiмдiк карантинi жөнiндегi шекара бекеттерiн орналастыру белгiленген облыстардың, аудандардың және қалалардың әкiмдерi шекаралық карантин бекеттерiнiң қызметкерлерiн қызметтiк және тұрғын үйлермен қамтамасыз етсiн.
4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi Әдiлет министрлiгiмен, бiрлесе отырып қолданылып жүрген заңның өсiмдiк карантинi жөнiндегi ереженi бұза отырып өсiмдiк негiзiндегi тауарлар мен жүктердi тасуға кiнәлi заңды ұйымдар мен адамдарға айып санкцияларын белгiлеу бөлiгiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жайында ұсыныс жасайтын болсын.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрi