Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды қаржылық-экономикалық тұрғыда сауықтыру, қайта құру және тарату шараларын жүзеге асыру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1994 жылғы 7 қыркүйек N 1002. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 27 шілдедегі N 781 қаулысымен

      Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды санациялау, қайта құру және тарату, оларға қаржылық-экономикалық қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындарға бекiтiлген мүлiктi тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасындағы дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды қаржылық-экономикалық сауықтыру, қайта құру және тарату тетiгi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Ұлттық Банкпен келiсе отырып, 1994 жылдың 20 қыркүйегiне дейiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң мына қаулыларының жобасын бекiтуге ұсынсын: 
      Оңалту банкiн құру туралы және Оңалту банкi туралы Ереженi бекiту жөнiнде: 
      Құрылымды өзгерту қоры туралы және Құрылымды өзгерту қоры туралы Ереженi бекiту жөнiнде. 
      3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi: 
      белгiленген тәртiппен 1994 жылдың 20 қыркүйегiне дейiн "Тiкелей мемлекет басқаруындағы кәсiпорындардың қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасын енгiзсiн; 
      1994 жылдың 20 қыркүйегiне дейiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен, Өнеркәсiп және сауда министрлiгiмен бiрге және министрлiктермен, ведомстволармен келiсе отырып, тiкелей мемлекет басқаруына ауыстыруға ұсынылатын кәсiпорындардың тiзбесiн ұсынсын; 
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен бiрге министрлiктермен және ведомстволармен, облыс әкiмдерiмен келiсе отырып, 1994 жылдың 30 қыркүйегiне дейiн Қазақстан Республикасының Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясына төлем қабiлетi жоқ мемлекеттiк кәсiпорындардың, оның iшiнде: 
      Оңалту банкi; 
      Құрылымды өзгерту қоры арқылы 
      санацияға ұсынылатындарының тiзiмiн берсiн; 
      1994 жылдың 20 қыркүйегiне дейiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне Кәсiпорындарды қаржымен оңалту жөнiндегi агенттiк құру және кәсiпорындарды қаржымен оңалту жөнiндегi агенттiк туралы Ереженi бекiту жөнiндегi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi қаулыларының жобаларын бекiтуге ұсынатын болсын. 
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне 1994 жылдың 20 қыркүйегiне дейiн коммерциялық банктерде борышкер кәсiпорындарды санациялау жөнiнде арнаулы бөлiмшелер құру туралы Нұсқау шығару ұсынылсын. 
      5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi: 
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрге 1994 жылдың 20 қыркүйегiне дейiн Қазақстан Республикасының Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясына таяудағы алты ай iшiнде жекешелендiрiлетiндер тiзiмiне енгiзiлген төлем қабiлетi жоқ кәсiпорындардың тiзбесiн ұсынатын болсын; 
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен және Қаржы министрлiгiмен бiрге 1994 жылдың 25 қыркүйегiне дейiн Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi ведомствоаралық комиссияға бiрiншi кезекте таратуға ұсынылатын кәсiпорындардың тiзiмiн берсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi
 
                                         Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                     1994 жылғы 7 қыркүйектегi
                                         N 1002 қаулысымен
                                            БЕКIТIЛГЕН

       Қазақстан Республикасындағы дәрменсiз мемлекеттiк
   кәсiпорындарды қаржылық-экономикалық тұрғыда сауықтыру,
           қайта құру және тарату тетiгi туралы
                           ЕРЕЖЕ

                       I. Жалпы ережелер

      Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды қаржылық-экономикалық тұрғыдан сауықтыру, қайта құру және тарату тетiгi (бұдан әрi - тетiк) мемлекеттiң, оның органдарының және арнайы құрылған құрылымдарының дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды тиiмдi сауықтыру, қайта құру және тарату мақсатында әзiрлеген және жүзеге асырған қаржылық-экономикалық, шаруашылық-ұйымдастырушылық және тағы басқа да шаралар мен процедуралар кешенiн қамтиды. 
      Осы тетiк ауыл шаруашылығы мен банк жүйесiнен басқа экономиканың барлық саласындағы мемлекеттiк кәсiпорындарға, сондай-ақ мемлекеттiк тиiстi акциялық бақылау пакетi бар акционерлiк ұйымдарға қолданылады. Бұл салалардың ерекшелiгiне байланысты оларда қайта құру және тарату тетiгi үкiметтiң жекелеген нормативтiк құжаттарымен бақыланады. Ол тетiк мынадай принциптерге негiзделдi: 
      дәрменсiз кәсiпорындарды қызметтiк, қаржылық және басқа белгiлерi бойынша топтау және оларға әртүрлi қайта құру мен сауықтыру процедураларын қолдану; 
      әртүрлi үлгiдегi дәрменсiз кәсiпорындарды қайта құру үшiн арнайы органдар мен құрылымдар құру және оларға мейлiнше басым көмек көрсету; 
      тиiмдi қайта құру бағыттарын iздестiрудегi кәсiпорындардың өз бастамалары арқылы қайта құрылу барысына мемлекет пен оның құрған органдары тарапынан қатаң бақылауды жүзеге асыру; 
      жүргiзiлген жұмыстарды қайта құрудың маңызды бағыттарының бiрi және түпкi мақсаты дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды қайта құру болып табылатын республикадағы жүргiзiлiп жатқан жекешелендiру бағдарламасына сай болуы; 
      арнайы құрылымдар құру мен қажеттi шараларды жүзеге асыру үшiн халықаралық қаржылық-экономикалық ұйымдардың қаржылық және техникалық көмектерiн тарту, шетел мамандарының ақыл-кеңес беру және тәжiрибелiк қызметтерiн пайдалану. 

      II. Төлем қабiлетi жоқ кәсiпорындардың тiзбесiн анықтау 
 
        Өзара есеп айырысу жөнiндегi республикалық және облыстық комиссиялардың, қаржы және салық органдарының, салалық және аймақтық органдардың ақпараттарының негiзiнде Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мен Қаржы министрлiгiнiң басқармалары республиканың әртүрлi дәрежеде таза борышкерлiгi бар шығынға батқан кәсiпорындарының тiзiмiн жасайды. 
      Осы тiзiмнен төлем қабiлетi жоқ кәсiпорындардың тiзбесi дараланады. Кәсiпорындардың төлем қабiлетi жоқтығын анықтау үшiн кәсiпорынның баланс құрылымының бағасына негiзделетiн дәлелдеу жүйесi пайдаланылады. 
      Кәсiпорындардың баланс құрылымының қанағаттанарлық бағаларының көрсеткiштерi мыналар болып табылады: 
      күнделiктi өтiмдiлiктiң коэффициентi; 
      өзiндiк қаржылармен қамтамасыз етiлу коэффициентi; 
      төлем қабiлеттiлiгiнiң қалпына келу (жоғалу) коэффициентi. 
      Кәсiпорындардың балансына талдау жасау мына негiзде жүргiзiледi: 
      кәсiпорын басшылары ұсынған және белгiленген тәртiппен расталған соңғы есеп беру кезеңiндегi баланс, сондай-ақ үстiмiздегi айдың бiрiншi күнiндегi баланс (егер бұл баланстың дайындалған күнi соңғы есеп беру кезеңiнiң бiтетiн күнiмен сай келмесе). 
      кәсiпорын басшылары тиiстi құжаттарды белгiленген мерзiмде өткiзбеген жағдайда салық органдары ұсынған кәсiпорынның соңғы кезеңдегi балансы. 
      белгiленген тәртiппен алынған құжаттардағы ақпарат кәсiпорынның баланс құрылымын қанағаттанарлықсыз деп анықтап, шешiм қабылдауға жеткiлiктi болады. 

          III. Кәсiпорындардың әртүрлi топтарына қайта құру 
                   процедураларын қолданудың жолдары 
 
        Төлем қабiлетi жоқ кәсiпорындардың тiзбесiнен қайта құру мен сауықтырудың жекелеген процедуралары қолданылатын кәсiпорындар топтары дараланады. 
      А. Стратегиялық маңызға ие және мемлекеттiк қызметтер атқаратын кәсiпорындар, соның iшiнде коммуналдық қызмет және мемлекеттiк көлiк шаруашылықтары. 
      Бұл кәсiпорындар мемлекет меншiгiнде қалады және таяу арада жекешелендiруге немесе таратуға жатпайды. Бұл кәсiпорындардың белгiлi бөлiгi тiкелей мемлекет басқаруы категориясына өткiзiлуi мүмкiн, ондай жағдайда олардың қызметi бюджеттен қаржыландырылуға тиiс. 
      Ә. Таяудағы алты айда жекешелендiру тiзiмiне енген кәсiпорындар. 
      Мұндай кәсiпорындардың сауықтыру және қайта құру мәселелерiмен жекешелендiру нәтижесiнде анықталған жаңа меншiк иелерi шұғылданады. 
      Б. Сауықтыруға, қайта құруға алғышарттары мен үмiттерi жоқ және таратуға жататын кәсiпорындар. 
      Бұл топқа қаржылық және экономикалық жағдайына сауықтыру мен қайта құрудың қандай да бiр түрлерiнiң мүмкiн еместiгi және тиiмсiздiгi алдын-ала белгiлi болған кәсiпорындар жатады. Мұның өзi жабдықтары ескiрген, өндiрген өнiмдерiн өткiзетiн рынокты жандандыру үмiтi жоқ, басқа салада жабдықтау және қайта құру шығыны жаңа кәсiпорындар салудан асып түстетiн кәсiпорындар болып табылады. 
      Қалған кәсiпорындар бiрнеше категорияға бөлiнедi: 
      В. Дүниежүзiлiк банк мамандарының ықпалымен және қатысуымен құрылған Оңалту банкi арқылы сауықтыруға және қайта құруға жататын кәсiпорындар. 
      Бұл категорияға стратегиялық мәнi жоқ және республика көлемiнде мейлiнше мол сомада борышкерлiгi бар, дәрменсiз кәсiпорындардың бiр тобы жатады. Оңалту банкiсiне несие беру рөлiн атқаратын Қаржы министрлiгiне қарасты Оңалту банкi мемелекетке бағынады. 
      Қайта құру және тарату жоспарларын бекiту, кәсiпорындарға қаржылық көмек көлемiн анықтау және басқа маңызды шешiмдердi республиканың жетекшi экономикалық ведомстволары мен тәуелсiз сарапшылардан құрылған Бақылау кеңесi қабылдайды. 
      Оңалту банкi бюджеттен немесе Үкiмет кепiлдiк берген облигациялар арқылы қаржыландырылады. Оңалту банкiн қаржыландыруға Дүниежүзiлiк банктiң және басқа сыртқы көмектiң заемдары пайдаланылады. 
      Бұл кәсiпорындар тобын қайта құрудың мүмкiн түрлерiнiң бiрi - жекешелендiру. 
      Г. Еуропалық Қайта құру және дамыту банкiнiң көмегiмен құрылған Құрылымды өзгерту қоры арқылы сауықтырылатын және қайта құрылатын кәсiпорындар. 
      Бұл топқа акциялары Құрылымды өзгерту қорының бақылау пакетiне алмастырылып, Еуропалық Қайта құру және Дамыту банкiсiне берiлетiн Қазақстанның өте қажеттi iрi және орта кәсiпорындары жатады. Шығынға батқан кәсiпорындардың заемдарына ие банкiлер Құрылымды өзгерту қорының заемдары бойынша төлем талабы құжаттарын Құрылымды өзгерту қорының қосалқы қоры үшiн заемдарының қажеттi төлем талабы құжаттарына алмастырып, аударады. Қазақстан Үкiметi Құрылымды өзгерту қоры үшiн Еуропаның Қайта құру және Дамыту банкiсiнiң заемдарын мемлекеттiк кепiлдiктермен қамтамасыз етедi. 
      Құрылымды өзгерту қоры кәсiпорындарды қайта құру мен жекешелендiрудi Оңалту банкiсiнiң желiсiмен - республиканың министрлiктерi мен ведомстволары мамандарының қатысуымен дайындалған кәсiпорындарды қайта құру жоспарларына баға беру арқылы жүргiзедi. 
      Д. Коммерциялық банктердегi арнаулы бөлiмшелер арқылы сауықтырылатын және қайта құрылатын кәсiпорындар. 
      Бұл категорияға өз есепшоттарында қозғалыссыз қарыздары бар кiшi және орта кәсiпорындар жатады. 
      Бұл жағдайда коммерциялық банктер дәрменсiз кәсiпорындарды қайта құруға немесе жекешелендiруге, ал оларды қайта құру жарамсыз және мүмкiндiксiз болған жағдайда таратуға бастамашы болады. 
      Е. Кәсiпорындардың қалған бөлiгi Кәсiпорындарды қаржымен оңалту жөнiндегi агенттiк арқылы санацияланады. 
      Бұл топтағы кәсiпорындарда қайта құру жоспарын жүзеге асыру үшiн министрлiктер мен ведомстволар мамандарының ақыл-кеңестерi пайдаланылады. Қайта құру жоспары шараларының кестесi ұсынылмаған, қанағаттандырылмаған немесе орындалмаған жағдайда кәсiпорын жекешелендiрiлуi немесе таратылуы мүмкiн. 
      Бұл шараларды қаржыландыру мемлекеттiк бюджеттен немесе ұзақ мерзiмдiк кредит арқылы жүргiзiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады