"Жекешелендiру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес, сондай-ақ "Қазақстан Республикасында 1996-1998 жылдарға арналған мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру мен қайта құрылымдаудың бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 27 ақпандағы N 246 қаулысын жүзеге асыруды жеделдету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Жекешелендiру жөнiндегi ведомствоаралық комиссия ұсынған мұнайгаз және көлiк-коммуникация кешендерiндегi, Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда министрлiгi, денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет және спорт жүйелерiнiң кәсiпорындарындағы жекешелендiру мен қайта құрылымдаудың секторлық бағдарламалары бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
2. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен, Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен және Қаржы министрлiгiмен бiрлесiп Ұлттық мұнай компанияларын құру туралы мәселенi қарасын және Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыныс енгiзсiн.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi салалық министрлiктермен бiрлесiп жоғарыда бекiтiлген бағдарламаларға сәйкес жекешелендiру мен қайта құрылымдауды жүргiзудi қамтамасыз ететiн болсын.
4. <*>
ЕСКЕРТУ. 4-тармақ күшін жойды - ҚР Үкіметінiң 1999.08.19. N 1198 қаулысымен .
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрiнiң
бiрiншi орынбасары
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1997 жылғы 14 қаңтардағы
N 65 қаулысымен
бекiтiлген
Мұнайгаз және көлiк-коммуникация кешендерiндегi,
Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда
министрлiгi, денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым,
мәдениет және спорт жүйелерiнiң кәсiпорындарындағы
жекешелендiру мен қайта құрылымдаудың
СЕКТОРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ
Секторлық бағдарламалар "Қазақстан Республикасында 1996-1998 жылдарға арналған Мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру мен қайта құрылымдаудың бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 27 ақпандағы N 246 қаулысын жүзеге асыруды жеделдету мақсатында жасалды. Оларда қайта құрылымдаудың тәртiбi мен дәйектiлiгi, жекешелендiрудi жүргiзуге принциптi ыңғайлар айқындалады.
Мұнайгаз және көлiк-коммуникация кешендерi, өнеркәсiп, денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым, мәдениет және спорт кәсiпорындарын жекешелендiру процесiн жеделдетудiң негiзiнде Қазақстан Республикасының экономикасында жеке сектордың басымдығына қол жеткiзу және оны нығайту осы бағдарламалардың мақсаты болып табылады.
Қойылған мақсатқа жету үшiн мынадай мiндеттердi:
меншiк нысандарын құрылымдық қайта құруды аяқтауды;
нарықтық принциптерге сәйкес тиiмдi басқарудың жаңа әдiстерiн айқындауды;
инвестицияларды таратудың мүмкiндiктерiн кеңейтудi;
кәсiпорындардың ТМД рыногындағы және дүниежүзiлiк рыноктағы бәсекелестiк қабiлетiн қамтамасыз етудi;
бағалы қағаздар нарығын ұйымдастыруды шешу қажет.
Мұнайгаз кешенi
Қазақстан Республикасында мұнайгаз секторы жоғары экспорттық әлеуетiмен сипатталады және көмiрсутегi шикiзаты қорларының айтарлықтай ауқымына ие. Алайда сала дәстүрлi түрде капиталды көп қажет етушi болып және iшкi ресурстардың шектеулiлiгiне байланысты қаржыландырудың сыртқы көздерiн тартуды қажет етедi.
Мұнайгаз кешенi кәсiпорындарын қайта құрылымдауға
және жекешелендiруге негiзгi ыңғайлар
Мұнайгаз салаларының мұнайгаз өндiру және мұнай өңдеу кәсiпорындарын жекешелендiру (1-қосымша), жекешелендiруге жатпайтындарын қоспағанда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiне сәйкес жеке жобалар бойынша жүзеге асырылатын болады. Уақыттың белгiлi бiр кезеңiнде саладағы акционерлiк қоғамдардың акциялары пакетiнiң 30% мемлекетте сақтау көзделуде. Инвесторлардың шеңберiн кеңейту мақсатында акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiнiң бөлiгiн қор биржаларына орналастыру көзделiп отыр.<*>
Әлеуметтiк инфрақұрылымдар объектiлерiн белгiленген тәртiппен акционерлiк қоғамдардың баланстарынан жергiлiктi атқарушы органдардың баланстарына беру жөнiндегi жұмыстар аяқталатын болады.
Кәсiпорындарды ("Ақтөбемұнайгаз" АҚ басқа) қайта құрылымдауды жүргiзу кезiнде көмекшi бөлiмшелер бөлу және оларды мүлiктiк кешен ретiнде сату, сондай-ақ олардың базасында акционерлiк қоғамдар, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер, жеке және бiрлескен кәсiпорындар түрiнде сервистiк компаниялар құру көзделуде.
Акциялардың мемлекеттiк пакетiн сату арқылы геофизикалық ұйымдарды жекешелендiру жалғастырылатын болады.
Табиғи газды тасымалдау мен сақтауды қамтамасыз ететiн "Қазақгаз" МХК мен "Алаугаз" АҚ газкөлiк жүйелерiнiң объектiлерi мүлiктiк жалға (концессияға) берiледi.
ЕСКЕРТУ. Бөлімше өзгерді - ҚР Үкіметінiң 1999.08.19. N
1198 қаулысымен .
Мұнайгаз кешенiн мемлекеттiк басқару жүйесiн
қайта ұйымдастыру
1997 жылдың 1 тоқсанында "Мұнайгаз" МХК қайта ұйымдастыру
аяқталатын болады.
Бiрiккен кәсiпорындардың жарғылық қорындағы мемлекеттiк үлестердi, мұнайгаз саласындағы акционерлiк қоғамдар мен мемлекеттiк кәсiпорындардағы акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн басқарудың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында бiрлескен кәсiпорындағы мемлекеттiк үлестерге басшылықты жүзеге асырушы шаруашылық жүргiзушi субъектiлер құру туралы мәселе қаралатын болады.
Қолданылып жүрген арнаулы құбыр желiлерi мемлекеттiк меншiкте қалады.
1997 жылдың бiрiншi жарты жылдығында облыстық газ шаруашылықтарындағы акционерлiк қоғамдарды жекешелендiру аяқталатын болады.
Көлiк-коммуникация кешенi (ККК)
ККК мынадай салалардан: автомобиль, темiржол, әуе, өзен және теңiз көлiктерiнен, автомобиль жолдарынан, сондай-ақ почта байланысы мен телекоммуникациялардан тұрады. Осы салалардың әрқайсысының мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру мен қайта құрылымдау бағдарламаларын тиiмдi жүзеге асыруға қол жеткiзу мақсатында есепке алу қажет болатын өз ерекшелiктерi бар.
Көлiк-коммуникация кешенiн жекешелендiру мен
қайта құрылымдауға негiзгi ыңғайлар
Автомобиль көлiгi. Жекешелендiрудiң нысаны ретiнде автомобильдердi сату жөнiнде аукциондар, сондай-ақ автокөлiк кәсiпорындары акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн сатудың түрлi нысандары пайдаланылатын болады. Автокөлiк кәсiпорындарын жекешелендiру кезiнде дербес техникалық қызмет көрсету станциялары түрiнде жөндеу аймақтары бөлiнуi, сондай-ақ әкiмшiлiк аппараттардың базасында экспедициялық және консальтингтiк фирмалар құрылуы мүмкiн.
Бұл шаралар үш дербес шаруашылық жүйелерiн:
жеке тасымалдаушыларды;
сервис жүйелерiн (ТҚС мен автомобильдер жөндеу желiлерiн, жанармай станциялары желiлерiн);
экспедициялық қызмет көрсету ұйымдарын құруды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Қалалық жолаушылар көлiгi кәсiпорындарын акционерлiк қоғамдарға одан әрi қайта құруды жалғастыру. Жекешелендiру нысандарын айқындау кезiнде оларды кейiн конкурстық негiзде атаулы сату арқылы бұл кәсiпорындар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн сенiмдi басқаруға берген жөн. Электр көлiгi кәсiпорны бiрыңғай мүлiктiк кешен ретiнде қайта құрылады.
Әскери үлгiдегi автоколоналарды басқару үшiн республикалық мемлекеттiк кәсiпорын құрылды.
Автовокзалдар мен автостанциялар кейiн акцияландыру және акцияларын конкурстық негiзде сату арқылы облыстық жолаушылар автобасқармаларының құрамынан шығарылатын болады.
Темiржол кешенi. Арналы темiр жолдар табиғи монополияға объектiлерi ретiнде бiрiктiрiлетiн болады және мемлекеттiң ерекше меншiгiнде қалады, 1997 жылдың ақпанында барлық мемлекеттiк темiр жолдарды басқару жөнiндегi темiр жолдардың республикалық мемлекеттiк дерекциясын құру бойынша жұмыс аяқталатын болады. Сонымен бiр мезгiлде базасында бiрнеше бәсекелес компаниялар құрылатын вагон паркi темiр жолдың құрамынан шығарылады. Оның үстiне темiр жолдарға қызмет көрсететiн кәсiпорындарды жекешелендiру жүзеге асырылатын болады, сондай-ақ әлеуметтiк сала объектiлерi жергiлiктi атқарушы органдардың балансына берiледi. Осылайша жұмысшы жабдықтау бөлiмдерi бойынша - үстiмiздегi жылдың I тоқсанында оларды кейiн аукциондарда сату арқылы iрi қалалардағы бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру объектiлерiн бөлiктеу аяқталатын болады.
Медицина мекемелерi бойынша - темiр жол желiлерiне қызмет көрсететiн жылжымалы дәрiханаларды қоспағанда, темiр жол дәрiханаларын жекешелендiру жалғастырылатын болады. Темiр жол ауруханаларын жекешелендiру жөнiндегi жұмыстар басталады.
Вагон жасау заводтары мен шпал жасау және оларға май сiңiру жөнiндегi кәсiпорындарды жекешелендiру бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.
Қиыршық тастар заводтары бойынша - акциялардың мемлекеттiк пакеттерi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес толық көлемде сатылатын болады.
Темiр жолдардың қызметi аз учаскелерi, жiңiшке жолды жерлер олардың шығындылығына, сондай-ақ оларды ұстауға қаражаттың және инвестициялардың болмауына байланысты қолданылып жүрген заңдарға сәйкес Жаңа-Семей-Конечная, Атбасар-Краснознаменка, Тобыл-Жiтiқара, Маңғышлақ-Өзен, Мақат-Индер жекешелендiруге берiлетiн болады.
Жекешелендiрiлген вагон жөндеу заводтары 3-қосымшада көрсетiлген.
Авиация. "Эйр Қазақстан" жабық үлгiдегi акционерлiк қоғамын құру жөнiндегi ұйымдастыру шаралары аяқталатын болады.
"Қазақстан әуе жолы" ҰААК құрамынан республиканың барлық авиакомпаниялары мен шетелдiк авиакомпанияларды әуе трассалары туралы ақпаратпен қамтамасыз ететiн аэронавигациялық ақпараттар қызметi бөлiнiп шығарылатын болады.
Оңтүстiк Қазақстан, Ақмола, Жамбыл және басқа да облыстық авиакәсiпорындардың базасында авиакомпаниялар құру жөнiндегi жұмыстар жалғасады.
Авиажөндеу заводтары жеке жобалар бойынша жекешелендiретiн болады.
Су кешенi. Су көлiгi бойынша жекешелендiру бағдарламасында өзен айлақтарын, көлiк сүйреу, жүк, жолаушылар және жанармай кемелерiн, жолаушылар вокзалдарын, арналы каналдардағы шлюздердi қоспағанда, өзен пристандарын жекешелендiру көзделедi.
Семейдiң кеме жөндеу - кеме жасау заводы, Қапшағай мен Глубоков кеме жасау - кеме жөндеу шеберханалар шаруашылық серiктестiктерiнiң түрлi нысандарына қайта құрылатын болады.
Автомобиль жолдары. Ортақ пайдаланатын қазыналық автомобиль жолдары мемлекеттiк меншiкте қалады және өзiнiң маңызы бойынша республикалық және жергiлiктi болып бөлiнедi.
Жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдары коммуналдық меншiкке берiледi.
Жекешелендiруге ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерi: жекелеген жеке объектiлерге (демалыс үйлерiне, курорттарға, жекелеген кәсiпорындарға) кiрме жолдар, автомобиль жолдарының қосалқылары, жаңа жеке жолдар салынатын жер учаскелерi, қорғаныс тұрғысындағы жолдардың тiзбесiне кiргiзiлмеген басқа да жолдар жатады.
Байланыс. "Қазақтелеком" ҰАК құрамынан Қазбайланыс комплектiсi мен Қазбайланыс НПИ, Алматы радиотелехабарларын берушi станциясы шығарылды. Жергiлiктi органдардың балансына әлеуметтiк сала объектiлерi берiлдi. Аталмыш саланы одан әрi жекешелендiрудi тендерде немесе қорлық биржада сату арқылы Үкiмет айқындайды.
Соталық байланыс жүйелерiн қайта ұйымдастыру жөнiндегi жұмыс 1997 жылдың I тоқсанында аяқталады.
Почта мемлекеттiк кәсiпорын болып табылады және жекешелендiруге жатпайды.
ЕСКЕРТУ. Бөлімшеден 27-абзац алынып тасталды - ҚР Үкіметінiң
1999.08.19. N 1198 қаулысымен .
Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда
министрлiгi жүйелерiнiң кәсiпорындары
Жеке жобалар бойынша жекешелендiру, акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн атаулы сату, сондай-ақ ақша аукциондары мен қор биржаларында акциялар сату тау-кен - металлургия, машина жасау және химиялық кешендердi жекешелендiрудiң негiзгi нысаны болып табылады.
Негiзгi өндiрiс объектiлерiне қатысты жекешелендiру алдындағы шаралар ретiнде акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн сенiмдi басқаруға беру, ал жекелеген кәсiпорындар бойынша - олардың күнi бұрынғы санациясы қолданылатын болады.
Қорғаныс кешенiнде қорғаныс өнеркәсiптерiн дамыту және конверсиялау мемлекеттiк бағдарламасына негiзделген кәсiпорындарды реформалау жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады, бұл кәсiпорындарды жекешелендiру жеке жобалар бойынша жүзеге асырылады.
Көптеген тау-кен - металлургия, машина жасау және химиялық кешендер мен жеңiл өнеркәсiп акционерлiк қоғамдарында акциялардың мемлекеттiк пакетi акционерлiк қоғамдардың жарғылық қорының 1/3-тен азын құрайтындығын назарға ала отырып акциялардың қалған мемлекеттiк пакеттерiн ашық саудаластықтарда және қор биржалары арқылы сату жолымен өткiзу көзделуде.
Қолданылып жүрген заңдарға сәйкес экономикалық тұрғыдан дәрменсiз кәсiпорындар кейiн мүлкi аукциондық сату арқылы таратылады. Кейбiр кәсiпорындар жекешелендiрудiң алдында күнiбұрын қайта құрылымдануы тиiс.
Объектiлердi жекешелендiру мен қайта құрылымдау:
iрi инвесторлардың келуiне және өнеркәсiпте iрi конгломераттарды құруға ықпал ететiн технологиялық желiмен байланысқан өнеркәсiптiң түрлi салаларының кәсiпорындарын бiрге жекешелендiрудi;
акциялардың мемлекеттiк пакетiн, оның iшiнде халыққа, қор биржасы арқылы сатуды;
фирмалардың меңгерушiлерi сенiмдi басқаруға берiлген кәсiпорындар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн атаулы сатуды жүргiзуiн;
машина жасау кәсiпорындары акцияларының мемлекеттiк пакетiн өндiрiстiң баяулауын тоқтатқандарға және нарықтық экономикадағы өзiнiң орнын тапқандарға тендерлiк негiзде сенiмдi басқаруға берудi көздейдi.
Жоюға ұсыныс жасалған кәсiпорындардың тiзiмi 6-қосымшада ұсынылған.
ЕСКЕРТУ. Бөлімшеден 11-абзац алып тасталды - ҚР Үкіметінiң
1999.08.19. N 1198 қаулысымен .
Денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет
және спорт жүйесi
Денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет және спорт жүйесiндегi жекешелендiру мен қайта құрылымдау жеке секторды дамытуға және мемлекет кепiлдендiрген халыққа арналған ең төменгi белгiленген қызметтi сақтай отырып бұл саладағы берушiлер қызметiнiң жоғары дәлелдiлiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ қосымша ресурстарды тартуға бағытталған бұл салалардағы мемлекеттiң iс-әрекетi ерекшелiктерге негiзделуi және олардың әлеуметтiк маңыздылығын ескеруi тиiс.
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткiзу мынадай принциптерге:
салалардың жұмыс iстеп тұрған инфрақұрылымдарын оңтайландыруға;
бұл салаларда нарықтық құрылымдар құруға және бәсекелестiктi дамытуға;
объектiлердi және оларды жекешелендiрудiң нысандарын таңдау кезiнде республика аймақтарының әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiн есепке алуға базаланатын болады.
Денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет және
спорт объектiлерiн жекешелендiру мен қайта
құрылымдаудың негiзгi ыңғайлары
Бағдарлама денсаулық сақтаудың, бiлiм берудiң, ғылымның, мәдениет пен спорттың барлық объектiлерiн екi топқа: жекешелендiруге жататын объектiлерге және жекешелендiруге жатпайтын объектiлерге бөлуден тұрады.
Ерекше мемлекеттiк меншiктегi және жекешелендiруге жатпайтын объектiлерге:
денсаулық сақтау саласында - қан құю жөнiндегi, онкологиялық, туберкулездiк, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандарды және СПИД-пен ауыратындарды емдеу жөнiндегi объектiлер;
ғылым саласында - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Ғылыми-техникалық сала объектiлерiн жекешелендiру жөнiндегi ведомствоаралық комиссия ұсынған ("Ғылыми-техникалық саладағы мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiру бойынша ұйымдастыру шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 23 шiлдедегi N 923 қаулысына сәйкес) ғылыми-техникалық сала мекемелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң және Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң бағдарламалары бойынша жұмыс iстейтiн ғылыми мекемелер;
мәдениет саласында - мемлекеттiң қорғауындағы тарихи және мәдени мұралар объектiлерi (тұрғын үй және азаматтық сәулет объектiлерi);
спорт саласында - "Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамыту жөнiндегi шұғыл шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 4 мамырдағы N 2261 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасындағы олимпиадаға дайындық базаларының мүлiктiк кешенi жатады.
Ерекше мемлекеттiк меншiктегi және жекешелендiруге жатпайтын объектiлердiң атаулы тiзбесiне кiргiзiлген объектiлердi қоспағанда, денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет және спорт объектiлерi жекешелендiруге жатады.
Объектiлердi жекешелендiру немесе акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн кейiн сата отырып акционерлiк қоғамдар құру жолымен немесе мүлiктiк кешендердi жеке заңды және жеке тұлғаларға тендерлiк сату жолымен жүзеге асырыла алады. Объектiлер мен мүлiктiк кешендерге төлем қабiлетi бар сұраным болмаған жағдайларда мүлiктi шарттардың негiзiнде сенiм бiлдiрiлген басқаруға немесе объектiнiң қызметi бейiнiн сақтау талабымен сатып алу құқығы арқылы мүлiктiк жалға беруге болады.
Объектiнi күнi бұрын акционерлiк қоғамға қайта ұйымдастыру туралы шешiм экономикалық және әлеуметтiк дұрыстығына орай тек қайта құрылатын объектi мүлкiнiң құны акционерлiк қоғамның заңмен белгiленген мөлшерлердегi жарғылық қорын құруға мүмкiндiк беретiн жағдайларда ғана қабылданады.
Денсаулық сақтаудың, бiлiмнiң, ғылымның және мәдениеттiң жекешелендiруге жататын мемлекеттiк меншiктегi объектiлерiнiң құнында жекешелендiрiлетiн объектiнiң қызметкерлерi жасаған интеллектуалдық меншiк пен өзге де материалдық емес қаржылардың құны да ескерiле алады. Мұндай жағдайда жекешелендiретiн объектiнiң интеллектуалдық меншiктiң (өзге де материалдық емес қаржылардың) құнына меншiк үлесi аталған интеллектуалдық меншiктiң (өзге де материалдық емес қаржылардың) иесiне (иелерiне) тиесiлi болады.
Акционерлiк қоғамдардың жарғылық қорына мемлекеттiк мүлiкпен қатар белгiленген тәртiппен тиiстi бағалаудың негiзiнде денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым және мәдениет мекемелерiнiң базасында құрылған осы мекемелер қызметкерлерiнiң жеке интеллектуалдық меншiгiн де кiргiзуге рұқсат етiледi.
Жекешелендiрiлген денсаулық сақтау және бiлiм объектiлерiнде жұмыс iстейтiн адамдардың кәсiби даярлығы, ал мекемелердiң өздерiнiң - тиiстi мемлекеттiк лицензиялары болу қажет.
Денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет және
спорт объектiлерiн жекешелендiрудiң шарттары
Сату аукционда бейiнiн сақтаусыз жүргiзiле алатын объектiлерден басқа денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет және спорт объектiлерiн сату мiндеттi келiсiлген шарттармен аукцион мен тендер арқылы ашық саудаластықтарда жүргiзiледi.
Жоғарыда аталған объектiлердi жекешелендiру кезiнде:
объектi қызметiнiң бейiнiн сақтау;
халыққа қызмет көрсетудiң аралас режимi, яғни ақылы қызмет көрсетумен қатар, мемлекет кепiлдендiрген қызмет көрсетудiң ең төменгi көлемiне дейiнгi мiндеттi қаржыландыру арқылы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген көлемiн қамтамасыз ету;
егер аталған интеллектуалдық меншiк жекешелендiрiлетiн объектiнiң қызметiне одан әрi пайдаланылатын жағдайларда, қызметкерлерге интеллектуалдық меншiк құнының мөлшерiнде өтемақы төлеу;
объектi қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
денсаулық сақтаудың, бiлiмнiң, ғылымның, мәдениет пен спорттың жаңа бағыттарын әзiрлеу және оларды дамыту - тендерлiк сатудың шарттары болуы тиiс.
Объектiлердi сенiмдi басқаруға (мүлiктiк жалдау) берудiң мiндеттi шарттары мыналар болуы тиiс:
объект қызметiнiң бейiнiн сақтау;
халыққа қызмет көрсетудiң, яғни республикалық және жергiлiктi бюджеттер есебiнен көрсетiлетiн, мемлекет кепiлдендiрген ең төменгi көлемге дейiн мiндеттi жете қаржыландырумен ақылы қызмет көрсетумен қатар, қызмет көрсетудiң тiркелген көлемiн қамтамасыз етудiң аралас режимi;
мемлекеттiк бюджеттен алынатын қаржыны қысқарту.
Денсаулық сақтау объектiлерi үшiн:
шұғыл медициналық көмек көрсету;
мiндеттi медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасын, сондай-ақ денсаулық сақтаудың бюджеттiк қаражаттарынан қаржыландырылатын медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн қамтамасыз ету - қосымша шарттар болуы тиiс.
Бiлiм беру объектiлерi үшiн қосымша шарттарда бюджеттiк қаржыландырудың шегiнде бiлiм беру қызметiнiң мемлекет кепiлдендiрген көлемiн көрсету көзделуi тиiс.
Жалпы бiлiм беру мекемелерi, кәсiптiк-техникалық мектептер, мектептен тыс мекемелер Қазақстан Республикасы Бiлiм, мәдениет және денсаулық сақтау министрлiгiнiң келiсiмiмен жекешелендiрiледi.<*>
ЕСКЕРТУ. Азатжолмен толықтырылды - ҚРҮ-нiң 1998.08.28. N 812
қаулысымен .
Денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым, мәдениет және
спорт жүйесiндегi жекешелендiрудiң негiзгi
кезеңдерi
1997 жылдың iшiнде 7-қосымшаға сәйкес денсаулық сақтау, бiлiм, мәдениет және спорт объектiлерi жекешелендiруге жатады.
1997 жылдың iшiнде 8-қосымшаға сәйкес ғылыми-техникалық сала объектiлерi жекешелендiруге жатады.
Жекешелендiруге жатпайтын денсаулық сақтау, мәдениет және спорт жүйелерi объектiлерiнiң атаулы тiзбесi 9-қосымшада ұсынылған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi және облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi заңмен белгiленген тәртiппен жекешелендiруге жататын объектiлердiң атаулы тiзбесiне сәйкес денсаулық сақтау, бiлiм, ғылым, мәдениет және спорт объектiлерiн жекешелендiрудi және қайта құрылымдауды жүзеге асырады.
(Қосымшалардың мемлекеттік тілдегі аудармасы жоқ
болғандықтан, мәтінді орыс тіліндегі нұсқадан қараңыз)
РҚАО-ның ескертпесі!
9-қосымшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 16.04.2013 N 369 қаулысымен.