Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сақтандыруды қадағалау департаментi туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1997 жылғы 18 желтоқсандағы N 1780. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен

      "Қазақстан Республикасында мемлекеттiк басқарудың пәрмендiлiгiн одан әрi арттыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 10 қазандағы N 3655  Жарлығына  сәйкес (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 45, 410-құжат) Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сақтандыруды қадағалау департаментi туралы ереже бекiтiлсiн.
      2. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сақтандыруды қадағалау департаментi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 23 маусымдағы N 1006  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 28, 253-құжат) күшi жойылған деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы       
Үкiметiнiң            
1997 жылғы 18 желтоқсандағы    
N 1780 қаулысымен        
бекiтiлген        

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сақтандыруды қадағалау департаментi туралы
ЕРЕЖЕ

      Миссиясы: сақтандыру саласында мемлекеттiк стратегияны әзiрлеу және iске асыру, сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру.

I. Жалпы ережелер 

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Сақтандыруды қадағалау департаментi (бұдан әрi - Департамент) сақтандыру қызметiн қадағалауды, сақтандыру туралы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын сақтандыру субъектiлерiнiң сақтандыру қатынастарынан туындайтын заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган болып табылады. 
      2. Департамент өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 
      3. Департаменттiң аппаратын ұстау Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi орталық аппаратының жалпы сметасының есебiнен жүзеге асырылады.
      4. Департаменттiң құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiтедi.
      5. Департамент заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген мөрi болады.

II. Басымдықтары

      6. Департамент өз қызметiнде мынадай басымдықтарды басшылыққа алады:
      қоғам мен мемлекет өмiрiндегi сақтандырудың ролi мен маңызын ұдайы арттыру;
      Қазақстан Республикасын дамытудың басым бағыттарын жүзеге асыруда сақтандыру институтын толыққанды пайдалану; 
      сақтандыру қызметтерiнiң толыққанды бәсекеге қабiлеттi қазақстандық рыногын қалыптастыруға жағдай тудыратын сақтандыру қызметiн реттейтiн бара-бар жүйелер құру; 
      сақтандырушылардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған шаралардың кешенiн әзiрлеу. 

III. Негiзгi мiндеттерi, функциялары және құқықтары 

      7. Департаменттiң негiзгi мiндеттерi: 
      сақтандыру қызметi саласында мемлекеттiк сақтандыруды қадағалауды жүзеге асыру; 
      белгiленген құқықтық тәртiп бойынша сақтандыру қызметi саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысу; 
      сақтандыру мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттар мен келiсiмдердi дайындауға және жүзеге асыруға қатысу, сондай-ақ Қазақстан сақтандыру ұйымдарының басқа елдердiң сақтандыру компанияларымен халықаралық ынтымақтастықты дамытуына жәрдемдесу болып табылады. 
      8. Департамент өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес: 
      белгiленген тәртiппен сақтандыру қызметiн жүзеге асыруға лицензиялар берудi; 
      сақтандырушыларды есепке алуды, олардың бiрлестiктерi мен сақтандырушы делдалдарының тiзiлiмiн жүргiзудi; 
      сақтандыру тарифтерiнiң негiздiлiгiне бақылау жасауды және сақтандырушылардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етудi; 
      сақтандырушылардың өз қаражаттары мен олар қабылдаған сақтандыру мiндеттемелерi арасындағы қатынастардың нормативтерiн сақтауды әзiрлеудi және бақылауды; 
      заңды және жеке тұлғалардың мiндеттi сақтандыру туралы заңдардың талаптарын орындауына бақылау жасауды; 
      сақтандырушылардың жасайтын сақтандыру шарттары мазмұнының заңдардың талаптарына сәйкес келуiн бақылауды; 
      сақтандыру қызметiнiң практикасын қорытындылауды, республикада сақтандыру рыногын дамыту туралы заңдарды жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды белгiленген тәртiп бойынша әзiрлеудi және ұсынуды; 
      сақтандыру мәселелерi жөнiндегi нұсқаулықтарды, әдiстемелiк нұсқауларды, ұсынымдарды, анықтамалық және өзге де материалдарды басып шығаруды; 
      сақтандыру саласында мамандарды кәсiби даярлау және қайта даярлау жөнiндегi шараларды жүргiзудi; 
      халықаралық шарттарды әзiрлеудi және оларға белгiленген тәртiппен қол қоюды; 
       басқа елдердiң қадағалау органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы сақтандыру ұйымдарының басқа елдердiң сақтандыру компанияларымен өзара iс-қимыл мен ынтымақтастықты жүзеге асырады. 
      9. Департамент өзiне жүктелген өкiлеттiктер мен функцияларды өз құзыретiнiң шегiнде жүзеге асыру үшiн: 
      Департамент Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөнiндегi агенттiгiнiң Статистика және талдау жөнiндегi комитетi белгiленген сақтандыру қызметi туралы сақтандырушылардан белгiленген есептемелердi сұрауға және алуға, жылдық баланстарды, пайдалар мен залалдарды жариялаудың мерзiмiн белгiлеуге; 
      сақтандырушылардың сақтандыру туралы заңдарды сақтауына тексерулер жүргiзуге; 
      шетелдiктер қатысатын кәсiпорындарды қоса алғанда, сақтанушылардың мiндеттi сақтандыру туралы заңдарды сақтауына тексеру жүргiзуге; 
      сақтандырушы лицензияны тоқтата тұру үшiн негiз болып табылатын мiндеттемелердi белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда лицензияны қайтып алу туралы талап-арызбен сотқа өтiнiш жасауға; 
      өз құзыретiнiң шегiнде шетелдiктер қатысатын ұйымдарды қоса алғанда, сақтандырушыларға, заңды тұлғалардың басшыларына сақтандыру не оның бұзылуын жою туралы заңдардың талаптарын сақтаудың қажеттiгi туралы атқарылуы мiндеттi ұйғарымдамалар беруге; 
      белгiленген тәртiппен сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына берiлген лицензиялардың күшiн тоқтата тұруға; 
      өз құзыретiнiң шегiнде сақтандыру ұйымдары үшiн кадрларды даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi мамандандырылған ұйымдарды қоса алғанда, оқу орындарының барлық үлгiлерiнде сақтандыру жөнiндегi оқу бағдарламаларын сараптауға қатысуға; 
      уақытша кеңестер мен комиссиялар құруға, сақтандыру нарығын реттеу мәселелерiн талқылауға сарапшыларды тартуға құқығы бар. 

IV. Департаменттiң қызметiн ұйымдастыру 

      10. Департаменттi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Директор басқарады. 
      11. Департаменттiң директоры: 
      Департаменттiң жұмысын ұйымдастырады және оны басқарады; 
      Департаментке жүктелген өкiлеттiктердiң орындалуы үшiн дербес жауап бередi, өз орынбасарының және тапсырылған жұмыс учаскелерi үшiн құрылымдық бөлiмшелер басшыларының жауапкершiлiк дәрежесiн белгiлейдi; 
      Департаменттiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 
      лауазымды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын нормативтiк құжаттарды бекiтедi; 
      өзiнiң құзыретi шегiнде бұйрықтар берiп, нұсқаулықтар шығарады, барлық сақтандырушылар үшiн орындалуы мiндеттi болып табылатын нұсқаулық бередi және олардың орындалуын тексерудi ұйымдастырады; 
      бұған қосымша өзiнiң құзыретiне жататын басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды. 
      12. Департаменттiң директоры сенiмхатсыз Департаменттiң атынан iс-қимыл жасайды, оның мүдделерiн бiлдiредi, шарттар (келiсiмдер) жасайды және өзiнiң өкiлеттiктерi шегiнде өзге де iс-қимыл жасайды. 
      13. Департамент директорының қызметке Департамент директорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын бiр орынбасары болады. 
      Департамент директорының орынбасары Департаменттiң директоры жоқ уақытта оның орнында болады, Департаменттiң қызметiн үйлестiредi және Департаментке жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асырады. 
      14. Департаменттiң лауазымды тұлғалары жеке басының пайдасы үшiн сақтандырушылардың коммерциялық құпиясын құрайтын қандай да бiр түрде мәлiметтердi пайдалануына және жария етуге құқығы жоқ. 
      15. Департаменттi тарату және қайта ұйымдастыру қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады