Тарифтік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 қарашадағы N 1691 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 1465 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.12.05 № 1465 Қаулысымен.

      Алдағы кезеңге арналған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына сәйкес табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты тарифтік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     1. Мына құрамда Тариф саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

Шөкеев                  - Қазақстан Республикасы
Өмірзақ Естайұлы          Премьер-Министрінің орынбасары,
                          төраға
 
Алдабергенов            - Қазақстан Республикасы Табиғи
Нұрлан Шәдібекұлы         монополияларды реттеу агентгігінің
                          төрағасы, төрағаның орынбасары

Ахметов                 - Қазақстан Республикасының Көлік
Серік Нығметұлы           және коммуникация министрі

Күрішбаев               - Қазақстан Республикасының Ауыл
Ақылбек Қажығұлұлы        шаруашылығы министрі

Мыңбаев                 - Қазақстан Республикасының
Сауат Мұхаметбайұлы       Энергетика және минералдық
                          ресурстар министрі

Школьник                - Қазақстан Республикасының Индустрия және
Владимир Сергеевич        сауда министрі

Есекеев                 - Қазақстан Республикасы
Қуанышбек Бақытбекұлы     Ақпараттандыру және байланыс
                          агенттігінің төрағасы

Мешімбаева              - Қазақстан Республикасы
Анар Ертөлеуқызы          Статистика агенттігінің төрайымы

Балиева                 - Қазақстан Республикасының Әділет министрі
Зағипа Яхияқызы

Шкарупа                 - Қазақстан Республикасы Табиғи
Анатолий Валерьевич       монополияларды реттеу агенттiгi Электр
                          және жылу энергетикасы саласындағы
                          реттеу мен бақылау департаментiнiң
                          директоры, хатшы

Жәмішев                 - Қазақстан Республикасының Қаржы
Болат Бидахметұлы         министрі

Сұлтанов                - Қазақстан Республикасының
Бақыт Тұрлыханұлы         Экономика және бюджеттік
                          жоспарлау министрі

Есенбаев                - Қазақстан Республикасы
Мәжит Телеубекұлы         Бәсекелестікті қорғау агенттігінің
                          төрағасы
      Ескерту. Құрамға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.09.18
N 1404 , 2001.03.28 N 400 , 2001.12.19 N 1654 , 2002.02.01 N 151 ,
2002.09.30 N 1073 , 2003.01.14 N 010 , 2003.05.14 N 449 , 2004.01.22
N 69 , 2004.06.03 N 617 , 2005.02.02 N 87 , 2005.06.28 N 644 ,
2006.04.05 N 247 , 08.10.07 N 915 , 2008.11.22 N 1081 Қаулыларымен.

      2. Қосымшаға сәйкес Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Жүктелген міндеттерді іске асыру үшін Комиссияға барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпарат мен материалдарды сұрау, сондай-ақ белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың мамандарын жұмысқа тарту құқығы берілсін.

      4. Барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар қолданылып жүрген заңдардың талаптарын ескере отырып Комиссияға сұраған ақпарат пен материалдарды беруге міндетті деп белгіленсін.

      5. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне Комиссияның жұмыс органының функциясы жүктелсін.
      Ескерту. 5-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.09.30. N 1073
қаулысымен , 2005.02.02. N 87 қаулысымен.

      6. Комиссия:
      1999 жылғы 15 қарашаға дейін мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері негізінде бұрын берілген табиғи монополиялар субъектілерінің көрсеткен қызметтеріне арналған тарифтер бойынша жеңілдіктердің тиімділігі және орындылығы жөніндегі мәселені қарасын.
      Табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет көрсету тарифтерінен жеңілдіктер берудің тәртібі туралы ережені әзірлесін және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынсын.

      7. Тиісті министрліктер өздеріне қажетті материалдар келіп түскен сәттен бастап 7 жұмыс күннің ішінде Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілген табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет көрсетулеріне арналған тарифтерді өзгертудің орындылығы туралы қорытынды ұсынады деп белгіленсін.
     Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2002.09.30. N 1073 қаулысымен , 2005.02.02. N 87 қаулысымен.

        8. "Ведомствоаралық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 13 шілдедегі N 965 қаулысының күші жойылды деп танылсын. 

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы      
Үкіметінің 1999 жылғы      
12 қарашадағы         
N 1691 қаулысына қосымша    

               Тарифтік саясат жөніндегі ведомствоаралық
                         комиссия туралы
                              Ереже

       Осы Ереже саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) ұйымдастырудың және оның мәжілістерін өткізу мен шешімдерін қабылдаудың тәртібін айқындайды.
      Комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Оның басты мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі қызметінің басымдықтарына сәйкес баға және тарифтік саясатты жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары мен ведомстволарының іс-қимылдарын үйлестіру және келісімге келтіру болып табылады.

           1. Комиссияның міндеттері мен функциялары

       1. Комиссияның негізгі міндеттері мыналар болып айқындалсын:
      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттардағы позициясын айқындау мақсатында табиғи монополиялар субъектілерінің келісілген тарифтік саясатын жасау;
      2) тарифтік саясатты ұлттық компаниялардың индикативтік жоспарларымен өзара үйлестіру жөнінде келісілген іс-қимылды әзірлеу;
      3) индикативтік макро-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, алдағы жылға тарифтік саясаттың келісілген деңгейін қалыптастыру туралы салааралық келісімдерді жасау жөніндегі ұсыныстарды келісу;
      4) өнім және қызмет көрсету экспортын сақтауға және ұлғайтуға бағытталған отандық тауар өндірушілерді қолдау, сондай-ақ импорт алмастыруды дамыту, отандық өнімдердің бәсекелестік қабілетін сақтау және салық салу базасын кеңейту мақсатында икемді тарифтік саясатты жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарды қарау;
      5) салааралық, ішкісалалық және аймақтық баға тепе-теңдігі мен баланстарды сақтау тұрғысындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарау, икемді тарифтік реттеу әдістерін айқындау;
      6) табиғи монополиялар субъектілері үшін қолданылып жүрген баға және тариф түзу әдістемелерін жетілдірудің жалпы принциптерін әзірлеу;

            2. Комиссияның құқығы және өкілеттігі

       2. Комиссия өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін:
      1) өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін орталық атқарушы органдардан, ведомстволардан, ұйымдардан белгіленген тәртіппен қажетті материалдарды және ақпаратты сұрауға және алуға;
      2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ведомстволардың, ұйымдардың, шетелдік сарапшылардың Комиссияның құзыретіне жататын мәселелерге байланысты қызметінде мамандарын сараптамалар мен консультациялар жүргізуге қатыстыруға құқылы;

             3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

       3. Комиссияны Төраға басқарады.

      4. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу агенттігі болып табылады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2002.09.30. N 1073 қаулысымен , 2005.02.02. N 87 қаулысымен.

         5. Комиссия мәжілісі, егер оған Комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, заңды болып саналады.

      6. Комиссияның шешімі ашық дауыспен қабылданады, егер оған комиссия мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берген болса, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, Төраға дауыс берген шешім қабылданады.

      7. Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы, ондай жағдайда оның пікірі жазбаша түрде мазмұндалып, хаттамаға қоса тіркеледі.

       8. Комиссия өткізген мәжілістердің нәтижелері бойынша Комиссия Төрағасы қол қойған хаттама жасалады.

      9. Комиссия өз қызметінің шеңберінде жекелеген мәселелер мен проблемаларды терең және жан-жақты пысықтау үшін құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен сарапшылар тартылған уақытша жұмыс тобын құра алады.

               4. Ұйымдастыру мәселелері

      10. Комиссия мәжілісі қажетіне қарай, бірақ кемінде айына бір рет өткізіледі.

      11. Комиссияның мәжілістеріне материалдарды әзірлеу, іс қағаздарын жүргізу және құжаттамаларды сақтау комиссияның жұмыс органына жүктеледі.

      12. Комиссияның жұмыс мәжілістерінің материалдары Төрағамен келісілгеннен кейін, мәжіліске кемінде 2 күн қалғанға дейін, Комиссияның әр мүшесіне жеткізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады