Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстан Республикасына жұмыс сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2009 жылғы 10 желтоқсандағы N 168-ө Өкімі

      Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстан Республикасына жұмыс сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2009 жылғы 12 - 13 желтоқсан кезеңінде Астана қаласында Қытай Халық Республикасы Төрағасының Қазақстан Республикасына жұмыс сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес "1+10" форматы бойынша Қытай Халық Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2009 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету" және 003 "Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) Қытай Халық Республикасы ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Қытай Халық Республикасының Төрағасы арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
      Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      6. Астана қаласының әкімдігі Қытай Халық Республикасының ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, баратын орындарда бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Қытай Халық Республикасының Төрағасын қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) Қытай Халық Республикасы делегациясы мүшелерінің құжаттарын оңайлатылған түрде тексеруді қамтамасыз етсін.
      9. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті (келісім бойынша) Қытай Халық Республикасының делегациясы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жеңілдікті тәртіппен өткізуді қамтамасыз етсін.
      10. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Премьер-Министрінің    
2009 жылғы 10 желтоқсандағы
N 168-ө өкіміне      
қосымша         

Қытай Халық Республикасы ресми делегациясының мүшелерін қамтамасыз ету және оларға қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Қытай Халық Республикасы ресми делегациясының мүшелерін (1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйде орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Қытай Халық Республикасының ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру.
      4. Қазақстан Республикасының Президенті атынан Астана қаласында Қытай Халық Республикасы Төрағасының құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі астар) ұйымдастыру.
      5. Ресми делегацияның басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлдермен безендіру.
      7. Ресми делегацияның мүшелері мен бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсету.
      8. Ресми делегацияның мүшелері мен бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады