Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисін құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 23 ақпандағы № 37-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 25 сәуірдегі № 70-ө өкімімен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Премьер-Министрінің 25.04.2023 № 70-ө өкімімен.

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес:

      1. Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисі (бұдан әрі – Офис) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Офис туралы ереже бекітілсін.

      3. Арман Қайратұлы Евниев Офистің басшысы болып тағайындалсын.

      4. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жүктелсін.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Премьер-Министр А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2021 жылғы 23 ақпандағы
№ 37-ө өкімімен бекітілген

Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисінің (бұдан әрі – Офис) мақсаттары мен міндеттерін, функционалдық қызметін және ұйымдық құрылымын айқындайды.

      2. Офис ұлттық және өзге де жобаларды әзірлеу, олардың іске асырылуының жедел мониторингін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

      3. Офис өз қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Офис матрицалық құрылым форматында Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Жобалық басқару департаментінің (бұдан әрі – ЖБД) базасында жобалық басқаруға және ұлттық жобаларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзге құрылымдық бөлімшелерін тарта отырып құрылады. Қажет болған жағдайда, Офистің қызметіне бизнестің, сараптамалық қоғамдастықтардың және азаматтық қоғамның өкілдері қатыса алады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Офис басшысын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тағайындайды.

2-тарау. Офистің міндеттері мен функциялары

      6. Офистің міндеттері:

      1) жобалық басқаруды зерделеу, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіне бейімдеу және кешенді енгізу;

      2) жедел және тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыру, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жобалық қызметін үйлестіру және әдіснамалық сүйемелдеу;

      3) мемлекеттік органдардың жобалық офистерінің Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына (бұдан әрі – Үкімет аппараты) және Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне ұлттық және өзге де жобалардың іске асырылуы жөнінде өзекті ақпарат беруін қамтамасыз ету;

      4) ұлттық және өзге де жобаларды іске асырудың жедел мониторингін қамтамасыз ету.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Офистің функциялары:

      1) жобалық қызметті үйлестіру және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жобалау офистерін әдіснамалық сүйемелдеу, оның ішінде әдістемелік материалдарды әзірлеу және бекіту;

      2) мақсаттарға, нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуді талдау арқылы ақпараттық жүйеде жобаларды іске асырудың онлайн-мониторингін жүзеге асыру, сондай-ақ есептіліктің бірыңғай жүйесін қалыптастыру;

      3) жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу үшін іс-қимылдардың толықтығы мен ресурстардың жеткіліктілігі тұрғысынан ұлттық жобалардың іске асырылуына Gap-талдау жүргізу;

      4) ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын жобалар мен бастамалар карталарын оларды әзірлеу және өзектілендіру процесінде келісу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нысаналы индикаторларды, нәтижелер көрсеткіштерін қайта қарау, ресурстарды бөлу және жоспарланған іс-шаралар бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      5) жаңа, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары шеңберінде бастама жасалатын бастамаларды талдау, әзірлеу, жоспарлау және ілгерілету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      6) материалдарды дайындау, Офис отырыстары мен жедел кеңестерін ұйымдастыру;

      7) ішкі және сыртқы ортаның әртүрлі факторларын талдау негізінде жобалардың жекелеген түрлерін (типтерін) іске асыруға қойылатын талаптарды әзірлеу және бекіту;

      8) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жобалау персоналының бизнес, сараптамалық қоғамдастықтар, азаматтық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылын басқару, оның ішінде сараптама алаңдарын ұйымдастыру, тұрақты "ой-талқы" жүргізу және жаңа бастамаларды талқылау;

      9) өлшемшарттарды әзірлеу және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жобалық офистерінің кемелдену деңгейін бағалауды жүргізу, сондай-ақ жобалық басқару саласында бенчмаркингтік зерттеулер жүргізу;

      10) Офис қызметін және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жобалық қызметінің нәтижелерін жария ету;

      11) жобалық қызметке қатысушылар үшін бірыңғай білім базасын және алынған сабақтар журналын қалыптастыру;

      12) жобалық персоналды Офистің және/немесе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының (келісу бойынша) базасында, оның ішінде вебинарлар өткізу және оқу бейнематериалдарын дайындау арқылы тағылымдамадан өткізу мен оқытуды ұйымдастыру;

      13) Офистің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша іс-шараларда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен оның орынбасарларының сөз сөйлеуі үшін материалдар дайындау;

      14) қажет болған жағдайда Офистің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ әлеуметтік зерттеулерді жүргізуді ұйымдастыруға қатысу;

      15) жобалық басқару саласында Офис, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және өткізуге қатысу;

      16) Үкімет Аппаратының құрылымдық бөлімшелерін, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тарта отырып, жоспарлы және жедел кеңестер өткізу;

      17) Офис құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Үкімет Аппаратының, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кеңестеріне қатысу;

      18) Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне Офистің міндеттері мен функциялары, сондай-ақ қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу кіреді.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Офис басшысы:

      1) Офиске жіберілген қызметкерлерге жобалық рөлдерді бекітеді, олардың құзыретінің деңгейіне қойылатын талаптарды белгілейді, сондай-ақ қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына себептерін негіздей отырып, қызметкерлерді ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      2) мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының атына Офиске жіберілген қызметкерлерді көтермелеу немесе жазалау туралы ұсыныстар енгізеді;

      3) жарты жылда кемінде бір рет Офистің атқарған жұмысы туралы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін хабардар етеді.

      9. Офис қызметкерлерінің жұмысы мен өзара іс-қимылы Офис басшысы бекітетін ұйымдық құрылымға сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады