Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Республикалық терминология комиссиясы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 18 наурыздағы № 54-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 268 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2022 № 268 қаулысымен.

      Қазақ тілінің терминология саласын одан әрі жетілдіру мақсатында:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2022 жылғы 18 наурыздағы
№ 54-ө өкімімен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Республикалық терминология комиссиясы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттің барлық салалары бойынша қазақ тілінің терминологиялық лексикасы саласында ұсыныстар тұжырымдайтын консультациялық-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комиссия өз қызметінде:

      байырғы қазақ лексикасы сөздерінің қорын барынша пайдалану;

      термин шығармашылығында басқа түркі тілдерінің оң тәжірибесін пайдалану;

      кірме терминдерді қолдану (терминдер қазақ тілі жазуының заңдылықтарына сәйкес бірыңғай емле ережелері негізінде берілуге тиіс не олардың емлесі түпнұсқа тілдің графикалық формасына сәйкес немесе ұқсас болуға тиіс);

      ғылымның, техниканың салалық аяларында семантикасы немесе формасы бойынша тегі жағынан жақын терминдердің қолданылуын үйлестіру, сондай-ақ ұлттық және кірме терминдердің табиғи теңгерімін сақтау қағидаттарын басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      5. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ бір жылда кемінде төрт реттен сиретпей өткізіледі.

2-тарау. Комиссияның мiндеттерi

      6. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:

      1) экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң әртүрлі салалары бойынша қазақ тілінің терминологиялық лексикасы саласында ұсыныстар тұжырымдау;

      2) мақұлданған терминдер мен номенклатураны қарау және бекiту;

      3) экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң әртүрлі салалары бойынша Комиссия бекiткен терминдердi бюллетеньдер мен салалық терминологиялық сөздiктер түрiнде шығаруға ұсынымдар дайындау, сондай-ақ терминдердi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;

      4) терминдер мен номенклатуралардың практикалық пайдаланылуы мен қолданылуының дұрыстығы мен дәйектiлiгiн айқындау мақсатында, қажет болған жағдайда қазақ тiлiнiң терминологиясын жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды дайындау үшiн мамандарды, ғалымдарды, сондай-ақ мүдделi мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін тарту;

      5) экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң тиісті салалары бойынша терминология секцияларын құру.

3-тарау. Комиссия қызметінің ұйымдастырылуы және тәртібі

      7. Комиссия жұмысының ұйымдастырылуы және тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2022 жылғы 18 наурыздағы
№ 54-ө өкіміне
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының құрамы

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым бірінші вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары, хатшы

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы

      "А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры (келісу бойынша)

      "Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас директоры (келісім бойынша)

      Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлы – филология ғылымдарының докторы (келісу бойынша)

      Айымбетов Мәди Айтбенбетұлы – журналист, жазушы (келісу бойынша)

      Алдаш Айманкүл – филология ғылымдарының докторы (келісу бойынша)

      Ахметов Мұхамбедия – медицина ғылымдарының кандидаты (келісу бойынша)

      Әлісжан Сарқыт Қалымұлы – филология ғылымдарының докторы (келісу бойынша)

      Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы – заң ғылымдарының докторы (келісу бойынша)

      Жеңісұлы Есей – жазушы, аудармашы (келісу бойынша)

      Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы – филология ғылымдарының кандидаты (келісу бойынша)

      Исакова Сәбира Сағынбекқызы – филология ғылымдарының докторы (келісу бойынша)

      Қанғалақова Дана Мұратбекқызы – PhD философия докторы (келісу бойынша)

      Көмеш Тоқтархан – PhD философия докторы (келісу бойынша)

      Құлманов Сәрсенбай Қуантайұлы – филология ғылымдарының кандидаты (келісу бойынша)

      Құрманбайұлы Шерубай – филология ғылымдарының докторы (келісу бойынша)

      Омашұлы Дәуітәлі – журналист, аудармашы (келісу бойынша)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады