Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабын ресми түсіндіру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 19 қарашадағы N 11 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.04.2017 № 2 нормативтік қаулысы.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, төрағаның міндетін атқарушы Қ.Ә.Омарханов, Кеңес мүшелері Қ.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова және А.К.Котов қатысқан құрамда, мыналардың:

      өтініш субъектісінің өкілі - Республика Президенті Мәжілісінің депутаты В.Б.Косаревтің,

      Республика Үкіметінің өкілі - Әділет бірінші вице-министрі И.Д.Меркельдің,

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғ.Р.Әбдірахмановтың қатысумен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашыны - Конституциялық Кеңестің мүшесі А.К.Котовты, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне Республика Парламентінің бір топ депутаттары Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабын ресми түсіндіру туралы жүгінген. Бұл жерде өтініш субъектісі Конституцияның жоғары да көрсетілген бабының нормаларын, Үкімет орнынан түскен кезде Премьер-министр Кеңсесінің, орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың Үкімет мүшесі болып табылмайтын саяси мемлекеттік қызметшілерінің орнынан түсуі міндетті ме, дегенге қатысты түсіндіріп беруді сұрайды.

      Конституцияның 70-бабының нормаларын өтініште қойылған сұраққа қатысты түсіндірген кезде, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны ескерді.

      Конституцияның 64-бабының 1-тармағында Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асыратын, атқарушы органдардың жүйесін басқаратын және олардың қызметіне басшылық жасайтын мемлекеттің органы ретінде белгіленген.

      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 6-тармағын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 15 маусымдағы N 9/2 қаулысы Үкіметті алқалы орган деп нақтылайды.

      Конституцияның 65-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметті Конституцияда көзделген тәртіппен құрады. Конституцияның 44-бабының 3) тармақшасына сай Қазақстан Республикасының Президенті, Республика Парламентінің келісімі бойынша өзі тағайындаған Премьер-министрдің ұсынуымен, республика Үкіметінің құрылымын белгілейді, оның мүшелерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, сондай-ақ Үкімет құрамына кірмейтін Республиканың орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады.

      Бұл аталған конституциялық нормалардан келіп шығатыны, Конституция "Үкіметтің құрылымы" дегенде, Республика Үкіметі басқаратын және басшылық жасайтын мемлекеттік органдардың жиынтығын көздей отырып, және "Үкіметтің құрамы" деген ұғымның мағынасымен тиісті актілер қабылдайтын мемлекеттің алқалы органының мүшелері ретінде Үкімет мүшелігінде тұратын лауазымды тұлғаларды ғана қамти отырып, осы екі ұғымды саралайды. Аталған категорияларды бұлайша түсіну сондай-ақ Конституцияның 65-бабының 2-тармағында да белгіленіп, Республика Премьер-министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізіледі, - деп бекітілген.

      Конституция Үкіметтің ұйымдастырылуы тәртібі мен қызметін белгілеуді конституциялық заң арқылы құқықтық реттеу нысанына жатқызады (Конституцияның 64-бабының 4-тармағы).

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Конституциялық заңның 3-бабының 3-тармағында Үкіметтің құрылымын министрліктер және өзге орталық атқарушы органдар құрайды деп белгіленген. Жоғарыда аталған Конституциялық заңның 3-бабының 4-тармағына сай, Үкіметтің құрамына Республиканың Премьер-министрі, оның орынбасарлары, министрлер және Республиканың өзге де лауазымды адамдары кіреді.

      Конституцияны орындау мақсатында Республика Президентінің Жарлықтарымен Үкіметтің құрылымы бекітіледі; Республика Президенті сондай-ақ өзінің тиісті Жарлықтарымен Республиканың лауазымды тұлғаларын Үкімет құрамына жеке-дара тағайындайды.

      Конституцияның 70-бабының 5-тармағы, Республика Президентінің Конституцияның осы бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген негіздерде Үкіметтің немесе мүшелерінің орнынан түскен қабылдауының конституциялық салдары туралы жалпы ережені белгілейді. Республика Президенті Үкіметтің немесе Премьер-министрдің не тиісті Үкімет мүшесінің орнынан түсуін қабылдайтын барлық жағдайда, Конституция атқарушы органдар жүйесін басқаратын мемлекеттің алқалы органының құрамын, сондай-ақ Президенттің тағайындауы бойынша оған тікелей кіретін лауазымды тұлғаларды назарда ұстайды. "Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді" (Конституцияның 70-бабының 5-тармағы).

      Конституцияның 70-бабының 2-тармағы Үкіметке және оның кез келген мүшесіне, өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыру мүмкін емес деп есептейтін кезде, Республиканың Президентіне мәлімдеу арқылы өз бастамасы бойынша орнынан түсу құқығын береді. Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда (Конституцияның 70-бабының 3-тармағы), Үкімет өзінің алқалы шешімімен орнынан түсетіні туралы Республиканың Президентіне мәлімдейді. Егер Республиканың Президенті өзінің актісімен Үкіметтің өкілеттігін тоқтату, Премьер-министрді немесе Үкіметтің кез келген мүшесін қызметтен босату туралы шешім қабылдайтын болса(Конституцияның 70-бабының 7-тармағы), онда бұл Үкіметтің немесе тиісті лауазымды тұлғаның өз орнынан түсетіндігі туралы ерік білдіруінсіз өкілеттіктерін тоқтатуға әкеп соқтырады. Үкіметтің құрылымын құрайтын, бірақ алқалы орган ретіндегі Үкіметтің құрамына кірмейтін өзге орталық атқарушы органдар басшыларының өкілеттігін тоқтату негіздері Конституцияның 70-бабымен реттелмейді.

      Конституцияның 66-бабының 8) тармақшасы Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды Республика Үкіметінің құзыретіне жатқызады. Оған негіздер мемлекеттік қызмет туралы және оны өткеру ережесі туралы заңнамамен белгіленулері тиісті және нақтылануы мүмкін.

      Осылайша, Конституцияның 70-бабының нормаларына ресми түсіндірме бере отырып, Кеңес, Үкімет құрамына кірмейтін өзге де мемлекеттік қызметшілердің орнынан түсуі мәселелері оның реттеу нысаны болып табылмайтынын атап көрсетеді.

      Баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 31 - 33 , 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, оның мүшелерінің не Премьер-министрдің орнынан түсуге құқығын, оның негіздердің және салдарын көздейтін Қазақстан Республикасы Конституцияның 70-бабының нормаларын, Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияда белгіленген тәртіппен жеке-дара тағайындайтын мемлекеттің алқалы органы ретінде Үкіметтің құрамына таралатын нормалар деп түсінген жөн.

      Премьер-министр Кеңсесінің, орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың Үкімет мүшесі болып табылмайтын өзге де мемлекеттік қызметшілерінің орнынан түсуінің негіздері мен тәртібі заңнамалық актілермен белгіленіп, өзгертіледі.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

      3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      төрағасының міндетін атқарушы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады