Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін белгіленген бір ай мерзім бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2010 жылғы 18 қазандағы N 3 нормативтік қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

      өтініш субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Д.Р.Құсдәулетовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты С.Б.Ақылбайдың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Ғ.Темірболатовтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың қатысуымен

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін белгіленген бір ай мерзім бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Ү.М.Стамқұловтың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап, сарапшы-филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры А.Қ.Қайыржановтың қорытындысымен және конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

      анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2010 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің "Президенттің заңдарға қол қоюы үшін осы нормамен белгіленген бір ай мерзімнің оларды халыққа жария ету рәсіміне қолданылуы" бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасын өтініш нысанына қатысты ресми түсіндірген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

      Конституцияның 44-бабы 2) тармақшасына сәйкес Республика Президенті "Парламент ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады".

      Конституцияның мәтінінде "Парламент ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды" деген сөздер және "заңды халыққа жария етеді" деген сөздер үтір белгісімен бөлінген. Сол арқылы, заң шығармашылығы процесінің дербес екі кезеңі - заңға қол қою және заңды халыққа жария ету кезеңдері бір-бірінен ажыратылған. Бұдан, белгіленген бір ай мерзім Мемлекет басшысының Парламент ұсынған заңға қол қою кезеңі үшін ғана көзделгені келіп шығады.

      Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың басты шарты болып табылады (Конституцияның 4-бабының 4-тармағы).

      Республика Президенті өзі қол қойған заңды қай уақыт кезеңі ішінде халыққа жария ететіні Конституцияда көрсетілмеген. Конституцияның 62-бабы 8-тармағының мазмұнын негізге ала отырып, заңды халыққа жария ету мерзімдері, қажет болғанда, заңнамалық актілерді әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібін реттейтін арнаулы заңда айқындалуы мүмкін.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

      Ескерту. Дәлелдеу бөлігіне өзгеріс енгізілді – ҚР Конституциялық Кеңесінің 16.11.2022 № 1 нормативтік қаулысымен.

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Президенті "Парламент ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді..." деген бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасының нормасын, ол бір ай мерзімді Мемлекет басшысының заңға тек қол қоюы үшін ғана белгілейді деп түсінген жөн.

      Заңды халыққа жария ету мерзімдері, қажет болғанда, заңнамалық актілерді әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібін реттейтін арнаулы заңда айқындалуы мүмкін.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Конституциялық Кеңесінің 16.11.2022 № 1 нормативтік қаулысымен.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

      3. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің Төрағасы
И. Рогов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады