Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір нормативтік қаулыларын қайта қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2022 жылғы 16 қарашадағы № 1 нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапақ қатысқан құрамдағы

      ашық отырыста "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір нормативтік қаулыларын қайта қарау туралы мәселені өз бастамасы бойынша қарады.

      Баяндамашы - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Ә.А.Темірбековтің хабарламасын тыңдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулыларын және конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын талдай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен еліміздің Негізгі Заңына елеулі түзетулер енгізілді.

      Конституциялық новеллалар президенттік басқару нысанын жаңғырту, Парламенттің рөлін нығайту және заң шығару процесін қайта форматтау, Конституциялық Сот құру, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару кепілдіктерін күшейту, өлім жазасын жою және басқа да мәселелерді қамтиды.

      Мұның бәрі Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларымен қоса, елдің қолданыстағы құқығын Республиканың жаңартылған Конституциясына сәйкес келтіруді талап етеді.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Конституциялық Кеңестің шешімін Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша, егер қабылданған шешімге негіз болған Конституция нормасы өзгерсе, қайта қарауы мүмкін.

      Конституциялық Кеңес бұған дейін өзінің қорытынды шешімдерін қайта қарау бойынша ұстанымдарын айқындаған болатын (2007 жылғы 8 қарашадағы № 9, 2008 жылғы 7 ақпандағы № 1, 2008 жылғы 24 қыркүйектегі № 7, 2011 жылғы 27 сәуірдегі № 4, 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 2 және 2017 жылғы 3 қарашадағы № 3 нормативтік қаулылар).

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 1 және 2-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 31-33-баптарын, 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын және 3-тармағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мына нормативтік қаулыларының:

      1.1. "Республика Президентінің Парламент актілеріне қол қояр алдында оларға өз қолдарын қоюға міндетті лауазымды адамдар тобы бөлігіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 3-тармағын және 44-бабының 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 29 мамырдағы № 13/2;

      1.2. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының нормасын ресми түсіндіру туралы" 2011 жылғы 16 наурыздағы № 3;

      1.3. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының нормасын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 16 наурыздағы № 3 Нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы" 2020 жылғы 4 ақпандағы № 2 қосымша қаулысының күші толығымен жойылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мына:

      2.1. "Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату бөлігіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 16 мамырдағы № 11/2 нормативтік қаулысының:

      қарар бөлігінің 1-тармағындағы "мейлінше толық" деген сөздер алып тасталып;

      2.2. "Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2000 жылғы 31 мамырдағы № 3/2 нормативтік қаулысының:

      дәлелдеу бөлігінің бесінші абзацындағы "Конституция 44-бабының 3) тармақшасы, Қазақстан Республикасының Президенті облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен республика астанасы әкімдері актілерінің күшін жояды не толық немесе ішінара тоқтата тұрады деп белгілейді, ал" деген сөздер алып тасталып;

      2.3. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2003 жылғы 30 қаңтардағы № 10 нормативтік қаулысының:

      дәлелдеу бөлігінде:

      1-тармақтың бірінші және екінші абзацтары;

      2-тармақта:

      екінші абзацта екінші сөйлем;

      үшінші абзац;

      қарар бөлігінің 1 және 2-тармақтары алып тасталып;

      2.4. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы" 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулысының:

      дәлелдеу бөлігінде:

      1-тармақтың бірінші абзацында "конституциялық заңдар мен" деген сөздер;

      2-тармақтың үшінші абзацы;

      қарар бөлігінің 2-тармағындағы "Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын" деген сөздер алып тасталып;

      2.5. "Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарға қол қоюы үшін белгіленген бір ай мерзім бөлігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2010 жылғы 18 қазандағы № 3 нормативтік қаулысының:

      дәлелдеу бөлігінде:

      үшінші және төртінші абзацтарда "Сенаты" деген сөздер;

      қарар бөлігінің 1-тармағындағы "Сенаты" деген сөз алып тасталып;

      2.6. "Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы" 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысының:

      дәлелдеу бөлігінде:

      1-тармақтың бірінші абзацындағы "73-баптың 3-тармағы,", "71-баптың 3-тармағы," деген сөздер мен цифрлар;

      3-тармақта:

      бірінші және екінші абзацтарда "Сенаты" деген сөздер;

      6-тармақ;

      7-тармақтың бірінші абзацындағы "71-бабының 3-тармағында," деген сөздер мен цифрлар;

      қарар бөлігінің 6-тармағы алып тасталып;

      2.7. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысының:

      дәлелдеу бөлігінде:

      1-тармақта:

      үшінші абзацта екінші сөйлем;

      төртінші абзацта екінші, үшінші және төртінші сөйлемдер;

      бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтар;

      2-тармақ;

      қарар бөлігінің 1 және 2-тармақтары алынып, ішінара күші жойылсын.

      3. "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 40-бабының 1-тармағына сәйкес осы нормативтік қаулының кері күші жоқ деп белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады