Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2010 жылғы 25 мамырдағы N 09-5/1 Жолдауы.

      Өткен 2009 жыл және үстіміздегі жылдың басы республика өміріндегі маңызды оқиғалармен ерекшеленді. Қазақстан ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ басшылығына келді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, елімізді индустриалдық дамудың жаңа деңгейіне шығаруды мақсат тұтатын, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының ауқымды стратегиялық жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда.

      Республика Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) ұлттық құқықтық жүйенің алдымыздағы он жылдағы даму болашағын айқындады. Бұл маңызды бағдарламалық құжатта ұлттық құқықтың барлық салаларын, құқық қорғау және сот жүйелерін, өзге де мемлекеттік және қоғамдық институттарды, норма шығармашылығы және құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағыттары бекітілген. Тұжырымдама азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, қоғам мен мемлекеттің мүдделері қорғалуын толық қамтамасыз етуге және елімізді одан әрі жаңғыртудың құқықтық негізіне айналуға қаратылған қазақстандық заңнаманың жаңа буынын қалыптастыру үшін база болып табылады.

      1. Тұжырымдама Конституцияның құқықтық құндылықтары, идеялары мен принциптері толыққанды іске асырылуын, бірінші кезекте мемлекеттік билік органдары мен олардың лауазымды тұлғаларының қызметінде іске асырылуын, бұл ретте Негізгі Заң нормаларының тікелей қолданылуын да, ағымдағы заңнама мен құқық қолдану арқылы оның әлеуеті жүзеге асырылуын да қамтамасыз етуді конституциялық құқықтың басты міндеті ретінде айқындайды. Осы мақсаттарға жетуде конституциялық заңдылықты қорғау және Конституцияның ережелерін бірізді түсіндіру механизміндегі басты институттардың бірі ретінде Конституциялық Кеңеске маңызды рөл ажыратылады.

      Негізгі Заңда көзделген өкілеттіктерін жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 2009 жылы және үстіміздегі жылдың өткен кезеңі ішінде 6 өтініш, солардың ішінде Қазақстан Республикасының Президентінен – 1, Парламент депутаттарынан – 2, Премьер-Министрден – 2, жергілікті соттардан келіп түскен 1 өтінішті қарады. Өтініштер діни сенім бостандығын және діни бірлестіктердің қызметін құқықтық реттеу; заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы; халықаралық ұйымдардың мәртебесі мен олардың шешімдерін орындау тәртібі; жекеше нотариустер қызметінің құқықтық негізі мәселелеріне және өзге де бірқатар мәселелерге қатысты болды.

      Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес, Парламент қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Конституцияға сәйкестігін тексерді. Аталған Заңды талдай отырып, Конституциялық Кеңес оның жекелеген нормалары Конституцияның ережелеріне сәйкес келмейтініне назар аударды. Адам құқықтарын мемлекеттің тең қорғауын білдіретін, әркімнің заң алдындағы теңдігі туралы конституциялық принципті бұза отырып, заң шығарушы жеңілдік берілетін тұлғалар шеңберін, сондай-ақ заңды мүдделерін уәкілетті орган қорғауға тиіс тұлғалардың шеңберін заңсыз тарылтқан. Заң ар-ождан бостандығына конституциялық құқықты негізсіз шектеп, түрлі конфессияларға жататын адамдарды құқықтық теңсіз жағдайға апарған. Одан тыс, қазақ және орыс тілдеріндегі кейбір нормалардың мағыналық сәйкессіздігі анықталды, ал бұл, Конституциялық Кеңестің пікірінше, аталған құқықтық нормалардың мазмұнын бұрмалап, оны бір мағынада түсінбеушілік туындатады және, осылайша, практикада қолданылуын жоққа шығарады. Соның нәтижесінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды және Мемлекет басшысы оған қол қоймады.

      Парламент Мәжілісі Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішімен бір конституциялық іс жүргізуге біріктірілген, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының өтініші бойынша Конституциялық Кеңес, Парламент қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынған "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының Конституцияға сәйкестігін қарады.

      Конституциялық Кеңестің осы өтініш бойынша қабылданған 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысында, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын, салымшының өзі туралы, оған тиесілі ақша немесе өзге мүлік, солардың ішінде, банктік салымдары, өзге де шоттары мен жинаған қаражаты туралы, шаруашылық жүргізуші субъекттердің жарғылық капиталдарындағы үлестері және өзге де мүлкі, сондай-ақ олармен жасалатын операциялар туралы салымшының заңмен қорғалатын кез келген, тұлғалардың шектеусіз тобы үшін жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын мәліметтердің жария етілмеуіне құқығы деп түсінген жөн, деп түсіндірме берілді. Жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын шектеу Парламенттің айрықша құзыреті болып табылады деп атай келе, Конституциялық Кеңес, заң шығарушы басқа бір мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығын шектеудің шектерін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен реттеуге өкілеттік беруге хақылы емес деп атап көрсетті. Бұл ретте, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығын шектеудің жол берілетін шектері мен тәртібін, сондай-ақ осындай шектеудің өлшемдерін белгілейтін заңда осындай шектеулер қойылуына мүмкіндік беретін негіздер болып, олардың толық тізбесі айқындалуға, сондай-ақ жеке салымдар құпиясын құрайтын мәліметтердің заңсыз түрде жария етілмейтін жағдайларда сұралуын, алынуын және пайдаланылуын қамтамасыз ететін кепілдіктер көзделуге тиіс.

      Аталған заңдарды Конституцияға сәйкес деп танып, Конституциялық Кеңес сонымен бірге заңдардың жекелеген ережелерінің қажетінше айқын тұжырымдалмауы және бір-бірімен келіспеуі, сондай-ақ жоғарыда баяндалған кепілдіктердің жетерліктей болмауы практикада адамның және азаматтың конституциялық құқықтары бұзылуына алып келуі мүмкін екенін атап көрсетті. Осыған байланысты Конституциялық Кеңес, көрсетілген заңдар қолданысқа енгізілгенге дейін, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы Конституциялық Кеңестің құқықтық позицияларына сәйкестендіруді көздейтін заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуге бастама жасауды республика Үкіметіне ұсынды.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының, солардың ішінде Кеден одағы комиссиясының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты Конституцияның 4-бабының нормаларына ресми түсіндірме берді.

      2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, Қазақстанның мемлекеттік органдарының жекелеген өкілеттіктерін халықаралық ұйымдар мен олардың органдарына беру мүмкіндігі көзделген арнайы норма Негізгі Заңда жоқ, деп атап көрсетті. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатты қалыптастыру мен іске асырудағы тәуелсіздігі және дербестігі оның негізін құрайтын егемен мемлекеттің, конституциялық және халықаралық деңгейде танылған мәртебесі республикаға Негізгі Заңның ережелері мен нормаларын сақтай отырып осындай шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының (солардың ішінде, "Кеден одағының комиссиясы туралы Шартты ратификациялау туралы" 2008 жылғы 24 маусымдағы № 45-ІV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, Кеден одағының комиссиясы туралы 2007 жылғы 6 қазандағы Шартқа сай құрылған Кеден одағы комиссиясының) шешімдеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және мұндай шешімдер тікелей қолданылуы мүмкін деген ережелері қолданылады. Сонымен бірге Конституциялық Кеңес атап өткендей, халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері Негізгі Заңға қайшы келмеуге тиіс. Бұл құқықтық позициядан, халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының еліміздің егемендігі туралы, мемлекеттің Негізгі Заңда белгіленген біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, сондай-ақ республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайтындығы туралы Конституцияның ережелерін бұзатын шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылмайтыны келіп шығады. Дәл осылайша халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін шешімдері Қазақстан заңдарынан басым және тікелей қолданылатын сипатқа ие бола алмайды.

      Конституциялық Кеңес, халықаралық ұйымның немесе оның органының Қазақстан үшін міндетті шешімді қабылдау рәсімі, республикалық референдумда қабылданған шешімдерде, сондай-ақ шартты жасасу және ратификациялау кезінде республика Президенті мен Парламентінің актілерінде білдіріліп, халықаралық шартқа енгізілген Қазақстан халқының ерік-жігерін бұрмалау мүмкіншілігіне жол бермейтін құқықтық кепілдіктерді көздеуге тиіс, деп ерекше атап көрсетті.

      Конституциялық Кеңес сондай-ақ, республиканың нормативтік құқықтық актілерінен басымдығы бар халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің тікелей қолданылуы, олардың Қазақстанда қолданылатын құқықтың нормаларын жоятынын білдірмейді, деп атап көрсетті. Ратификацияланған халықаралық шарттарға теңестірілген мұндай шешімдердің басымдығы мен тікелей қолданылуы, республиканың құқықтық актілерімен қарама-қайшылық туындаған жағдайда, алдағы уақытта мұндай қарама-қайшылық жойылғанға дейін халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының міндетті шешімдерінің нормалары қолданылатынын білдіреді.

      Конституциялық Кеңеске келіп түскен өтініштердің кейбірі, оларда қойылған мәселелер конституциялық бақылау органының құзыретіне жатпағандықтан, ал өтініштердің өзі нысаны және (немесе) мазмұны жағынан заңда белгіленген талаптарға сәйкес болмағандықтан іс жүргізуге қабылданбады немесе оларға қатысты іс жүргізу тоқтатылды.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі 2010 жылғы 26 сәуірде Конституциялық Кеңестің кейбір нормативтік қаулыларын жекеше нотариустерге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін жеке мөрлерінде пайдалану құқығын беру мүмкіндігі мәселесі бойынша қосымша түсіндіру туралы өтінішпен жүгінді. Конституциялық Кеңес өтінішті қарап, Негізгі Заңның 9-бабына сәйкес мемлекеттік рәміздердің пайдаланылу тәртібі конституциялық заңда белгіленеді, деп атап көрсетті. Демек, өтініште көрсетілген мәселені шешу заң шығарушы биліктің айрықша құзыреті болып табылады және Конституциялық Кеңестің құзыретіне жатпайды. Осы негіз бойынша конституциялық іс жүргізу тоқтатылды.

      2. Конституциялық Кеңес шешімдерінің орындалуы, сондай-ақ конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдері мен жыл сайынғы жолдауларындағы заңнама және құқық шығармашылығы процесін жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстарының уақтылы әрі толық жүзеге асырылуы конституциялық заңдылықты орнықтырудың ең қажетті шарты және оның жай-күйін сипаттайтын көрсеткіштердің бірі болып табылады. Құқық шығармашылығына қатысушылар тарапынан, бірінші кезекте Үкімет тарапынан, соңғы жылдары бұл жұмыстың тиімділігі едәуір артқанын конституциялық бақылау практикасы көрсетті. Конституциялық Кеңестің көптеген шешімдері тиісті нормативтік құқықтық актілерде көрініс тапты. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырыстарында Конституциялық Кеңес шешімдерінің орындалу барысын дәстүрлі түрде жыл сайын талдау практикасы бұған айтарлықтай септігін тигізуде.

      Конституциялық Кеңестің құқықтық позициясын (2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулы) орындау мақсатында, 2009 жылғы 10 желтоқсандағы № 227-ІV Қазақстан Республикасының Заңымен 1997 жылғы 13 желтоқсандағы № 206-І Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 546-бабының үшінші бөлігі айыпталушыға алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарлаған кезде ғана емес, келесі кезеңде де, оның ішінде сотта істі алдын ала тыңдауда да істі соттың алқабилер қатысуымен қарауы туралы өтініш мәлімдеуге құқық беретін жаңа редакцияда жазылды. Осы Заңмен Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 109-бабының бірінші бөлігі, қылмыстық іс жүргізуге қатысушыларға қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулысына сотқа шағымдану құқығын бере отырып, Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 24 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысына сәйкестендірілді.

      Конституциялық Кеңестің ұсынысына сәйкес қабылданған (2006 жылғы 20 маусымдағы жолдау), 2009 жылғы 11 желтоқсандағы № 230-ІV Қазақстан Республикасы Заңының редакциясындағы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 75-бабының жетінші бабына сай, жәбірленушінің, ал ол қайтыс болған жағдайда – оның құқықтық мирасқорларының аса ауыр қылмыспен келтірілген мүліктік зиян үшін, егер осындай қылмыс үшін сотталған адамның осы қылмыспен келтірілген залалды өтеу үшін жеткілікті мүлкі болмаса, бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Сонымен бірге мемлекет бюджеті есебінен білікті заң көмегі көрсетілетін тұлғалардың шеңбері кеңейтілді (Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы 27 маусымдағы және 2007 жылғы 29 мамырдағы жолдаулары).

      2010 жылғы 2 сәуірдегі № 263-ІV Қазақстан Республикасының Заңымен 2008 жылғы 4 желтоқсандағы № 95-ІV Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексіне және "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы № 107-ІІ Қазақстан Республикасының Заңына "мемлекеттік қызмет" және "мемлекеттік функция" ұғымдарының ара-жігін ажыратуды көздейтін өзгерістер енгізілді (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулысы).

      Конституциялық Кеңес мүшелерінің қызметіне араласқаны, сондай-ақ оларға қысым жасағаны немесе басқадай ықпал еткені үшін жауапкершілік белгіленуін көздейтін заң жобасы (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 23 маусымдағы жолдауы) Үкіметтің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2249 қаулысымен Парламент Мәжілісіне енгізілді.

      Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 23 маусымдағы жолдауында баяндалған ұсыныстарды ескере отырып, Үкімет құқық бұзушылық құрамының белгілерін айқындайтын нормалардың кемшіліктерін тауып, оларды жою үшін заңнамаға тексеру жүргізді. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Парламентке бірқатар заң жобалары енгізілді (Үкіметтің 2009 жылғы 30 маусымдағы № 1014, 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 1475, 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2249 қаулылары).

      Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдеріндегі (атап айтқанда, 2005 жылғы 27 маусымдағы жолдауындағы) ювеналдық әділет жүйесін құру туралы ұсыныстары дамытыла келе, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылып, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2008 жылғы 5 шілдедегі № 64-ІV Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Өңірлердің бірқатарында мамандандырылған ювеналдық заң консультациялары құрылды, ал қылмыстық-атқару жүйесінде кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін мамандар лауазымдары енгізілді.

      Алайда, көзге көрінетін оң үрдістерге қарамастан, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен жыл сайынғы жолдауларындағы заң шығару арқылы іске асырылуын талап ететін құқықтық позициялары, ұсыныстары мен ұсынымдары жүзеге асырылған жоқ немесе толық көлемінде жүзеге асырылған жоқ.

      Жоғарыда атап өтілгендей, Конституциялық Кеңес "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдар қолданысқа енгізілгенге дейін, аталған заңнаманы Конституциялық Кеңестің құқықтық позицияларына сәйкестендіруді көздейтін және адамның және азаматтың осы саладағы конституциялық құқықтары сақталуын қамтамасыз ететін жеткілікті кепілдіктер қарастырылған заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді Үкіметке ұсынды. Алайда Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысы бұл бөлігінде орындалмады және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 40-бабы 2-тармағының талаптарына кереғар бола тұра, қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске хабар берілмеді.

      Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті күштеп иелігінен айыру мәселелері бойынша Конституциялық Кеңестің шешімдерінен туындайтын қажетті өзгерістер мен толықтырулардың бәрі осы уақытқа дейін қолданыстағы заңнамаға енгізілмеді.

      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағын және 76-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2 қаулысында Негізгі Заң "мемлекет мұқтажы", "ерекше жағдайлар", "құны тең бағамен өтелген кезде" деген ұғымдардың мазмұнын анықтап отырмайды және бұл міндетті заңдарға жүктейді, деп атап көрсетілген. Бұл ретте шектеулердің шегі мен сипаты заңдарда еркін түрде емес, Конституцияның 39-бабының талаптарына сәйкес айқындалуға тиіс. Дәл осындай ұйғарымдар Конституциялық Кеңестің басқа да бірқатар қаулыларында бар. Алайда бірқатар өзгерістер 2003 жылғы 20 маусымдағы № 442-ІІ Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабына ғана енгізілген. Мүлікті күштеп иеліктен айыру мәселелерін реттейтін азаматтық, банктік және өзге де заңнамада жоғарыда аталған құқықтық категориялардың заң тұрғысындағы дәлме-дәлдік талаптарына сәйкес келетін және заң ережелерін өз бетінше түсіндіру мүмкіндігіне жол бермейтін нақты анықтамалары осы уақытқа дейін берілмеген. Пайдаланылып жүрген "алып қою" және "күштеп иеліктен айыру" деген терминдердің ұғымы мен айырмашылығы заңнамалық актілерде ашылмаған. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті күштеп иеліктен айыру жағдайларын ерекше деп тану үшін нақты өлшемдер айқындалмаған, сондай-ақ мұндай ерекше жағдайлардың толық тізбелері жоқ. Оның үстіне, 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ІІ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 255-бабында жер учаскесін алып қою жағдайларының ерекшелігіне және, Конституцияның 26-бабының 3-тармағы талап ететіндей, осылай алып қоюды сот тәртібімен іске асыру қажеттігіне сілтеме жасалмаған. Соның нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәліметі бойынша, жоғарыда аталған ұғымдарды практикада өз бетінше түсіндіру күштеп иеліктен айырылған жер учаскелері иелерінің бастамасымен көптеген сот дауларына әкеп соқтыруда.

      2009 жылғы наурыз айында Конституциялық Кеңес Ақмола облыстық сотының 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155-ІІ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің көлік құралдарын басқаратын тұлғалардың пайдалану және жол жүру ережелерін жүйелі түрде бұзғаны үшін жауапкершілігін белгілейтін 484-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын іс жүргізуге қабылдады. Соттың пікірінше, бұл аталған норма айыпты тұлғаны бірдей құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді, ал бұл Негізгі Заңның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына қайшы келеді. Конституциялық іс жүргізу барысында Үкіметтің өкілдері ретінде оған қатысушылар қаралып отырған әкімшілік-құқықтық норманың пысықталмағаны туралы уәжбен келісіп, оны заңдық жағынан түзету жөніндегі шараларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді, ал Конституциялық Кеңеске өтінішпен жүгіну субъектісі – Ақмола облыстық соты – өз өтінішін кері шақырып алды. Осы негіз бойынша Конституциялық Кеңес іс жүргізуді тоқтатқан болатын. Алайда заңның кемшіліктері осы уақытқа дейін жойылмады, демек оны практикада қолдану кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылу мүмкіндігі сақталып отыр.

      Биліктің бөлінуі принципін нақтырақ жүргізу және Негізгі Заңның терминологиясын дұрыс пайдалану бөлігіндегі Конституциялық Кеңестің құқықтық позициялары (2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулы) жалғасып отырған әкімшілік реформа аясында заңдарда және өзге де актілерде кеңінен көрініс табуға тиіс.

      Парламенттің, Үкіметтің және заң шығару процесіне өзге де қатысушылардың өзара іс-әрекеті процедураларын заң қабылдау арқылы жетілдіру; заң шығармашылығы қызметінің нәтижелеріне және қабылданған заңдардың тиімділігіне үнемі құқықтық мониторинг жүргізу; заңдардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету және басқа да бөлігіндегі Конституциялық Кеңестің ұсыныстары (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 23 маусымдағы және 2009 жылғы 22 маусымдағы жолдаулары) өзекті күйінде қалуда.

      3. Ағымдағы 2010 жылы қолданыстағы Конституция қабылданғанына 15 жыл толады. Бұл оқиға конституциялық құрылыстың кейбір қорытындылары мен еліміздің құқықтық жүйесінің одан әрі даму болашағын ой елегінен өткізуге себеп болып табылады. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Негізгі Заң мемлекет және азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен нығаюы үшін берік негіз қалады, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары сенімді түрде қорғалуының кепілдіктерін белгіледі, бүкіл халықтың игілігі жолында еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуетінің серпінділікпен дамуы үшін қажетті шарттарды қамтамасыз етті.

      Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мызғымастығының нышаны әрі кепілі, мемлекеттік-билік жүйесінің түпқазығы болып табылады, ол бүкіл мемлекеттік қызметтің бірлігі мен үйлесімділігін, билік тармақтарының өзара келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қуатты да жауапты президенттік билік институты болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қызметі арқасында Қазақстан, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын егемен, бейбіт және тұрақты, беделді, гүлденген және өмір сүруге тиімді мемлекетке айналды. Республика қызметінің мемлекеттік практикада көрініс тапқан конституциялық принциптері бүгінгі және келер ұрпақтың ертеңгі күнге деген сенімін, еліміздің халықаралық аренадағы саясатының дәйектілігін қамтамасыз етеді.

      2007 жылғы конституциялық реформа, мемлекет құрудың уақыт сынынан өткен қазақстандық моделін сақтап қалып, біртұтас мемлекеттік билік тармақтарындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін жетілдірді, Парламенттің өкілеттігін кеңейтті, саяси партиялардың рөлін көтерді, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін жаңғыртты, мемлекеттік және қоғамдық институттардың өзара белсендірек жұмыс істеуі үшін жағдай жасады.

      Қазақстанның конституциялық заңдылық режимі өзек етіп алынған құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы, мемлекет пен қоғам толыққанды өмір сүруі үшін тұрақты заңнамалық негіз құрылуын қажетсінді. Соның нәтижесінде өткен 15 жыл ішінде Парламент Конституция негізінде және оның ережелерін дамыту мақсатында, қоғамдық қатынастардың түрлі салаларын реттейтін 1700-ден астам заң қабылдап, сол арқылы еліміздің құқықтық жүйесі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етті.

      Осы кезең ішінде Конституцияда көзделген мемлекеттік басқару институттарының барлығы да құрылып, тиісті құқықтық негізбен қамтамасыз етілді. Әсіресе адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік механизмдерді құру маңызды болып табылады. Соттар, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты, ішкі істер, қаржы полициясы, ұлттық қауіпсіздік органдары, өзге де құқық қорғау құрылымдары конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің тиімді құралына айналды.

      Өкілеттіктерін жүзеге асыра отырып, Конституциялық Кеңес өзі құрылған күннен бастап 180-ге жуық өтініш қараған болса, олардың көпшілігі Парламент палаталарының төрағаларынан және оның депутаттары тобынан (70) және Республика соттарынан (64), Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінен (23) келіп түсті, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің қаулыларын қосымша түсіндіру туралы 8 өтініш қаралды. Осы өтініштер бойынша 140-тан астам нормативтік қаулылар қабылданды. Бұл ретте 25 заң және халықаралық шарт толығымен немесе бір бөлігінде конституциялық емес деп танылды. Конституциялық бақылау практикасын қорыту нәтижесі бойынша Парламентке елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы 12 жолдау жіберілді. Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде оларда айтылған көптеген ұсыныстар мен ұсынымдар заң шығармашылығы мен құқық қолдануда ескерілді, соның нәтижесінде, Конституциялық Кеңестің құқықтық позицияларына сәйкес 65 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

      Конституциялық Кеңес қабылдаған нормативтік қаулылар конституциялық заңдылық режимін және Конституция нормаларының дәл түсіндірілуін қамтамасыз етеді, қолданыстағы құқықты байыта түседі, құқықтық реттеудегі кемшіліктерді толықтырады, заңнама және құқық қолдану практикасының даму бағыттарын қалыптастырады.

      Конституциялық Кеңес шешімдерін жүзеге асыру механизмін жетілдіру мақсатында, Мемлекет басшысының бастамасымен республика Парламенті 2008 жылғы 17 маусымда "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізіп, бұл толықтырулар Конституциялық Кеңеске өзі қабылдаған шешімдерді орындаудың тәртібі мен мерзімін белгілеу құқығын береді.

      Осы Конституциялық заңның тағы бір новелласы, Конституциялық Кеңестің шешімдерінде қамтылған заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар міндетті түрде қарауға және қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске хабарлауға тиіс, деп белгіледі. Үкімет Регламентіне сәйкес Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары ағымдағы және болашақтағы заң жобалау жұмыстарының жоспарларын құрастыру кезінде ескерілуге тиіс, ал Үкімет бекіткен тиісті ережелерге сай, заң жобалары Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын ескере отырып әзірленуге тиіс. Сол арқылы Конституциялық Кеңес шешімдерінің тегеурінді сипаты күшейтілді, ал бұл, жоғарыда атап көрсетілгендей, конституциялық заңдылықтың жай-күйіне оң ықпал етті.

      Конституциялық бақылау практикасы мен елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйін талдай келе, Конституциялық Кеңес еліміздің Ата Заңы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп шықты, оның әлеуеті азайған жоқ және Конституцияда баянды етілген құқықтық идеялар, принциптер мен нормалар мемлекет пен қоғам дамыған сайын, сол үшін қажетті саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасалған сайын ашыла түсуге тиіс деп пайымдайды. Конституциялық ережелердің құндылығы сол, олар аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеп қана қоймай, Республиканың демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуы, азаматтық қоғам мен нарықтық экономиканың дамуы үшін де база болып табылады.

      Осыған байланысты, Конституциялық Кеңестің пікірінше, барлық мемлекеттік және қоғамдық институттар үшін басты міндет – Негізгі Заң ережелерінің қолданыстағы құқық пен құқық қолдану практикасында сөзсіз іске асырылуын, қоғамда жоғары құқықтық мәдениет және еліміздің басты саяси-құқықтық құжатына деген құрмет қалыптасуын қамтамасыз ету болып табылады.

      Конституцияның 53-бабының 6) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Конституциялық Кеңес осы жолдауды жібере отырып, Қазақстан Республикасы Парламенті және конституциялық заңдылықты ұстап тұруға жауапты өзге де мемлекеттік органдар өз өкілеттігі шегінде осы аталған бұзушылықтарды жоюға және конституционализм принциптерін орнықтыруға қажетті барлық шараларды қабылдайды деген сенім білдіреді.

Қазақстан Республикасы


Конституциялық Кеңесінің


Төрағасы

И. Рогов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады