Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы N 6 Нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтініш субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі М.Б.Бекетаевтың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Заңнама және құқық мәселелері комитетінің төрағасы Б.М.Имашевтың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Ғ.Темірболатовтың,
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілі - Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Р.Е.Дәленовтің,
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі -Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Департаментінің директоры Т.Б.Оразаевтың,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Кеден одағы комиссиясы Хатшылығының өкілі - Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Кеден одағы комиссиясы Хатшылығының құқық департаменті директоры Н.Б.Слюсарьдің қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-, Министрі К.Қ.Мәсімовтің "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының нормаларын Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан осы нормада белгіленген басымдығының қолданылуы және олардың осындай шарттарға сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдеріне тікелей қолданылуы бөлігінде" ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.
      Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі В.А.Малиновскийдің хабарлауын, отырысқа қатысушылардың және сарапшылар: заң ғылымдарының докторы, профессор Е.М.Абайділдиновтің, заң ғылымдарының докторы, профессор М.А.Сәрсембаевтың сөйлеген сөздерін тыңдап, Еуропа Кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венециялық комиссиясының) сарапшылары А.Нюсбергердің және Е.Танчевтің; Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті Бас хатшысының орынбасары С.Ю.Глазьевтің; заң ғылымдарының докторы, профессор С.Л.Сергевниннің (Ресей Федерациясы); Қазақстан Республикасы Қаржы және салық құқығы ғылыми-зерттеу институтының (заң ғылымдарының кандидаты Е.В.Порохов), Д.А.Қонаев атындағы университеттің (заң ғылымдарының докторы, профессор Ө.Қ.Қопабаев, заң ғылымдарының кандидаты Г.А.Жайлин) қорытындыларымен, конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2009 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының нормаларын Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан осы нормада белгіленген басымдығының қолданылуы және олардың осындай шарттарға сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдеріне тікелей қолданылуы бөлігінде" ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Кеден одағының комиссиясы туралы 2007 жылғы 6 қазандағы Шартқа (бұдан әрі - Шарт) қатысушы мемлекеттердің аумақтарында Шарттың 7-бабына сәйкес Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) Тараптар үшін міндетті сипаты бар шешімдерін іске асыру тәсіліне қатысты мәселені Республика Үкіметінің қарауы өтініш беруге себеп болған.
      Өтініштің мән-жайына қатысты қолданыста Негізгі Заңның 4-бабының нормаларын Қазақстан Республикасы Конституциясының өзге де ережелері және нормаларымен жиынтықтап талдай келе, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
      1. Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет және халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болып табылады, Қазақстан халқының мүддесін көздей отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде және халықаралық шарттары мен заңдарына сәйкес өзге мемлекеттермен ынтымақтастық пен тату көршілік саясатын іске асырады. Бұл ретте, Қазақстанның егемендігі Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық қатынастарға қолданылады, ал "Конституцияда көзделген Республика егемендігінің, тәуелсіздігінің және конституциялық құрылысының негіздеріне жататын жалпы ережелер, принциптер мен нормалар (1-5, 10-12, 34, 36, 39 және өзге де баптары) бірінші кезекте Конституциямен, ал содан кейін ғана - соған негізделетін заңдық күші кемдеу нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етіліп, қорғалады" (Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 1 желтоқсандағы N 12 Қаулысы).
      Мемлекетаралық (үкіметаралық) экономикалық ұйымдар халықаралық құқық субъектілері ынтымақтастығының маңызды нысаны болып табылады. Қазіргі кезеңде экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тәсілдерінің бірі ретінде мұндай ұйымдар шешімдерінің ролі арта түсуде.
      "Кеден одағының комиссиясы туралы Шартты ратификациялау туралы" 2008 жылғы 24 маусымдағы N 45-ІV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, Кеден одағының комиссиясы туралы 2007 жылғы 6 қазандағы Шартқа сай құрылған Комиссия, ерікті түрдегі мемлекетаралық шарт негізінде мемлекеттердің егемендік теңдігі принципіне сәйкес, Тараптардың мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің бір бөлігін Комиссияға ерікті түрде кезең-кезеңімен беруі, Тараптардың өзара пайдасы мен ұлттық мүдделерін есепке алуды қамтамасыз ету принциптері негізінде оған кеден одағының жұмыс істеуі мен дамуы жағдайын қамтамасыз ету құзыреті берілетін орган болып табылады.
      2. Еліміздің мемлекеттік органдарының жекелеген өкілеттіктерін халықаралық ұйымдар мен олардың органдарына беру мүмкіндігі көзделген арнайы норма Қазақстан Республикасының Конституциясында жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының - ішкі және сыртқы саясатты қалыптастыру мен іске асырудағы тәуелсіздігі және дербестігі оның негізін құрайтын егемен мемлекеттің, конституциялық және халықаралық деңгейде танылған мәртебесі Республикаға Негізгі Заңның ережелері мен нормаларын сақтай отырып осындай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
      Бұл ұйғарым Конституцияның кіріспесінде паш етілген, Қазақстан халқының дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілеуінен, Қазақстанның халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейтіндігі, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау саясатын жүргізетіндігі туралы Негізгі Заңның 8-бабының ережелерінен келіп шығады.
      Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - Қазақстан халқы, ол өзіне тиесілі билікті тікелей жүзеге асырады және (немесе) өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Бұл ретте халық пен мемлекет атынан билік жүргізу құқығы Республика Президентіне, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламентке берілген (Конституцияның 3-бабының 1-3-тармақтары).
      Халық атынан билік етіп және оның ерік-жігерін жүзеге асыра отырып, Мемлекет басшысы сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді (Конституцияның 40-бабының 1-тармағы), келіссөздер жүргізеді және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды, бекіту грамоталарына қол қояды (44-баптың 11) тармақшасы), ал Республика Парламенті заңдар қабылдау арқылы Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды (Конституцияның 54-бабы 1-тармағының 7) тармақшасы).
      Конституциялық Кеңес, Республика Президенті мен Парламентінің бұл көрсетілген конституциялық өкілеттіктері халықтың ерік-жігері мен мемлекет егемендігін жүзеге асырудың, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын, халықаралық қатынастар саласында Республика Конституциясының ережелері мен нормалары іске асырылуын қамтамасыз етудің нысаны болып табылады деп есептейді (Конституциялық Кеңестің 2006 жылғы 18 мамырдағы N 2 және 2008 жылғы 26 маусымдағы  N 5қаулылары).
      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы N 54-ІII Қазақстан Республикасының Заңында "егер мұндай халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының бір бөлігін жүзеге асыруды оларға беруді көздейтін болса немесе олардың органдары шешімдерінің Қазақстан Республикасы үшін заңдық тұрғыдан міндеттілігін белгілесе, Қазақстан Республикасының мемлекетаралық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдарға қатысуы туралы" халықаралық шарттар ратификациялауға жататындар қатарында айқындалған (11-баптың 5) тармақшасы). Сол арқылы Парламент өз құзыреті шегінде заң қабылдау арқылы Қазақстанның халықаралық ұйымдарға кіруі, соның ішінде Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының бір бөлігін іске асыруды оларға бере отырып немесе олардың органдары шешімдерінің Қазақстан Республикасы үшін заңдық тұрғыдан міндеттілігін белгілей отырып кіруі мүмкін екенін растады.
      3. Қазақстан Республикасының Негізгі Заңына сәйкес Республикада қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады. Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады (4-баптың 1-3-тармақтары).
      "Қызылорда облыстық сотының "Байқоңыр" кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігін, "Байқоңыр" кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5 және 11 -баптарын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсынымы туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 7 мамырдағы N 6/2 Қаулысында Конституцияның Республика аумағында жоғары тұруы принципі расталады, халықаралық шарттардың соған сәйкес болуы міндетті екендігі атап көрсетіледі. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2006 жылғы 18 мамырдағы N 2 Қаулысында, белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелері, Негізгі Заңның 4-бабының 2-тармағына сай Республика аумағында ең жоғары заңды күші бар Республика Конституциясына қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт толығымен немесе Конституцияға сәйкес емес деп танылған бөлігінде орындауға жатпайды, деп атап көрсетілген.
      Конституцияның жоғары тұруы принципін Конституциялық Кеңес басқа да бірқатар қаулыларда нақтылап, сол қаулыларда халықаралық құқық және қазақстандық заңнама нормаларының өзара қарым-қатынасы мен өзара іс-әрекетінің, халықаралық шарттардың қолданыстағы құқық жүйесіндегі орнының, оларды жасасу және қолдану тәртібінің жекелеген аспектілері бойынша құқықтық позициялар айқындалды ("Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағын және 12-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" 1996 жылғы 28 қазандағы N 6/2 қаулы, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағын, 14-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын, 79-бабының 1-тармағын және 83-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3 қаулы, "Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламенті 1998 жылғы 4 ақпанда қабылдаған, Қазақстан Республикасы Президентіне қол қоюға берілген Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) Республика Конституциясына сәйкестігі туралы өтініші туралы" 1998 жылғы 27 наурыздағы N 1/2 қаулы, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 92-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2000 жылғы 15 маусымдағы N 8/2 қаулы, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2000 жылғы 11 қазандағы N 18/2 қаулы, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 16-17/3 қаулы, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2006 жылғы 18 мамырдағы N 2 қаулы).
      4. Халықаралық шарттармен қатар "Республиканың басқа да міндеттемелерінің" нормалары Қазақстанда қолданылатын құқыққа жатқызылған (Конституцияның 4-бабының 1-тармағы). Конституциялық Кеңес, басқа да халықаралық міндеттемелер өздерін туындататын халықаралық шарттардың құрамдас бөлігі, не болмаса олардың қисынды түрдегі мазмұндық (материалдық) не ұйымдық (процессуалдық) жалғасы ретінде солардың шеңберінде де, халықаралық шарттардан тыс, өз бетінше де пайда болуы мүмкін деп пайымдайды. Алғашқылары, осы нормативтік қаулыда баяндалған шарттар сақталған жағдайда, ратификацияланған халықаралық шарттың заңдық сипаттарына ие болуы мүмкін. Екіншілерінде мұндай сипаттар жоқ. Сондықтан, қаралып отырған өтінішке қатысты қолданыста, Қазақстан ратификациялаған Шартқа сәйкес құрылған Комиссияның шешімінен келіп шығатын, Қазақстанның құқықтарын жүзеге асыруды және міндеттерін орындауды Негізгі Заңның 4-бабының 1-тармағында көрсетілген Республиканың басқа да міндеттерін орындау деп түсінген жөн.
      Шартта Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының мемлекеттік органдары өкілеттіктерінің бір бөлігін өз еркімен кезең-кезеңімен халықаралық ұйымның органы - Комиссияға беру көзделген, ол өз өкілеттіктері шегінде Тараптар үшін міндетті сипаты бар шешімдер қабылдайды (Шарттың 2 және 7-баптары). Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес Шарт оны ратификациялаудан кейін тікелей қолданылатын және қазақстандық заңдардан басым болатын заңдық сипаттар алды.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағында "Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады" делінген. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құрылған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының актілеріне қатысты қолданыста бұл, егер мұндай халықаралық шартта қатысушы мемлекеттер үшін аталған актілердің міндетті сипаты бар екені көрсетілген болса, онда Тарап, оның мемлекеттік органдары, лауазымды тұлғалары, ұлттық заңнаманың актілерін соларға сәйкестендіруді қоса отырып, мұндай талапты орындауға бағытталған барлық қажетті ұйымдастырушылық-құқықтық іс-шараларды іске асыруға міндетті екенін білдіреді. Демек, Комиссияның Шартқа сай міндетті сипаты бар актісі Қазақстан Республикасының заңына немесе өзге де нормативтік құқықтық актісіне қайшы келсе, онда жалпы ереже бойынша Комиссия қабылдаған құқықтық норма қолданылады.
      Сонымен бірге, Конституциялық Кеңес, халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының, Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитындығы, және Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайтындығы туралы Конституцияның 2-бабы 2-тармағының және 91-бабы 2-тармағының ережелерін бұзатын шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылмайды деп есептейді. Адамды және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп паш ететін Негізгі Заңның 1-бабының 1-тармағын негізге алып, Комиссияның адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін шешімдері республика заңдарынан басым тұратын және тікелей қолданылатын сипатқа ие болмайды.
      Конституциялық Кеңес, "Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының нормаларын қолдану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі N 1 Нормативтік қаулысына сәйкес, ратификацияланған, тікелей қолданылатын және оларды қолдану үшін заң шығаруды талап етпейтін халықаралық шарттар материалдық немесе процессуалдық құқық (қылмыстық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық қатынастар аясын қоспағанда) нормалары ретінде пайдаланылатынын назарға алды.
      Халықаралық ұйымның немесе оның органының Қазақстан үшін міндетті шешімді қабылдау рәсімі, республикалық референдумда қабылданған шешімдерде, сондай-ақ шартты жасасу және ратификациялау кезінде Республика Президенті мен Парламентінің актілерінде білдіріліп, халықаралық шартқа енгізілген Қазақстан халқының ерік-жігерін бұрмалау мүмкіншілігіне жол бермейтін құқықтық кепілдіктерді көздеуге тиіс.
      Қаралып отырған өтінішке қатысты қолданыста мұндай кепілдіктер бар екенін атап өткен жөн.
      Комиссия қызметінің қағидаттары ретінде Тараптардың мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің бір бөлігін Комиссияға ерікті түрде кезең-кезеңімен беруі; Тараптардың өзара пайдасы мен ұлттық мүдделерін есепке алуды қамтамасыз ету; қабылданатын шешімдердің экономикалық негізділігі; ашықтық, жариялылық және әділдік паш етіледі (Шарттың 2-бабы). Комиссияға әрбір Тараптан қажетті өкілеттіктер берілген үкімет басшысының орынбасары немесе үкімет мүшесі болып табылатын бір өкілден кіреді (Шарттың 4-бабы). Шешімдер 2/3 көпшілік дауыспен қабылданады (Шарттың 7-бабы).
      Бұл орайда қатысушы мемлекеттердің егемендік еркі сақталуына қосымша кепілдіктер белгіленген. "Егер Тараптардың бірі Комиссия қабылдайтын шешіммен келіспесе, бұл мәселе кеден одағының мемлекет басшылары деңгейіндегі жоғары органының қарауына енгізіліп, ол ымыраға келу арқылы шешім қабылдайды. Комиссия сондай-ақ, егер бұл кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыратын халықаралық шарттарда көзделсе, ымыраға келу арқылы шешім қабылдайды. Кез келген Тараптың кеден одағының жоғары органына Комиссияның шешімін қайта қарау туралы ұсыныс енгізуге құқығы бар. Егер шешімді қабылдау кезінде қажетті дауыс саны жиналмаған болса, Комиссия мәселені кеден одағының жоғары органының қарауына беруге құқылы (Шарттың 7-бабы). Осылайша, Шартта көзделген "жанамалаған вето" рәсімі Тараптардың әр бірінің позициялары міндетті түрде ескерілуін қамтамасыз етеді.
      Шарттың 8-бабына сай Комиссияның шешімдері ресми жариялануға тиіс. Бұл Конституцияның 4-бабы 4-тармағының, Республика қатысушысы болып табылатын барлық халықаралық шарттар жарияланады, деген талабына сәйкес келеді.
      Республиканың нормативтік құқықтық актілерінен басымдығы бар Комиссия шешімдерінің тікелей қолданылуы, олардың Қазақстанда қолданылатын құқықтың нормаларын жоятынын білдірмейді. Ратификацияланған халықаралық шарттарға теңестірілген Комиссия шешімдерінің басымдығы мен тікелей қолданылуы мұндай шарттар нормаларының жағдайға қарай басымдығын көздейді (Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 11 қазандағы N 18/2 Қаулысы). Бұл, Республиканың құқықтық актілерімен қарама-қайшылық туындаған жағдайда, алдағы уақытта мұндай қарама-қайшылық жойылғанға дейін Комиссияның міндетті шешімдерінің нормалары қолданылатынын білдіреді. Комиссияның ұсыныс сипатындағы шешімдерінің Республика заңнамасынан басымдығы болмайды.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының нормалары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өтінішіне қатысты қолданыста, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының (солардың ішінде, "Кеден одағының комиссиясы туралы Шартты ратификациялау туралы" 2008 жылғы 24 маусымдағы N 45-ІV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, Кеден одағының комиссиясы туралы 2007 жылғы 6 қазандағы Шартқа сай құрылған Кеден одағы комиссиясының) шешімдеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және мұндай шешімдер тікелей қолданылады деген нормалары қолданылатынын білдіреді. Бұл ретте, Негізгі Заңның 4-бабының 1 және 2-тармақтарына сай Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге тиіс.
      2. Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы шешімдердің Қазақстан үшін міндетті сипаты тікелей көрсетілген жағдайда, Республика ратификациялаған халықаралық шарттың заңдық сипатын алады. Халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының, Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитындығы, және Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайтындығы туралы Конституцияның 2-бабы 2-тармағының және 91-бабы 2-тармағының ережелерін бұзатын шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылмайды.
      3. Халықаралық ұйымның және (немесе) оның органының Қазақстан үшін міндетті шешімі мен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері арасында қарама-қайшылық болған жағдайда, алдағы уақытта мұндай қайшылық жойылғанға дейін халықаралық ұйымның және (немесе) оның органының шешімі қолданылады.
      4. Халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін шешімдері тікелей қолданылмайды, және, тиісінше, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінен басымдығы болмайды.
      5. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сай нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.
      6. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы                                     И. Рогов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады