Қарағанды облыстық сотының ұсынымы бойынша 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХІІІ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 218-бабы 6-тармағының конституциялығын тексеру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2014 жылғы 11 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      өтініш субъектінің өкілі – Қарағанды облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ж.К.Сейдалинаның,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы С.Б.Ақылбайдың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Қ.Сәрпековтің,
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары З.Х.Баймолдинаның,
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Б.Архарованың,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ж.Қ.Асановтың,
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары М.Ө.Қолқабаевтың,
      Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) өкілі – Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) аппарат басшысы М.И.Сексембаевтың,
      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының міндетін атқарушы Р.А.Рахимовтың,
      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Ә.Қ.Түгелдің қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Қарағанды облыстық сотының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХІІІ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 218-бабы 6-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынымын қарады.
      Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшелері А.Н.Жайылғанова мен Ү.М.Стамқұловтың хабарлауларын, отырысқа қатысушылардың және сарапшы – Қазақ гуманитарлық-заң университетінің С.З.Зиманов атындағы Іргелі және қолданбалы ғылымдар академиясының Азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Т.Е.Қаудыровтың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар – Каспий қоғамдық университетінің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының: Институт директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.К.Сүлейменовтің, бас ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының докторы, профессор К.М.Ілиясованың, жетекші ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының кандидаты, доцент С.В.Скрябиннің; «Lex Analitik Заң фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің әріптесі, заң ғылымдарының кандидаты Д.А.Братустың; Бремен университетінің (Германия Федеративтік Республикасы) профессоры Р.Книпердің; Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) «Орталық Азия елдеріндегі құқықтық мемлекеттілікке көмектесу» өңірлік бағдарламасының директоры Й.Пудельканың; Ресейлік сот төрелігі академиясы Шығыс-Сібір филиалының азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент У.Б.Филатованың қорытындыларын зерделеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің пікірлерімен, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып шығып, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасына талдау жасап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2014 жылғы 20 мамырда Қарағанды облыстық сотының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХІІІ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 218-бабы 6-тармағын (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) конституциялық емес деп тану туралы ұсынымы келіп түсті.
      Ұсынымнан келіп шығатыны, талапкер В.М.Гарштың жылжымайтын мүлікті жария саудаға салып сату туралы В.О.Гаршқа және И.В.Невдашевқа қойған талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының № 2 аудандық сотының 2014 жылғы 25 ақпандағы шешіміне талапкердің апелляциялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық іс Қарағанды облыстық сотының өндірісінде жатыр. Үлесті меншік иелері арасында үлесін сатып алу жолымен тұрғын үйді бөлу жөнінде келісімге қол жеткізілмегендіктен, талапкер Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағының ережелеріне сілтеме жасай отырып, мүлікті мәжбүрлеп жария саудаға салып сату туралы мәселе қойған, бұл тармаққа сәйкес осы баптың 3-5-тармақтарында баяндалған ережелер бойынша ортақ мүлiктi бөлу iсiн жүргiзудiң не одан үлестi бөлiп шығарудың тиiмсiздiгi айқын болған жағдайда сот мүлiктi жария саудаға салып сатып, кейiн одан түскен соманы ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне сәйкес бөлiп беру туралы шешiм шығаруға құқылы.
      Азаматтық іс материалдарын зерделеп және тараптардың түсініктемелерін тыңдап, сот Азаматтық кодекстің 218-бабының 6-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 2-тармағына және 39-бабының 1-тармағына қайшы болғандықтан, Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген адамның және азаматтың құқықтарына нұқсан келеді деп тапқан.
      Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағының конституциялығына соттың күмәні мынаған келіп саяды:
      «оның нормасы азаматтық айналымға қатысушылардың бұл норманы тікелей қолдану жөніндегі талап арыздарға бастама жасауына мүмкіндік береді, ал бұл азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Басқа меншік иелері арасындағы үлесті меншікті иелену, пайдалану және билік ету мәселелері жеке азаматтық-құқықтық қатынастарға жатады, мемлекет мүддесін қозғамайды және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау қажеттілігімен байланысты істерге жатпайды;
      басқа меншік иелерінің келісімі болмаған жағдайда мүлікті, әсіресе үйді, жария саудаға салып сату туралы сотқа берілген шешім қабылдау құқығы жеке меншік құқығы қорғалуына кепілдік беретін негізгі конституциялық принциптерге қайшы келеді;
      көрсетілген азаматтық істі қарау кезінде қолданылуға жататын оның ережелері, Азаматтық кодекстің 249-бабы 2-тармағында бекітілген мүлікті меншік иесінен мәжбүрлеп иеліктен шығару негіздерінің толық тізбесіне кірмейді;
      бұл құқықтық норманың мазмұны айқын болмауы салдарынан, оны қолдануда процессуалдық сұрақтар да туындайды, атап айтқанда, процеске қатысушылардың қайсы бірінің тарапынан мұндай талап болмаған жағдайда, мүлікті жария саудаға салып сату туралы жеке-дара шешім қабылдау құқығын сотқа береді, ал бұл 1999 жылғы 13 шілдедегі № 411-І Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 49 және 218-баптарының талаптарына қайшы келеді және азаматтық сот ісін жүргізудің негізгі принциптерінің бірі – тараптардың жарыспалығы мен теңдігін бұзады».
      Осыған байланысты, сот Конституцияның 78-бабына сәйкес азаматтық іс бойынша өндірісті тоқтата тұрып, Азаматтық кодекстің 218-бабының 6-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныммен Конституциялық Кеңеске жүгінді.
      Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағының конституциялығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
      1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сай Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл мемлекет үшін адамға, оның тұрмыс жағдайына қамқорлық жасаудан артық маңызды міндет жоқ екенін білдіреді (Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 21 желтоқсандағы № 18/2, 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3, 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4 нормативтік қаулылары). Аса маңызды конституциялық құндылықтардың бірі ретінде әлеуметтік мемлекет ұғымының мазмұны Негізгі Заңның түрлі нормаларында, атап айтқанда 25-бапта ашып көрсетіліп, соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейтіні, мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауға міндетті екені бекітіледі. Бұл нормалар азаматтардың Республика Конституциясында бекітілген әлеуметтік-экономикалық құқықтарын жүзеге асыру үшін конституциялық алғышарттар жасайды.
      Негізгі Заңда меншік қатынастарын құқықтық реттеудің жалпы конституциялық принциптері мен бастаулары бекітілген, олар, қоғам мен мемлекеттің тұрақты әрі серпінді дамуын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығын қамтамасыз ете отырып, шешуші мағынаға ие болады және меншік құқығы туындауының, өзгеруінің және тоқтатылуының барлық кезеңінде кепілдік берілетінін жариялайды, мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың тиісті шешімдер шығаруының барлық рәсімдеріне қолданылады (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 23 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысы).
      Конституцияның 26-бабына сай Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады (1-тармақ), ал меншікке, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі (2-тармақ). Меншіктің құқықтық режимі, субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді (Конституцияның 6-бабының 2-тармағы).
      Меншік құқығын шектеудің негіздері мен шектері, сондай-ақ олардың сипаты Конституцияның 39-бабы 1-тармағының нормасымен бекітілген, бұл нормаға сай «адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін». Мұндай құқықтық ұстанымдар Конституциялық Кеңестің бірқатар нормативтік қаулыларында баяндалған (1999 жылғы 3 қарашадағы № 19/2, 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2, 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4, 2008 жылғы 23 сәуірдегі № 4 және т.б.).
      Негізгі Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы адам құқықтары мен бостандықтарына қарай анықталады. Көрсетілген ереже Қазақстанның қолданыстағы құқығының тұжырымдамалық негізі болып табылады (Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8 нормативтік қаулысы).
      Осыған байланысты, меншік қатынастары Конституцияға қатаң сәйкестікпен, құқықтық мемлекет, заң жүзіндегі теңдік және әділдік принциптері негізінде, азаматтық айналымға қатысушылардың бәрінің құқықтары мен заңды мүдделері арасында тепе-теңдік қамтамасыз етілетіндей реттелуге тиіс. Бұл ретте туындайтын қайшылықтар, өзінің конституциялық мән-мағынасы жағынан тең бір құқықтарды бұза отырып, екінші бір құқықтарды қорғау арқылы еңсеріле алмайды. Заң шығарушы, меншік иелері арасындағы өзара сенімнің мейлінше жоғары деңгейін ұстай отырып және меншік құқығы тиімді қорғалуына қажетті жағдайдың бәрін жасай отырып, азаматтық айналым саласында құқықтық айқындылық, тұрақтылық болуын және соңы болжануын қамтамасыз етуге тиіс.
      Азаматтық кодекс осы көрсетілген конституциялық ережелерді дамытып, нақтылай түсетін, соның ішінде меншіктің құқықтық режимін реттейтін, оған қол сұғылмауына кепілдіктерді, меншік құқығын тоқтатудың негіздері мен тәртібін белгілейтін негізгі заңнамалық акт болып табылады.
      2. Конституциялық меншік құқығы мүлікке иелік етудің, оны пайдаланудың және оған билік етудің жеке өзі (жекеше) және бірлескен (ұжымдық) нысандары арқылы жүзеге асырылады. Өзінің мазмұнына қарай жеке меншік құқығы ортақ меншік құқығына ұқсамайды. Егер жеке меншік иесі өзінің өкілеттігін заңда немесе өзге тұлғалармен жасалған келісімде айқындалған шекте өз бетінше іске асыратын болса, ал ортақ меншікке қатысушы құқықтарының іске асырылуы басқа меншік иелерінің өкілеттіктеріне де тәуелді болады. Мүліктің иесі бір адамнан көп болуы өкілеттікті іске асыруда табиғи шектеулер болатынын әуел бастан-ақ назарда ұстайды. Әрбір меншік иесі басқа меншік иелерінің дәл осындай өкілеттіктерін бұзбайтын шамада ортақ меншікке иелік етіп, пайдалана және билік ете алады. Мұндай құқықтық режим Конституцияның меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар, қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс (6-баптың 2-тармағы), адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (12-баптың 5-тармағы) деген ережелеріне сәйкес келеді, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңмен шектеудің конституциялық мақсаттары мен талаптары бекітілген 39-баптың 1-тармағына қайшы келмейді. Конституциялық Кеңес өзінің бірқатар нормативтік қаулыларында меншік құқығы абсолютті болып табылмайды және азаматтық-құқықтық қатынастар саласында да, жария құқық саласында да заңдармен шектелуі мүмкін, деп атап айтқан болатын (2000 жылғы 16 маусымдағы № 6/2, 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5 және т.б.).
      Азаматтық кодексте ортақ меншікті бөлудің немесе одан үлесті бөліп шығарудың түрлі тәсілдері мен шарттары қарастырылған. Азаматтық кодекстің 218-бабының 1-тармағында ортақ меншiктегi мүлiкті бөлу немесе одан үлесті бөліп шығару үлесті меншікке қатысушылардың бәрінің арасындағы келiсiм бойынша іске асырылуы мүмкін деген ереже белгіленген.
      Үлестi меншiкке қатысушылар келісімге келе алмаған жағдайда заң оларға ортақ мүлiктен өз үлесiн заттай бөлiп берудi не өз үлесiнiң құнын төлеуді немесе өтем төлеуді сот тәртібімен талап етуге құқық береді (Азаматтық кодекстің 218-бабының 2-5-тармақтары). 218-баптың 3-5-тармақтарында баяндалған ережелер бойынша ортақ мүлiктi бөлу iсiн жүргiзудiң не одан үлестi бөлiп шығарудың тиiмсiздiгi айқын болған жағдайда сот мүлiктi жария саудаға салып сатып, кейiн одан түскен соманы ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне сәйкес бөлiп беру туралы шешiм шығаруға құқылы (Азаматтық кодекстің 218-бабының 6-тармағы).
      Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың бірқатарының пікірі бойынша, басқа меншік иелері өздерінің меншік құқығын жүзеге асыру және оны қорғау мақсатында Азаматтық кодекстің 218-бабының 2-6-тармақтарында көзделген кез келген тәсілдің қолданылуын талап етуге хақылы. Алайда ортақ мүлікті бөлудің немесе одан үлесті бөліп шығарудың нақты тәсілдері мен шарттарын, істің шын мән-жайын (субъектілік құрамын, үлестердің мөлшерін, мүліктің бөлінетінін немесе бөлінбейтінін, меншік иелерінің отбасылық және материалдық, сондай-ақ денсаулық жағдайын, кәмелетке толмаған балалары бар-жоқтығын және т.б.) ескере отырып сот айқындауға тиіс.
      Конституциялық Кеңес, меншік иесінің әрбірінің құқықтары мен заңды мүдделері мейлінше тиімді қорғалуы үшін сот заңға сәйкес жағдай жасауға міндетті деп есептейді. Сондықтан талапкердің мүлікті жария саудаға салып сату туралы талабын қарау кезінде сот, бірінші кезекте, Азаматтық кодекстің 218-бабының 3-5-тармақтарында көзделген ережелер бойынша бөлудің (бөліп шығарудың) мүмкіндігін тексеруі қажет. Конституциялық Кеңес, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың кейбірінің, зат күйіндегі үлесті бөлінбейтін заттан немесе зат күйінде бөліп шығаруға заңнамалық актілермен жол берілмейтін мүліктен бөліп шығару мүмкін болмауы; үлестің құнын төлеуге немесе өтеуге басқа меншік иелерінде мүмкіндік жоқтығы; құқықтарын бірлесе отырып іске асыру мүмкін болмауы және мүлікті бөлудің өзге тәсілдерін қолдану мақсатқа сай еместігін анық айғақтайтын басқа да жағдайлар болуы Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағының нормасын қолданудың шарты бола алады, деген пікірлерін қуаттайды.
      Мүлікті жария саудаға салып сатуды, жоғарыда көрсетілген тәсілдермен дауды шешу мүмкін болмаған жағдайда, мүдделі басқа меншік иесінің (иелерінің) өтініші бойынша сот шешімімен ерекше жағдайларда қолданылатын ең соңғы шара деп қарастырған жөн. Ортақ үлесті меншіктегі мүлікті бөлу немесе одан үлесті бөліп шығару туралы азаматтық-құқықтық даулар азаматтық іс жүргізу заңнамасының талаптарына қатаң сәйкестікпен шешілуге тиіс.
      Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағы нормасының болуы ортақ үлесті меншікке қатысушыларды өзара келісімге келуге ынталандырады. Бұл жағдайларда сот ортақ үлесті меншік қатынастарын тоқтатуды қалайтын меншік иелерінің құқықтары жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Ол меншік иелерінің бәрінің, солардың ішінде мүлікті бөлуге келіспейтіндерінің де мүдделерін ескеруге, және Азаматтық кодекстің 218-бабының 3-5-тармақтарында көзделген ортақ мүлікті бөлу механизмін алдын-ала сақтау арқылы олардың құқықтары теңдей қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
      Меншік құқығын жүзеге асырудың мәжбүрлеуші сипаты, басқа меншік иелерінің құқықтары ғана емес, өзара міндеттері де болатыны, сондай-ақ өздерінің өкілеттіктерін іске асыруда олардың шектелетіні көзделген меншік қатынастарының құқықтық табиғатымен байланысты. Мүлікті жария саудаға салып сату соттың шешімімен іске асырылады, ал бұл Конституцияның 26-бабының 3-тармағына сәйкес келеді. Сауданың нәтижелері бойынша сатып алу-сату туралы сатып алушымен шарт жасалып, ол ортақ үлесті меншік қатынастарын тоқтатуға негіз болады. Басқа меншік иелерінің бәрі өздерінің үлестері шамасында өтемақы алады.
      Мұндай тәртіп, сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады, делінген Конституцияның 76-бабының 2-тармағына да сай келеді. Конституциялық Кеңес өзінің 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2 нормативтік қаулысында атап өткендей, бұл конституциялық ереже меншік құқығын даусыз тәртіппен тоқтатуға жол бермейді. Мүлікті заңға сәйкес, алдын-ала сот шешімі негізінде де, меншік иесі мемлекеттік органның тиісті шешіміне заңда белгіленген тәртіппен шағымданған жағдайда, мүлікті иеліктен шығарудың заңдылығы мен негізділігіне міндетті түрдегі кейінгі сот бақылауымен де иеліктен шығаруға болады.
      Мүлікті жария саудаға салып сату туралы шешім қабылдау соттың міндеті емес, құқығы екенін атап өту қажет. Сондықтан, Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағының түпмәтінінде «тиімсіздігі айқын болған жағдайда» деп белгілеудің өзі жеткілікті болып табылмайды. Бұл мән-жайды анықтаумен қатар, сот Конституцияның жалпы ережелері және сонда бекітілген меншік қатынастарын реттеу принциптері, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кепілдіктері ескерілуін қамтамасыз етуге тиіс.
      Осылайша, Азаматтық кодекстің 218-бабының 6-тармағы Конституцияның 26-бабының 2 және 3-тармақтарына және 39-бабының 1-тармағына қайшы келмейді.
      3. Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағының конституциялығын тани отырып, Конституциялық Кеңес, осы нормаға жасалған логикалық-мазмұндық талдау негізінде, құқық қолданушыға бұл норманың мазмұнын біржақты айқындауға мүмкіндік беретін объективті талаптар оның жазылуында қамтылмайды, оның мазмұнын түрлі мағынада түсіндіруге және, соның салдарынан, азаматтық істі шешкен кезде өз еркінше қолдануға жол береді, деп есептейді.
      Заң шығарушы, «тиімсіздігі айқын» деген ұғымды пайдалана отырып, оның сипатын толық әрі біржақты белгілеуге мүмкіндік беретін нақты заңдық анықтамасын бермеген. Қаралып отырған норманың тұжырымдамасынан, ортақ мүлікті өзге тәсілдермен бөлу немесе одан үлесті бөліп шығару мүмкін болмаған кезде қолданылатын, мүлікті жария саудаға салып сату туралы сот шешімі дауды шешудің ең соңғы шарасы болып табыла ма; аталған Кодекстің 218-бабының 2-5-тармақтарымен көзделген ережелер бойынша дауды шешу мүмкіндігінің өзін тексеруді бұл норма сотқа міндеттей ме, сол анық емес. Қаралып отырған норманың құрылысынан, сот шешімді басқа меншік иелерінің қайсы бірінің тиісті талабы бойынша қабылдауға тиіс пе, әлде мұндай талап болмаса да ол өз еркімен шешім қабылдай ала ма, сол айтылмаған. Өтініш субъектісі даулап отырған норма, Азаматтық кодекстің мүлікті меншік иесінен мәжбүрлеп иеліктен шығару жағдайларының тізбесі қамтылған 249-бабы 2-тармағының ережелерімен («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы № 414-IV Қазақстан Республикасы Заңының редакциясында), сондай-ақ меншік құқығын меншік иелерінің еркінен тыс тоқтату негіздері көзделген басқа да заңнамалық актілермен үндестірілмеген.
      Азаматтық кодекстің 6-бабының 1-тармағында, заң қалыптарының текстiнде қолданылған сөздердi әртүрлi түсiну мүмкiн болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiне және азаматтық заңдардың негiзгi қағидаттарына сай келетiн түсiнiкке басымдық берiледi, деп белгіленген.
      Сондықтан, Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағы нормаларының конституциялық-құқықтық мағынасын негізге ала отырып, Конституциялық Кеңес, сот ортақ мүлікті бөлудің немесе одан үлесті бөліп шығарудың «тиімсіздігі айқын» деген мән-жайын шешкен кезде, мүлікті соттың шешімімен жария саудаға салып сатуға дауды шешудің ең соңғы шарасы ретінде жол берілетінін, ал бұл Азаматтық кодекстің 218-бабының 2-5-тармақтарымен көзделген ережелер алдын-ала міндетті түрде сақталғанда ғана, мүдделі үлесті меншік иесінің талабы бойынша қолданылуы мүмкін екенін негізге алуға тиіс деп есептейді.
      Конституциялық Кеңес өзінің бірқатар нормаларында заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, зандылы мінез-құлықты заңсызынан мейлінше айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс деп атап көрсеткен болатын (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 және 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 және т.б. нормативтік қаулылар).
      Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың кейбірінің, Азаматтық кодекстің 218-бабы 6-тармағының әртүрлі оқылуын жою мақсатында, заңнамалық шаралар қабылдау және сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме беру мақсатқа сай болады деген пікірімен келіседі.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, “Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы” 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31-333740-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
      қаулы етеді:
      1. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХІІІ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 218-бабының 6-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне, 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХІІІ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін (Жалпы бөлім) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы нормативтік қаулыда баяндалған құқықтық ұстанымдарына сәйкестендіру мақсатында оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасау мәселесін қарау ұсынылсын.
      3. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына, Қазақстан Республикасы Конституциясының 81-бабы негізінде бірыңғай сот практикасын қамтамасыз ету мақсатында, 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХІІІ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 218-бабының нормаларын және солармен байланысты заңнамалық ережелерді Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы нормативтік қаулысында белгіленген конституциялық-құқықтық мағынасында қолдану мәселелерін түсіндіретін нормативтік қаулы қабылдау ұсынылсын.
      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.
      5. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы                                   И.РОГОВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады