Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Регламентін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 5 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы нормативтік қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңының 2-бабы 2-тармағына, 27-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Регламенті бекітілсін.

      2. Нормативтік қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

  Қазақстан Республикасы
Конституциялық Сотының
2023 жылғы 5 қаңтардағы
№ 1 нормативтік қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Регламенті

      Осы Регламент Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңның (бұдан әрі – Конституциялық заң) негізінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ішкі қызметінің ұйымдастырылуы және тәртібі мәселелерін реттейді.

1-тарау. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қызметін ұйымдастырудың жалпы мәселелері

      1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты (бұдан әрі - Конституциялық Сот) оның өкілеттіктеріне кіретін мәселелерді Конституциялық Соттың отырыстарында қарайды және шешеді. Өзге мәселелер бойынша Конституциялық Соттың кеңестері өткізілуі мүмкін.

      2. Конституциялық Соттың отырысында конституциялық іс жүргізу тәртібімен шешілетін мәселелерден, Конституциялық Сот судьяларының антын қабылдаудан басқа мына мәселелер:

      - Конституциялық Соттың Регламентін бекіту, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      - Конституциялық Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес туралы ережені, Ғылыми-консультативтік кеңес хатшысының кандидатурасын және мүшелерін бекіту;

      - Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты судьясының (бұдан әрі - судья) төсбелгісі, мантиясы туралы ережені, олардың үлгілері мен сипаттамаларын бекіту;

      - Конституциялық Соттың Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын бекіту;

      - Конституциялық заңның 25-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда судьялар құрамдарын қалыптастыру;

      - Конституциялық заңның 9-бабы 1-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судьяның өкілеттігін тоқтату;

      - Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің басқа да мәселелері қаралады.

      3. Конституциялық Соттың отырыстарына Конституциялық Соттың Аппараты (бұдан әрі - Аппарат) күн тәртібін, қатысушылар тізімін және басқа да материалдарды дайындайды, олар судьяларға және отырысқа қатысатын басқа да адамдарға алдын-ала жіберіледі. Отырыстарға шақырулар мен қажетті материалдар, әдетте, электрондық түрде жіберіледі.

      4. Конституциялық Сот отырысының өтетін күні, уақыты мен орны туралы судьялар, конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, келу міндетті деп танылған өзге де адамдар мен органдар алдын ала хабардар етіледі.

      Отырыс күні Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының (бұдан әрі - Төраға) өкімімен ауыстырылуы мүмкін, бұл туралы мүдделі тұлғалар хабардар етіледі.

      5. Конституциялық Соттың отырыстары, әдетте, осы мақсат үшін арнайы бөлінген және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай рәсімделген үй-жайда өткізіледі. Залда Қазақстан Республикасы Конституциясының басылымы ұдайы орналастырылады.

      6. Конституциялық Соттың отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өзге де адамдар шақырылуы мүмкін.

      7. Отырыс залында кино және фототүсірілім, бейнежазба, тікелей радио және телетрансляция, Интернет ақпараттық-коммуникациялық желісінде бейнетрансляция жасауға төрағалық етушінің рұқсатымен жол беріледі, ол туралы отырыс хаттамасында көрсетіледі. Бұл әрекеттер отырыстың қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуі керек және олар уақыт аралығымен және конституциялық іс жүргізу сатыларымен шектелуі мүмкін.

      8. Жабық отырыстарды өткізу және таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты немесе мемлекеттік құпияларды қамтитын мәселелерді талқылау құпиялылық режимінің талаптарын сақтай отырып және отырыстарға жіберуді шектей отырып жүзеге асырылады.

      9. Конституциялық Соттың отырысы хаттамаланады, қажетіне қарай стенографияланады және ілеспе аудармамен қамтамасыз етіледі.

      Отырысты хаттамалауды Аппарат жүзеге асырады, ол хаттаманы судья-баяндамашыға өткен отырыстан кейін 5 жұмыс күні ішінде бұрыштама қою үшін ұсынады.

      Конституциялық Сот отырыстарының хаттамаларына төрағалық етуші қол қояды және олар конституциялық іс жүргізу материалдарына қоса тіркеледі.

      10. Егер отырыста стенография жүзеге асырылса, Конституциялық Сот отырысының хаттамасы стенограмма мәтіні негізінде жасалады.

      Егер отырыс барысында аудио -, бейнежазба құралдары қолданылса, жазбаша нысанда отырыстың қысқаша хаттамасы жасалады. Отырыстың қысқаша хаттамасында Конституциялық Соттың іс-әрекеттері олар болған тәртіппен жазылады және:

      1) отырыстың жылы, айы, күні және орны;

      2) Конституциялық Соттың атауы және құрамы;

      3) өтініш субъектісі туралы деректер;

      4) аудио -, бейнежазба құралдарын қолдану туралы мәліметтер;

      5) аудио -, бейнежазбасы бар файл атауы;

      6) конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және отырысқа қатысқан өзге де адамдар туралы мәліметтер;

      7) конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және өзге де адамдардың өтініштері, өтінішхаттары мен сөйлеген сөздері; Конституциялық Сот шығарған шешімдер; өзге де материалдарды зерттеу; Конституциялық Соттың кеңесу бөлмесіне кетуі туралы мәліметтер;

      8) хаттаманың соңғы нысанда жасалған күні көрсетіледі.

      Аудио -, бейнежазбасы бар материалдық жеткізгіш және отырыстың қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.

      11. Конституциялық Сот отырысының барысына қандай да бір араласуға жол берілмейді.

      Конституциялық Соттың отырысын өткізу тәртібін қамтамасыз ету мақсатында төрағалық етуші Конституциялық заңның 54-бабында көзделген шараларды қолдануы мүмкін.

      Процестік қорғау және жауапкершілік шараларын қолдану отырыс хаттамасында көрсетіледі. Қажет болған жағдайда, отырысты өткізу тәртібін қамтамасыз етуге ішкі істер органдарының қызметкерлері тартылуы мүмкін.

      12. Конституциялық Соттың отырыстары бейнеконференцбайланыс және өзге де қолжетімді онлайн-сервистер арқылы, бетпе-бет немесе аралас форматта өткізілуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес интернет-ресурста онлайн режимінде таратылуы мүмкін.

2-тарау Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгіну

      13. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1, 3, 4 және 5-тармақтарында көрсетілген адамдардың өтініштері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сәйкес соттардың ұсыныстары Конституциялық Сотта істерді қарау үшін негіздер болып табылады.

      14. Конституциялық заңның 36-бабының 1-тармағында белгіленген конституциялық іс жүргізу тілдерінің бірінде берілуі мүмкін азаматтардың өтініштерін қоспағанда, Конституциялық Сотқа өтініштер жазбаша және (немесе) электрондық нысанда екі тілде (қазақ және орыс) беріледі.

      Өтініш Конституциялық заңның 44-бабының және осы Регламенттің талаптарына сәйкес ресімделуге тиіс. Оны қолмен жазуға, машинкамен немесе компьютермен жасауға болады.

      Өтінішке Конституциялық заңның 44-бабының 4-тармағында көзделген құжаттар қоса беріледі. Конституциялық іс жүргізу тілдерінде жазылмаған құжаттардың аудармалары нотариалды түрде куәландырылуы тиіс.

      15. Өкілдің өкілеттігі заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта, не заң консультанты жасасқан заң қызметін көрсету туралы шартта немесе тиісті мемлекеттік органдардың, лауазымды және өзге де адамдардың тапсырмасын куәландыратын өзге де құжатта көрсетілуге тиіс. Егер өтінішті оның атынан уәкілетті адамдар берсе, азаматтың келісімі нотариат куәландырған сенімхатта білдірілуі мүмкін.

      Заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға тапсырманы куәландыратын құжаттарды ұсынуға тиіс.

      Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттігі "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген адвокат куәлігімен және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламамен расталады.

      Заң консультанттары заң консультанттары палатасына мүшелігін растайтын құжатты ұсынады. Заңды өкілдер болып табылатын өкілдер өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады.

      16. Өкілдің Конституциялық заңның 42-бабының 3-тармағында көрсетілген процестік әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттігі сенімхатта немесе өкілдікке берілген өзге де құжатта арнайы көзделуге тиіс.

3-тарау. Өтініштерді алдын ала қарау және оларды конституциялық іс жүргізуге қабылдау

      17. Берілген өтініш Аппаратта тіркеледі. Өтініштерді алдын ала қарауды Аппарат өтініш тіркелген сәттен бастап 15 жұмыс күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырады. Мәселені қосымша зерделеу қажет болған жағдайда, бұл мерзімді Аппарат Басшысы ақылға қонымды мерзімге ұзарта алады.

      18. Егер өтініш Конституцияның және Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келмесе, Аппарат тиісті хабарлама жібереді және оны өтініш берген адамға қайтарады.

      Сәйкессіздіктер жойылғаннан кейін жіберілген өтінішті Аппарат белгіленген тәртіппен қайта тіркейді және қарайды.

      19. Конституциялық заңның 47-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда, өтініш осы тараудың 21-27-тармақтарында белгіленген тәртіппен қаралады.

      20. Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келетін өтініштер анықтамамен Төрағаға беріледі.

      21. Төраға жүктемені, мамандандыруды және өзге де факторларды ескере отырып, 3 жұмыс күннен аспайтын мерзімде өтінішті алдын-ала зерделеу үшін бір немесе бірнеше судьяға жібереді.

      22. Өтінішті алдын-ала зерделеу нәтижелері бойынша судья анықтама дайындайды, ол мәселені Конституциялық Сот отырысының күн тәртібіне енгізу үшін Төрағаға беріледі.

      Конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау туралы мәселені шешу үшін Конституциялық Соттың отырыстарын қажетіне қарай Төраға шақырады.

      Өтініштің, судья анықтамасының, Конституциялық Сот шешімі жобасының және өзге де материалдардың көшірмелері оның отырысына қатысатын судьяларға алдын-ала жіберіледі.

      23. Өтінішті алдын-ала зерделеуді жүргізген судья оның нәтижелерін Конституциялық Соттың отырысында баяндайды. Отырысқа қатысатын судьялар өз ұсыныстарын енгізе алады.

      24. Конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау туралы Конституциялық Соттың шешімі әрбір өтініш бойынша жеке тұжырымдалады.

      25. Конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қаулылар Конституциялық заңның 48-бабының 3-тармағында көзделген негіздер болған кезде қабылданады, жеке құжат түрінде жазылады және дәлелді болуға тиіс.

      26. Конституциялық Сот қабылдаған шешім туралы конституциялық іс жүргізуге қатысушылар бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.

      27. Отырыста Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3, 4 және 5-тармақтарында көрсетілген субъектілердің өтініштерін конституциялық іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені қарауды Төрағаның, оның орынбасарының не Төраға тапсырмасы бойынша судьялардың бірінің төрағалығымен Конституциялық Соттың үш судьясы жүзеге асыра алады. Судьялар құрамдарын Төраға айқындайды.

4-тарау. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының отырысында конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтінішті қарау үшін материалдар дайындау

      28. Конституциялық іс жүргізуге өтініш қабылданғаннан кейін істерді қарау кезектілігін, олардың күрделілігін, жеделдігін, судьялардың жүктемесін және мамандануын ескере отырып, Төрағаның өкімімен Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындауды жүзеге асыратын судья- баяндамашы (судья-баяндамашылар) айқындалады.

      29. Конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініш бойынша судья-баяндамашы Төраға белгілеген мерзімдерде және Конституциялық Соттың Талдаушысымен өзара іс-қимыл жасай отырып, Конституциялық заңның 49-бабының 3-тармағында көзделген Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындау жөнінде шаралар қабылдайды.

      30. Судья-баяндамашының тексерулер, сараптамалар мен зерттеулер тағайындау туралы ұйғарымында тиісті мекемелер, сарапшылар (мамандар) көрсетіледі, мәселелер тұжырымдалады және сараптамалық және өзге де қорытындыны ұсыну мерзімі айқындалады. Ұйғарыммен бірге сарапшыларға (мамандарға) тексерулер, сараптамалар мен зерттеулер жүргізу үшін барлық қажетті құжаттар тапсырылады. Сарапшының (маманның) қорытындысы және тексеру актілері жеке құжат түрінде жазылады және оларға тиісті тұлғалар қол қояды.

      31. Материалдарды қарауға дайындау барысында конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, өтінішті қарау кезінде тартылатын адамдар мен органдар, олардың өкілдері Конституциялық заңның 42-бабының 2, 3, 4, 6 және 8-тармақтарында көзделген өз құқықтарын іске асыру мәселелері бойынша судья-баяндамашыға жүгінеді.

      32. Конституциялық Соттың алдына қойылған мәселелерге маманданған құқық қорғау, ғылыми және өзге де ұйымдар мен азаматтар өздерінің қорытындыларын (пікірлерін) Конституциялық Сотқа жібере алады. Мәселені заңдық талдауға негізделген, өтінішті мүдделі және тиісті түрде қарауға ықпал ететін қорытындылар іс жүргізу материалдарына қоса тіркеліп, Конституциялық Соттың интернет-ресурсында жариялануы мүмкін.

      33. Дайындық жұмысы аяқталғаннан кейін судья-баяндамашы оның нәтижелерін Төрағаға баяндайды, ол өзінің өкімімен өтініште қойылған мәселелерді мәні бойынша қарау жөніндегі Конституциялық Сот отырысының күнін айқындайды.

      Өтініш материалдары белгіленген мерзімде отырысқа қатысатын судьяларға таратылады.

      34. Келіп түскен өтініштің ерекше маңыздылығы мен шұғыл болуына байланысты Конституциялық Сот оны жеделдетілген тәртіппен қарау туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда Конституциялық Соттың отырысына материалдарды дайындауды судья-баяндамашы Төраға айқындайтын мерзімдерде жүзеге асырады.

5-тарау. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының отырысында конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтінішті қарау

      35. Конституциялық Соттың өтініштерді мәні бойынша қарауы оның отырысында жүргізіледі.

      36. Конституциялық заңның 25-бабы 2-тармағының талабын ескере отырып өткізілетін Конституциялық Соттың отырыстары Төрағаның төрағалығымен, ал ол болмаған жағдайда - Төрағаның орынбасарының не Төраға тағайындаған судьялардың бірінің төрағалығымен өтеді.

      37. Конституциялық Соттың судьясы бас тартатынын білдірген жағдайда оған нақтылайтын сұрақтар қойылуы мүмкін. Бас тарту оны мәлімдеген адамның қатысуынсыз қаралады. Бас тарту қанағаттандырылған жағдайда өтінішті қарау қажетті кворум болған кезде жалғастырылуы мүмкін. Төрағаның бас тартуы қанағаттандырылған кезде отырыста Төрағаның орынбасары төрағалық етеді. Егер төрағалық етуші судьяның бас тартуы қанағаттандырылса, онда Төраға отырыста төрағалық етушіні айқындайды.

      38. Отырысты өткізу үшін белгіленген уақытта отырыс залына судьялар кіріп өз орындарын алады.

      39. Төрағалық етуші Конституциялық заңның 51-бабының 2-тармағында көзделген әрекеттерді жасай отырып, отырыс барысына басшылық жасайды.

      Төрағалық етуші мәселені мәні бойынша қарау басталғанға дейін конституциялық іс жүргізуге қатысушылардан олардың өтінішхаттарының бар жоғы туралы сұрастырады. Мұндай өтінішхаттар жазбаша түрде келіп түскен жағдайда олар Конституциялық Соттың отырысында жария етіледі және қаралатын істің материалдарына қоса тіркеледі, ауызша өтінішхаттар отырыстың хаттамасына енгізіледі.

      40. Жиналған материалдарды, өтініштің ерекшеліктерін, судья- баяндамашы және басқа судьялардың ұсыныстарын, келіп түскен өтінішхаттарды талдауды ескере отырып, қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылар мен басқа да тартылған адамдардың түсіндірмелері мен сөз сөйлеулері тыңдалуы мүмкін. Сөз сөйлегеннен кейін оларға нақтылайтын сұрақтар қойылуы мүмкін.

      41. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың мүдделерін лауазымы бойынша білдіретін адамдар, сондай-ақ Конституциялық Сотта сенімхат немесе олардың өкілеттіктерін куәландыратын өзге де құжат бойынша сөз сөйлейтін өкілдер, егер мұндай құқық оларда айтылса, Конституциялық Соттың отырысы барысында мәселені қарау нәтижелеріне қарай қаралатын мәселе бойынша өз ұстанымын түзетуге құқылы.

      42. Отырысқа қатысушылардың сөз сөйлеулері аяқталғаннан кейін өтінішхат келіп түскен кезде конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың қорытынды сөз сөйлеулері тыңдалады. Конституциялық Сот оларға қорытынды сөз сөйлеуге дайындалуға уақыт бере алады.

      43. Егер мәселе жеткілікті түрде нақтыланған болса, төрағалық етуші құрамның кеңесу бөлмесіне кетуі және қорытынды шешім әзірлеу үшін судьялар кеңесінің ашылуы туралы хабарлайды. Егер кеңесу бөлмесінде Конституциялық Сот өтінішті дұрыс шешу үшін маңызды жаңа мән-жайларды анықтауды немесе жаңа құжаттар мен материалдарды зерттеуді қажет деп тапса, ол отырыста материалдарды қарауды қайта бастауы мүмкін.

      44. Төрағаның шешімі бойынша отырыста азаматтардың өтініштерін қарауды Конституциялық Сот бес судья санында қалыптастыратын судьялар құрамы жүзеге асыруы мүмкін. Судьялар құрамдарына кіретін судьялар және олардың төрағалық етушілері Конституциялық Соттың отырысында бекітіледі. Өтінішті, әдетте, судья-баяндамашы енген судьялар құрамы қарайды.

      45. Конституциялық Сот өтінішті конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды және өзге де адамдарды шақырмай және тыңдаулар өткізбей қарауға құқылы.

      46. Конституциялық Соттың отырысы барысында Конституциялық заңның 52-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда үзіліс болуы мүмкін, ол туралы қаулы шығарылады. Бұл ретте Конституциялық Сот келген адамдардың түсіндірмелерін тыңдауға құқылы. Қатысушылар отырыстың қайта басталу уақыты туралы алдын-ала хабардар етіледі.

6-тарау. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдері

      47. Конституциялық Сот Конституциялық заңның 25-бабының 3-тармағында және 58-бабында белгіленген тәртіппен шешімдерді алқалы түрде қабылдайды.

      48. Конституциялық Сот нормативтік қаулысының және қорытындысының мазмұны Конституциялық заңның 57-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Оларды ресімдеу кезінде "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында құжаттау және құжаттаманы басқару қағидаларының талаптары ескерілуі мүмкін.

      49. Конституциялық Соттың шешімі бойынша Конституциялық Соттың нормативтік қаулысын, қорытындысын не олардың қарар бөлігін төрағалық етуші судьялардың, ал қажет болған жағдайда, отырысқа қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуымен жария етеді.

      50. Қорытынды шешіммен келіспеген судья бес жұмыс күні ішінде өз пікірін жазбаша түрде баяндап, конституциялық іс жүргізу материалдарына қоса тіркеу үшін төрағалық етушіге ұсынуға құқылы.

      51. Өтініштері бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған азаматтарға Конституциялық Сот қабылдаған шешім және оны жариялау көзі туралы хабарланады. Тиісті өтінішхат болған кезде оларға Конституциялық Сот шешімінің расталған көшірмесі берілуі мүмкін.

      52. Барлық өтінішхаттар және өзге де рәсімдік мәселелер бойынша Конституциялық Сот шешімдер қабылдайды, олар қаулы нысанында ресімделеді немесе отырыстың хаттамасына енгізіледі.

      53. Аппарат Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерінің орындалуы туралы жылдық ақпараттық есепті дайындайды, сондай-ақ Конституциялық Соттың шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      54. Конституциялық Соттың жыл сайынғы жолдауының жобасын судьялар, Аппаратты қатыстыра отырып, дайындайды.

      Конституциялық Сот жолдауының жобасын дайындау үшін Төрағаның өкімімен жұмыс тобы құрылуы мүмкін.

      Жолдаудың жобасын дайындау барысында Конституциялық Сот тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті құжаттар мен өзге де ақпаратты талап етуге құқылы.

      Конституциялық Сот жолдауының мәтіні Конституциялық Соттың отырысында бекітіледі.

7-тарау. Қосымша шешім қабылдау және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімін қайта қарау

      55. Конституциялық іс жүргізу Конституциялық заңның 60 және 61-баптарында көзделген жағдайларда қозғалуы мүмкін, ол туралы қаулы шығарылады.

      56. Конституциялық Сот шешімін түсіндіру туралы өтінішхаттың нысаны мен мазмұны өтініштерді дайындаудың жалпы қағидаларымен айқындалады. Өтініште сондай-ақ Конституциялық Соттың шешімін түсіндіру туралы мәселе қоюға негіз болған мәліметтер көрсетілуге тиіс.

      57. Конституциялық Соттың қосымша шешімін қабылдау немесе Конституциялық Соттың шешімін қайта қарау бойынша конституциялық іс жүргізуді қозғау, сондай-ақ Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындау тәртібі осы Регламенттің 3-тарауының 21-27-тармақтарымен және 4-тарауымен айқындалады.

      Конституциялық Соттың отырысы осы Регламенттің 5-тарауында белгіленген тәртіппен өткізіледі.

      58. Конституциялық Соттың шешімі конституциялық іс жүргізу қозғалған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады. Бұл мерзімді қажет болған жағдайда Конституциялық Сот ұзартуы мүмкін.

      Конституциялық Соттың қабылданған шешімі қажет болған жағдайда жарияланады және тиісті мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де субъектілерге жіберіледі.

8-тарау. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ұйымдастырылуы мен қызметінің өзге де мәселелері

      59. Конституциялық Соттың кеңестерін Төраға не оның тапсырмасы бойынша Төрағаның орынбасары шақырады.

      Конституциялық Соттың кеңесі, егер оған судьялардың жалпы санының көпшілігі қатысса, заңды болады. Кеңестегі шешім оған қатысатын судьялардың көпшілік даусымен қабылданады.

      Конституциялық Сот кеңесінде қабылданған шешімдер судьялар мен Аппарат қызметкерлері үшін міндетті сипатқа ие.

      Конституциялық Соттың кеңесі хаттамалануы мүмкін. Кеңестердің хаттамаларына олар өткізілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қол қойылады.

      Кеңестерді өткізу тәртібі осы Регламенттің 1-тарауының 3 және 4-тармақтарында белгіленген отырыстарды ұйымдастыру мен өткізудің жалпы қағидаларымен айқындалады.

      60. Конституциялық Cоттың қызметіне қатысты мәселелерді алдын-ала зерделеу және шешімдердің жобаларын дайындау үшін Төрағаның өкімімен судьялар мен Аппарат қызметкерлері қатарынан комиссиялар немесе жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      61. Төраға, Төрағаның орынбасары және судьялар, сондай-ақ Аппарат қызметкерлері Қазақстан Республикасының Конституциясын және қазіргі заманғы конституционализм қағидаттарын, олардың ережелерінің қолданыстағы заңнамада іске асырылуын насихаттау, сондай-ақ Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары мен жыл сайынғы жолдауларын түсіндіру мақсатында конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, кеңестерге және басқа да іс-шараларға, оның ішінде халықаралық сипаттағы іс-шараларға, қатысады.

      62. Конституциялық Сот судьяларына қатысты іссапарға жіберу, демалыс беру, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген төлемдерді төлеуді жүзеге асыру мәселелерін Төраға шешеді.

      63. Конституциялық Сот қызметкерлерін мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалармен марапаттау қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Марапаттау туралы ұсыныстарды Төраға мен судьялар, сондай-ақ Аппарат басшысы енгізеді. Наградтау үшін кандидатуралар Конституциялық Соттың және мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалар жөніндегі комиссияның отырысында алдын ала қаралуы мүмкін.

      64. Аппарат құрылымында Конституциялық Соттың талдаушылар қызметі құрылады және жұмыс атқарады.

      Өтініштерді Конституциялық Соттың талдаушылары арасында бөлу олардың жүктемесін, мамандануын және өзге де факторларды ескере отырып жүзеге асырылады.

      Конституциялық заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес Конституциялық Соттың талдаушысы судья-баяндамашымен өзара іс-қимыл жасай отырып, Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындау жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.

      Конституциялық Сот талдаушысының баяндамасында Республиканың қолданыстағы құқығына, құқық қолдану практикасына, доктринаға, халықаралық тәжірибеге және өтініш нысанасы бойынша өзге де материалдарға жан-жақты талдау болуға тиіс.

      Конституциялық Соттың талдаушылары өтініштерді алдын-ала қарауға және зерделеуге, конституциялық іс жүргізуді қозғауға байланысты мәселелерді талдауға және Аппарат алдында тұрған өзге де міндеттерді шешуге тартылуы мүмкін.

      65. Конституциялық Соттың хабарламалары, шақырулары мен хабарлаулары қолға берілуі, қолма-қол табыс етілуі, құжат айналымы жүйелері, пошта, электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша, сондай-ақ оларды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберілуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады