2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 102-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 23 мамырдағы № 16-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 102-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі В.Д. Щебентовскийдің және оның өкілі – адвокат А.Т. Темірғалының,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Д.Ә. Тайжановтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі С.Ж. Сейтжановтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында В.Д. Щебентовскийдің өтініші бойынша 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 102-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусиннің хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына В.Д. Щебентовскийдің ӘРПК-нің 102-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағына, 14-бабына, 76-бабының 2-тармағына және 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкестігін қарау туралы өтініші келіп түсті.

      Өтініштен сотталған В.Д. Щебентовскийдің Астана қаласының № 2 Есіл аудандық сотының 2018 жылғы 2 ақпандағы үкімімен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің АП-162/3 мекемесінде (бұдан әрі – Мекеме) жазасын өтеу кезеңінде жазаны өтеудің жеңілдікті жағдайларына ауыстырылуына байланысты 2022 жылғы 2 маусымда Мекеме әкімшілігіне жұмысқа орналасу мақсатында күзетілетін периметрден тыс жерде еркін жүріп-тұру құқығын беру туралы өтінішпен жүгінгенін түсінуге болады. Мекеме әкімшілігі оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

      В.Д. Щебентовский Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (бұдан әрі – МАӘС) Мекемеге және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының № 6679 әскери бөліміне (бұдан әрі – ӘБ) өзінің өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға дау айту және қолайлы әкімшілік акт қабылдауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен жүгінді.

      МАӘС-тің 2022 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымымен Мекемеге және ӘБ-ге әкімшілік талап қою ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы (іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды) негізінде талапкерге қайтарылды. Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қыркүйектегі ұйғарымымен – МАӘС ұйғарымы өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

      Сонымен қатар, В.Д. Щебентовский МАӘС-те ӘБ командиріне мемлекеттік органның әрекетсіздігін заңсыз деп тану және талапкердің пайдасына әрекеттер жасауға мәжбүрлеу туралы талап қойды.

      МАӘС-тің 2022 жылғы 12 қыркүйектегі ұйғарымымен ӘБ командиріне әкімшілік талап қою ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы (іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды) негізінде талапкерге қайтарылды. Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 қазандағы ұйғарымымен – МАӘС ұйғарымы өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

      ӘРПК-нің 138-бабының үшінші бөлігіне сәйкес осы баптың екінші бөлігінің 11) тармақшасы бойынша талап қоюды қайтару сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.

      Сот В.Д. Щебентовскийге 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 482-бабы тәртібімен аудандық сотқа шағыммен жүгінуді ұсынды.

      Өтініш авторының пікірінше, өзі, Мекеме әкімшілігі мен ӘБ арасында туындаған құқықтық қатынастар жария-құқықтық сипатқа ие және соттардың талап қоюларды құқыққа сыйымсыз қайтаруы азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтарын бұзады, өйткені ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігі, сол сияқты Қазақстан Республикасының басқа да заңдары "жария-құқықтық қатынастар" ұғымының мағынасын ашпайды және бұл көрсетілген норманы өз еркінше түсіндіруге алып келеді.

      Өтініш нысанасына қатысты ӘРПК-нің дау айтылып отырған нормасының конституциялылығы мәселесін қараған кезде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы).

      Негізгі Заңда адамның және азаматтың басқа да құқықтарының қатарында 13-баптың 2-тармағында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы бекітіледі. Осы құқықтың абсолюттілігі мен ажырамастығын баса көрсете отырып, Конституцияның 39-бабының 3-тармағында бұл ешбір жағдайда шектеуге жатпайтын құқықтарға жатқызылады.

      Конституция әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын жариялай отырып, мұнымен қатар осы құқықты іске асыру үшін әркімге тең кепілдіктер мен тең мүмкіндіктер белгілейді.

      Конституциялық Кеңес 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 нормативтік қаулысында "Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең" деген Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1-тармағы адамдардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғауын және әркімнің заң алдында жауапкершілігі бірдей екендігін белгілейді" деп көрсетті.

      Конституцияда барлық заңнама үшін негіз болып табылатын құқықтық нормалар бекітілген. Конституцияның құқықтық нормалары конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін барлық нормативтік құқықтық актілерді қалыптастыру және дамыту үшін негіз болып табылады. Осыған байланысты Конституция бұл мәселелерді егжей-тегжейлі реттеуді заңдар деңгейінде қалдырып, сот арқылы қорғалу тәртібін айқындамайды.

      Бұған Конституциялық Кеңес 1999 жылғы 5 мамырдағы № 8/2 нормативтік қаулысында да назар аударып, "13-баптың 2-тармағында адамның, азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығын белгілей отырып, Республика Конституциясы бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін әркімнің сотқа жүгіну мүмкіндігін көздейді. Бұл ретте Конституция осы конституциялық құқықты іске асыру тәртібін айқындамайды. Конституцияның 75-бабынан және 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасынан бұл тетік сот жүйесін ұйымдық-құқықтық құру және сот төрелігін іске асыру мәселелерін регламенттейтін Республика заңдарында белгіленетіні келіп шығады" деп көрсетті.

      2. Негізгі Заңның 75-бабының 2-тармағына сәйкес сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады.

      Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне, сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы.

      Парламент белгіленген тәртіппен қабылдаған заңнамалық актілерге сәйкес Қазақстан Республикасында қылмыстық (ҚПК), азаматтық (Азаматтық процестік кодекс), әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс) және әкімшілік (ӘРПК) сот ісін жүргізу қолданылады.

      Көрсетілген нормативтік құқықтық актілер мамандануына және деңгейіне қарамастан соттар үшін де, жынысына, нәсіліне, ұлтына, әлеуметтік, мүліктік жағдайына және басқа да белгілеріне қарамастан азаматтар үшін де бірыңғай сот ісін жүргізу қағидаларын белгілейді, олардың нысандарының әрқайсысына тән өзіндік ерекшелік болады. Процестік нормаларды осылай саралау қажеттігі құқықтық реттеу саласына және заң шығарушы қандай да бір сот ісін жүргізу түріне қойған міндеттерге байланысты.

      Конституциялық Кеңес 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысында "іс жүргізу заңымен әртүрлі санаттағы істердің соттылығын анықтағанда өзіндік ерекшелігі, күрделілігі, істің қоғамдық мәні, оларды тез және тиімді шешуді қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріледі" деп түсіндірді.

      3. ӘРПК, заң шығарушы 3-бапта айқындағандай, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

      ӘРПК-де әкімшілік рәсімдегі құқық қабілеттілік және әрекет қабілеттілігі, оған қатысушылар, олардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерінің ережелері мен сатылары, әкімшілік органдардың әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасау тәртібі белгіленеді.

      ӘРПК-нің жеке бөлімінде "адам – мемлекет" құқықтық қатынастарының өзіндік ерекшелігі ескеріле отырып, сот талқылауының тәртібі, оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік талап қоюлардың жекелеген түрлерін қарау ерекшеліктері, сот актілерін қайта қарау шарттары мен тәртібі, сондай-ақ сот бақылау шаралары белгіленген әкімшілік сот ісін жүргізу реттеледі.

      ӘРПК-нің 4-бабында заңнамалық акт мәтінінде пайдаланылатын ұғымдардың анықтамасы берілген. Өтініш беруші дау айтып отырған ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігі жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жататынын айқындайды.

      ӘРПК-де "жария-құқықтық қатынастар" ұғымы анықтамасының болмауы заңнамалық актінің олқылығы немесе кемшілігі болып табылмайды, бұл жария құқық табиғатына байланысты болады. Жария құқық құқықтың дербес саласы болып табылмайды, мемлекеттік және мемлекеттік емес институттар мен мекемелердің жария мүддені іске асыруды, мемлекет тетігінің жұмысын және қоғам мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі билік-басқару функцияларын реттейтін құқық салалары қалыптастыратын оқшауланған кіші жүйені білдіреді.

      Жария құқық функционалдық ортақтығы мен ерекшеліктері реттеу нысанасы мен әдістеріне, сондай-ақ құқық көздерінің (нысандарының) құрамына байланысты болатын бірнеше құқық саласының (конституциялық (мемлекеттік) құқық, әкімшілік құқық, қылмыстық құқық, салық құқығы және басқалар) компоненттерін қамтиды.

      Осыған байланысты құқықтың жекелеген салаларында "жария-құқықтық қатынастар" ұғымының мағынасы реттелетін қоғамдық қатынас түрлеріне қарай әртүрлі түсіндіруге жол берілуі мүмкін және тиісінше бейінді заңдардың нормаларында түрліше білдірілуі мүмкін, бұл оған ортақ анықтаманы тұжырымдауға мүмкіндік бермейді. Өз кезегінде, нормалардағы мұндай айырмашылық оларды өз бетінше интерпретациялауға алып келуі мүмкін, бұл Республика Конституциясының және Конституциялық Соттың заңдарды қабылдау кезінде құқықтық айқындықты қамтамасыз ету жөніндегі талаптарына қайшы келеді (2023 жылғы 8 сәуірдегі № 7, 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар).

      4. Бұрынырақ Конституциялық Кеңес 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысында атап өткендей, адамның өз ісін соттылығына заңмен жатқызылған сотта қаралу құқығын тану, сот арқылы қорғалу және сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізу құқығы кепілдіктерінің бірі, әркімнің заң мен сот алдында тең екендігінің бір көрінісі болып табылады. Бұл кепілдік Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (XXI) қарарымен қабылданып, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабының 1-тармағында да қамтылады.

      Өтініш субъектісінің ол берген талап қоюы бойынша соттылықты әкімшілік сот ісін жүргізуден қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібіне өз бетінше, оның келісімінсіз өзгертуден, соттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексі (бұдан әрі – ҚАК) нормаларының орнына ҚПК нормаларын құқыққы сыйымсыз қолдануынан сот арқылы қорғалу құқығының бұзылуы туралы дәлелін қарап шығып, көрсетілген кодекстерде қамтылған құқық нормаларын салыстыра отырып, Конституциялық Сот келесіге келеді.

      ҚАК-тің 1-бабына сәйкес Қазақстанның қылмыстық-атқару заңнамасы Қылмыстық-атқару кодексінің өзінен, заңды күшіне енген сот үкімімен тағайындалған жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейтін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      Сонымен қатар, үкімді орындау сот тағайындаған жазаны өтеуді ғана емес, сонымен қатар жазаның түрі мен режимін ауыстыруға, жазаны кейінге қалдыруға немесе жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауға, ұзартуға, өзгертуге немесе қолдануды тоқтатуға, рақымшылық туралы заңның немесе актінің кері күшін қолдануға қатысты мәселелерді және сот тәртібімен шешілетін басқа мәселелерді қамтиды.

      Үкімді орындау сатысының процестік ерекшеліктері болады. Бұл негізінен сот отырыстарын өткізу арқылы жүзеге асырылады, онда сотталған адамның одан әрі тағдырын айқындайтын, үкімді іске асыруға тікелей қатысты мәселелер қаралады және шешіледі. Соттың үкімді орындау сатысындағы қызметі, сол сияқты басқа да сатылардағы қызметі қылмыстық процестің бірыңғай қағидаттарына негізделген және қылмыстық сот ісін жүргізудің жалпы міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған. Мұндай қызмет ҚАК-пен реттелмейді, ол процестік заң болып табылмаса да, оның Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да және өзге адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу сияқты мақсаттарына негізделген салалық мамандандырылған бағыты бар.

      Санамаланған ерекшеліктер заң шығарушының үкім орындау туралы, оның ішінде сотталғандардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің лауазымды адамдарының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасауы туралы нормаларды қылмыстық сот ісін жүргізудің дербес сатысын реттейтін қылмыстық-процестік заңнаманың бөлігіне жатқызуын негіздейді (ҚПК-нің 9-бөлімі, 51-тарауы).

      Осы жазылғандарды негізге ала отырып, Конституциялық Сот заң шығарушы ӘРПК-ні қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасымен регламенттелген рәсімдерді ӘРПК реттейтін әкімшілік рәсімдер қатарынан негізді түрде алып тастады деп пайымдайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 102-бабының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады