2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бірінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 27 қазандағы № 34-НҚ нормативтік қаулысы.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі С.-тің өкілі – адвокат Т.С. Айтбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Ш.Ж. Манкешовтің,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары С.А. Түсіповтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Р.Т. Байтеленовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Г.А. Аукашеваның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – директордың орынбасары Ә.Ғ. Қазбаеваның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында С.-тің 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚбК) 608-бабы бірінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы С.Ф. Ударцевті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығын зерделей отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ӘҚбК-нің 608-бабы бірінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 14-бабының 1-тармағына, 24-бабының 1-тармағына, 39-бабының 1-тармғына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен өтініш берушінің Астана қаласында көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғанын түсінуге болады. Сот отырысында өтініш субъектісі өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінген.

      Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен өтініш беруші ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

      Өтініш авторы ӘҚбК-нің 608-бабы бірінші бөлігінің: "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді" деген санкциясы альтернативсіз деп атап өтеді.

      Өтініш беруші осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін көлік құралын басқару құқығы жоқ азамат көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған жағдайда жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жазаға тартылып (ӘҚбК-нің 608-бабының алтыншы бөлігі), кейіннен оның жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндігі болады деп көрсетеді. Өтініш авторы мұны заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең дегеннің бұзылуы, яғни бірдей әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған азаматтар әртүрлі әкімшілік жазаларға тартылады деп ойлайды.

      Өтініш авторы ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігінде көзделген жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаның негізсіз ұзақ мерзімі көлік құралын басқару құқығының болуын көздейтін қызмет пен кәсіп түрлері бар болғандықтан, өтініш берушінің қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығын бұзады деп те санайды.

      Сот отырысы барысында өтініш берушінің өкілі ӘҚбК-нің 608-бабы бірінші бөлігінің осы баптың алтыншы бөлігімен байланысын ескере отырып, оның Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен Конституциялық Сотқа жүгінуді растады және қорытынды сөзінде ӘҚбК-нің 608-бабының барлық бөліктерінің, сондай-ақ 610, 611 және 612-баптарының конституциялылығын тексеру туралы өтінімді қосып, талаптарын кеңейтті.

      Конституциялық Сот өтініш берген адам өкілінің талаптар ауқымын ұлғайту туралы қосымша өтінішхатын қарап, ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігін қоспағанда, өзге бөліктері, сондай-ақ 610, 611 және 612-баптары өтініш субъектісінің мүдделерін тікелей қозғамайтынын, басқа құқық бұзушылықтарды жасайтын өзге субъектілерге қатысты екенін атап өтеді.

      ӘҚбК-нің 610, 611 және 612-баптарында өтініш берген адамға қатысы бар – жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы деген белгі қамтылмайды.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңның (бұдан әрі – Конституциялық заң) 45-бабының 1-тармағына сәйкес Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды.

      Егер өтініш "осы Конституциялық заңда белгіленген өтініш нысаны мен мазмұнына, оларға жол берілу шарттарына сәйкес келмесе немесе тиісті субъектіден туындамаса", оны қабылдаудан бас тартылады (Конституциялық заңның 48-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы).

      Осыған байланысты, Конституциялық Сот өтініш субъектісі өкілінің қосымша талаптарын конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартады, өйткені оларда көрсетілген ережелер өтініш субъектісінің құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғамайды.

      ӘҚбК-нің 608-бабы бірінші бөлігінің осы баптың алтыншы бөлігімен байланысын ескере отырып, оның конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағында мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деп жазылған. Ешкім басқа адамдардың өміріне, оның ішінде жоғары қауіптілік көзі ретіндегі көлік құралын басқара отырып қауіп төндіруге құқылы емес.

      Конституцияда елде заңды негіздерде жүрген әрбір адамның, заңда айтылған жағдайлардан басқа кезде, Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұру құқығы бекітіледі (Конституцияның 21-бабының 1-тармағы). Жеке және қоғамдық көлік – адамның осы құқығын іске асырудың маңызды құралы. Конституцияға сәйкес адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (12-баптың 5-тармағы), заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең (14-баптың 1-тармағы). Бұл ретте адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін (39-баптың 1-тармағы), ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең туралы конституциялық норма ешбір жағдайда да шектеуге жатпайды (39-баптың 3-тармағы). Конституцияның осы ережелері қоғамдық тәртіпті, оның ішінде жол жүрісі саласында, адамның өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын сақтау үшін маңызды.

      Әркімнің өмір сүру туралы конституциялық құқығы да (15-баптың 1-тармағы) қандай да бір шектеуге жатпайды. Конституцияның 29-бабының 1-тармағында: "Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар" деп белгіленген. Көлік құралын реакция жылдамдығына, назар аударуға, жол жүрісін үйлестіруге әсер ететін алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқара отырып, адам басқа адамдардың (жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және басқалардың) өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

      Конституцияның 34-бабының 1-тармағында әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті деп бекітілген. Көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаратын адам азаматтардың конституциялық құқықтарын және қоғамдық тәртіпті ықтимал бұзушы болып табылады, аталған конституциялық міндеттерді сақтамайды, бұл ретте өз өмірі мен денсаулығына да қауіп төндіреді.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2 нормативтік қаулысында Конституцияның 14-бабы 1-тармағының "адамдардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғауын және әркімнің заң алдында жауапкершілігі бірдей екендігін белгілейді. Заң алдында тең болу адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақтылы шарттар мен жағдаяттардың нақ осы заңдарда анықталатынын білдіретіндігіне" назар аударылды.

      2. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (бұдан әрі – Декларация): "Әр адамның, адам баласының еркін және толық кемелденуіне мүмкіншілік беретін қоғам алдында міндеттері бар" (29-баптың 1-тармағы) деп белгіленеді. Мұнда "өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кезінде әр адам басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану мен құрметтеуді қамтамасыз ету және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен жалпы игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсатында тек қана заңда белгіленген шектеулерге ғана ұшырауға тиіс" (29-баптың 2-тармағы) деп те атап өтіледі.

      2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, атап айтқанда: әрбір адамның ажырамас құқығы ретінде өмір сүру құқығы (6-баптың 1-тармағы), сот алдында жұрттың бәрiнің тең болуы (14-баптың 1-тармағы), әрбір баланың қоғам және мемлекет тарапынан, өзiнiң жас шамасы талап ететiн тиiстi қорғау шараларын иелену құқығы (24-баптың 1-тармағы) бекітілген.

      1968 жылғы 8 қарашада қабылданған және 2009 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол жүрісі туралы конвенциясының (бұдан әрі – Конвенция) 1-бабының v) тармақшасында "жүргізуші" ("мал айдаушы") терминінің: "көлік құралын, автомобильді және т.б. (велосипедтерді қоса алғанда) басқаратын немесе жол бойында мал, табын, жегілген, теңдеп жүк артылған немесе салт мінетін жануарларды айдайтын кез келген адам" деген кең анықтамасы қамтылады. Осыны ескере отырып, "жүргізуші" ұғымына "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заң) 1-бабының 25) тармақшасында да анықтама берілген.

      Конвенцияда жүргізушінің денсаулығына, оның физикалық және психикалық қасиеттеріне, көлік құралын дұрыс басқару, осы басқаруды бақылау, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға әсер ететін физикалық және ақыл-ой жай-күйіне назар аударылады. Конвенцияның осы талаптарын орындау жүргізуші алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болған кезде қиын болады.

      Конвенцияның 8-бабының 3-тармағында: "Жүргізуші қажетті дене және психикалық қасиеттерге ие болуға тиіс және оның денесі мен ақыл-ойының жай-күйі оған көлік құралын басқаруға мүмкіндік беруге тиіс" деп айтылады, ал осы баптың 5-тармағында жүргізуші "әрқашан өзінің көлік құралын басқаруға қабілетті жағдайда болуға тиіс" деп атап өтіледі. Конвенцияда: "Көлік құралының жүргізушісі кез келген жағдайда да қажетті сақтықты сақтау және өзі орындауға тиіс кез келген маневрді жүзеге асыруға әрқашан қабілетті болу үшін өзінің көлік құралына бақылауды сақтауға тиіс" (13-баптың 1-тармағы) деген талап та белгіленген. Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болу жүргізушінің қиын жағдайларда қажетті әрекеттерді жүзеге асыру қабілетіне айтарлықтай әсер етіп, адамдардың өміріне, денсаулығына және жол жүрісі қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.

      Конвенцияның 42-бабының 3-тармағына сәйкес "осы Конвенцияның бірде-бір ережесі ұлттық немесе халықаралық жүргізуші куәлігі бар жүргізушіге, егер оның жай-күйі қозғалыс үшін қауіп төндірмей көлік құралын жүргізе алмайтыны көрініп тұрса және дәлелденсе немесе егер оның әдеттегі тұрғылықты жері бар мемлекетте ол жүргізу құқығынан айырылған болса, Уағдаласушы Тараптарға немесе олардың аумақтық бөлімшелеріне оның автомобиль басқаруына тыйым салуға кедергі ретінде түсіндірілмеуге тиіс".

      Халықаралық құқықтық құжаттарда жүргізушіні көлік құралдарын басқару құқығынан айыру ықтималдығы да көзделген. Шет елдерде масаң күйдегі әртүрлі бұзушылықтары үшін жүргізуші әр елдің заңнамасының ерекшеліктері және жасалған құқық бұзушылықтың зардаптары ескеріле отырып (кейбір елдерде көлік құралы тәркілене отырып), әртүрлі мерзімдерге (оның ішінде өмір бойына дейінгі өте ұзақ мерзімге) көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

      3. Қазақстан Республикасында заңнама және оны іске асыру практикасы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін адамның және азаматтың өмірі мен денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде қосымша тәуекелдер туғызатын жағдайларда да қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық тәртіпті қорғайды және қолдайды.

      2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңда Қазақстан Республикасында жол жүрісі жұмыс істеуінің және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен жалпы шарттары белгіленеді. Аталған Заңда жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат "жол жүрісіне қатысушыларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға бағытталған" деп айқындалады (6-баптың 1-тармағы). Осы саясаттың негізгі бағыттарының арасында, атап айтқанда, жол жүрісі қауіпсіздігі мен қолжетімділігін, оған қатысушыларға қолайлылық пен сервисті, орнықты көлік жүйесін қамтамасыз ету, жол жүрісіндегі тәуекелдерді азайту көрсетілген (6-баптың 2-тармағының 1) – 3) тармақшалары).

      2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңның 3-бабында жол жүрісінің негізгі қағидаттары бөліп көрсетілген: "1) жол жүрісіне қатысушылардың өмірі мен денсаулығының шаруашылық қызметтің экономикалық нәтижелерінен басымдығы; 2) жол жүрісі қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі үшін мемлекет жауаптылығының жол жүрісіне қатысушылардың жауаптылығынан басымдығы; 3) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде жол жүрісіне қатысушылар, қоғам мен мемлекет мүдделерінің сақталуы; 4) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жүйелі көзқарас". Осы қағидаттарға сәйкес жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруының қоғамға жоғары қауіптілігі, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының ықтимал зардаптары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасында әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық белгіленген.

      2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңның 73-бабының 2-тармағында көлік құралын басқару құқығы осы Заңның 74-бабында санамаланған шарттар сақталған кезде емтихан тапсырған адамдарға беріледі деп көзделген, 73-бабының 5-тармағында көлік құралын басқару құқығы – жүргізуші куәлігімен, заңнамада көзделген жағдайларда көлік құралын басқару құқығына арналған уақытша рұқсатпен расталады деп белгіленген. 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңмен көлік құралын басқару құқығын растайтын құжаттарды алу рәсімі реттеледі, емтихан тапсыруға қандай адамдардың жіберілетіні белгіленеді (74-баптың 3-тармағы) және көлік құралын басқару құқығынан айыру және осындай құқықты шектеу жағдайлары көзделеді (75-баптың 3-тармағы).

      4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректері бойынша 2014 жыл мен 2023 жылғы қыркүйекті қоса алғандағы аралық кезеңде Қазақстанда 158 мың жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі – ЖКО) салдарынан 22 мыңнан астам адам қаза тауып, 205 мыңнан астамы түрлі мертігу, жарақат алған. Масаң күйдегі жүргізушілердің қатысуымен 6400-ден астам ЖКО орын алып, 1426 адам қаза тапты, 8607 адам түрлі мертігу, жарақат алған.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заң) көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық күшейтілді. Көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарған жүргізуші он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға жазаланады (ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігі). Әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде бұзушылық қайталанған жағдайда, сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, жиырма тәулікке дейін қамаққа алу ұлғайтылады (ӘҚбК-нің 608-бабының 3-1-бөлігі).

      ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді (ӘҚбК 608-бабының үшінші бөлігі). Әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде осындай әрекеттерді қайталап жасау жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді (ӘҚБК-нің 608-бабының 3-2-бөлігі).

      Әкімшілік және қылмыстық жауаптылықты күшейту жөніндегі қабылданған шаралар жол жүрісі қатысушыларына оң профилактикалық ықпал етті.

      Көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту кезінде ӘҚбК-нің 608-бабының алтыншы бөлігі өзгеріссіз қалды, бұл бөлікте осы баптың бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер қосымша ықпал ету шаралары қолданылмастан жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алып келеді деп белгіленеді. Алайда, көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаратын осы адамдар да көптеген құқық бұзушылықтар жасайды, оның ішінде қайталап жасап жатады, солардың салдарынан адамдар жарақат алады, қайтыс болады. Осы құқық бұзушылықты қайталап жасау өзге профилактикалық шара қолданылмастан отыз тәулікке қамаққа алуға алып келеді (ӘҚбК-нің 608-бабының жетінші бөлігі).

      ӘҚбК-нің 608-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген субъектілерге қатысты көлік құралын басқару құқығынан айыру осы адамдардың осындай құқығын растайтын жүргізуші куәлігінің болмауына байланысты қолданылмайды.

      Осылайша, қазіргі уақытта ӘҚбК-нің 608-бабының алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған адам емтиханды артынша тапсырып, жүргізуші куәлігін алуға құқылы, бұл әкімшілік құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсаттарына сәйкес келмейді. Бас прокуратураның деректері бойынша ӘҚбК-нің 608-бабының алтыншы бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдар әкімшілік қамаққа алу мерзімі өткеннен кейін жүргізуші куәлігін кедергісіз алып, ұқсас құқық бұзушылықтарды жиі қайта жасап жатады.

      Адамдардың көлік құралын масаң күйде басқаруымен байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарды алдын алуды жүйелі түрде реттеу үшін Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасында арнайы құқықты – көлік құралын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыру құқығын белгілі бір мерзімге шектеу сияқты шараны көздеу қажет. Бұл ӘҚбК-нің 608-бабының алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген құқық бұзушылықтарды алдын алуға ықпал етер еді.

      5. Конституциялық Сот Конвенция, 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заң және ӘҚбК нормаларының техникалық-заңдық ерекшеліктерін атап өтеді. 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңда "көлік құралын басқару құқығы" туралы (1, 75-баптар және басқалар) және "тиісті санаттағы көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат" ретінде жүргізуші куәлігі туралы нормалар қамтылады. "Жүргізуші куәлігі иесінің жеке басын куәландыратын құжаты болған кезде, алып қойылған немесе жоғалған құжаттың орнына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімге берілетін құжат" та жүргізуші куәлігі деп есептеледі (1-баптың 26) тармақшасы).

      Көлік құралдарының азаматтардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіптілігі, сондай-ақ жүргізушілердің физикалық және психикалық денсаулығы назарға алына отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын басқару құқығы адамның осы құқықты растайтын жүргізуші куәлігінің болуымен тығыз байланысты. Сондықтан ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігіне сәйкес белгілі бір мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жүргізуші куәлігін алып қоюға сөзсіз алып келеді және белгіленген уақыт аралығында көлік құралын басқару құқығын алуға емтихан тапсыру мүмкіндігіне жол бермейді.

      ӘҚбК нормаларында жүргізушілердің әртүрлі санаттары және көлік құралдарын басқаратын адамдардың жауаптылық дәрежесі сараланады. Конвенцияда және 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңда пайдаланылатын "жүргізуші" жалпы ұғымынан басқа, ӘҚбК-ге бірқатар жеке ұғымдар да енгізіледі: алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізуші; көлік құралын басқару берілген, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адам (608-баптың бірінші бөлігі); көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адам (608-баптың алтыншы бөлігі); осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адам (608-баптың сегізінші бөлігі); көлiк құралын басқару құқығы жоқ не басқару құқығынан айырылған адам (610-баптың үшінші бөлігі, 611-баптың үшінші бөлігі); жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған жүргізуші (611-баптың екінші бөлігі); зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам (611-баптың үшінші бөлігінің ескертпесі); өзімен бірге басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі жоқ жүргізуші (612-баптың бірінші бөлігі); көлiк құралын басқару құқығы жоқ адам (жүргiзіп-үйренуден басқа); тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушi (612-баптың екінші бөлігі); көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушi (612-баптың үшінші бөлігі).

      ӘҚбК-де көлік құралдарын басқаратын адамдарды нақтылау осындай адамдардың құқықтық мәртебесін, жүргізушілерді даярлауды, қандай да бір қызметтің қоғамға қауіптілік деңгейін, көлік құралының түрін ескере отырып, жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін олардың жауаптылық дәрежесін саралау қажеттігімен байланысты.

      Конституциялық Сот ӘҚбК-нің 608-бабының әртүрлі бөліктері ЖКО статистикасы және ӘҚбК-нің осы нормаларының қолданылу практикасы назарға алына отырып, құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай жауаптылық мөлшерлестігі қағидатын сақтау үшін және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылық жасайтын субъектілердің ерекшеліктері ескеріле отырып, оларда профилактикалық шаралардың болуы бойынша үйлестірілуге тиіс деп есептейді. Осылайша, ӘҚбК-нің 608-бабының әртүрлі бөліктерінің (атап айтқанда, бірінші және алтыншы бөліктерінің) нормалары анағұрлым жүйелі түрде үйлесімді болады және нәтижесінде азаматтардың және өзге де тұлғалардың, оның ішінде құқық бұзушының өзінің де өмірінің, денсаулығының, мүлкінің қорғалуы жақсарады. Мұндай шаралар адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, өмір сүру және денсаулық сақтау құқығы, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең туралы конституциялық нормаларды барынша толық іске асыруға және қорғауға, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана заңмен шектеу мүмкіндігін қолдануға мүмкіндік береді (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы, 14-бабының 1-тармағы, 15-бабының 1-тармағы, 29-бабының 1-тармағы және 39-бабының 1-тармағы).

      6. Конституциялық Сот ӘҚбК-нің 608-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін қосымша әкімшілік жаза қолдануды "еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығын" белгілейтін Конституцияның 24-бабының 1-тармағын бұзу деп санамайды, өйткені аталған жағдайда өтініш субъектісінің қосымша әкімшілік жаза шарасы қолданылатын кезеңде қызметтің кез келген өзге түрлерімен айналысу, сондай-ақ жаза мерзімі өткеннен кейін көлік құралдарын басқарумен байланысты қызметке оралу мүмкіндігі сақталады.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының бірінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін жеке тұлғалардың жауаптылығын құқықтық реттеуді жетілдіру туралы мәселені қарау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Сотының

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады