Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығымен бекітілген Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлері тізбесінің 1-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 28 маусымдағы № 46-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов және Е.Ә. Оңғарбаев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Б.Д. Сакеновтің өкілі – адвокат Е.А. Мамыркановтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Д.М. Ваисовтың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өкілі – вице-министр А.К. Амриннің,

      Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі – Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ю.Р. Овечкинаның,

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілі – Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ә.Б. Ибрайымның,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Құқықтық бөлімнің бас консультанты А.А. Шамишевтің,

      Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілі – төраға орынбасары Г.А. Смагуловтың және жеке сот орындаушысы Н.Т. Абиловтың,

      сарапшылар – "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Cалық әдіснамасы жөніндегі кеңесінің мүшесі, Қазақстандық салық консультанттары қауымдастығының басқарма төрағасы С.А. Кариннің және "Finex-Audit" ЖШС заң практикасы бойынша серіктесі А.Ж. Амантаевтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Б.Д. Сакеновтің Қазақстан Республикасы Әділет министрінің "Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы" 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығымен бекітілген Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлері тізбесінің (бұдан әрі – Тізбе) 1-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне, сондай-ақ жекелеген шет елдердің тәжірибесіне талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Тізбенің 1-тармағы 11) тармақшасының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 26 және 39-баптарына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті, Тізбеге сәйкес кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алименттер адамның заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістерінен ұсталынады.

      Іс материалдарынан дара кәсіпкер ретінде тіркелген өтініш берушіден кәсіпкерлік қызметпен айналысудан алған кірісі сомасынан алименттер өндіріп алынғанын түсінуге болады.

      Өтініш субъектісі өзі дау айтып отырған норманың мазмұны алименттер мөлшерін кәсіпкерлік қызметке және оны одан әрі дамыту мүмкіндіктеріне байланысты шығыстарды есепке алмай, кәсіпкер кірісінен айқындауға мүмкіндік береді және бұл өзінің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне және өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға конституциялық құқықтарын бұзады деп пайымдайды.

      Дау айтылып отырған норманың конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституция неке мен отбасын, ана мен әкені және баланы мемлекеттің ерекше қорғау объектілері ретінде, ал балаларына қамқорлық жасауды және оларды тәрбиелеуді ата-ананың етене құқығы әрі міндеті деп таниды (27-баптың 1 және 2-тармақтары).

      "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – НОтК) сәйкес анасы мен әкесі өз балаларына қатысты тең құқықтары және тең міндеттері бола отырып, кәмелеттік жасқа толғанға дейін әрбір баласының дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан толыққанды дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін ортақ және бірдей жауаптылықта болады (68-баптың 1 және 2-тармақтары, 70-баптың 2-тармағы).

      Мұндай көзқарас Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес келеді, оларға сәйкес ата-ана мен қорғаншылар баланың ең қажет мүдделері үшін әрекет етіп, оның тәрбиесі мен дамуына негізгі жауаптылықта болуға тиіс.

      Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті бола отырып, ата-ана парызын адал орындауды талап етеді және мазмұнын ата-ана міндеттері мен балалардың тиісті құқықтары құрайтын ерекше құқықтық қатынастардың туындауына негіз болады және бала құқықтарына нұқсан келтіру осы әлеуметтік құндылықтың табиғатына сай келмейтінін білдіреді (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысы).

      2. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-ана өздері жасасқан келісім негізінде дербес айқындайды деп белгіленеді. Ата-ана өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ білім алып жатқан кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады (НОтК-тің 138-бабының 1 және 2-тармақтары), бұл Конституцияның 27-бабының 2-тармағына сәйкес келеді.

      Негізгі Заңның 24-бабының 1-тармағында, 26-бабының 4-тармағында және басқа да ережелерінде бекітілген құқықтарын іске асыратын ата-ана алатын жалақы және (немесе) өзге де кірістер (НОтК-тің 139-бабының 1-тармағы) кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға арналған алименттік төлем көздері болып табылады. Мұндай тәсіл баланың дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан толыққанды дамуы үшін тиісті жағдайларды жеткілікті түрде қамтамасыз ету қағидатын іске асыруға ("Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1-тармағы) және балаларға қамқорлық көрсетуге негізделген. Осыны негізге ала отырып, ата-ана алатын кірістің бір бөлігін баласын күтіп-бағуға қаражат ретінде беру оның құқықтарын шектеу ретінде қарастырылмайды, бұл оның етене міндеті болып табылады.

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі өз өкілеттігі шеңберінде (НОтК-тің 140-бабы) кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алименттер ата-ана ақшалай сомада (ұлттық және (немесе) шетел валютасында) алатын жалақысының (ақшалай сыйақысының, қаражатының) және өзге де кірісінің барлық түрлерінен ұсталатынын белгілейтін Тізбені бекітті. Тізбе негізінен өтемақы сипатындағы ұстауға жатпайтын төлем түрлерін де бекітеді.

      Аталған Тізбе санамаланған кіріс түрлерінің ешқайсысынан, оның ішінде кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерден алименттер есептеудің қандай да бір қағидаларын белгілемейді және дара кәсіпкерлікпен айналысатын адамдарды қоса алғанда, кіріс алушылардың құқықтарын айқындамайды және шектемейді.

      Осылайша, өтініш беруші дау айтып отырған Тізбе нормасы, Тізбенің өзі де өзінің мақсаты мен мазмұны бойынша Конституцияның 26 және 39-баптарына қайшы келмейді.

      3. Өтініш субъектісі көрсеткен Тізбе ережелерінің Конституцияға сәйкестігі мәселесін қараған кезде Конституциялық Сот алименттерді және олар бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамдардың берешегін есептеу рәсімдерін регламенттейтін құқықтық актілерге назар аударды.

      Алименттер мөлшерін және олар бойынша салық салудың әртүрлі режимдерін пайдаланатын дара кәсіпкерлердің берешегін есептеу сот орындаушыларының алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындауы бойынша әрекеттерінің өзге де рәсімдері сияқты ұсынымдық сипаттағы акт деңгейінде регламенттеледі.

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 31 наурыздағы № 345 бұйрығымен бекітілген Алиментті өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындау бойынша әдістемелік ұсынымдарда алименттер мөлшерін және олар бойынша дара кәсіпкерлер берешегін есептеудің есептік базасы ретінде салық декларациясында (дара кәсіпкерлер үшін), оңайлатылған декларацияда (оңайлатылған салық режимін қолданатын кәсіпкерлер үшін) көрсетілген мәліметтер және патент есеп-қисабы (патент негізінде қолданатын кәсіпкерлер үшін) белгіленеді (6-тармақ).

      Жалпыға бірдей белгіленген салық режимі кезіндегі салық декларациясының мазмұны белгілі бір салық кезеңі үшін кірістердің барлық түрлерін қамтитын көрсеткіш ретінде жылдық жиынтық кірісті ("Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 226-бабының 1-тармағы) салық төлеушінің кәсіпкерлік қызметке байланысты барлық шығыстарын, оның ішінде сыйақылар бойынша шегерімдерді шегеру арқылы түзетуді көздейді.

      Кәсіпкер өзі дербес не оның өкілі толтыратын салық декларациясы
(Салық кодексінің 204-бабының 2-тармағы) өзі билік етуге құқылы соманы айқындауға мүмкіндік береді. Бұл "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 94-бабының ұстап қалу мөлшері борышкердің алуына тиесілі жалақы (кіріс) сомасынан есептелетіні туралы ережесімен үйлеседі.

      Бұдан басқа, заң шығарушы ата-ана жалақысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста алименттерді өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық туғызған немесе тараптардың бірінің мүдделерін елеулі түрде бұзатын жағдайларда, сот ай сайын тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында өндіріп алынатын алименттер мөлшерін айқындауға құқылы деп көздейді. Мұндай жағдайларға тұрақты емес, өзгермелі жалақысы және (немесе) өзге де кірісі бар не, егер жалақысын және (немесе) өзге де кірісін толығымен немесе ішінара заттай алатын ата-анадан алименттер өндіріп алу жатады (НОтК-тің 141-бабының 1-тармағы). Алименттерді есептеу кезінде өзінің мүдделері елеулі түрде бұзылды деп есептейтін адамның сотқа жүгіну құқығы шектелмейді, сот тиісті дәлелдемелерге баға берген кезде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға және дамытуға тікелей байланысты шығыстардың және алименттік міндеттемелер сомасына әсер етпейтін өзге де төлемдердің аражігін ажыратуға өкілетті.

      4. Конституциялық Сот декларацияда көрсетілген мәліметтерді алименттік міндеттемелерді есептеу көзі ретінде айқындау осы құжаттың сипатын ескермейтініне назар аударады.

      Салық декларациясы негізінен төлеушінің мемлекеттік бюджет алдындағы міндеттемелерін есептеуге арналған. Тиісінше, заң шығарушы елдің қолданыстағы салық саясатына сүйене отырып, салық декларациясында (преференцияда) көрсетуге жатпайтын пайда түрлерін көздеуі мүмкін, ал бұл баланың заңды мүдделерінің бұзылуына алып келуі мүмкін.

      Бұдан басқа, салық декларациясы өткен салық кезеңі үшін толтырылады және тиісінше оның деректерін сот орындаушысы өткен кезеңдегі алимент берешегін есептеу кезінде ғана пайдалана алады. Ал салық декларациясы негізінде осы кезеңге алименттерді айқындау адамның ағымдағы қаржылық (кірістер) жағдайын көрсетпейді.

      Алименттер мөлшерін айқындау кезінде адамның нақты кірістері ескерілуге тиіс, бұл маңызды, өйткені өзінің конституциялық құқықтарын тиісінше жүзеге асырған кезде нақ осылар конституциялық міндеттерін, бірінші кезекте бала үшін аса маңызды қажеттіліктерді қанағаттандырумен байланысты конституциялық міндеттерін орындау бойынша материалдық мүмкіндіктерін көрсетеді.

      Тиісінше, алименттер мөлшерін есептеу көздерін және олар бойынша дара кәсіпкер ретінде тіркелген адамдардың берешегін белгілеу бөлігіндегі құқықтық белгісіздік, сондай-ақ мұндай құқықтық қатынастарды ұсынымдық акт деңгейінде реттеу заңның дұрыс қолданылмауына ықпал етеді және соның салдарынан баланың қажетті өмір сүру деңгейіне құқығының бұзылуы ықтимал.

      Конституциялық Сот бала құқықтарының мызғымас конституциялық құндылығын (2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8 нормативтік қаулы) және мемлекеттің кәмелетке толмағандардың толыққанды және үйлесімді дамуы үшін барынша мүмкін жағдайлар жасау міндетін баса атап өте отырып, баланың қажеттіліктерін материалдық қамтамасыз етудің әділдігі мен жеткіліктілігіне кепілдік беретін тетіктерді бекіту (НОтК-тің 1-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы) және оның мүліктік құқықтарын Қазақстан Республикасының заңдары деңгейінде нақты құқықтық нормалармен қорғау (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы) қажеттігін көрсетеді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығымен бекітілген Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлері тізбесінің 1-тармағының 11) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының дара кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға алименттерді есептеу және өндіріп алу туралы заңнамасын жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады