ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және Е.Ж. Сәрсембаев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі С.Н. Абишевтің және оның өкілі – адвокат Ы.Н. Абишевтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Төраға орынбасары Д.Ғ. Құрақбаевтың,
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Тергеу департаменті басшысының орынбасары К. Бағбанұлының,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Министрдің бірінші орынбасары М.Ш. Қожаевтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Л.К. Мерсалимованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Т.К. Махметованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі А.А. Нуркееваның қатысуымен,
өзінің ашық отырысында С.Н. Абишевтің 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 314-бабы екінші бөлігінің және үшінші бөлігі екінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 314-бабы екінші бөлігінің және үшінші бөлігі екінші абзацының Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 1 және 2-тармақтарына, 14-бабының 1-тармағына және 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
ҚПК-нің 314-бабының екінші бөлігінде егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызметі жерiнде басталып, басқа соттың қызметі жерiнде аяқталса, iс тергеп-тексеру аяқталған жердегi соттың соттылығына жатады деп көзделеді.
ҚПК-нің 314-бабы үшінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп, айыптау хаттамасы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасалған немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жіберу туралы қаулы шығарылған жер тергеп-тексеру аяқталған жер болып табылады.
Өтініштен және оған қоса берілген материалдардан Қарағанды облысының Саран қалалық соты өтініш субъектісіне қатысты қылмыстық істің аумақтық тұрғыдағы соттылығы туралы мәселені шешу кезінде ҚПК-нің 314-бабы екінші бөлігінің және үшінші бөлігі екінші абзацының талаптарын басшылыққа алғанын түсінуге болады.
Өтініш субъектісі қылмыстық құқық бұзушылықтың басталуы мен аяқталуын оның құрамының элементтері мен жасалу сатыларын ескермей қарау заңдық тұрғыдан белгісіздік туғызады, соның салдарынан аталған қылмыстық-процестік нормалар өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау, оның ішінде сот арқылы қорғалу жөніндегі конституциялық құқығын шектейді, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық ережені, сондай-ақ өзіне заңда көзделген соттылықты өзгертуге адамның келісімінің міндеттілігі туралы сот төрелігінің конституциялық қағидатын бұзады деп есептейді.
ҚПК-нің қаралып отырған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституция қылмыстық істердің соттылық түрлерін белгілемейді және бұл мәселені құқықтық реттеуді Қазақстан Республикасы Парламентінің (бұдан әрі – Парламент) құзыретіне кіретін заңнамалық регламенттеу саласына жатқызады (61-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы және 77-баптың 3-тармағының 3) тармақшасы). Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) осы конституциялық ережені түсіндіре отырып, 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысында қылмыстық сот ісін жүргізуде соттылық мәселелері қылмыстық-процестік заңмен реттелетінін атап өткен болатын.
Соттылықты айқындау мәселелері сот төрелігін жүзеге асырудың конституциялық негіздерімен тығыз байланысты. Осыған байланысты Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 3) тармақшасының ережелерін заңдарда сот билігінің конституциялық мақсатын және Негізгі Заңда белгіленген, Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьялары үшін ортақ және бірыңғай болып табылатын сот төрелігі қағидаттарын іске асыру мәнмәтінінде түсіну керек.
Негізгі Заңда сот арқылы қорғалуға конституциялық құқықты іске асыру кепілдіктері нақтылана отырып, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады; судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады; адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі; өзіне заңда көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды деп белгіленеді (75-баптың 1-тармағы, 77-баптың 1-тармағы және 3-тармағының 1) және 3) тармақшалары).
Әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы және өзіне заңда көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды деген оның ажырамас құрамдас бөлігі істі ерікті түрде таңдаған соттың емес, тек заңға сәйкес анықталған соттың, яғни нақты істі қарау жөніндегі құзыреті заңда бекітілген өлшемшарттар негізінде белгіленетін соттың қарау қажеттігін алдын ала айқындайды.
2. Конституциялық Сот Негізгі Заңның 13-бабы 1 және 2-тармақтарының ережелерін түсіндіре отырып, 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулысында: "Конституцияда әркімге өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығы беріле отырып, әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы бекітіледі. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне әркімнің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды" деп атап өтті.
Конституциялық Сот бұған дейін де атап өткендей, сот алдында жұрттың бәрі тең деген қағидаттың құқықтық мазмұны кез келген мән-жайларға қарамастан әрбір адамға істі құзыретті және тәуелсіз соттың әділ және жария түрде талқылауын; сот дауын шешу процесінде заңнама нормаларының бәрі үшін тең қолданылуын; сот отырысында тараптардың процестік тең болуын қамтамасыз ететін бірыңғай сот жүйесінің болуына негізделген. Конституцияның 14-бабының 1-тармағында бекітілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең жөніндегі конституциялық ереженің қос құрауышы сот ісін жүргізудің ажырамас элементтері болып табылады және әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын бекітетін басқа конституциялық нормамен тығыз нормативтік құқықтық тұтастықта болады (2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулы).
Қылмыстық істердің аумақтық тұрғыдағы соттылығын айқындайтын қолданыстағы қылмыстық-процестік нормаларда өздеріне қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын адамдардың құқықтарындағы айырмашылықтар қамтылмайды. Әрбір сот сот жүйесіне кіреді және Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьялары үшін Конституцияда белгіленген ортақ және бірыңғай сот төрелігі қағидаттарына сәйкес орналасқан жеріне қарамастан сот төрелігін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты ҚПК-нің қаралып отырған ережелері өзінің мазмұны бойынша Конституцияның 13 және 14-баптарында бекітілген адам құқықтарын бұзбайды, себебі аумақтық тұрғыдағы соттылықты айқындау қағидалары өзінің құқықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау, өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуы, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең туралы конституциялық құқықтарды тікелей шектемейді.
3. Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысында Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 3) тармақшасының нормасын заңда көзделген соттылықтың қалай да өзгеруі ісі сотта қаралып жатқан адамның келісімі болған кезде ғана мүмкін деп түсіну керек екені түсіндірілді.
Конституциялық Кеңес 1997 жылғы 4 шілдедегі № 15/2 нормативтік қаулысында 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күші жойылған, 1959 жылғы 22 шілдедегі Қазақ КСР-інің Қылмыстық істер жүргізу кодексінің (бұдан әрі – Қазақ КСР-інің ҚІЖК) қылмыстық істі – қылмыс жасалған сол аудан сотының қарауына, ал қылмыс жасалған жерді айқындау мүмкін болмаған жағдайда тергеп-тексеру қозғалған немесе аяқталған жердегі соттың қарауына беруді белгілейтін 200-бабы конституциялық нормаға (Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы) қайшы келмейді және айыпталушының келісімінсіз оның соттылығы өзгермейтіндігі туралы конституциялық құқықты бұзбайды деп көрсетті.
Осылайша, бұған дейін Конституциялық Кеңес тергеп-тексеру аяқталған жер ескерілетін жекелеген жағдайларда соттылықты айқындау тәртібін Конституцияға сәйкес келеді деп таныған болатын. Сонымен қатар Конституциялық Кеңес қараған Қазақ КСР ҚІЖК-нің 200-бабының редакциясында егер қылмыстық құқық бұзушылық бір соттың қызметі жерінде басталып, басқа соттың қызметі жерінде аяқталса, іс тергеп-тексеру аяқталған жердегі соттың соттылығына жатады (ҚПК-нің 314-бабының екінші бөлігі) деген ереже болмаған, сондай-ақ тергеп-тексеру аяқталған жер (ҚПК-нің 314-бабы үшінші бөлігінің екінші абзацы) туралы ұғымға түсінік берілмеген.
Конституциялық Кеңес 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысында іс жүргізу заңымен әртүрлі санаттағы істердің соттылығын анықтағанда өзіндік ерекшелігі, күрделілігі, істің қоғамдық мәні, оларды тез және тиімді шешуді қамтамасыз ету қажеттігі ескеріледі. Бұл ретте адамға және оның ісіне заңда көзделгенге сәйкес келмейтін, оның бұған келісімі жоқ кезде сотты болушылығын анықтауды Негізгі Заңның 77-бабы 3-тармағы 3) тармақшасының нормасын бұзу ретінде қарау керек деп түсіндірді.
4. Конституциялық Сот ҚПК-нің 314-бабында пайдаланылатын "тергеп-тексеру аяқталған жер" ұғымын ҚПК-нің 188-бабында регламенттелетін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін жер ұғымымен тығыз өзара байланыста қарау қажет деп пайымдайды. Осы қылмыстық-процестік нормаға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық құқық бұзушылық жасалған ауданда (облыста, республикалық маңызы бар қалада, астанада) жүргізіледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жедел және толық болуы мақсатында ол қылмыстық құқық бұзушылық анықталған орын бойынша, сондай-ақ күдікті немесе куәлардың көпшілігі тұратын жерде жүргізілуі мүмкін.
Конституциялық Соттың пікірінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін жерді және аумақтық тұрғыдағы соттылықты айқындау тәсілдерін заңнамалық регламенттеудің құқықтық мәні ҚПК-нің 8-бабында көзделген, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесуді, оларды бейтараптықпен, тез және толық ашуды, тергеп-тексеруді, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуді және қылмыстық жауаптылыққа тартуды, әділ сот талқылауын және қылмыстық заңды дұрыс қолдануды, адамдарды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғауды қамтитын қылмыстық процес міндеттерін тиімді іске асыру қажеттігімен байланысты. Қылмыстық істер бойынша іс жүргізу тәртібі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін жерді және аумақтық тұрғыдағы соттылықты дұрыс айқындау ҚПК-нің 24-бабының бірінші бөлігінде сотқа, прокурорға, тергеушіге және анықтаушыға істі дұрыс шешуге қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдану жөнінде жүктелген міндетті іске асыруға ықпал етуге тиіс.
ҚПК-нің 317-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі неғұрлым тез, жан-жақты және объективті қарау, оның ішінде алқабилердің қатысуымен қарау мақсаттары сотталушының келісімімен қылмыстық істі соттылығына жататын соттан басқа сотқа беру кезінде де айқындаушы болып табылады.
Конституциялық Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған жері бойынша аумақтық белгімен соттылықты айқындаудың базалық негізі жалпы көптеген мемлекеттердің практикасында қолданылатынын атап өтеді. Егер қылмыстық іс-әрекет бірнеше жерде жасалса немесе оның салдары бірнеше жерде басталса, соттылық тергеп-тексеру жүзеге асырылған жер ескеріле отырып айқындалады. Жекелеген мемлекеттерде созылмалы немесе жалғасып жатқан қылмыс жасалған жағдайларда аумақтық тұрғыдағы соттылықты айқындау тәсілдері нақтыланады, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет аяқталған не анықталған жер, ал бірнеше қылмыс жасады деп айыпталған кезде олардың ішінен аса ауыр қылмыс аяқталған жер назарға алынады. Қылмыс мемлекеттен тыс жерде жасалған кезде қылмыстық істі, әдетте, сотталушының тұрғылықты жеріне қарай сот қарайды.
Осы жазылғандарды ескере отырып, Конституциялық Сот ҚПК-нің 314-бабы екінші бөлігінің және үшінші бөлігі екінші абзацының ережелерінде Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 3) тармақшасының нормаларын бұзу белгілері жоқ деп санайды, себебі аталған нормалар өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды деген конституциялық қағидатқа қайшы келмейді.
5. Конституциялық Сот қылмыстық-процестік заңның қаралған нормаларының жекелеген ережелерін жетілдіру қажеттігіне назар аударады.
Өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды деген конституциялық кепілдік заң шығарушының қандай да бір жағдайларда болмасын соттылықты нақты айқындауын көздейді. Конституциялық Соттың пікірінше, қылмыстық-процестік заң нормаларының мазмұнынан аумақтық тұрғыдағы соттылықтың аражігін ажырату мақсаттары түсінікті болуға тиіс. Жалпы қағидалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жағдайда тиісті қылмыстық істі қызметі қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердегі сот қарауға тиіс. Аумақтық тұрғыдағы соттылықты дұрыс айқындау сотталушы үшін алқабилердің қатысуымен өтетін қылмыстық сот ісін жүргізу жүзеге асырылған жағдайда да ерекше маңызға ие.
Конституциялық Сот заң шығарушы әртүрлі жағдайлардағы қылмыстық істердің аумақтық тұрғыдағы соттылығын айқындау кезінде соттың орналасқан жерін ескере отырып, сот талқылауын жүргізу үшін сотқа да, қылмыстық процеске қатысушылардың көпшілігі үшін де барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақылға қонымды тәсіл маңызды деп пайымдайды. Аумақтық тұрғыдағы соттылықты айқындау тәсілдерін қолдану кезінде сот тергеуі барысында сотталушыдан, жәбірленушіден, куәлардан және басқа да адамдардан жауап алу, сот орналасқан жерден тыс жердегі заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру, сондай-ақ тараптардың, куәлардың, сарапшының немесе маманның қатысуымен жергілікті жерді және үй-жайларды қарап-тексеру, сараптама тағайындау жүзеге асырылатынын да ескеру керек.
Конституциялық Сот бұған дейін құқықтық нормаларды жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдап, заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтіндей етіп жазу қажеттігін көрсеткен болатын (2023 жылғы 22 ақпандағы № 3, 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).
Аталған конституциялық іс жүргізу барысында қаралып отырған қылмыстық-процестік ережелердің редакциясында екіұштылық анықталды, олар сот практикасында қолданылған кезде жекелеген жағдайларда қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының және Конституцияда белгіленген сот төрелігі қағидаттарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.
Мәселен, ҚПК-нің 314-бабының екінші бөлігінде Парламент қылмыстық құқық бұзушылықтың басталуы және аяқталуы әртүрлі соттардың қызметі жерінде болған жағдайда аумақтық тұрғыдағы соттылықты айқындау тәртібін регламенттейді. Аталған нормада қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты "аяқталса" деген сөзді қолдану 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 25-бабымен толық көлемде үйлеспейді, оған сәйкес, егер адам жасаған іс-әрекетте ҚК-нің Ерекше бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері болса, қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады. ҚК-нің аталған нормасын қарай отырып, Конституциялық Сот бұл жағдайда Парламент тиісті іс-әрекеттің қандай да бір сатыда аяқталу жерін де ескерген деп санайды, өйткені қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған болуы да, қылмысқа дайындалу немесе қылмысқа оқталу сатысында үзілген де болуы мүмкін.
Бұдан басқа, ҚПК-нің 314-бабы екінші бөлігінің мазмұны іс-әрекет бір соттың қызметі жерінде басталып, ал жалғасатын, ұзаққа созылатын не бірнеше әрекеттен тұратын қылмыстық құқық бұзушылық кезінде басқа соттың қызметі жерінде аяқталған немесе жолын кескен жағдайда аумақтық тұрғыдағы соттылықты айқындау тәртібіне біржақты түсіндірме бермейді.
Конституциялық Сот ҚПК-нің қаралып отырған бабының нормаларын баяндаудың заң техникасындағы кемшіліктерге де назар аударады. ҚПК-нің 314-бабы үшінші бөлігінің екінші абзацы ескерту ретінде белгіленбеген. Аталған түсіндірмеде оның мазмұнын қаралып отырған баптың өзге де құрылымдық элементтеріне немесе тұтастай алғанда ҚПК-ге қолданылуын көрсететін арнайы ескертпе жоқ.
Сонымен қатар ҚПК-нің 314-бабы үшінші бөлігінің екінші абзацында тергеп-тексеру аяқталған жерді "сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы құжат жасалған жер" деп айқындау құқық қолдану практикасының құқықтық белгісіздігі мен екіұштылығына әкеп соғуы мүмкін, өйткені нақты қай жер туралы айтылып тұрғандығында айқындық жоқ: тиісті процестік құжатты жасау кезінде тергеуші немесе прокурор нақты қайда болды; сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы немесе прокуратура қайда орналасқан; не бұл жер тергеп-тексеру іс жүзінде жүзеге асырылған жер ме.
Қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу практикасының кеңейтілуіне, сондай-ақ қылмыстық істерді қылмыстық қудалау органының орталық немесе облыстық аппараттарының тергеп-тексеру жағдайларының болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғанын куәландыратын процестік құжатты ресімдеу жерінің қылмыстық құқық бұзушылық жасалған немесе анықталған жермен (жерлермен), оның жекелеген сатыларының (эпизодтарының) жасалған жерімен және аумақтық тұрғыдағы соттылықты айқындауға осындай тәсілдің орындылығын негіздейтін басқа да факторлармен өзара байланысы болмауы мүмкін.
Конституциялық Сот құқық қорғау органдарының және адвокатура өкілдерінің практикада қылмыстық істер сот қарайтын іс-әрекеттің жасалу мән-жайларымен қалай болғанда да аумақтық тұрғыда байланысты сотқа келіп түсетіні туралы түсіндірмелерін назарға ала отырып, тергеп-тексерудің аяқталған жерін айқындау жалпы Конституция ережелерінің бұзылуына әкеп соқпайды, алайда ол заңды түрде негізделген және нақты түзетуді қажет етеді деп пайымдайды.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 314-бабының екінші бөлігі және үшінші бөлігінің екінші абзацы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |