Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы" 2019 жылғы 29 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының 29-тармағы екінші, үшінші және төртінші абзацтарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 58-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Д.Р. Абдукадыровтың өкілі – заң консультанты Н.Е. Игиликовтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Д.М. Ваисовтың,

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Д.К. Набиевтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Нормашығармашылық қызметін үйлестіру департаментінің бастығы А.Т. Маутованың,

      Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілі – төраға орынбасары Г.А. Смагуловтың,

      Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Б. Закиеваның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы" 2019 жылғы 29 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 29-тармағы екінші, үшінші және төртінші абзацтарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына, халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ЖС НҚ-ның 29-тармағы екінші, үшінші және төртінші абзацтарының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 3-бабының 4-тармағына, 13-бабының 2-тармағына, 14-бабына, 26-бабының 1-тармағына, 39-бабының 1-тармағына, 61-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті. Өтініш субъектісінің пікірінше, бұлар тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайының өзгеруіне байланысты соттың алименттер мөлшерін азайту құқығын шектейтін ережелерді қамтиды, бұл құқық "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 175-бабының 1-тармағында көзделген.

      Өтініш субъектісі екі өндіріп алушыға (тиісінше бір және үш баласына) қатысты алимент төлеуші болып табылады және ол төлейтін алименттердің жалпы сомасы кірісінің 3/4 құрайды. Алименттер мөлшерін азайту туралы талапты қарау процесінде сот ЖС НҚ-ның жоғарыда аталған ережелерін қолданған.

      Өтініш субъектісі дау айтып отырған ЖС НҚ ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы Негізгі Заңда әлеуметтік құқықтарға және оларды қорғауға кепілдік бере отырып, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын әлеуметтік мемлекетті орнықтыруға деген ұмтылысын дәйекті түрде іске асырады. Адамның құқықтары мен бостандықтары абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады деген конституциялық ереже осы құқықтар мен бостандықтарды басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбай, конституциялық құрылысқа және қоғамдық имандылыққа қол сұқпай жүзеге асыру жөніндегі Конституция нормасымен бекітіледі (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы, 12-бабының 1, 2 және 5-тармақтары).

      Осыған байланысты Конституциялық Сот ата-ананың етене құқықтары мен міндеттері, сот арқылы қорғалу құқығын қоса алғанда, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заңға қайшы келмейтін кез келген тәсілін пайдалану құқығы, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, сондай-ақ неке, отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында болуы көзделетін Конституция нормаларына назар аударады (Конституцияның 13, 14 және 27-баптары).

      Аталған конституциялық ережелерді басшылыққа ала отырып, заң шығарушы Кодексте неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылғаннан кейін де ата-ана құқықтарын сақтауды, ата-ананың өз балаларына қатысты тең құқықтары мен міндеттерін көздейтін бірқатар норманы бекітті (14, 66, 68-баптар және басқалар).

      2. Кодекстің 66-бабының 1-тармағына сәйкес баланың өзi ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен Кодекстің 5-бөлімінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде күтіп-бағу қаражатын алуға құқығы бар. Жалақы және (немесе) өзге де кірістер кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға арналған алимент төлемдерінің көздері болып табылады (Кодекстің 139-бабының 1-тармағы).

      Бұған дейін Конституциялық Сот ата-ана алатын кірістің бір бөлігін баласын күтіп-бағуға қаражат ретінде беру оның құқықтарын шектеу ретінде қаралмайды, бұл ата-ананың етене міндеті болып табылады деп атап өткен болатын (2024 жылғы 28 маусымдағы № 46 нормативтік қаулы).

      Балаларын күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-ана өзара келісім бойынша дербес айқындайды. Алименттер бойынша берешек төлеуден бас тарту оны сот шешімі негізінде мәжбүрлеп өндіріп алуға алып келеді (Кодекстің 138-бабы).

      Бұл ретте Кодексте неке бұзылған кезде өзінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ заңда белгіленген жағдайларда кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім жасасу ата-ананың міндеті емес, тек құқығы ретінде қаралады. Неке бұзу алдында алименттік міндеттемелер және ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен мүлкін бөлу туралы шартты жасасу ажырасу процесін едәуір жеңілдетеді, өз балаларын күтіп-бағу жөніндегі ата-ананың мүліктік құқықтары мен міндеттеріне қатысты ата-ана қарым-қатынастарына мемлекеттің араласуын азайтады. Мұндай шарт баланың мүдделерін ата-ананың өздері ерікті түрде барынша қамтамасыз ету мақсатына негіз болады және ата-ана құқықтарымен және міндеттерімен байланысты қатынастарының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

      3. Ата-ана арасында кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келісімнің болмауы алименттер мөлшерін айқындаған кезде соттардың: бір балаға – ай сайын ата-анасы жалақысының және (немесе) өзге де кірісінің – төрттен бір бөлігін, екі балаға – үштен бір бөлігін, үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп берудің біріздендірілген үлестік тәсілді қолдануын негіздейді (Кодекстің 139-бабының 1-тармағы).

      Кодекстің 139-бабының 2-тармағына сәйкес бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін деп көзделген. Аталған ережелер Кодекстің 175-бабының 1-тармағында және ЖС НҚ-ның 29-тармағында өз дамуын тапты.

      Кәмелетке толмаған баласына алимент төлейтін ата-ананың алименттер мөлшерін азайту туралы талабын шешуге қатысты ЖС НҚ-ның 29-тармағының екінші абзацында ата-ананың материалдық немесе отбасылық жағдайының өзгеруі оның талап қоюын қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды деп көрсетіледі. Аталған ереженің мұндай редакциясы практикада екіұштылық түсінік туғызады.

      Сонымен қатар, Кодекстің тиісті нормасында тараптардың тап осы материалдық немесе отбасылық жағдайының өзгеруі алимент төлемдері үлестерінің мөлшерін өзгерту туралы сот шешімі үшін негіз болмайды деп бекітіледі.

      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) ЖС НҚ-ның 29-тармағының үшінші абзацында алименттер бойынша төлемдер бірнеше өндіріп алушыға жүзеге асырылған кезде, егер ата-ананың материалдық немесе отбасылық жағдайының өзгеруі көрсетілмесе, олардың мөлшері азайтуға жатпайды деп түсіндіреді. Ал, ЖС НҚ-ның 29-тармағының дау айтылып отырған төртінші абзацында сот балаларды күтіп-бағуға өндіріп алынатын алименттер мөлшерін негізсіз азайту мақсатында берілген талап қоюдан бас тартуы мүмкін деп көрсетіледі, бұл басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға сәйкес келеді және ата-ананың алименттер төлеу міндетінен жалтару әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған.

      Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары бірыңғай сот практикасы қалыптастыратын, қолданыстағы құқықтың бір бөлігі болып табылады және заңдардың мақсаттарына, қағидаттары мен мазмұнына сәйкес келуге тиіс. Судья сот талқылауында анықталған және дәлелденген барлық нақты мән-жайды ескере отырып, Конституция мен заңдар негізінде дербес шешім қабылдауға міндетті.

      Осылайша, Жоғарғы Соттың сот бұрын белгілеген алименттер мөлшерін өзгерту туралы түсіндірулері жалпы Кодекстің 139-бабы 2-тармағының және 175-бабы 1-тармағының ережелерімен үйлеседі. Олар сот шешімін алдын ала айқындамауға тиіс және ата-ананың материалдық және отбасылық жағдайына байланысты және тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің кепілі болып табылатын барлық мән-жайды жан-жақты және толық зерттеуге бағытталған болуға тиіс, бұл конституциялық ережелерге қайшы келмейді.

      Бірнеше сот актісі бойынша өндіріп алынатын алименттер сомасының нақты мөлшері төлеуші жалақысының және (немесе) өзге де кірісінің жартысынан асатын жағдайлар пратикада орын алып жатады, бұл алиментті адам жалақысының және өзге де кірісінің 50 пайызынан астамын ұстап қалуды шектейтін Кодекстің 166-бабына, сондай-ақ төленуге тиесілі зейнетақы сомасының 50 пайызынан астамын өндіріп алуға тыйым салуды белгілейтін 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 203-бабының 3-тармағына қайшы келеді.

      Бір немесе бірнеше атқарушылық құжат бойынша борышкердің жалақысына немесе өзге де кіріс түрлеріне өндіріп алу қолданылған кезде жалақының немесе өзге де кірістің кемінде 50 пайызын сақтау "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 95-бабы 1-тармағының бірінші абзацында да көзделген. Сонымен қатар, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабы 3-тармағының негізінде өзімен борышкер еңбек қатынастарында тұратын жұмыс беруші, сондай-ақ өзінен борышкер кіріс алатын өзге тұлға жұмыскерге тиесілі жалақының 50 пайызынан аспайтын мөлшерін ұстап қалады.

      Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Конституциялық Сот соттардың заңнама талаптарын сақтауына қатысты қосымша түсіндіру беру қажет деп ойлайды.

      4. Жоғарыда баяндалғандармен қатар Конституциялық Сот ата-ананың алименттік міндеттемелері туралы қолданыстағы заңнамада бірнеше өндіріп алушының бір жауапкерге қоятын талаптары бойынша алимент өндіріп алу тетігі жоқ екенін атап өтеді.

      Кодекстің 139-бабының 1-тармағында балалар саны бойынша үлестік тәсіл белгіленеді, бірақ өндіріп алушылар саны ескерілмейді. Бірнеше өндіріп алушының болуы, әдетте, заң шығарушы белгілеген үлестердің сақталмауына әкеп соғуы мүмкін, бұл әр баланың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, барабар күтіп-бағуды алу құқығына нұқсан келтіреді. Алименттер баланы қорғау ережелерін іске асыру тәсілдерінің бірі ғана болып табылады деп атап өтеді. Баланың мүдделерін барынша қамтамасыз ету тең дәрежеде ата-анасының екеуінен де кәмелеттік жасқа толғанға дейін (белгілі бір жағдайларда және одан әрі) қажетті қамқорлықты (күтімді), білім, тәрбие мен жеткілікті материалдық қамтамасыз етуді алу болып табылады. Бұл ата-ана осы уақыт кезеңінде еңбекті немесе өзге де қызметті жүзеге асырған жағдайда мүмкін болады, ол үшін ақы және одан түсетін кірістер алименттерді есептеу және төлеу көзі болып табылады.

      Бұл, өз кезегінде, әрбір ата-ананың өзінің және өз отбасының денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау үшін қажетті тамақты, киімді, баспананы, медициналық күтімді және қажетті әлеуметтік қызмет көрсетуді қоса алғанда, адамның қадір-қасиетіне сай келетін лайықты өмір сүру деңгейін сақтауын көздейді (Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 25-бабы).

      Осы тәсіл ұзақ мерзімді міндеттеме ретінде алименттің өзіне негізделген, баланы тәрбиелеуші ата-ана және (немесе) басқа адамдар өздерінің қабілеттері және қаржылық мүмкіндіктері шегінде баланың дамуы үшін қажетті өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін негізгі жауапкершілікті алады және мемлекеттер заң бойынша бала үшін жауапкершілікті мойнына алған ата-анасының, қамқоршыларының немесе басқа да адамдардың құқықтары мен міндеттерін назарға ала отырып, барлық тиісті және әкімшілік шараны жүзеге асыруға міндеттенеді деген халықаралық құқық ережелерімен үйлеседі (1989 жылғы 20 қарашада қабылданған және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияның 3-бабының 2-тармағы және 27-бабы).

      Осылайша, Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған балаларға алименттерді есептеу және өндіріп алу туралы қолданыстағы заңнамасына тексеріс жүргізу, сондай-ақ тиісті сот актілерін орындау тетігін жетілдіру қажет деп есептейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 2, 3-тармақтарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы" 2019 жылғы 29 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының 29-тармағының екінші, үшінші және төртінші абзацтары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы" 2019 жылғы 29 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысына түзетулер енгізу ұсынылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметіне ата-ана мен балалардың алименттік міндеттемелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады