2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 109-бабы екінші бөлігінің, 134-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларының 104-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 60-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі А.Ф. Кунакбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Т.Н. Джанибековтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.Е. Нәренованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Азаматтық және саяси құқықтар бөлімінің меңгерушісі Д.Қ. Сариевтың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі С.С. Дельмановтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында А.Ф. Кунакбаевтың 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 109-бабы екінші бөлігінің, 134-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 9984 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 104-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚАК-тің 109-бабы екінші бөлігінің, 134-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының және Қағидалардың 104-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 12-бабының 1 және 2-тармақтарына, 13-бабының 1 және 3-тармақтарына, 20-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің тәртіптік изоляторына жабу кезінде өтініш субъектісіне білікті заң көмегін алу үшін адвокатына телефон қоңырауын шалу мүмкіндігі берілмегенін түсінуге болады.

      2023 жылғы 21 және 26 желтоқсандағы шағымдарын сотқа жібермеген және адвокатына телефон қоңырауын шалу мүмкіндігін беруден бас тартқан мекеме қызметкерлерінің әрекеттерін заңсыз деп тану туралы 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 106-бабының тәртібімен берілген шағымды бірінші сатыдағы сот қанағаттандырусыз қалдырған. Апелляциялық сатыдағы сот өтініш берушінің шағымдарын сотқа жібермеу бөлігінде мекеме қызметкерлерінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, қалған бөлігінде бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырған.

      Өтініш субъектісі өзі көрсеткен нормалар телефон арқылы сөйлесуге тыйым салу бөлігінде өзін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғауға конституциялық құқығын, сондай-ақ білікті заң көмегін алу құқығын бұзады деп есептейді. Конституциялық Сот отырысы барысында өтініш субъектісі аталған нормаларды денсаулық сақтауға конституциялық құқықты қорғауды да және жазасын өтеудің қатаң жағдайларындағы сотталғандар үшін телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулерді де ескере отырып қарауды сұрады.

      ҚАК-тің және Қағидалардың қаралып отырған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адамның құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады (Конституцияның 12-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқылы. Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі (Конституцияның 13-бабының 1 және 3-тармақтары).

      Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді (Конституцияның 20-бабының 2-тармағы).

      Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар және заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға құқылы (Конституцияның 29-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Негізгі Заңның 39-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Конституцияның 11, 1315-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17, 19, 22-баптарында, 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс.

      2. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бір түрінің конституциялық деңгейіне жеткізілуі және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың өзі құратын жүйе мен құрылым арқылы іске асырылуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алады. Адамның Конституцияда жарияланған құқықтары мен бостандықтары осы құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асырылу шарттары мен тәртібін белгілейтін заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуын айқындайды. Аталған қағида Қазақстанда қолданылатын құқықтың тұжырымдамалық негiзi болып табылады деп түсіндірген болатын (1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2, 1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2 және 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8 нормативтік қаулылар).

      Конституциялық Сот 2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ нормативтік қаулысында мемлекеттің Конституцияның 12-бабының 1-тармағында бекітілген конституциялық міндетті қабылдауы оны іске асыру үшін нақты тетіктер мен құралдарды айқындау, оның ішінде сот бақылауы және прокуратураның жоғары қадағалауы сияқты институттарды енгізу және олардың тиімділігін арттыру қажет екенін білдіреді деп атап өткен болатын.

      Конституциялық Сот өтініш субъектісі қозғаған проблемаға қатысты нақты тетіктер мен құралдарды айқындаудың мұндай қажеттігі әркімнің білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығын мемлекеттің қамтамасыз етуіне де қатысты деп пайымдайды.

      Мұндай көмек алу құқығы заңдық тұрғыда маңызды іс-әрекеттер жасау кезінде білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді. Мемлекет жеке адамның аталған құқығына кепілдік беру үшін де, білікті заң көмегін көрсететін адамдар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін де тиісті жағдайлар жасау мақсатында қажетті нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге сипаттағы шараларды қабылдауға тиіс. Конституциялық Кеңес мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде де, сондай-ақ сот үкімдері мен қаулыларын орындау барысында ұсынылатын құжаттарды дайындау кезінде де сотталған адамға білікті заң көмегін алу құқығын берген ҚАК нормаларын толықтырудың конституциялық табиғатын атап өткен болатын (2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 және 2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулылар).

      Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген әркімнің білікті заң көмегін алу құқығына назар аударады, ол ешбір жағдайда шектелуге жатпайды. Осы мәнмәтінде "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңынан (бұдан әрі – Заң) басқа өзге де нормативтік құқықтық актілерде заң көмегін көрсету ерекшеліктерін белгілеу құқықтық процестің ерекшелігі ескеріле отырып, мұндай көмек көрсететін адамдардың қызметі үшін ерекше жағдайлардың жасалуын білдіруі мүмкін, бірақ заң көмегінің көлемі, түрлері мен тәсілдері қысқартылмауға тиіс (2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулы).

      Конституциялық Сот үйқамаққа алу кезінде көзделген шектеулердің конституциялылығын қарап, оларды қолдану кезінде тұтқындалған адамның және оның қорғаушысының, өмір сүру және денсаулығын сақтау, құқық субъектісі ретінде танылу, өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау, сот арқылы қорғалу және білікті заң көмегін алу құқықтарын қоса алғанда, Конституцияда кепілдік берілген құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс деп атап көрсеткен (2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9 нормативтік қаулы). Конституциялық Сот осыған ұқсас тәсіл қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталғандарға да қатысты қолданылуға тиіс деп есептейді.

      Конституциялық Сот 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 39-НҚ нормативтік қаулысында ақпарат алу құқығы, өзінің конституциялық құндылығынан басқа, Конституцияда көзделген басқа да құқықтар мен бостандықтарды, оның ішінде білікті заң көмегін алуды және денсаулық сақтауды іске асыру кезінде үлкен маңызға ие деп түсіндіріп өткен.

      Заңдарды қабылдаған кезде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мәнін бұрмаламай және Конституцияда айқындалған нормаларға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, оларды шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алу қажет (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9 нормативтік қаулысы).

      3. Конституцияның 34-бабының 1-тармағына сәйкес әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау, бұған дейін Конституциялық Сот атап өткендей, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тәртіпті қамтамасыз етуді талап етеді, бұл жаза мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет. Мұндай тәртіп сотталғандарды күзету мен оқшаулауды, оларды үнемі қадағалауды; оларға жүктелген міндеттердің орындалуын, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің іске асырылуын; сотталғандардың, персоналдың және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін; сотталғандардың белгілі бір санаттарын бөлек ұстауды, мекеме түріне қарай әртүрлі ұстау жағдайларын; жазаны өтеу жағдайларын өзгертуді қамтамасыз ететін жазаны өтеудің белгіленген режимін сақтау арқылы сақталады (2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 37-НҚ нормативтік қаулы).

      Сотталған адамның негізгі міндеттерінің қатарына оның жазаны орындайтын мекемелердің немесе органдардың ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауы, осы мекемелердің немесе органдардың қызметкерлерінің, сондай-ақ сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдардың заңды талаптарын орындауы жатады (ҚАК-тің 11-бабы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшалары).

      Осыған орай ҚАК-те жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзған сотталғандардың құқықтарына белгілі бір шектеулердің бекітілуі Конституцияға қайшы келмейді. Бұл ретте құқықтардың адамның қадір-қасиетін қорламайтын мұндай шектеулері заң деңгейінде ғана белгіленуі мүмкін және жасалған бұзушылыққа мөлшерлес болуға тиіс.

      Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзу түріне байланысты сотталғандарға ескерту, сөгіс, он бес тәулікке дейінгі мерзімге тәртіптік изоляторға жабу, сондай-ақ төрт айға дейінгі мерзімге жалғыз адамдық камераға ауыстыру сияқты жазалау шаралары қолданылады.

      ҚАК-тің 134-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес тәртіптік изоляторға жабылған сотталғандарға кездесуге, телефон арқылы сөйлесуге, тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға, камерада темекі шегуге, сондай-ақ жатын орынды күндізгі уақытта пайдалануға тыйым салынады.

      Сонымен бірге, ҚАК-тің 109-бабының екінші бөлігінде жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, сондай-ақ жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторда не жалғыз адамдық камерада ұсталатын сотталғандардың: жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған; оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған және өзге де айрықша жеке мән-жайлар болған жағдайларда телефон арқылы сөйлесуге құқығы бекітіледі.

      Қағидалардың 104-тармағында тұтастай алғанда сотталғандарға әлеуметтік байланыстарды қолдау үшін телефон арқылы сөйлесуді беру тәртібі айқындалады. Онда ҚАК-тің 109-бабының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда телефон арқылы сөйлесуді беру үшін қайтыс болу туралы куәлікпен, медициналық ұйымдардың немесе жергілікті атқарушы органдардың анықтамаларымен тиісті жағдайды растау қажет деп түсіндіріледі. Қағидалардың 104-тармағында өзге де айрықша жеке мән-жайларға жататын қосымша жағдайлар да: әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу келтіріледі. Осы өзге де айрықша жеке мән-жайлардың түпкілікті тізбесі "айрықша жеке жағдайлар" ретінде белгіленген.

      Сотталғандардың өз денсаулығын сақтауға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес білікті медициналық көмек алуға құқығы бар, оның ішінде медициналық қорытындыға сәйкес дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар алуға құқылы (ҚАК-тің 10-бабы бірінші бөлігінің 8) тармақшасы, 107-бабының екінші бөлігі).

      Тәртіптік изоляторларға жабылған сотталғандарды медициналық қарап-тексеру және оларға амбулаториялық жағдайлардағы медициналық көмек арнайы жабдықталған үй-жайда жүзеге асырылады. Қажет болған кезде мұндай сотталғандар мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдарға ауыстырылады, сондай-ақ оларға медициналық көрсеткiштер бойынша тәртіптік изоляторлардан мерзiмiнен бұрын босау мүмкіндігі көзделген (Қағидалардың 131, 134 және 135-тармақтары).

      ҚАК-тің және Қағидалардың қаралып отырған нормалары сотталған адам үшін оң сипатқа ие, өйткені оған белгілі бір өмірлік жағдайларда, тіпті жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік изоляторда болған кезеңінде де жақындарымен телефон арқылы қарым-қатынас жасау мүмкіндігі беріледі.

      Сонымен қатар, Конституциялық Соттың пікірінше, ҚАК-тің 109-бабының екінші бөлігінде және Қағидалардың 104-тармағында жазылған, телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігін беру жағдайларының тізбесі сотталған адамның әлеуметтік байланыстарын қолдауға ықпал етеді және құқық қолдану практикасында түпкілікті болып қабылданбауға тиіс. Аталған норманы жазасын өтеудің қатаң жағдайларында болған, сондай-ақ тәртіптік изоляторда ұсталған кезеңінде де сотталған адамның білікті заң көмегін немесе медициналық көмекті алу мүмкіндігін шектемейтін ҚАК-тің өзге де ережелерімен өзара байланыста қарау керек.

      ҚАК-тің 10-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасына сәйкес сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен білікті заң көмегін, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде консультациялар, анықтамалар, құқықтық сипаттағы құжаттарды жасау түрінде, сондай-ақ ҚПК-де көзделген жағдайларда соттардың үкімдері мен қаулыларын орындау барысында ұсынылатын құжаттарды дайындау кезінде, сондай-ақ өзге де түрде алуға құқығы бар.

      Сотталғандар білікті заң көмегін алу үшін сотталған адамның жазбаша немесе ауызша өтініші бойынша адвокаттармен саны, ұзақтығы шектеусіз және олардың құпиялылығы қамтамасыз етілетін жағдайларда кездесулер беріледі (ҚАК-тің 106-бабының алтыншы бөлігі).

      Конституциялық Сот қолданыстағы заңнамаға сәйкес адвокаттар заң көмегін оның әртүрлі көріністерде көрсететініне, оның ішінде құқықтық мәселелер бойынша ауызша да, жазбаша да нысанда консультациялар беретініне назар аударады. Бұл ретте мұндай құқықтық консультация беру арыздарды, шағымдарды, өтінішхаттарды және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасау мәселесіне қатысты болуы мүмкін (Заңның 1-бабының 8) тармақшасы және 45-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары).

      Конституциялық Сот осы жазылғандарды ескере отырып, қандай да бір жаза қолданылған сотталған адамның заңмен белгіленген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу, сондай- ақ білікті заң көмегін алу, оның ішінде өзімен осындай көмек көрсетуге шарт жасасылған не мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін адаммен телефонмен сөйлесу немесе өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы құқықтық мәселелер бойынша консультация алу құқығын шектеуге болмайды деп есептейді.

      Конституциялық Сот құқық қолдану практикасында қателіктерге жол бермеу мақсатында сотталғандардың білікті заң көмегін алу рәсімі және осындай көмек көрсететін адамдардың қызметіне жағдай жасау регламенттелетін Қағидалардың жекелеген ережелерін нақтылау (айқындау) қажеттігіне назар аударады.

      Сонымен қатар, ҚАК-те және Қағидаларда пайдаланылатын ережелер мен терминология үйлесімін қамтамасыз ету қажет. Мәселен, ҚАК-тің 109-бабының екінші бөлігінде тізбесі түпкілікті болып табылмайтын "өзге де айрықша жеке мән-жайлар" туралы айтылған. Бұл ретте Қағидалардың 104-тармағының төртінші абзацында қосымша мән-жайлардың түпкілікті тізбесі берілген, бірақ мұндай жағдайлардың жалпыланған атауы олардың мәнін ашпайды.

      Қағидалардың 104-тармағының аталған абзацына сәйкес санамаланған жағдайлар туындаған кезде сотталған адамның тек жақын туыстарымен және айына бір рет қана телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар. Сонымен қатар, ҚАК-тің 109-бабының екінші бөлігінде қандай да бір өзге де айрықша жеке мән-жайлар туындаған кезде телефон арқылы сөйлесудің санына шектеу қойылмайды және ҚАК-те пайдаланылатын терминологияға сәйкес "жақын туыс" ұғымына жатпайтын жұбайымен (зайыбымен) телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынбайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 4-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 109-бабының екінші бөлігі, 134-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларының 104-тармағы төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      қаралған нормаларда жазылған және сотталғандардың әлеуметтік байланыстарын қолдауға бағытталған телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігін беру жағдайларының тізбесі түпкілікті болып табылмайды. Аталған нормалар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 10-бабының 7) және 8) тармақшаларымен, 106-бабының алтыншы бөлігімен және 107-бабының екінші бөлігімен, "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 8) тармақшасымен және 45-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларымен өзара байланыста сотталған адамның жазаны өтеудің қатаң жағдайларында болған, сондай-ақ жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторда ұсталған кезеңде білікті заң көмегін немесе медициналық көмек алу мақсатында телефон арқылы сөйлесу құқығын шектемейді.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 109-бабы екінші бөлігінің, 134-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларының 104-тармағының ережелерін қолданған кезде оларды өзгеше түсіндіруге жол берілмейді.

      3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі алты ай мерзімде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларына түзетулер енгізсін.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады