Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 10 наурыздағы N 357 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 152 Жарлығымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында қаулы етемін:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы ереже бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылған деп танылсын:
      1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне еңбек сіңірген жылдарына проценттік үстеме ақы төлеу үшін мемлекеттік қызмет стажы мен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеудің тәртібі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 3 маусымдағы N 3014 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, N 27, 225-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 3 маусымдағы N 3014 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне еңбек сіңірген жылдарына проценттік үстеме ақы төлеу үшін мемлекеттік қызмет стажы мен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеудің тәртібі туралы ережеге толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 23 сәуірдегі N 3919 Жарлығы .
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде өз актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
      4. Осы Жарлық 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы     
Президентінің          
2000 жылғы 10 наурыздағы     
N 357 Жарлығымен         
Бекітілген             

Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.03.2013 N 526 Жарлығымен (26.03.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Осы Ереже мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызмет өткеру мәселелерін регламенттейді.

1-бөлім

Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік қызмет өткеруі

1. Мемлекеттік саяси қызметшілерге қойылатын талаптар

      1. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу азаматтар арнайы тексеруден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда келісуден өту шартымен жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік саяси қызметшілердің негізгі функциялары және олардың қызметін ұйымдастыру

      2. Мемлекеттік саяси қызметшінің функционалдық міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен, осы Ережемен, тиісті мемлекеттік орган туралы ережемен және міндеттер бөлінісімен айқындалады.
      3. Мемлекеттік саяси қызметшілердің негізгі функциялары:
      1) мемлекеттік саясатты тұжырымдауға, айқындауға және іске асыруға ықпал ететін шешімдер қабылдау;
      2) қабылданған шешімдердің орындалу барысын бақылау;
      3) мемлекеттік және өзге де бағдарламалар мен жобалардың орындалу барысын реттеу мен бағалау;
      4) мемлекеттік органның жұмысын басқару;
      5) бағынысты мемлекеттік қызметшілердің жұмысына басшылық жасау болып табылады.
      4. Мемлекеттік саяси қызметшілерге мемлекеттік әкімшілік қызметтің лауазымдарын қоса атқаруға жол берілмейді.

3. Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы

      5. Мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын саяси лауазымындағы өкілеттігі:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;
      2) мемлекеттік орган таратылған (жойылған);
      3) мемлекеттік саяси қызметші өзінің табысы мен мүлкі туралы көрінеу жалған мәліметтер берген;
      4) «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамаған;
      5) өзіне меншік құқығы бойынша тиесілі мүлікті сенімді басқаруға бермеген;
      6) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
      7) мемлекеттік саяси қызметшіге қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
      8) мемлекеттік саяси қызметшінің өз өкілеттігінен тоқтату туралы жеке жазбаша өтініші негізінде орнынан түсуі қабылданған;
      9) мемлекеттік саяси қызметшіні ол атқаратын лауазымға тағайындау (сайлау) құқығы берілген лауазымды тұлға (орган) тиісті шешім қабылдаған;
      10) басқа жұмысқа ауысқан;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер туындаған жағдайларда тоқтатылады.
      Мемлекеттік саяси қызметшінің өкілеттігі сондай-ақ мемлекеттік орган қайта құрылған, мемлекеттік қызметшілердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
      6. Мемлекеттік саяси қызметшілер Қазақстан Республикасының Конституциясында, Заңында және өзге де заңнамасында белгіленген негіздер мен тәртіпте орнынан түсуге өтініш береді және қызметтен кетеді. Егер орнынан түсудің негіздері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмесе, мемлекеттік саяси қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жалпы негіздер бойынша жұмыстан шығарылады.
      7. Мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер болып табылатын мемлекеттік саяси қызметшілер өздері тағайындаған басшы лауазымдардағы бағынысты мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған, оларға қатысты соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі болған жағдайда орнынан түсуге өтініш береді.

2-бөлім

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызмет өткеруі

4. Мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру

      8. Мемлекеттік органның қызметкерлерін лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар тұлға (орган) не осы өкілеттіктер берілген өзге тұлға (орган) жүзеге асырады.
      Еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, орталық атқарушы органда орталық атқарушы орган қызметкерлерін лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға, ал орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе көрсетілген лауазымды тұлға болмаған жағдайда – орталық атқарушы органның басшысы жүзеге асырады.
      Орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға:
      орталық атқарушы органның басшысымен келісім бойынша орталық атқарушы органның басшысы немесе оның орынбасарлары қадағалайтын орталық атқарушы органның департаменттері директорларын және дербес басқармалары бастықтарын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      орталық атқарушы органның басшысымен келісім бойынша, еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, облыстық аумақтық органдар мен бөлімшелердің басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, облыстық аумақтық органдар мен бөлімшелер басшыларының орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, тағайындау үшін ведомстволар басшылары ұсынатын ведомстволар басшыларының орынбасарларын тағайындайды;
      заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, ведомстволар басшылары тағайындау үшін ұсынатын ведомстволар басшыларының орынбасарларын орталық атқарушы орган басшысының тағайындауын келіседі;
      осы тармақтың үшінші бөлігінің екінші абзацында көрсетілген лауазымды адамдарды, сондай-ақ еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, орталық атқарушы органның қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
      9. Заңның 24-бабы 4-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жағдайларда, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер өздерінің келісімімен және қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда конкурстық іріктеуден тыс мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға тағайындалады.
      10. Өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және қойылатын біліктілік талаптарына сай келетін, өз өкілеттіктерін тоқтатқан Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердің, судьялардың «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарына орналасуы олардың өз өкілеттіктерін тоқтатқан күннен бастап бір жылдың ішінде конкурстық іріктеуден тыс жүзеге асырылады.
      11. Мемлекеттік органды құру кезеңінде қызметтік қажеттілік жағдайында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымымен көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін адамдарды үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі. Ұзартылуға жатпайтын осы мерзім ішінде аталған лауазымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен толтырылуға тиіс. «А» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымымен көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа алу «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған адамдар арасынан жүзеге асырылады.
      Міндеттерін уақытша орындау үшін жұмысқа қабылданатын адамдардың саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс.
      Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын мұндай адамдар мен оларды уақытша жұмысқа қабылдаған мемлекеттік органның еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
      Бұл адамдардың еңбекақысының мөлшері Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында осы лауазым үшін көзделген шекті жоғарғы еңбекақы мөлшерінен аспауға тиіс.
      12. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Президенті актілерінде өзге мерзім белгіленбесе, ол адаммен төрт жыл мерзімге, аталған мерзімге бір реттен артық емес ұзарту мүмкіндігімен еңбек шарты жасалады. Еңбек шарты осы Ережеге қосымшаға сәйкес үлгілік еңбек шартының негізінде жасалады.
      «А» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасқан жағдайда еңбек шарты «А» корпусының осы лауазымды атқаратын мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің уақытша орнында болмайтын кезеңіне жасалады.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      13. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілермен еңбек шартын лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлға (орган) жасасады.
      Егер Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше белгілемесе, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жасасады.
      Егер Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі өзгеше белгілемесе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тағайындайтын «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы жасасады.
      Еңбек шартының мерзімі аяқталуынан кемінде төрт ай бұрын мерзімде лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам (орган) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартының мерзімін ұзарту, еңбек шартын бұзу туралы негізделген ұсыныс не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін ротациялау туралы ұсыныс енгізеді.
      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің мемлекеттік қызметті одан әрі өткеруі туралы не оның мемлекеттік қызметті тоқтатуы туралы ұсыным шығарады. Ұлттық комиссия көрсетілген өкілеттіктерді лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адамға (органға) беруге құқылы.
      Еңбек шарты мерзімінің біткеніне дейін тиісті шешім болмаған жағдайда, Ұлттық комиссия не Ұлттық комиссия өкілеттігін берген жағдайда – лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлға (орган) шешім қабылдағанға дейін «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі атқаратын лауазымында жұмысын жалғастырады.
      Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларымен еңбек қатынастарын ұзарту, оларды атқаратын лауазымынан мерзімінен бұрын босату туралы мәселелерді шешуді Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырады.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14. Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
      15. Әскери немесе арнайы атағы бар адамдардың басқа мемлекеттiк органдардан iссапармен бару тәртібімен мемлекеттiк әкiмшiлiк және саяси қызметке кiруi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      16. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) барлық мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізім ашады. Қызметтік тізімнің нысанын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
      17. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен қызметтік куәлік беріледі.

5. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға ауысу тәртібімен орналасу

      18. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін қызмет бойынша жоғарылату олардың бiлiктiлiгi, қабілетi, сiңiрген еңбегi, қызметтiк мiндеттерiн адал орындағаны, сондай-ақ олардың соңғы лауазымындағы қызметтерінің нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      19. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне мемлекеттік органның ішінде және басқа мемлекеттік органдардан ауысу тәртібімен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға рұқсат етіледі.
      «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасуы:
      1) олардың аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, мемлекеттік органның, оның ведомствосының ішінде, сондай-ақ олардың арасында;
      2) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының А және В санаттарының топтарына жатқызылған лауазымдарға мемлекеттік органдарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардан А және В санаттарының топтарына жатқызылған лауазымдардан басқа мемлекеттік органдарға;
      3) мемлекеттік органдардан Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне және керісінше;
      4) басқа мемлекеттік органдардан мемлекеттік органдар бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілері, баспасөз хатшылары лауазымдарына жүзеге асырылады. Олардың аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, мемлекеттік органның, оның ведомствосының ішінде аталған адамдарға одан әрі ауысуға рұқсат етілмейді.
      20. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің келісімімен жүргізіледі.
      «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі «Б» корпусының дәл сондай, мемлекеттік органның сол құрылымдық бөлімшесіндегі басқа мемлекеттік лауазымына ауысқан жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі талап етілмейді.
      Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы актінің орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы болған ретте, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуға жол берiлмейдi.
      21. «Б» корпусының бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымы бар мемлекеттiк орган мемлекеттiк әкімшілік қызметшiнi ауысу тәртiбiмен тағайындауға келiсiм алу үшiн мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне мынадай құжаттарды:
      1) мемлекеттiк әкімшілік қызметшiнiң тиісті лауазымға ауысу тәртібімен орналасуға өтiнiштi;
      2) персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) куәландырған толтырылған қызметтік тiзiмдi табыс етедi.
      22. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган не оның аумақтық бөлімшесі табыс етiлген құжаттардың негiзiнде бес жұмыс күнi iшiнде мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) тағайындауға келiсiм бередi;
      2) келiсiм беруден бас тартады.
      23. Мемлекеттiк әкімшілік қызметшiнiң қойылатын бiлiктілік талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі, осы Ереженің 21-тармағында көрсетілген құжаттарды табыс етпеуі немесе толық табыс етпеуі келiсiм беруден бас тарту үшін негiздер болып табылады.

6. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің сынақ мерзімі

      24. Сынақ мерзімін белгілеген жағдайларда мемлекеттік әкімшілік қызметшінің өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше атқаруға қабілетсіздігі сынақ нәтижелерін қанағаттанғысыз деп тану үшін негіз болып табылады.
      Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық міндеттерін атқаруға қабілетсіздігін растайтын барлық фактілерді, сондай-ақ материалдар мен құжаттарды персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жазбаша тіркейді және жинақтайды, олар сынақ нәтижелері туралы ұсыныста көрсетіледі.
      25. Сынақ мерзімін өткеруші мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы қолданылады.

7. Еңбек қатынастарының туындауы және еңбек тәртібі

      26. Мемлекеттік әкімшілік қызметші оның тағайындалуы туралы актіде көрсетілген күннен бастап қызметте тұрады деп есептеледі.
      27. Мемлекеттік органның бейінді қызметіне сәйкес келетін мамандық бойынша білім ұйымында оқып жатқан мемлекеттік әкімшілік қызметшіге мемлекеттік органның қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау және лауазымдардан босату құқығы бар тұлғаның шешімімен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес оқу демалысы беріледі.
      28. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiні мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде қайта даярлауға және бiлiктiлiгiн арттыруға жiбергенде, оған Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген iссапар кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар қолданылады.
      29. Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламалары бойынша оқуға жіберген жағдайда оған жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
      Оқу мерзімі жоғары оқу орнынан кейінгі тиісті білім бағдарламаларында белгіленеді.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қызметші оқу бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік қызметте еңбек қызметін атқарады. Бұл ретте, оқу бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметші кемінде бір жыл тікелей өзін оқуға жіберген мемлекеттік органда еңбек қызметін атқарады.
      Мемлекеттік қызметте және оқуды бітіргеннен кейін мемлекеттік органда жұмысын өтеудің жағдайы, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің өзінің міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілігі тиісті оқыту шартында көзделеді.
      Оқуды бітіргеннен кейін мемлекеттік органға қайтуы сәтіне, сондай-ақ жұмысын өтеуі кезеңінде мемлекеттік қызметші зейнеткерлік жасқа жеткен жағдайда Заңға сәйкес оның мемлекеттік қызметте болу мерзімін ұзартуға рұқсат етіледі.
      30. Мемлекеттік тапсырыс негізінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясат ұлттық мектебіне «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін оқуға жіберген мемлекеттік орган, мемлекеттік әкімшілік қызметші оқуды бітірген күнінен бастап оны үш ай ішінде мемлекеттік органдағы «Б» корпусының бос жоғары мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау жөнінде шаралар қабылдайды.
      Осы тармақтың бірінші бөлімінде аталған мерзім ішінде бос жоғары лауазым болмаған жағдайда мемлекеттік орган бір жыл ішінде тағайындау бойынша жоғарыда көрсетілген шараларды қабылдайды.
      Мемлекеттік қызметші ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда ол Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебіне оқуға жіберілгенге дейін атқарған лауазымында жұмысын жалғастырады.
      31. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлаудың және бiлiктiлiгiн арттырудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде оқу бітірген адамдардың мемлекеттік қызмет өткеруіне мониторинг жүргізуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      32. Мемлекеттік қызметші тағылымдамаға жіберілген жағдайда оның жұмыс орны (лауазымы) және жалақысы сақталады.
      33. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерді мерзімді әскери қызметке шақырған жағдайда, оларға жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және олардың жұмыс орны (лауазым) сақталады.

8. Мемлекеттік қызмет өтілі

      34. Саяси және әкімшілік қызметшілердің лауазымдық айлықақысын айқындау мақсатында олар үшін мемлекеттік қызмет өтілі Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіпте есептеледі.
      35. Еңбекақы төлеудің тарифтік-біліктілік кестесіне сәйкес лауазымдық айлықақы алуға құқық беретін өтілге мемлекеттік қызметте болған барлық уақыт енгізіледі.
      36. Лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу үшін, сондай-ақ мына:
      1) теріс себептермен қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСРО-ның Қарулы Күштеріндегі, ішкі, шекара әскерлеріндегі, Ұлттық ұланындағы, басқару органдарындағы және азаматтық қорғаныс бөлімдеріндегі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бұрынғы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарының жүйесіндегі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіндегі, Қазақстан Республикасының Республикалық ұланындағы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіндегі сержант пен офицерлік құрамдағы адамдардың, прапорщиктердің, мичмандардың, мерзімнен тыс қызмет әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткерген;
      2) теріс себептермен қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, басшы құрамдағы адамдардың Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСРО-ның ішкі істер, қаржы полициясы органдары жүйесінде қызмет, прокуратура органдарында қызмет өткерген, судья лауазымында және сот аппараттарында жауапты лауазымдарда, Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінде басшы құрамдағы лауазымдарда жұмыс атқарған;
      3) еңбек сіңірген жылдары үшін үстеме ақы алуға құқық беретін лауазымдардағы, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСРО-ның соттарындағы, прокуратура, ішкі істер, қаржы полициясы органдарындағы, КСРО мемлекеттік қауіпсіздік, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік және бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті органдарындағы жұмыс істеген;
      4) мемлекеттік қызметте тұрған адамдардың бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күтуге берілетін ішінара ақы төленетін демалысы мен бала үш жасқа толғанға дейін оны күтуге берілетін жалақысы сақталмайтын қосымша демалысының, сондай-ақ жалақысы сақталмайтын басқа да ақысыз демалыс түрлерінің;
      5) КСРО Мемлекеттік банкі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйесіндегі жұмыс;
      6) егер шетелге жіберердің алдында қызметші мемлекеттік қызметте болса және шетелден қайтып келген күннен бастап екі ай мерзім ішінде, көшіп келу уақытын есептемегенде, мемлекеттік қызметке кірсе, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың жолдамасы бойынша шетелдегі жұмыс;
      7) 1992 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақ КСР мен Қазақстан Республикасының партия, кәсіподақ және комсомол органдарында сайланбалы және өзге де жауапты лауазымдардағы жұмыс;
      8) соңғы мемлекеттік ұйымдағы басшы лауазымдардағы немесе мемлекеттік қызмет мамандықтарымен бірдей мамандықтар бойынша лауазымдардағы жұмыс;
      9) егер осы лауазымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер лауазымдарына жатқызылған болса, мемлекеттік органдар мен олардың аппараттарына техникалық қызмет көрсеткен және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз еткен қызметкерлер лауазымдарындағы жұмыс;
      10) егер қызметші жіберілгенге дейін мемлекеттік қызметте болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жолдамасы бойынша халықаралық ұйымдардағы немесе басқа мемлекеттердегі жұмыс;
      11) кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі курстарда жұмыстан қол үзіп оқу, сондай-ақ қызметші оқуға түскенге дейін мемлекеттік қызметте болса және оны бітірген соң мемлекеттік қызметке қайтып келсе, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жолдамасы бойынша шетелде оқу;
      12) Қазақстан Республикасының Парламенті депутатының, сондай-ақ тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутатының өкілеттігін жүзеге асыру;
      13) мемлекеттік органның құрылуы кезінде, сондай-ақ арнайы тексерістің нәтижелерін алғанға дейінгі бос мемлекеттік әкiмшiлiк лауазыммен көзделген мiндеттердi уақытша атқарған адамдардың жұмыс уақыты қосылады.
      Ескерту. 36-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814; 01.10.2015 № 94 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.
      37. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс стажы, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес қызмет өткерген жылдарына саналатын уақыт күнтізбелік санау арқылы есепке алынады.
      38. Күнтізбелік ай ішінде лауазымдық жалақысын көтеру құқығы туындаған қызметшілерге өтілін ескере отырып лауазымдық жалақысын есептеу осы құқық туындаған күннен бастап жүзеге асырылады.
      39. Мемлекеттік қызмет өтілін құрамы мемлекеттік органның қызметкерлерін лауазымдарға тағайындауға және лауазымдардан босатуға құқығы бар тұлға (орган) бекітетін еңбек өтілін белгілеу жөніндегі комиссия айқындайды.
      Мемлекеттік қызмет өтілін белгілеу жөніндегі комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді. Хаттаманың көшірмесі бухгалтерияға беріледі. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметшінің талап етуі бойынша оған комиссия шешімінің үзіндісін береді және оны растайды.
      40. Мемлекеттік қызмет өтілін айқындау үшін еңбек кітапшасы немесе қызметтік тізім негізгі құжат болып табылады. Еңбек кітапшасы, қызметтік тізім болмаған ретте, сондай-ақ қажетті жазба болмаған не жұмыс кезеңдері туралы қате немесе дәл емес жазбалар болған жағдайда еңбек өтілін растауға еңбек шарты, жұмыс берушінің актілерінен үзінді көшірмелер, қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер, аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер, жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер, қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қабылданады. Мемлекеттік қызмет өтілін куәлардың айғақтарымен растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

9. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы

      41. Басқару құрылымын өзгерту, лауазымдарды қайта атау жағдайлары, іс жүзінде саны қысқартылмай және (немесе) еңбек жағдайлары елеулі өзгертілмей мемлекеттік органның штатын қысқарту мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы үшін негіздер болып табылмайды.
      Мұндай жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілер бұрын болған лауазымындағы еңбек жағдайларына сәйкес келетін (толық немесе елеулі бөлігінде) жаңа штат кестесі бойынша лауазымдарда жұмысын жалғастыра береді.
      42. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілермен еңбек шартын бұзудың және олардың мемлекеттік қызметті тоқтатуының негіздері:
      1) осы Ереженің 13-тармағындағы жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты мерзімінің өтуі;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда, Ұлттық комиссия ұсынымының негізінде, оның ішінде әңгімелесу; мемлекеттік органдар жүргізген бағалау материалдарын қарау; тәртіптік істердің нәтижелері бойынша қабылданатын лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар тұлғаның (органның) шешімі;
      3) Заңда көзделген өзге де негіздер болып табылады.

10. Мемлекеттік қызметті өткерудің өзге де мәселелері

      43. Мемлекеттік органдар бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар туралы ақпаратты бос лауазымдар пайда болған күннен бастап үш жұмыс күнінің ішінде өздерінің интернет-ресурстарына орналастырады.
      43-1. Тестілеу ресімдерін техникалық қамтамасыз етуді, мемлекеттік қызмет персоналы жөніндегі автоматтандырылған деректер базасын сүйемелдеу мен әкімшілендіруді, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін жинауды, өңдеу мен қорғауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлға жүзеге асырады.
      Ескерту. Ереже 43-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 13.01.2014 № 721 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      44. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісе отырып мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттiк органдардың персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ереженің негізінде мемлекеттік органдар персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы ереже әзірлейді және бекітеді.
      45. Мемлекеттік қызметші өзі атқаратын лауазымы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген жағдайда осы Ереженің 13-тармағында көрсетілген тұлғамен жасалатын еңбек шартының негізінде, мына оқиғалардың біреуі басталған мерзімге дейін:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы Ереженің 46-тармағында көрсетілген мерзім ішінде осы лауазымға орналасқанға дейін;
      2) осы Ереженің 46-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін – егер осы лауазымға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте орналаспаған жағдайда, осы лауазымдағы жұмысын жалғастырады.
      46. Ұлттық комиссия мемлекеттік лауазымдар «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қайта өзгертілген күннен бастап алты айдың ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу жүргізеді.
      47. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі лауазымдарына тағайындалғанын және (немесе) аталған лауазымдардан босатылғанын растайтын құжаттар көшірмелері мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға лауазымға тағайындалған және (немесе) лауазымнан босатылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етіледі.
      Ескерту. Ереже 47-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      48. «А» корпусының бос және уақытша бос лауазымы пайда болған күннен бастап екі ай ішінде оған орналасу жүзеге асырылмаса, осы лауазымға тағайындау құқығы бар адам (орган) көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде бос лауазымның болу себептері туралы Ұлттық комиссияға ақпарат енгізеді.
      Ескерту. Ереже 48-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      49. Мемлекеттік қызметші конкурстық іріктеу, ауысу тәртібімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да негіздер бойынша мемлекеттік лауазымнан босатыла отырып, бір мезгілде басқа мемлекеттік лауазымға орналасқан жағдайда, ол мемлекеттік қызметке қайтадан кірген деп саналмайды.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, бұл жағдайларда мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызметке кіру рәсімдері, оның ішінде арнайы тексеруден өту, табыстар және мүлік туралы декларацияны тапсыру қолданылмайды.
      Ескерту. Ереже 49-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Мемлекеттік қызмет өткеру
тәртібі туралы ережеге
ҚОСЫМША       

«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен
ҮЛГІЛІК ЕҢБЕК ШАРТЫ

1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Осы еңбек шарты (бұдан әрі - Шарт) бір тараптан
_____________________________________________________________
(мемлекеттік органның атауы, лауазымды тұлғаның Т.А.Ә.)
(бұдан әрі - Уәкілетті тұлға), және екінші тараптан азамат ______________________(бұдан әрі - Қызметкер) арасында жасалды.        (қызметкердің Т.А. Ә.)
      2. Уәкілетті тұлға Қызметкерді________________________________
________________________________________лауазымына қабылдайды.        (лауазымның атауы)
      Қызметкер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінде, уәкілетті тұлғаның актілерінде, лауазымдық нүсқаулықтарда көзделген еңбек міндеттемелерін орындайды.
      3. Осы шарт 20__ жылдың «___» _____________ бастап қолданылады. Шарттың қолданылу мерзімі_______________жыл (мемлекеттік лауазым «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген жағдайда: 20___жылдың «___» ___________бастап мына оқиғалардың бірі басталғанға дейін:
      мемлекеттік лауазым «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте алты айдың ішінде осы лауазымға орналасқан;
      мемлекеттік лауазым «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген күннен бастап алты ай өткенге дейін - осы лауазымға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте орналаспаған жағдайда).
      4. Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес Қызметкерге осы лауазым үшін көзделген жалақы төленеді.
      5. Қызметкерге кепілдіктер мен өтемақылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. УӘКІЛЕТТІ ТҰЛҒА МЕН ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ НЕГІЗГІ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

      6. Уәкілетті тұлға қызметкерден өзіне жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуын, Қазақстан Республикасы заңнамасының, уәкілетті тұлға актілерінің сақталуын талап етуге, қызметкерді көтермелеуге, тәртіптік жаза қолдануға құқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.
      7. Уәкілетті тұлға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, өзінің қабылдаған актілерін сақтауға, қызметкерге жұмыс жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді сақтауға міндетті.
      8. Қызметкер өзінің лауазымдық міндеттерін атқаруға қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіпте алуға, өз құзыреті шеңберінде өзінің мемлекеттік қызметті өткеру мәселелерін қарау мен олар бойынша шешім қабылдауға қатысуға, оларды тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың орындауын талап етуге, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.
      9. Қызметкер мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және уәкілетті тұлғаның актілеріне сәйкес еңбек міндеттерін орындауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді сақтауға міндетті.

3. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

      10. Осы шартта көзделген міндеттемелерді орындамағаны және
тиісінше орындамағаны үшін тараптар Қазақстан Республикасының
заңдарына сәйкес жауапкершілікте болады.

4. ЕҢБЕК ШАРТЫН ӨЗГЕРТУ ЖӘНЕ ТОҚТАТУ

      11. Еңбек шартын өзгерту және тоқтату Қазақстан Республикасының  мемлекеттік қызметтуралы және еңбек заңнамасында көзделген тәртіпте және негіздерде жүзеге асырылады.
      12. Шарт ___ данада жасалды, оның әркайсысының бірдей заңдық күші бар.

      Уәкілетті тұлға                      Қызметкер
    _________________                    ________________
      (қолы, күні)                          (қолы, күні)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады